Мемлекеттiк тiлдi дамыту институты

the state language development institute

Мемлекеттiк тiлдi дамыту институты

институт развития государственного языка

Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВ

Қош бол, Абсент!

 
      Қатар-қатар орналасқан темір құрсаудағы жылқының тіршілігі бір қалыпты өтіп жатады. Қолдан берген құнарлы азықтан диланған, қоңданған жануарлар тордағы арыстандай әсер етеді. Ауық-ауық тыпыршып, шатқаяқтан мойын бұрып, табиғат азаттығын аңсайды. Ішқұсталық асқынғанда кісінеседі. Кәнігі атшы келгенде далаға шығарын түйсініп, оқыранады.
     Үйреншікті сейіл өлшеулі. Тәуліктің белгілі мезгілі бар. Осы мезгіл кейде кенет бұзылады. Мәртебелі кісілер келгенде кезексіз выводка жасалады. Оның өзі де барлық жылқының пешенесіне бұйырмайды. Асаудың асауы, жараудың жарауы, мүсіндінің мүсіндісі сыртқа шығарылады. Бұндайда сыртқа келіп тоқтаған темір көлікті сезген жылқы басын көтеріп, сейілден дәмеленеді.
      Бір күні жабық қорапты «Уаз» әлдеқайдан сырғып кеп ат қораға басын ірікті. «Кім бар-ау!» дегендей «гук» деген дауыс шығарды. Аттар ақырдан басын кекжитіп, одырайысып қалды.
    Бұл жолы кісілер сәйгүлікті сәнге шығартпай қораны аралады. Астанадан келген ақындар еді. Әрқайсысы әр жаққа сүйсініп, әртүрлі кідірістеп, білім көрсетісті.
    Заводтың маманы ақал-теке, ағылшын, дон нәсілдес жылқыны қонақтарға таныс етіп, төркінін таратып, апаш-құпаш әңгіме шертіп өтті. Саңлақтардың, желдіаяқтардың заводқа көл-көсір пайда түсіретінін, пешенеге жазылғандарының шетелге сатылатынын айтты. Бұл тұқымға Алабияның, Италияның, Батыс Германияның өте-мөте құштарлығы баспасөз дерегіне ұштасып жатты. Ақынның қайсыбірі қойын дәптеріне жазу түсіре бастады.
     Көп жылқының ішінде жүдеуі біреу-ақ еді. Белі кирелеңдеп, көзінен сорасы аққан қаракер айғырдың назар тоқтатар түрпеті жоқ. Ыңыршағы айналған кәрі. Қонақтардың басшысы: «мынау қыршаңқы кімге дәрі?!» деп кежетті. Маман бұл қыршаңқының атақты Абсент екенін, дүние жүзіндегі сұлу жылқының қартайып, бағуда тұрғанын айтты. Кісілер үйрілгенде, Абсенттің Мехикода бірінші жүлде алғанын, Жапонияда, Батыс Европада бәйгеге іліккенін, «жер шарының космонавты» атанғанын қосарлай бастады.
     Ақындардың Абсентті бұрын естігенінен естімегені көп боп шықты. Құлаққа сіңбеген даңқ көкейге ұялай қоймады. «Пошымы қандай?! «Ыпыны жаман ғой», «Дүние жүзіндегі сұлу жылқы осындай бола ма екен?!» деушілер табылды.
Осы сөз атшы маманға шаншудай қадалды. Ол бірауық өзімен өзі томсарылып қалды. Бара-бара тұнжырай бастады. Тұманды ойдан сейілген сәтте: «Көлеңкеде сұлу тұл. Басқа аттың біреуін көшеге шығарайық. Көз қанықтырыңыздар» деп, көмекшісіне әмір етті.
    Сәске кезі еді. Бұйрат таудан қиялай түскен сәуле жеңсік жылылығын шаша бастады. Қорадан шыққан теңбіл көк ат көзін жалт еткізіп, артынша нілдей бұзылды. Оқыс тулап, тізгін сүйреп, бүйірлей шатқаяқтады. Тулаған атпен арпалысқан жігітке жаттықтырушы: «Бүйде!» деп кәнігі тілде аузына сөз салды.
Асау ат табанда жуасыды.
Осы арада оның аты-жөні айтылды.
      Дәріпті Кептер осы! Құлагердің кейпінде киноға түскен жануар! Жасы онға қарай кетсе де құнанша жұтынып тұр. Ұзын мойны етсіз басын кекжитіп көрсетеді.
      Қонақтардың басшысы есімі белгілі ақын еді. Біресе Кептерге, біресе тауға қарап, қиғаш қиялданып тұрды. Ақырында: «Асқақ тау, асау жүйрік! Осы екеуі хақында поэма жазуға болады» деді.
Жұрт қолпаштап жатыр. Әлі ел аузына іліне қоймаған қораш ақын ғана:
—  Бұл жердің тауы аласа. Бұл — бір. Екінші, жүйрік ат асау болмайды. Ақылды адам секілді сабырлы келеді, ағасы! — деп қарсылық білдірді.
Топ бастаушы ашуланды.
—  Сен не біліп тышталаңдайсың?! Ақында асыра сөйлеу деген болады. Аласаны асқақ ету қолда. Бұл — бір. Екінші жуастан жуан шығады. Жуан бордақының бодауына кетеді. Ауыздықпен алысқан Тайбурыл асау болған, шырақ!
Жұрт, жапатармағай күлгіштеп, қораш ақынның сөзін теріске шығарды. Ол қыңбай тіктесті.
—  Тайбурыл бәйгеге қосылмай жалғыз жортқан. Ал, жалғыз шапқан ат жүйрік екені бесенеден белгілі. Тұлпардың елінде өскен Кемпірбай ақын: «Боз шапса боз озбай ма бурылдан, мен шапсам жер танабы қуырылған» деген. Нармамбет Орманбетов: «Қарасұр аяңдай бер қақпан белім, ор болып қалушы еді шапқан жерің!» деген. Кептер көшірме жасаған Құлагердің мойны ләйлік болған ба екен?! Сыншы Абайдың: «Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ!» дегені қайда?! Дүние жүзінде барабарсыз тұлпар буданнан шықса, будан деген ұғымның өзінде жұп-жұмыр сурет жатқан жоқпа?!
       Басшы шамданды. Сөз есесін шымшумен қайырды.
— Тіл мен жаққа сүйенген адамның тұла бойы толған цитат болады. Өз сөзіңді неге сөйлемейсің, сорлы-ау?!
Серіктері де шенесіп: «Өзің бүйректен сирақ шығарады екенсің» десті. Жас ақынның тұңғиық қара көзі жасаурап, түсі сазарды.
      Қонақтар бір үйде түстікке отырды. Дастарқан басында ол өз қиялымен өзі боп әңгімеге араласпады. Ылғи жылқы туралы ойланады. Баяғыда оқыған кітаптары еске түседі. Кітап не?! Мәскеуде оқыған кезінде жүйріктің талайын өз көзімен көрген. Теңбіл көктен, ақ көк аттан жүйрік шықпайды, желгіш шығады. Нағыз саңлақ торыдан, күреңнен, некен-саяқ алқара көктен шығады. Көзі қанталаған ұрыншақ жақынға, көзі төңкерілген сыршыл жануар алысқа шабады. Мыналардың аузының суы құрыған ағылшын нәсілді аттар кәдімгі «таза қанды» ұшқырлар. Бұл — төркінін арабтан алған Шотландия жылқысы екенін, Шотландиядан Америкаға ауысқанын бұлар білмейді.
      Ойының осы арасына келгенде оған сөз беріліп еді. Құлықсыз тіл күрмеліп қалды. Жұрт асықтырғанда: «Асқақ тау, асау жылқы» туралы поэма үшін!» деп шегере салды.
      Жол бойында ол тағы да жылқы жайында қиял кешті. «Жүйрікте ием бар, ерегісте нем бар?!» деп қояды. Бұл күннің жүйрігі де, ерегісі де басқа. Мүмкін, осылардікі жөн шығар. Мәскеудің ипподромы бұл жаққа бұйым емес шығар.
Оның ойына Абсент қайта оралады. Мәскеудің ипподромында Абсент тамам жұрттың алдында музыкаға орай құбылып, көсіліп, иіліп, текірештеніп, би билеуші еді-ау! Қынама камзол, қара қалпақ киген Лев Филатов құлағында ойнаушы еді-ау! Адам мен аттың ымы-жымы сиқыр қимылға айналғанда мінбеде иін тірескен жұрт шапалақ шартылдатып тұрушы еді-ау! Биші жылқының ілтипатқа мойны иілгенде жалы күдірейіп, кекілі төгіліп, шоқтығын биіктете түсуші еді-ау! Тізесін бүгіп, дүйім жұртқа сәлем еткенде біреулер күліп, біреулер сүйсініп тұратын шақ есте. Сол кезде осы жылқының өз елінен, Алатаудың баурайынан шыққанын білсе, қайтер еді? Бұл жағы түйткілжім.
       Енді пайымдаса, дүниеде жұмбақ көп екен.Күндердіңкүнінде Абсент қартаяды, өзінің туып-өскен жеріне келіп, ақтық өмірін құрсауда өткізеді деп кім ойлаған?!
      Ақынды аянышты, мұңды сезім баурап барады. Іші уылжып, көңілі қамығады. Бір кезде астанадан Алматыға жазғы демалысқа келіп, қайтар сапарында, осынау сақа ақынға арнаған өлеңінде: «Келгенше қайта оралып кім бар, кім жоқ, кетейін сағынышты хат қалдырып!» деп жазған еді. Сақа ақын көңілі босап, көзіне жас алып еді. Сол адам, алдағы аға, былайша айтқанда, алғашқы ұстаз  «қыршаңқы айғыр кімге дәрі?!» деп мұрнын шүйіреді. Онымен тұрмай бұның өзін жерден алып жерге салады. Енді бақса адамның махаббаты айнымалы сияқты. Қазекең дәріптеген адамды дәріптейді. Дәріптеушіні құлақ кесті құлға балайды. Мүмкін, бұл көңілдің ілтипатын, жүректің сағынышын беделді адамға арнамай осынау Абсентке, ол кезде дәуірлеп тұрған сәйгүлікке арнаса, лебізі аяқасты болмас па еді, кім білсін?! Екінші жағынан түлікке табыну дәуренсіз дәстүр. Оның үстіне түліктің түлігі бар.
     Қазақ перзентін «құлыным!» десе, ағылшындар сүйікті әйелін сұлу жылқыға баласа, кейбір жұрт есуас адамды атқа теңейді. Бір елге сиыр, бір елге түйе қастерлі. Есек екеш есектің орны өз алдына. Қазақ топырағында бағы заманда «шұбар тушаға» арналған жыр бұл күнде «лақтан» келіп бір-ақ шықты.
     Шәркез сезімнің пендесі іштей алғаржақ тартып келе жатқанда машина басын ірікті. Жол айрығындағы бекет еді. Жолаушылар жапырлап көліктен түсіп жатты.
Осы арада біраз үзіліс жасамақ. Ақындар топ бастаушыны кеукеулеп, су жағасына алып барды.
Тағы да дастарқан! Тағы да сөз! Жапан далада тос көтеріс! Бәрі бірін-бірі мадақтайды. Бірінен-бірі мақтау дәметеді.
Ақын су жағалап кетті. Біршама уақыт өткенде оған айқайлап, қол бұлғасты.
Жұрт темір-көлікке отырарда ол:
—   Мен осы арадан қаламын. Жылқы заводына қайта соғамын,— деді.
Топ бастаушы ежірейді.
—   Сапардың шырқын бұзып, қалайша жырылып қаласың? Насихат бюросына не бетіңмен көрінесің?!
—   Бара жауап беремін!
Ертеңіне ол кешегі мезгілде, сары сәскеде жылқы заводында жүрді.
 
* * *
     Қабырғасы мұздай жабық қораны аралап шықты. Көзі шатынап, құлағы едірейген асау аттар желігі басылмаған содыр-сотқал бозбастардай әсер етті. Далаға шығарса бет-бетімен шауып, ұйлығып, құйындатып, көзсіз сойқан салатындай. Ытырынып, ытқып тұрған жараулардың ішінде күйсізі біреу. Баяғы Абсент. Ол бірауық сары аурудан сарғайған шерлі дімқасқа, бірауық көпті көрген данышпан қарияға ұқсайды. «Ей, асаулар, желіктерің әлі-ақ басылады. Асқанға тосқан болады. Сендер де қартаясыңдар, маған ұқсаптұғырдан түсесіңдер!» дегендей жан-жағына жалқау бұрылып, көзін төңкере қарайды. О бастағы нәркес қара көз — бұл күнде қызыл-қоныр, шетін шел баса бастағандықтан шегірленіп те кетеді. Қартайған адамның көз жанары қашып, бозамық тартса, ол табиғат заңы. Абсенттің көзінің өзгеруінде бастан кешкен шаттықтың сағынышы, шердің зардабы жатқандай. Бірауық жас жуғандай, бірауық қар жуғандай әсер етеді.
      Ақын ойланып тұр. Төрт түліктің ең ақылдысы жылқы болса, жылқының ең ақылдысы — бишісі. Екі аяқтының өзі биден шатасса, төрт аяқты шатаспайды. Музыканы адамнан артық түйсінетін жылқы бар. Бағы заманға көз жетпесе, бертіннің өзінде Тәттімбеттің ақбоз аты домбыраның сазына орай би билегені белгілі. Әнші Балуан Шолақтың аты қаңтарусыз тұрса, одан асқан әнші Ақан серінің қосалқы аты соңынан қалмай еріп жүрген Атақты Мақпалқара сол.
       Мәскеуде көргенде мынау Абсент те мақпалдай қара еді. Бұл күнде қаракер тартыпты. Құлынында қызыл болғанын, одан қызылкүрең, одан алқаракөк тартып, мақпал-қараға айналғанын кәнігі маманнан естіген. Бұл күндігі қаракерлігіне қарағанда тарлан ашпастың тұқымынан Тарлан ашпаса, бұл туғаннан бәйгеге жаралмай бишілікке жаралған. Ақын осылай сезінеді.
      Оны қинайтын бір жұмбақ, Абсенттің тұлғасы тұлпардың тұлғасындай. Жотасы тұп-тұтас, басы қағілез үшкір, жібек жал, құлан құйрық, бота тірсек, құйма тұяқ. Танауы қандай жануардың! Қанша шапса шаршатпайтын шелек-танау! Тұла бойындағы бір ғана күдік, мойны ұзындау сияқты. Бірақ бұл биші ғой. Физиканың заңы бойынша, ауыртпалықты көп көрген мүше өзгеріп тұрмақ. Мүмкін Абсенттің мойны шамадан тыс жаттықтырудың зардабы шығар.
      Неде болса, ақын Абсенттің заманында бәйгеге бір қосылмағанына өкінеді. Әлемдегі ең жүйрік жылқы осы ма, кім білсін!
       Қазақ бишіден жүйрікті жақсы көреді. Көзі көрмесе де: «Пәленше екеңнің аты бәйгеден келіпті» деп күмпілдеседі. Ол ат бәйгеден қалай келді, озып келді ме, үзеңгілесін құлатып келді ме, онымен жұмысы болмайды.
        Ат құмар ақын бір сәт өзіне өзі наразыланады. «Осы менің өзім керенау-кенже емеспін бе? Бишінің желді аяқтан несі кем? Көз көрмейтін жүйріктен көз алдыңда мың бұралып, қырық құбылып би билейтін сиқыр артық емес пе?!» деп ойлайды.
     Оның ендігі өкініші астанада оқып жүрген кезінде осы Абсенттің жерлес екенін білмеуіне саяды. «Әттегене-ай, жүйрікке ақша тігіп іш күйдіргенше осының қасына неге бармадым, неге маңдайынан тәуеп етпедім, неге Лев Филатовтың қолын қыспадым!» деп пұшайман болады.
        Біраз тұрып-тұрып: «Жаманның ақылы түстен кейін кіреді» деген осы!» деп бір қойды. Ол тордағы атқа қарап:
— Абсент, сен кешір! — деді.
    Абсенттің қызыл-қоңыр көзі тұнжырап кетті. Басын қисайтып, тордан асырды. Салпақ ерні жыбырлап сақалы шошаңдады. Иегінің астына біткен сақалдың бір талы ақ еді. Құнардан айрылған ақ қылшық сүйкімсізденіп тұрды.
Жылқы отыз жасқа шейін өмір сүреді. Отыз беске келетіні ілуде біреу. Жиырмадан жаңа асқан Абсент тым кәрі. Жалы күлдей көгілдірленіп, түгі қуара бастаған. Басының тамыры білемденіп тұр. Қабырғасы сидам-сидам. Мінер жақ аяғының тізесі шор. Сол аяғы сүйел байлаған. Ақын ақ тұяқтың осал келетінін Урусовтың кітабынан білетін еді. Абсенттің құйма ақ тұяғы биден мүжілгенін өзінше пайымдап тұр. Сорына қарай ат қораның едені цемент. Қауқарсыз тұяқты жегідей жейтінін ойлағанда жүрегі демігіп сала берді.
     Аяныш сезіміне бой алдырған ақын қолын созып Абсенттің басынан сипады. Қант жегізеді деп ойлаған ат аузын ашқанда басы пілдің басына ұқсап кетті. «Қиял шіркін қызық-ау,— деп ойлады ақын,— қорадағы ат біресе арыстанға, біресе адамға, біресе пілге ұқсайды. Қазқалпынан аумайтын не бар?!»
      1952 жылы туған Абсент 1956 жылы төрт жасында, қазақша айтқанда, бестісінде Мәскеудің ипподромына алынып, 1969 жылы қайтарылады. Есейгенде кеткен Абсент мекенінің ұңғыл-шұңғылын жақсы біледі. Бұл күнде оны бағып-қағатын адам Мәскеудің ипподромынан күміс сағат тағып, арнаулы айлық алып тұрады. Етене бақташыдан гөрі көлденең ақынға Абсент көбірек іштартатындай. Ол оған жәудірей қарап, наз-нала төгеді. Оқыраныстың аяғы ыңқылға айналады. «Ақыным, менің жеткен жерім осы!» дегенді төл тілде, тұңғиық түйсікте жеткізеді. Сыршыл ақын да іштей еміреніп, егіліп, сөгіліп тұр. «Төрінен көрі жуық шақта қапасқа байлап қоймай туып-өскен жерін неге аралатпайды. Ат айналып қазығын тапса, қазықта бір-ақ түн түнемеуші ме еді. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дегенде ата қазақ бауырмал үйірді меңземеп па еді. Ит арқасы қияннан қашып келетін текті айғырлар ішқұсталыққа шыдаған ба екен?!
       Ақын қиялданады. Осы Абсент бестісінде Мәскеуге кетерінде ойнақ салған жерімен, үйірімен қоштасты ма екен? Дүниенің төрт бұрышын кемемен, самолетпен аралап, «жер шарының космонавты» атанғанда күндердің күнінде баяғы мекенге қайтып ораламын деп болжады ма екен? Оның ендігі қуанышы не, арманы не? Сарып боп жүрек ауруына ұшыраған кәрі айғыр өзінің ұрпағы отыздан астам екенін біле ме екен? Алматының, Киевтің циркінде ойнайтын ұрпақтары атасының ақуалын ойлай ма екен?
      Ақын жылқының табиғаты, нәсілі туралы жазылған кітаптарға сенсе, атты адамша сайрататын жазушыларға иланбайды. «Әй осы сенікі долбар шығар. Аттың ішіне кіріп-шыққан жоқ шығарсың» деп ойлайды. Сөйте тұра ол осы арада Абсентпен сырласқандай әсерленеді. Ол «Абсент» деген поэма жазады. Мүмкін аты «Қош, Абсент» болар. Әрине, Ілияс Жансүгіровтің «Құлагерінен» асып түсу қиын. Бірақ бұл биші ғой. Қай ақын бишіні жырлады? Қыз да биші, бөкен де биші, жылқы да биші, қораз да биші... «Ой мен не ғып шатасып бара жатырмын?!» деп ойлайды ақын. Ол Абсентке қарайды, Абсент оған қарайды. Екеуі екі тілде сөйлесіп, егіз жүрекпен түсініседі.
     Ақал-теке мен Қарабайырдан туған будан бишінің енесі Ақкүш болса, одан арғы төркіні мәлім емес. Ақын осыған өкінеді. Жер-жаһандағы сұлу жануардың келешек ұрпақтарға паш болуын тілейді. Оның көңілінде болашақ дастан сазы күмбірлейді. Абсент пен ақын тілмәш керек етпейтін мұңлы музыка арқылы табысады...

Кері байланыс

  • Мекенжай: Алматы қаласы, Пушкин көшесi, 78
    (Қабанбай батыр көшесiнiң қиылысы)
  • Тел: (+7 727) 293-88-94, 293-88-75

Институт жайлы

«Мемлекеттік тілді дамыту институты» ЖШС мемлекеттік тілді қолдану мен дамытуға өз тарапынан үлес қосу үшін құрылған. Негізгі қызметтері :
Орыс және өзге тілдерден қазақ тіліне, қазақ тілінен өзге тілдерге аудармалар жасау. Түрлі мәтіндердің қазақ тілінің нормасына сай құрылғандығын тексеру, редакциялау, корректуралық тексерулерден өткізу, лингвистикалық кеңестер беру; ...
Толығырақ