КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Үсті толы ине,

Бірақта, іс тігіп,

Қадамайды түйме.

/Кірпі/

 

Ешбір бұйым тікпеген,

Үсті толған көк тебен.

/Кірпі/

 

Тұмсығынан торайдың,

Тұмсығы бар аумаған.

Үстін түгел орайтын,

Тоны ине қаулаған.

/Кірпі/

 

 

Жұдырықтай тұрқы,

Ошағанға ұқсас сырты.

Бұл не?

/Кірпі/

 

Денесі буылтық,

Сырты жасыл түк.

Өзі сұр, бөрі емес,

Ұзын құлақты, қоян емес,

Жұмыр тұяқты, жылқы емес.

/Есек/.

 

 

Әртүрлі, орта бойлы, ұзын құлақ,

Өзіне міндеттесе қызмет қылмақ.

Бүріскен жарық емес біткен тұяқ.

/Есек/.

 

 

Жанды “сағат”,

Айқай салады.

/Есек/.

 

Ол надыр құм жануары,

Көзі өткір, көңілі тар,

Басқа ұрсаң, қылмайды намыс-ар.

Қара түгіл ханда бар,

Қытайда бар, Қырымда бар,

Түркістан, Үрімде бар,

Хоразым, Бұхарада бар.

/Ит/.

 

 

От басында орайған,

Құйымшағы сорайған.

/Тазы ит/.

 

 

Үй артында шоңқайма,

Буы шығып тұрмай ма?

Салпаң құлақ келед деп,

Қорқа-қорқа тұрмай ма?!

/Ит/.

 

 

Төрт аяқты мақұлық,

Үй күзетеді ақырып,

Тындырғандай кей жерде

Жата кетер аһ ұрып.

/Ит/.

 

 

Бір балық көрер көзге жүні майда,

Тимейді майдалықтан ешбір пайда,

Қаруы денесінде бір-ақ жерде,

Саны бар, сапасы жоқ сида-сида,

Ибарат да тіршілік ойына алмайды,

Қонып, түнеп, жатады әлде қайда.

/Ит/.

 

 

От басында құмған,

Екі көзін жұмған.

/Мысық/.

 

 

Мұрты бар, иегінде сақалы жоқ,

Тоны бар, киерінде шапаны жоқ.

Пайдасы үй ішінен табылған соң,

Далаға кіріп-шығар сапары жоқ.

/Мысық/.

 

 

Шықпайды үйден,

Тоны жібектен.

Күндіз ұйықтайды,

Түнде дамыл таппайды.

Аңға барады,

Сол аңды үйден табады.

/Мысық/.

 

 

От басында бүкір шал,

Құдайына шүкір шал.

/Мысық/.

 

 

Түссе күннің шуағы

Көзді еріксіз жұмады.

Жылы жерді сүйеді,

Беті-қолын жуады.

/Мысық/.

 

 

Аузы бейне шалғы орақ,

Шөп емес, бірақ мал орады.

/Қасқыр/.

 

 

Бір күні елден,

Он күні жерден.

/Қасқыр/.

 

 

Белестен шапқан бесті ат,

Бүкір келген желісті ат.

Бейғам елді іздейді,

Малдан күдер үзбейді.

/Қасқыр/.

 

 

Тоғайда айғыр кісінейді,

Ауылға сірә келмейді.

/Қасқыр/.

 

 

Жол бойында жортқан,

Сыбызғысын тартқан.

/Қасқыр/.

 

 

Тоң мойынды жуан көк,

Желіп, жортып бүкеңдеп,

Несібесі даладан,

Еңбек қылмай жүрер тек.

/Қасқыр/.

 

 

Бір нәрсе қайраты көп, болған күшті,

Басынан өткізеді әрбір істі.

/Арыстан/.

 

 

Жануар мақұлықтың біреуі өзі,

Іркілмей жұмсайтұғын ірі тісті.

/Арыстан/.

 

 

Бар екен бір айуан көпке таныс,

Мекені жүрер оның тау мен қамыс.

Бұл өзі ойласа көп, шапшаң, епті,

Жүректі бір айуанға қойса бетті.

Қайтпайды жара алмаса не өледі,

Өлмесе тынбайды ол алмай көкті.

/Жолбарыс/.

 

 

Кілемнің түрлеріндей жүндері бар,

Айбатты жан шыдамас үндері бар.

Шаршы бой, сұлу құйрық, қысқа құлақ,

Кететін зиян қылып бір жер бар.

/Жолбарыс/.

 

 

Тауда жүрген құмайды,

Көрген адам сынайды.

Жыл айналып толғанда,

Он екі бұтақ болғанда,

Балта тимей құлайды.

/Бұғы,жыл толғанда мүйізі түсуі/.

 

 

Түсі түйенікі,

Аяқ-басы сиырдікі.

Құйрығы ешкінікі,

Мүйізі ғана өзінікі.

/Бұғы/.

 

 

Айтайын мен бір жұмбақ тым тамаша,

Тыңдама жұмбағымды ұнамаса.

Бойы бар бір құлаштан астамырақ,

Басында мүйізі бар оннан аса.

/Бұғы/.

 

Мақұлық бар екен даусы зор,

Адамға ұқсап бойында аяқ пен қол,

Мекені тас бұлақтың төңірегінде,

Мынаны тапқан жанның ақылы мол.

/Аю/.

 

 

Ыржаяды, күледі,

Басқан ізді біледі.

Таусылмайтын шабысы,

Жұртқа мәлім жүрісі.

/Түлкі/.

 

 

Жақпар тастың астында

Қызыл тонды қыз жатыр.

/Түлкі/.

 

 

Белестегі бес бие,

Бақылдайды, құрылдайды;

Құйрықтары қара ала,

Қанаттары сары ала.

/Ұлар/.

 

 

Жылқыны қарнына қыстырып,

Түйені ерніне қыстырып,

Есекті құлағына қыстырып,

Қасқырды ат қып мініп,

Айт дегенде жүре берген.

/Қоян/.

 

 

Әңгелейді, дөңгелейді,

Ұшқан құстай,

Құс десем, төрт аяғы бар,

Елек-селек, екі құлағы бар.

/Қоян/.

 

 

Жол үстінде қу қазық,

Мергеншіге жол азық.

/Қоян/. 

 

 

Бап, бап, бап екен,

Басқан ізім екен;

Құйрығында меңі бар,

Меңді қайда қоям екен.

/Қоян/.

 

 

Түйе тістеген,

Итті мінген.

Ешкіні жетектеген,

Есекті басына көтерген.

/Қоян/.

 

Жолсыз жүгіреді,

Адамнан күшті,

Тепсе ізсіз,

Құлатса елеусіз.

/Қоян/.

 

Жусаннан аласа, бетегеден биік.

/Қоян/.

 

 

Аппақ қардай тоны бар,

Күдірейген жануар.

/Қоян/.

 

 

Тауға шықса жүгірген,

Таудан түссе сүрінген.

/Қоян/.

 

 

Есек құйрықты, түйе ерінді,

Ит сирақты, бұғы құйрықты.

/Қоян/.

 

 

Түйе тұмсық, ит табан,

Көзін жұмбай ұйықтаған.

/Қоян/.

 

 

Ит мінген,

Есек өңгерген,

Ешкі бөктерген,

Келеді бір мақұлық түйе айдаған.

/Қоян/.

 

 

Бір мақұлық сар даланы ен жайлаған,

Ит мініп, есек тіркеп, түйе айдаған.

Мұнымды зерек болса ойлап табар,

Тапқанша зерек емес жыл айналар.

/Қоян/.

 

 

Қос құлағы тас төбеде ұзын-ақ,

Сыбдыр сезсе жөнеп береді зымырап.

Қысты күні қалың қарлы кеуекте

Шөпті азық қып жатады біраз тыным ап.

/Қоян/.

 

 

Байшағырдың түбінде балалап жатқан дуадақ.

/Қоян/.

 

 

Ішінде бар жылқысы,

Сыртында бар құлпысы.

Табанымен ит басқан,

Әр нәрседен көп сасқан.

Ши түбінде жемі бар,

Бишараның бас бармақтай меңі бар,

Осыны тапсаң, жеңдің ал.

/Қоян/.

 

 

Басы бар да шашы жоқ,

Көзі бар да қасы жоқ.

Жүретін аяғы жоқ,

Суықта тоңбайды,

Ыстыққа күймейді.

/Балық/.

 

 

Қанатты бір мақұлық ұшып жүрмес,

Өңгедей бұл жалғаннан дәурен сүрмес.

Ыстық пен жаздыгүні пәрмені жоқ,

Тоқсанда жаурадым деп үйге кірмес.

Бәрінде жердің жүзін өрт алғанмен

Құданың құдіретімен отқа күймес.

/Балық/.

 

 

Демсіз-үнсіз,

Жүрсе-үнсіз.

Басса ізі жоқ,

Жүрсе жолы жоқ.

/Балық/.

 

 

Жаны бар, қаны бар,

Бес сағат жерде тұрса,

Жаны да жоқ, қаны да жоқ.

/Балық/.

 

 

Суда өмір сүреді,

Сусыз жерде шөлдейді.

Абайсызда ұстасақ,

Кетемін деп көнбейді.

/Балық/.

 

 

Құдіреттің бір құсы,

Көкте десем ізі жоқ,

Мекенінен шықса өледі,

Оған қылар емі жоқ.

Құлағы жоқ, көзі бар,

Түсі суық ызғарлы,

Аузында айыр бізі бар.

/Балық/.

 

 

Бар екен бір мақұлық дауысы зор,

Қолдары адамға ұқсас, нәсілі сол.

Үйлері тас бұлақтан жаратылған,

Тапқан адам алады бәйгіні мол.

/Бақа/.

 

 

Ағараңдап аузын ашқан,

Соқыраңдап жерді басқан.

/Бақа/.

 

 

Жапа-жапа жапалақ,

Дігірманға бақылдап.

/Бақа/.

 

 

Тарпаң, тарпаң тарбиған,

Түрі жаман жарбиған.

/Бақа/.

 

 

Сасық көлде ит үрер.

/Құрбақа/.

 

 

Сұм жүзді, құралай көзді,

Киікше секірген,

Бура санды, жолбарыс тонды.

/Құрбақа/.

 

 

Көл, өзен, дарияны жаны сүйген,

Жасынан қора салып, қамыс шиден.

Қаншама терең суды бойлағанда

Үстіне бір тамшы да су тимеген.

/Андатыр/.

 

 

Бір нәрсе жүре алмайды жерді басып,

Жерде жоқ бұйыратын оған нәсіп.

Тұрағын ол нәрсенің адам білмес,

Айтпаса түсіндіріп біреу ашық.

/Балық/.

 

 

Жел, жел, жел бием,

Желіндесе кім білер.

Жау жапырақ түбінде,

Құлындаса кім білер.

/Балық/.

 

 

Бір нәрсе қанаты жоқ ұшқан биік,

Сонда да жүрмейді екен жерге тиіп.

Арасын жер мен көктің өрт алса да,

Кетпейді ешбір жері отқа күйіп.

/Балық/.

 

 

Алуан дүркін аузында бір әккәр,

Неше жұтқан жануарды көрдім әней,

Сүйегі бақша-бақша тұр дәней.

/Балық/. 

 

 

Бар екен үш қанаты ұшып кетпес,

Егін сап жұрт қатарлы кәсіп етпес.

Өзінің мекенінен шығып кетсе,

Тіршілік көремін деп үміт етпес.

/Балық/. 

 

 

Өзі шұбар,

Тамағына таққаны -

Екі тұмар.

/Шортан/. 

 

 

Текшелеп тебен арттым томашаға,

Домалағы жазылар оңашада.

/Кірпі/. 

 

 

Төрт аяқты,

Мың таяқты.

/Кірпі/. 

 

 

Дегендей ешкім тимесін,

Алыпты қадап инесін.

/Кірпі/.

 

 

Алпыс кісі аяқтастың,

Ал таңертең таяқтастың.

Бәрін бір жерге жатқызып,

Кейде ұрысып алып қаштың.

/Кірпі/.

 

 

Шықпайды бір мақұлық қорасынан,

Түгінің ине өтпейді арасынан.

Тап мұндай мақұлықты көргенім жоқ,

Айрылар туа салып анасынан.

/Кірпі/.

 

 

Ұзамай аз жортад,

Жол жүруге шорқақ.

Үсті толған ине,

Кіріп кетер, тиме.

/Кірпі/.

 

 

Ағашты орманның түбінен табасың,

Ине шаншылған жөке деп қаласың.

/Кірпі/.

 

 

Далада жабулы тоқпақ жатыр.

/Кірпі/.

 

 

Айтайын бір жұмбағым тұңғиықта,

Жаратқан барша жанға бір бұйрықты.

Болғанда қоян құлақ, қой құйрықты,

Болғанда мысық аяқ, түлкі тұмсық,

Айнала тікенек, бір жүні қылшық.

/Кірпі/.

 

 

Бір түйем бар үстіне жантақ артқан,

Өзі сондай кетеген құдай атқан.

/Кірпі/.

 

 

Бір мақұлық бар еді жүрген саяқ,

Кеудесіне қарасам мүштімдей-ақ.

Түрін байқап қара да, ет тамаша,

Үстінде көтеріп тұр бір мың таяқ.

/Кірпі/.

 

 

Жәндік көрдім аласа,

Түрі басқа тамаша,

Ешбір жанға қосылмас,

Жүреді өзі оңаша.

Бірі бата алмайды

Қасқыр, аю, жолбарыс,

Ортаға алып қамаса.

/Кірпі/.

 

 

Жер астында жездем қамшысы жатыр.

/Жылан/.

 

 

Ұзын-ұзын, ұзын келер,

Ұзын бойлы қыз келер,

Қабақтары қалтырап,

Маңдайлары жалтырап.

/Жылан/.

 

 

Аяғы жоқ, қолы жоқ,

Жүріп кетсе жолы жоқ,

Үстіне біткен жүні жоқ,

Сыйдырып қойған таспадай,

Сипаласаң міні жоқ.

/Жылан/.

 

 

Жылт-жылт еткен,

Жылға сайын өткен,

Бар адам безген.

/Жылан/.

 

 

Ізі бар,

Адымы жоқ.

/Жылан/.

 

 

Төсек астында шылғи қайыс.

/Жылан/.

 

 

Жапырақ астында қара пышақ.

/Жылан/.

 

 

Жол үстінде майлы қайыс.

/Жылан/.

 

 

Шөп арасында ұзын қамыс.

/Жылан/.

 

 

Ши түбінде шығыршық.

/Жылан/.

 

 

Айтайын бір жұмбақты сізге батыр,

Өзінің асты кеуек, үсті жалтыр.

Қазандай қара тастың бауырында,

Бір сүйір адам таппас зәрлі жатыр.

/Жылан/.

 

 

Дүниеде бір найза бар сапталмаған,

Мүлкім деп ешбір адам сақтамаған.

Бұрынғы өтіп кеткен қариялар,

Найзаның тиген жерін мақтамаған.

/Жылан/.

 

 

Айыр-айыр тілі бар,

Шұбар ала түрі бар,

Бәр жәндіктің ішінде,

Қауіптісі сол, біліп ал.

/Жылан/.

 

 

Жап-жалаңаш мақұлық,

Адам көрер түрі жоқ.

Тиіп кетсе қақсатар,

Қабырғада міні жоқ.

/Жылан/.

 

 

Жоқ екен бір құйрықтан басқа қару,

Ешқандай кәсіп етпес, пайда табу.

Өзіне жастан болған әдет екен,

Мақұлыққа жақындасқан найза салу.

/Жылан/.

 

 

Орманнан шығар,

Сырты шұбар.

Ала түрлі,

Кілтең сырлы.

/Жылан/.

 

 

Кемпір - тіссіз,

Жүрсе - ізсіз,

Тисең - зиянды,

Өлтірсең - қиянды.

/Жылан/.

 

 

Иір-иір ізі бар.

/Жылан/.

 

 

Дүнияда кірпіксіз жан не болады?

/Жылан/.

 

 

Ши түбінде шұбар кездік.

/Кесіртке/.

 

 

Жау келсе қатты сасады,

Құйрығын тастай қашады.

/Кесіртке/.

 

 

Сауыттан мықты шапаны,

Жиырылып кейде жатады.

/Тасбақа/.

 

Асты тас,

Үсті тас,

Ортасында шандыр бас.

/Тасбақа/.

 

 

Айдалада тостаған,

Оны нағып тастаған.

/Тасбақа/.

 

 

Өмірі шықпай үйден бір,

Өз үйін өзі сүйреп жүр.

/Тасбақа/.

 

 

Базардан келген көк лөк,

Көк лөктің көзі көк.

Үстіндегі Жәнібек,

Жәнібектің жаны жоқ.

/Тасбақа/.

 

 

Көк ала бас көк бура,

Сырты сұлу, күмбездей,

Далада оттап жүрсе де

Бауырын жазып шаба алмас,

Үйірін іздеп таба алмас.

Үстіне киген киімі

Бір жыртылса жамалмас,

Оны адамзат баға алмас.

/Тасбақа/.

 

 

Бір нәрсе төрт аяқты, мал басты емес,

Не адам, не дерексіз албасты емес.

Астында бір нәрсесі салбыраған,

Аттың жалы, атанның шудасы емес.

/Тасбақа/.

 

 

Бір жігіт ақ боз үйден шыға келді,

Үстінде алтай қызыл ішігі бар.

Жалма-жан қол көтеріп сәлем берді,

Жанында кейде нөкер, күшігі бар.

/Суыр/.

 

 

Жер астында жездекем аты кісінейді.

/Суыр/.

 

 

Ары жүгір қара шарт,

Бері жүгір қара шарт.

Тал түбіне тасталған,

Жылқыны қарнына қыстырған.

Түйені ерніне жапсырған,

Мұрты бар, сақалы жоқ,

Айт дегенде аяуы жоқ.

/Құндыз/.

 

 

Кішкене ғана бойы бар,

Айналдырған тоны бар.

Қанар қапта не болса,

Бәрін жейтін ойы бар.

/Тышқан/.

 

 

Ат та емес, ит те емес,

Тістейтінін қайтерсің.

/Тышқан/.

 

Басына өскен тарбиып,

Жапырақсыз бұтағы.

Алады одан қан құйып.

Емге шипа бұл дағы.

/Бұғы/

 

Жапырақ жоқ бұтасында,

Қос емен өсіп тұр бір басында.

/Бұғы/

 

Төбесінде қу бұтақ,

Алар екен кім бұтап.

/Бұғы/

 

Мүйізінен таралған,

Жанға шипа дәрі алған.

/Марал/

 

Есек емес,

Жылқы емес.

Екеуінің ұқсастығы

Береді тұрқы елес.

/Құлан/

 

Тұрқы, түрі

Жылқы тектес жалы бар,

Шөп жеп түрлі,

Түзде өскен жануар.

/Құлан/

 

Пысқырғыш не?

Ысқырғыш не?

/Құлан мен жылан/

 

Жақпар тастың өркешіне,

Секіреді құламай.

Қия құздың өр төсіне,

Орғып шығар ол оңай.

/Арқар/

 

Тау көтерген төрт қазық.

/Төртаяқ/

 

Жез бейнелі өзі,

Кең дала еркесі,

Мөп-мөлдір көзі.

/Киік/

 

Айбарлы сұсы бар,

Қанжардай тісі бар.

Тұла бойында

Тасыған күші бар,

Күжірейген жалды,

Білсең айт

Бұл аңды?

/Арыстан/

 

Түлкі ұқсас тұрқы,

Бір тоймайтын құлқы.

Аңдитыны тастан,

Құс пен тышқан.

/Қабылан/

 

Мойыны тұтасқан,

Аузы апан.

Жоны жалпақ,

Бұты талтақ.

/Бегемот/

 

Тік жардай түсті,

Шұбатылған

Тұмсығы күшті.

Таситын жүкті,

Бұл қандай мықты?

/Піл/

 

Қаймықпайды күшті аңнан,

Қорқады тек тышқаннан.

/Піл/

 

Түрі жылқы бейнесі,

Жолақ-жолақ жейдесі.

/Зебр/

 

Қара ала тоны бар,

Аңдардың ол краны.

Оны сен де танып ал,

Серейіп кеп тұрады.

/Жираф/

 

Мойыны сорайған,

Сирағы серейген.

Теңбіл шұбар терісі,

Шөлдегі аңның ірісі.

Жонында жалы бар,

Бұл қандай жануар?

/Жираф/

 

Иір мүйіз,

Сүйір мүйіз,

Ай қабақты,

Май бұғақты,

Тұла бойы

Бұқа мойын,

Бұл қандай түлік,

Сен де оны ал біліп?

/Қошқар/

 

Иір-иір денесі,

Сахараның кемесі,

Ащы шөптер тамағы,

Шөлге шыдап бағады.

/Түйе/

 

Көріп тұрар бар ауыл,

Бір тауда қос қарауыл.

/Түйе өркеші/

 

Ұқсап тұрған жақшаға,

Төбеде өскен шақша ма?

/Ірі қара мүйізі/

 

Желемік күнгі толқындай,

Бұйрасы бар,

Төл тоны.

Бағалайды алтындай,

Киім тігіп, ел де оны.

/Қаракәл елтірісі/

 

Жыртылмай-ақ тоны,

Жамапты оны.

Бір жері қара ала,

Бір жері сары ала,

Тігілмеген бірақ

Бұл қандай құрақ?

/Шұбар мал терісі/

 

Тастан-тасқа секіреді,

Қалқиып қос құлағы.

Ойын болып көкірегі,

Аула оның тұрағы.

/Лақ/

 

Бұтақтарға секіріп,

Әр жерден қылт етеді.

Кейде жаңғақ кеміріп,

Жоғары өрлеп кетеді.

/Ақтиін/

 

Бұтақтардан бұтаққа,

Орғиды да қарғиды.

Кейде салар бұлтаққа,

Құйрығымен әрқилы.

Қос құлағы делдиіп,

Тыныштықты бағады,

Жемін тауып жейді үйіп,

Домалатып шағады.

/Тиін/

 

Шырша саясы — күркесі,

Өзі орман еркесі.

Қарғып жүрер жан-жаққа,

Өте құмар жаңғаққа.

/Тиін/

 

Сайқымазақ қулығы бар,

Барған жерде ұрлығы бар,

Бұл қандай аң?

Ұғып ал.

/Түлкі/

 

Қырда жүрер ол жортып,

Іні де жоқ бармайтын.

Құйрығымен бұлтартып,

Қандай аң ол алдайтын?

/Түлкі/

 

Жылқыны қарына қыстырып,

Түйені ерніне қыстырып,

Есекті құлағына қыстырып,

Қасқырды ат қып мініп,

«Әйт!» дегенде жүре берген.

/Қоян/

 

Сылдырдан қорқады,

Шошынып жортады.

/Қоян/

 

Жылқы тұмсық,

Ешкі құйрық,

Есек құлақ,

Түйе ерінді,

Төрт аяғы тең емес.

Бірі ұзын,

Бірі қысқа,

Қорқақ өзі,

Қыли көзі.

/Қоян/

 

Қорыққанда желаяқ,

Отырғанда томардай-ақ.

/Қоян/

 

Еріншекті,

Еміншекті,

Аямайды,

Қаламайды,

Шағады.

Мұны кім табады?

/Ара/ 

 

Жаздай жатпай,

Қырдағы гүлді аралар,

Өзі де татпай,

Жинар гүл шырынын,

Тисең оған кұрыдың,

Аямай шағып жаралар.

/Ара/ 

 

Гүлдің нәрін жинайды,

Адамға бал сыйлайды,

Ұнатады бірлікті,

Қоғамдасқан тірлікті.

Еңбекқорды аялайды,

Еріншекті аямайды.

/Ара/

 

Түт ағашын өрмелеп,

Жейтін дәмі жапырақ.

Сілекейін кермелеп,

Мата тоқыр жалтырақ.

/Жібек құрты/

 

Қалдырмай баласын бір елі,

Қалтаға салып-ап жүреді.

/Кенгуру/

 

Топырақ пен көң астын,

Қопарып ем,

Жыбырлаған кен аштым.

/Жауын құрты/

 

Шөп ішінде жүреді,

Шақса уын жаяды.

Зиянын қойлар біледі,

Күйсетіп жеп қояды.

/Қарақұрт/

 

Қанды сорып сүліктей,

Ызыңдап кеп шағады,

Бұл қандай бүлік дой?

/Сона/

 

Тастан салған үйі бар,

Көшіп жүрер асықпай,

Қыста ұйықтап бұйығар,

Тамақ іздеп, ашықпай,

/Тасбақа/

 

Сұм жүзді,

Құралай көзді,

Киікше секірген.

Бура санды,

Жолбарыс тонды.

/Құрбақа/

 

Қоңырқай жүні бар,

Терісі өте бағалы.

Аязды күні жылынар,

Киім тіккен жағалы.

/Жанат/

 

Ызыңдап ән салып,

Жұп-жұқа қанаты.

Тәттіге тамсанып,

Қоқысқа қонады.

/Шыбын/

 

Еріксе,

Құйрығымен ойнайды.

Зеріксе,

Ұйқыға бір тоймайды.

/Мысық/

 

Денесіне қапталған,

Сырты түбіт тоны бар.

Дыбыссыз кіріп шығады,

Бүкірейген жоны бар.

/Мысық/

 

Мұртын сипап күн бойы,

Бетін сусыз жуады.

Тысырды аңдып түн бойы,

Тышқанды көп қуады.

/Мысық/

 

Адамға серік,

күзетке берік.

/Ит/

 

Табанынан тыз етіп,

Жүрсе дағы сыз өтіп.

Күні-түні ерінбей,

Үйді жүрер күзетіп.

/Ит/

 

Сұрғылт тартқан түсі бар,

Ақсиған көп тісі бар,

Тыным таппай жүгіріп,

Сілекейі шұбырған,

Қыстау маңын ториды,

Ауылдың өш бар иті.

/Қасқыр/

 

Төрт түліктің рэкеті,

Түзде жүрер көк сері.

/Қасқыр/

 

Борық іздеп ішінен,

Қара жерді,

Беткейді,

Қопарады тісімен,

Бірақ егін екпейді.

/Қабан/

 

Жер қопарған тісімен,

Сескенесің түсінен.

/Қабан/

 

Тастамайды бір елі,

Үйін сүйреп жүреді.

/Тасбақа/

 

Құжынаған жұмыскер

Бірлескенде тым іскер.

/Құмырсқа/

 

Тор тоқуға шебер-ақ,

Бірақ киім тікпейді.

Өнері де өнер-ақ,

Бірақ ісі бітпейді.

/Өрмекші/

 

Шақылдап ашықта,

Тік тұрар қазықтай,

Жем іздеп жортады,

Тысырдан қорқады,

Інін кеп сағалар,

Зып етіп жоғалар.

/Саршұнақ/

 

Құм жолда жортады,

Тұрса жеп қияқты,

Сыбызғы тартатын,

Музыкант сияқты.

/Суыр/

 

Иір-иір үйі бар,

Іші қапас әрі тар,

Құлақ тоссаң

Ызыңдаған үні бар,

Бұл не, біліп ал.

/Ұлу/

 

Қарақұрым нөпірі,

Егін, шөптің жебірі.

/Шегіртке/

 

Лақ емес енесін еметін.

Бірақта емшекке кім төнетін.

/Ешкіемер/

 

Шөл даланы мекендеп,

Жүгіреді секеңдеп.

Құйрығы ұзын шашақты,

Аяғы көп саусақты,

Түнде іздеп керегін,

Інге жинар қорегін.

/Қосаяқ/

 

Бар дауысымен тақылдап,

Шалшық көлді мақтайды.

Өзін-өзі мақұлдап,

Бірін-бірі жақтайды.

Тәулік бойы бақылдап,

Мезгілімен жатпайды.

/Бақа/

 

Таңдайлары тақылдап,

Шулайтын кім шалшықта,

Бірін-бірі мақұлдап?

/Бақа/

 

Сабы жоқ, қамшы,

Ешкімге ұсынба,

Уы бар бір тамшы,

Тілінің ұшында.

/Жылан/

 

Сумаңдаған тілі бар,

Бұраңдаған ізі бар.

Тіл ұшында уы бар,

Ол не?

Біліп ал!

/Жылан/

 

Жол үстінде егіз өрім,

Қамшы жатыр сегіз өрім.

/Жылан/

 

Үй ішін аралап,

Түнде көп жортады.

Қаптарды жарып,

Мысықтан қорқады.

/Тышқан/

 

Ойлайсың,

Көрсең түйме деп,

Тұмсығын тығып қадалып,

Шағады бадалып,

Ақыры өлер тоқтықтан,

Жан берер оған соқтыққан.

/Кене/

 

Бітік көз, салпаң құлақ, қайқы мұрын,

Көріп пе ең мұндай хайуан бұдан бұрын.

Домалақ, алды-арты бірдей екен,

Және де көріп жүрсіз әрбір түрін.

/Шошқа/.

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 338 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 602 0

















02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 45300 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 42806 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика