THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
404 - Ештеңе табылмады.
Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.
«Тойдан қайтқан қазақтар» пьесасындағы конфликт пен характер мәселесі
Авторы: Жасұлан Исакаев
24/04/2017 16:19 0 18790 3
Сұлтанәлі
Балғабаевтың 1998 жылы М.Әуезов атындағы академиялық театрында қойылған «Тойдан
қайтқан қазақтар» атты екі бөлімді, тоғыз көріністі комедиясы – заманның
жағымсыз тұстарын айқара ашып, арпалысқа түскен ел өмірін, қоғам мәселесін
бейнелеген комедиялық туынды. Бұл пьесадағы бір ерекшелік, оқиға желісі
«Қазақстан» пойызында өрбиді. Автор бұл пьесасының арнасын адам бойындағы
жағымпаздықты астарлап жеткізуге бұрған. Бұл туынды жұртты еріксіз саналы ойға
жетелейді.
Спектакль
өмірдің өзінен ойып ала салғандай баршамызға етене таныс оқиға өзегіне
құрылған. Тойдан қайтқан масаң адамдар шайқалақтап, даурығысып, бірін-бірі
жөн-жосықсыз асыра марапаттап келеді. Сол сәтте олардан асар шешен де, дана да,
батыр да жоқ. Жел сөзге марқайып, талтаңдап, жер баса алмай келе жатқан Мэлс
Әлібаевич сияқты азаматтар да бізге таңсық емес, күнде көріп жүрміз.
Мұның бәрі қоғам
кемшілігі... Елді ілгері бастырмай келе жатқан осындай адамдар екенін шығарма
желісі алдыңа жайып салады. Ішкенге мәз, жегенге тоқ осындай адамдардың
іс-әрекеттеріне қынжыласың.
Спектакльде
жандайшаптар мен маймөңке жағымпаздарды айналасына жиып, ел мүддесін ойлаған
боп, биік-биік мінбелерден сөз сөйлеп жүрген лауазым иелері бізде аз ба?!
Әншейінде олар судағы балық сияқты, сөзі де өзі де жып-жылтыр ұстай алмайсың.
Содан кейін де дәурені жүреді. Тіпті іштей олардың безбүйрек адамдар екенін
сезсең де қолдан келер қайран жоқ. Бетіне қарсы келіп шындықты айтсаң да, сенің
сөзіңді кім тыңдайды. Қызметінің арқасында айтқаны айтқан, дегені деген.
Спектакль де дәл осылай өрбиді.
Өз бабасын бес
жасында шешен, он жасында қолбасшы болды деп дәлелдеп, Мэлс Әлібаевич
сияқтылардың арқасында атақ-дәрежеге бөленіп келе жатқан Асай Мүсеевич сияқты
ғалымсымақтар, жылпостығының арқасында "еті тірі жігіт" атанып
елді қанап отырған Қошқарбай жұрт еңсесін қалай көтермек. "Тураушыда
туғаның болсын" дегендей олардың сүйенетіні Мэлс Әлібаевич сияқты мақтау
сүйер даңғой басшылар ғой. Ал олардың жақсылығы өз басынан артылмайды.
Міне, сол
Қошқарбай сонау Алматыдан келген екі дөкейді пойызға шығарып салмақ болып,
кеудесін керіп келе жатқан шынайы бейнесі осы жол үстінде бірте-бірте ашылады.
Спектакльдегі оқудағы баласына барып келе жатқан билетсіз жолаушы, қап-қап жүкті арқалаған саудагер әйел, жолсерік қыз, пойыз бастығының қимыл-әрекеттері соншалықты шынайы, нанымды шыққан. Бастапқыда шақылдап тұрған жолсерік қызға өтірікті суша сапырып, жетер жеріне бару үшін ешнәрседен тайынбайтын саудагер әйелге де жаның ауырады. Бұл шығармадағы басты бейне Қазақстанның халық әртісі Жұмабай Медетбаевқа арналған. Сұлтанәлі Балғабаев өзінің сахналық шығармасын осымен екінші рет белгілі бір өнер иесіне арнап отыр. Оның "Ғашықсыз ғасыр" еңбегі КСРО халық әртісі Фарида Шәріпова үшін арнайы жазылған екен.
massaget.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ