THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
«Соңғы жылдары қазақ тілінде сөйлеу мен жазу мәдениеті бұзылды, бұған бұқаралық ақпарат құралдары ықпал етіп отыр, әсіресе, телеарналардағы диалектілер мен варваризмдерден аяқ алып жүре алмайтын болдық».
Астанада өткен «Тіл мәдениеті: сөйлеу және жазу» тақырыбындағы дөңгелек үстелде жоғарыдағыдай пікір айтылды. Әрине, бұл пікірмен келіспегендер де табылды. Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған отырыста осы қазақ тілінде сөйлеу мәдениетін қалай көтереміз деген сұрақтың жауабы берілгендей болды. Біз бүгін аталған басқосуда сөз алған белгілі ғалымдар мен қаламгерлердің пікірлерін ұсынуды жөн көрдік.
Сұлтан ОРАЗАЛИН, жазушы, қоғам қайраткері:
– Қазақ тілі қажеттілік болса ғана өмір сүреді. Сондықтан бұған әр қазақ үлес қосуы керек. Мысалы, менің қолымнан келетіні, баламды, немеремді қазақ етіп тәрбиелеу, ағайындарыммен қазақша сөйлесу.
Қазақтың саны көбеймей, тілі өспейді, қазақты көбейтудің екі-ақ жолы бар, бірі – оралмандарды көбейту, екіншісі – қазақ әйелдерінің баланы көп тууы үшін жағдай жасау. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Сталин «Батыр ана» мәртебесін енгізді, түсік жасатқандарды 25 жылға соттайтын тәртіп енгізді, бойдақ салығын төлеттірді, аз уақытта соғыста қаза болған 20 млн адамның орны толды. Біз де қазақтардың санын көбейтсек, қазақша сөйлейтіндер көбейеді. Бүгіндері еліміздегі қазақтар халықтың 65 пайызын құрап отыр, соның 35 пайызы қазақ тілінде іс жүргізе ала ма? Заман – күштінікі, демек, тіл де күштінікі, бір кезде Германия мықты болды, бүкіл Еуропа, АҚШ, КСРО неміс тілін үйренді, ал енді АҚШ күшейді, әлемнің 70 пайызы ағылшынша сөйлейді. Халық неғұрлым көп болса, тіл оралады. Тіл оралса, сапа да көтеріледі, сөйлеу мәдениеті де дамиды, Майқы биден басталатын шешендер институты қазақ тілінің байлығына бір дәлел, қазақ тілін қолданатындар көбейсе, сол байлыққа бас сұқпай кетпейді.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, филология ғылымдарының докторы, академик:
– Бүгіндері әркім өзі термин жасап алатын болды. Телеарналардағы қаптаған ток-шоуларға шақырылған шенеуніктердің екі сөзінің бірі орысша, олар «бағдарлама», «қаржы» деген сөзді білмей ме деп қалдым. Айтатындары «программа», «финанс». Шенеунік білмесе, одан сұхбат алып тұрған тілші неге ескертпейді, тілшінің жауапкершілігі қайда? Сауатты сөйлеңіз деп айтатын тілші қалмаған ба, шамалы ұялтып тастаса, екінші рет сұхбат беруге келмейді ғой. Білім туралы сұрасаң, басқа нәрсе айтып кететін шенеунік көбейді, кітап туралы сұрасаң, тіпті айдалаға лағады. Соларды экранға шығаратындардың талғамы неге төмен? Мысалы, «Көзқарас» бағдарламасындағы қонақтардың көпшілігі не айтып отырғанын білмейді, қазақша сөйлей алмайды. Сұхбатқа адам тартқанда, таңдай білу керек қой, халық көретін бағдарлама деңгейі «звондады, программаны айтты, финанс жоқ, бюджет болмайды» деген деңгейге түспеуі керек.
Табыл ҚҰЛИЯС, жазушы:
– Сөйлеу мәдениеті түзелу үшін кітапты көп оқу керек. Татарстанда болдым, Ресей құрамында отырған осы халықтың өз тілінде 24 сағат бойы концерт беретін радиосы бар, газеттері де шығып жатыр. Татар жазушыларының кітаптары 200-300 мың данамен жарық көреді екен. Дүкендері кітапқа толып тұр. Енді салыстырайық, жуықта Ақтөбе облысында болдым, осы облыстың ауылдары мен аудандарындағы кітапханаларда қазақша кітап жоқ, барының өзі баяғыда барған ескі кітаптар, міне, біз кітапханаға кітап жеткізе алмай отырмыз. Мұндайда сөйлеу мәдениеті туралы не айтуға болады? Осы мәселені Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасарына айтып, Қазақстан жазушыларының шығармашылығы ауылдарға жетсін деген едім, дұрыс екен дейді, бірақ орындайтын адам жоқ, бәрі «дұрыс екенмен» шығарып салады.
Біз радиода жұмыс істеген жылдары көркемдік кеңес болатын. Ал бүгін эфирден не болса сол кетіп жатыр, ауылдағы айтқыштар телеарна мен радио тілі туралы неше түрлі анекдот шығарып алыпты. Қазақтың бай тілін пайдалана алмай отырғанымыз өкінішті.
Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР дипломатиясына еңбегі сіңген қайраткер:
– Термин мәселесіне ғана тоқталайын, «дипломатты» «мәмілегер» деп аударды, «паспортты» «төлқұжат» дейді, ол бәрібір «паспорт» болып қалды, «дипломатты» да қалпына келтірдік. Кез келген сөзді аудара беруден сақ болу керек, қазақша білетін қызметкерлерден заңды қай тілде оқисыз деп сұрасам, қазақшасын түсінбеймін, сондықтан орысшасын оқимын дейді. Міне, біз қазақша білетіндерді сапасыз аударманың салдарынан орысша оқуға итермелеп жатырмыз. Ал енді БАҚ өкілдеріне қатысты айтарым, «договор», «соглашение» деген сөздердің өз аудармалары бар бола тұра «договорды» «келісімшарт» деп жазады, бұрын бекіген тәртіп бойынша, «договор» – «шарт», «соглашение» – «келісім». Бірақ қай БАҚ-ты алсаңыз да бәрі «келісімшарт» деп айтады, солай жазады. 1995 жылдан бері «паспорт» – «паспорт» болып бекіген. Бірақ БАҚ өкілдері «төлқұжат» деуден танар емес. Сенаттың ішке кіруге рұқсат беретін бөлімінің есігінде «рұқсат беру бюросы» деп жазылған, ал Мәжілісте «рұқсаттама бюросы» деп тұр. Бірізділік жоқ. Тіл мәдениеті осындайлардан басталады. Бірақ оны елеп жатқан ешкім жоқ.
Мұхамбедия АХМЕТ-ТӨРЕ, м.ғ.к. Астана медицина университетінің профессоры:
– Дәрігер ретінде адамның маңдай бөлігі жарақат алса, білетін сөздерінен айырылып қалатынын айтқым келеді. Яғни сөздік қорынан айырылады. Сөз бұзылса, бірте-бірте ұлттың санасы бұзылады. Біз тілді жасанды жолмен бұзу арқылы ұлттың санасын бұзудамыз. Техника пайда болғалы, онлайн аудармаға көштік. Оның тілдік қоры өте аз, бұрмаланған, үйлесімсіз сөздер көп. Соның салдарынан аударма сапасы да құлдырап кеткен. Бір мысал, «Құрметті дөңгелек үстелге қатысушы ханымдар мен мырзалар» деген сөзді талдайын. Неге «құрметті дөңгелек үстел?» , «Дөңгелек үстелге қатысушы құрметті ханымдар мен мырзалар» деп айтуым керек емес пе? Бірақ біз орысшаға сүйеніп «құрметтіні» алға шығарып қойдық. «Халықаралық әйелдер күні» деген тіркес бар, кешіріңіздер, менің әйелім халықаралық емес. Бұл әйелдердің халықаралық мерекесі ғой. Бір газеттен «Ірі-ірі тауар өндіретін орталық ашылып жатыр» дегенді оқыдым. Орысшасын қарасам, тауар өндіретін ірі орталықтар екен. «Әртүрлі халыққа көмек көрсету орталығы ашылды» дейді бір газет. Сөйтсем, бұл халыққа көрсетілетін әртүрлі көмекке қатысты орталық екен. Оны журналист орысшадан тікелей аударып, тілімізді бұзып тұр. 24kz журналисі «Республикалық террорға қарсы кеңес өтті» деді.
Ал шындығында, террорға қарсы республикалық кеңес өткен. Мұның барлығы сапасыз аударманың салдары. Өйткені аудармашылардың көпшілігі аудармашы міндеті аудару емес, қазақша сөйлету деген қарапайым қағиданы біле бермейді.
Менің 40 мың сөзден тұратын медициналық сөздігімді оқымайтын журналистер өздерінің сөздік қорына сүйенеді де, жобалап жаза береді. Ал аудармада кететін қателер тілдік мәдениетті бұзады. Мысал айтайын, «Продукты животного происхождение» дегенді бір журналда «жануар текті азық-түлік» деп жазыпты. Сонда «жануартекті» деген «скотиноподобный» дегені ме? «Болезни животных, передающиеся через мясо» дегенді әр газет әртүрлі аударыпты. «Ет арқылы берілетін жануарлар аурулары», «Жануар еті арқылы берілетін аурулар», «Ауру малдың еті арқылы берілетін аурулар» , «Мал ету арқылы жұғатын аурулар», «Еті арқылы жұғатын мал аурулары» – бесеуі бес түрлі, бұл – аудармашылық ауру ғой. Енді осының біреуі ғана келетін сиықты. «Ет арқылы жұғатын мал аурулары». Бір журналист «... екі сиыр қора салды» дейді. Бұл жазылуы, енді оқып көрсеңіз қора салып жатқан екі сиыр сияқты. Сондықтан Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты «сиырқора» дегенді бірге жазып берсе деген ұсынысым бар, сонда сиыр тұратын қора салынып жатқаны шығады. Әйтпесе орфографиялық сөздікте «сиыр қора» бөлек жазылған. Мұндай мысалдар өте көп. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін тіл тазалығы туралы заң керек деп айтып келемін, бірақ ол – орындалмайтын арман. Сондықтан көптеген термин латын тілінен алынғандықтан, латын тілінің этимологиясын түсінетін мамандарды телеарналар мен газет-журналдарға жақындату керек.
Серік Ерғали, публицист:
– Бәрі журналистерді кінәлап жатыр. Жалпы, журналистика деген не, ол – тілдік форманың салдары. Мәселе неде, мәселе тіл білімінің жүйеленуінде, далада қалғандығына, осылай отырып, ананы айтамыз, мынаны айтамыз, одан қателік жойылмайды, әркімнің сөзі мен жазуын аңдығаннан тіл түзелмейді. Мәселені түбінен қозғау керек, менің ойымша, осы отырысқа Тіл білімі институтының өкілдері келуі керек еді. Тіл білімі институты жанынан терминологиялық зертхана ашылса, барлық саладағы терминдер бойынша күндіз-түні жұмыс істелсе, балама сөз таба алмай жатқандар зертханадағы ғалымдардан – лингвистер, соцлингвистер, психолингвистерден кеңес алса, дәл бүгінгідей талқылау болмас еді. Біз әңгімені осы жағынан қозғауымыз керек, онсыз мәселе шешілмейді. Неге әркім әртүрлі жазады, оның бәрі – соцлингвистканың шаруасы. Тіл мәдениеті жөнінде том-том кітаптар шығып жатыр. Журналист ақпаратты жазып отырған кезде сол томдықтарды пайдалана алмайды, оған уақыты да жоқ. Ол кітаптарды басып шығарып, жан-жаққа таратуға қаншама уақыт пен қаржы кетеді. Одан гөрі журналистерге электрондық сөздік керек, транскрипциялық, транслитерациялық, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктерді сапалы етіп дайындаса, сол пайдалы болар еді. Мұхамбедия аға сияқты мамандар білімін кіммен бөлісерін білмей жүр, осы кісілердің аудармашыларға арналған семинарларын өткізуге мүмкіндік туғызайық. Сөз тіркесін қалай аудару керегін үйрететін дайын мамандар ғой. Бұл кісілер аударма факультетінде екі сағат лекция оқысыншы, көп нәрсе өзгереді. Сондықтан нақты мәселе шешілетін ұсыныстарды көтерейік. Әйтпесе, тіл мәселесінін осындай отырыстардың талғажауына айналғаны ширек ғасыр болды ғой...
aikyn.kz
ПІКІР АЛМАСУ
01/06/2017 16:43
Орыс тілді мектептерде тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері
|
ТЕКСТ