THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Әлемдегі
жауынгер деген ұлттардың көбінде әскери шайқас өнерінің өзіне тән түрі болғанын
тарих баян етеді. Ағылшынның боксын, француздың саватын, жапондардың айкидосын,
корейлердің тхэквондосын, орыстың самбосын, Бразилияның капоэйрасын, Тайландтың
муай тайын білмейтін адам жоқ әлемде. Тіпті, бабаларымыз азғана жасақпен мың
қол әскерін қырып салған қытайлардың өзінде жекпе-жектің жүздеген түрі
дамығанын білеміз. Ал қазақта жекпе-жек өнері болған ба? Әлде, кейбір ғалымдар
айтып жүргендей, ұлы дала перзенттері қарусыз додаға түсіп көрмеген бе?
Тар жерде жалаң
қолды да қару деп білген
Жалаң қолмен
жағалас дегенде, ойыңызға бірден қазақша күрес оралатыны белгілі. Бірақ
қазақтың жекпе-жек тарихы бір ғана күрес түрімен шектеледі дегенге сенгің
келмейді. Әскери дода өркен жайған қоғамдағы соғыс өнерінің аясы садақ ату,
найзаласу, семсерлесу, аударыспақ, көкпар, қазақша күреспен шектеліп қалуы
мүмкін емес тәрізді. Жауынгерлік көшпелілердің өмір сүру қалыбына айналғаны сонша,
той-думанда бәйге тігілетін қызықтың бәрі ұл мен қыздың әскери дайындығын
сынап, шыңдауға негізделген. Жамбы ату мергендікке, аударыспақ білек пен
тақымның күшін нығайтуға, теңге алу ер қаруын ұрыс даласында қалдырмауға,
көкпар жаралы жолдасыңды жауға бермеуге, ардақты азаматтың басын қорлыққа
тастамауға баулығаны сияқты, тізіп тауыса алмайтын ұлағаттарға жалғаса
береді.
Найзагерлік, сойылгерлік, қамшыгерлік, балуандық,
шабандоздық, мергендік сынды қасиеттерді бойына сіңірген бабаларымыздың бойдағы
бес қаруға ғана сеніп, жауға аттанбағаны айдан анық. Осы тектес
аңыздарды ел арасына таратып жүргендердің айтуынша қазақтардың арасында
«жекпе-жек», «жұдырықтасу, «үшкүрес», «алыпсоқ» сынды жалаң қолмен ұрыс салар
әскери өнер түрлері болған екен. Бұл деректерге аңыздан ақиқат жасап, қолдан
қашалған тарих ретінде қарауға болмайды. Қазақта «қайшылап тебу», «шықшыттан
немесе құлақшекеден ұру», «тізесін батыру», «жұдырық иіскету», «қабырғасын
қақырату», «көкжелкеден қонжиту», «қоян-қолтық ұрыс» сынды тіркестер бар.
Бұлардың барлығы отбасы, ошақ қасындағы мәдениетсіз төбелестің «жемісі» деп
қарау әбестік болар еді. Ал қыз айттыра келген күйеудің атан жілікті қолдың
қырымен ұрып шағуы, жауырынды шертіп ашу сынды сынақтарды да еріккенің ермегі
деуге келмес. Демек, біздің бабаларымыз да жалаң қол мен аяқты тар жерде қару
деп білген.
Осы тақырыпты
зерттеп жүргендердің айтуынша, «жекпе-жек» аталған шайқас түрі бүгінгі ережесіз
төбелеске ұқсаған көрінеді. Ал қазақша күрестің өзі ғана жауынгерлік тарихымен
танымал грек және рим күресін он орайтынын алыс-жақын елдер мойындай бастады.
«Алыпсоқ» шайқасы болса, қарсыласыңды жерге тымақша атып, қимылсыз қалдыратын
айлалардың жиынтығы болған-мыс. Қазір бұл жекпе-жек түрін Нұрбота Оразбаев
қайта жандандырып, каратэ, джиу-джитсу, самбо, дзюдо сынды шайқас түрлерімен
селбестіруде.
Тағы бір көне
шайқас түріне «үш күрес» деген атауды бүгінгі жаңғыртушылары берсе керек.
Ғаламда теңдесі жоқ бұл шайқас түрі сойылдасу, қанжар салысу, қоян-қолтық ұрыс
сынды әскери өнер түрлерін біріктірген. «Үшкүрестің» жаңа нұсқасының авторы
Төлеген Әшімов турнирлер өткізу арқылы төл өнердің танымалдығын арттыруға күш
салып жүр. 3 раундтан тұратын кездесудің әр кезеңі 2 минутқа дейін созылады.
Алдымен атлеттер пластиктен жасалған 80 сантиметрлік таяқпен семсерлеседі. Одан
кейін қанжармен шайқасады. Шешуші кезеңде спортшылар қоян-қолтық ұрысқа көшеді.
Қоян-қолтық жекпе-жекте басқа және денеге қолмен соққы жасауға, аяқтан шалуға,
тұншықтыру тәсілдерін қолдануға рұқсат етілген. Үш күреспен үнемі айналысатын адамның
кемінде 1-ші спорттық дәрежесі болуы керек. Өйткені, бұл жекпе-жек батыр
бабалардың шынайы шайқаста қолданған тактикалық және техникалық әдістері
негізінде құрылған. Бірнеше ғасыр бұрынғы үш күрестің бүгінде ережелері
жетілдірілу үстінде. Жарысқа тек екі талапқа сай спортшылар жіберіледі. Кәмелет
жасына толған және 75 келіге дейінгі салмақтағылар.
Бүгінде қайта
жаңғыртылып, өз қауымдастықтарын құра бастаған жекпе-жек түрлерінің ішінде
«жұдырықтасу» шайқасы ең бір ақылға қонымды жоба болып отыр. Қазақ неге боксқа
келгенде алдына жан салмайтынын кезінде жоғалып кетуге дейін барған көне
жауынгерлік өнердің сарқыншағы қанда қалуымен түсіндіруге болады.
Сол жұдырықтасу
өнерінің тарихы тіптен аңызға бергісіз. Аңызға бергісіз болатыны, қытайлардың
төбелес түрлері Мәуреннахр түріктерінің жұдырықтасуынан тарағаны туралы
деректер бар.
Бұл аңыз әйгілі
Бабыр сұлтанның есімімен тығыз байланысты. Түркі топырағынан шығып, қазіргі
Үндістан, Ауғанстан, Пәкістан, Бангладеш елдерінің аумағында билік жүргізген
жаужүрек бабамыз аталмыш ұрыс өнерінің асқан шебері болса керек. Ұлы моғол
сұлтанының өмірі жайында баяндайтын «Бабырнамада» Бабырдың Әмір Темірдің
тікелей ұрпағы екенін айта келіп, «Жүрегі мәрт, парасатты адам еді. Ақкөңіл,
сөзге жүйрік, тілі майда, ержүрек азамат болды. Екі рет өзінің 64 серігінің
алдына шығып қылышын қыннан суырды. Бір жолы Ахса қақпасы ашылса, екінші
ретінде Шахрухин шыдас бермеді. Атқан оғы да мүлт кетпейтін, бірақ Бабыр ең
әуелі жұдырықтасудың шебері еді. Оның соққысына төтеп берер жігіт жоқ еді. Оның
ең үлкен ұлы мен – Захир ад-дин Мұхаммед Бабырмын. Мәуреннахрда жұдырықтасу кең
тараған. Сол кезде Мәуреннахрда 26 әйгілі жұдырықтасу шебері болған» делінген.
Әйгілі тарихи еңбектің осы жолдарын алға тартушылар төбелестің бұл түрін
мәуреннахрлықтардан үнді діндарлары үйреніп, кейін олардан қытай мен тибет
монахтары қабылдаған деген болжам айтады. Ал қытай монахтарынан бұл өнерді
қытай сарбаздары үйреніп, кейін бүкіл аспан асты еліне, одан әрі кәріс пен
жапондар арасына кең тараса керек.
Жекпе-жек түрлеріне
ресми қолдау жеткіліксіз
Бір өкініштісі,
қазақтың жаугерлік өнерін қайта жаңғырту бастамасы ресми қолдауға зәру. Түрлі
қауымдастықтар құрып, халықаралық турнирлер өткізіп жүрген бастамашылардың
жұмысын іліп әкетіп, әрі қарай өркендетуге ресми орындар құлықсыздық танытып
отыр. Осының салдарынан аталмыш жекпе-жек түрлеріне көптеген адамдар
«еріккеннің ермегі» ретінде қарайды. Ал мұндай ортада кез келген спорт түрінің
бұқаралық сипат алуы неғайбыл. Бұл бағытта тарихи тақырыпты қаузап жүрген кино
мамандары да бас қатырып жатпай, шетелдік трюктерді көшіре салуға әуес.
Әйтпесе, Шаолин монахтары жайындағы аңыздарға елтіген жасөспірімдер Бабырды пір
тұтуы тиіс қой.
Қолдау демекші,
қайта жаңғырып келе жатқан аталмыш жекпе-жек түрлерінің облыс аумағында таралу
жайын білмек үшін облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына хабарласқан
едік. Басқарманың құқықтық қамтамасыз ету және ұйымдастыру-кадр бөлімінің
басшысы Ринат Арыстанбек дәл қазір ешқандай қолға алынып жатқан нақты жоба жоқ
екенін айтты.
- Өскеменде
балаларды ұлттық спорт түрлеріне баулитын арнайы мектеп бар. Аталған жекпе-жек
түрлерінің үйірмелерін сол жерден ашсақ деген ой бар. Облыс орталығында
Жекпе-жек сарайы салынғанын білесіз. Аталмыш үйірмелер ашылса, балалар сонда
жаттығатын болады, - дейді маман. Ринат Арыстанбектің айтқанынан ұққанымыз,
еліміздің Алматы мен Астанадай ірі қалаларында іргесін кеңейтіп, алыс-жақын
шетелдерге тарала бастаған «Алыпсоқ», «Жекпе-жек», «Үшкүрес», «Жұдырықтасу»
сынды спорт түрлерін дамытуға бағытталған нақты жоспар жоқ. Алайда, ұлттық
спорт түрлерін дамыту бағдарламасы аясында өңірде филиалдарын ашып, үйірмелер
ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Ол үшін аталмыш жекпе-жек қауымдастықтарының
ұсыныс тастауы қажет. Ұлттық жекпе-жек түрлерінің ішінде аймақта қанатын кеңге
жая бастағаны тек қазақ күресі ғана. Бүгінде облыс көлемінде сегіз мыңнан астам
жеткіншек төл күреспен әуестеніп жатқан көрінеді.
Бұл тақырып
төңірегінде тарихшылардың пікірін де тыңдап көрдік. Профессор Марат Мағзұмов
қазір құрылып жатқан «алыпсоқ», «үшкүрес», «жекпе-жек», «жұдырықтасу» сынды
төбелес түрлері заман талабына сай жаңадан шыққан деп санайды.
«Қазақтың жалаң
қолға жүгінер негізгі жекпе-жегі қазақ күресі ғой. Оның өзі қазіргіден
өзгешелеу болған. Күрестің басты шарты білек пен бел күшін көрсетуге негізделген.
Қырқай шалу, жамбасқа ату, іштен және сырттай шалу, белден мыту, кеудеге салып
лақтыру сияқты тәсілдер арқылы жеңімпаз анықталған. Ал жұдырыққа сүйенген
төбелес түрі қазақтарда болмағанын Левшин мен Янушкевич айтып кеткен. Олар
есесіне қазақтың қыз қуудан бастап, теңге алуға дейінгі ұлттық ойындары әскери
жаттығудың бір түрі екенін ерекше тамсанып жазған», - дейді ғалым.
Алайда, тарихшыларымыз айтты екен деп, төл жекпе-жек қауымдастықтары алған бетінен қайтар емес. Қазақтың жауынгер әрі жаужүрек халық екенін дәлелдеу жолындағы олардың бұл талпынысын қолдамауға тағы хақымыз жоқ.
Дидар
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ