КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 «Елдестірмек – елшіден» деген сөз бар ғой. Осындай миссиямен қазақ даласына келген жаңадан тағайындалған бір топ төтенше және өкілетті елшілердің сенім грамоталарын кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Ресми қабылдау жоралғысының бұл жолғы ерекшелігі – Моңғолия, Словакия, Қытай, Грузия және Финляндиядан келген кейбір елшілер өз елінің «сәлемін» қазақ тілінде жеткізсе, енді біреулері өз халқының ұлттық киімімен келіп, ерекше көзге түсті. Президент елшілердің Қазақстандағы болашақ қызметіне сеніммен қарайтындығын білдірді. Салтанатты шара барысында Қазақ елінің ең жақын көршілері – Қытай мен Моңғолия екіжақты байланыстардың басым бағыттары туралы кеңінен айтып берген еді. 
Алдымен, Ұлы далаға табанын тигізіп, елшіліктің алғашқы ресми сөзін қазақ тілінде жеткізгендерді ерекше атап өткіміз келеді. Өйткені бұл да Қазақстанға, жалпы, Қазақ еліне деген құрметтің зор белгісі болса керек. Президентке сенім грамотасын тапсырған Моңғолияның жаңа елшісі Жагир Сухээ қазақ тілінде еш мүдірмей судай ақса, Финляндияның атынан келген өкілеттісі Илкка Унто Калерво Райсанен қолындағы парағына анда-санда қарап қойса да, өз елінің сәлемін мемлекеттік тілде жеткізді. Сосын Словакия мен Қытайдың елшілері, Грузияның жаңа елшісі Зураб Патарадзе әдеттегідей орыс тілінде көсілген болатын. Алайда грузин елшісі Ақордаға ұлттық киіммен кіріп, ерекшеленіп қана қойған жоқ, оған қарап Патарадзенің өз еліне қаншалықты адал екендігін ұққандай болдық. Елшінің үстіне ілген мегрельдердің (грузин халқының құрамындағы субэтнос – авт.) ерлер киімі – «черкескалар» деп аталатын былғары аяқкиім, шапан іспеттес «чоха» және белбеудегі қанжар – бәрі-бәрі жаужүрек Кавказ халқының ұлттық болмысын танытып тұрғандай болды. Дегенмен, білуімізше, З.Патарадзе ұстаған қанжар сувенирлік бұйымдардың бірі болуы керек. Себебі қауіпсіздік шараларына сәйкес, алмастай жарқырайтын қанжарлармен Ақордаға кіруге тыйым салынатындай еді. Сонда да «пәлі!» дерсің, сүйсінерсің. Көңілге Қазақстанның сенімін арқалаған біздің елшілер осындай шетте өтетін салтанатта қайтер еді деген ой оралады. 
Сөйтіп, бес елшінің сенім грамоталарын қабылдаған Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бес мемлекеттің әрбіреуіне жеке-жеке тоқталып, жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілердің қызметіне сеніммен қарайтындығын жеткізді. «Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастығымыз біздің сыртқы саясаттағы басым бағыттың бірі болып саналады. Біз бүгін жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында екіжақты өзара іс-қимыл қарқыны ұдайы артып келе жатқанын көріп отырмыз», – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Осы орайда Н.Назарбаев ҚХР-дың төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасайтын алғашқы мемлекеттік сапары нәтижесінде екіжақты байланыстардың жаңаша дамитынына сенім білдірді. «Елші мырза, сіздің халықтар арасындағы сенім мен түсіністікті одан әрі жалғастыра беруге күш салатыныңызға кәміл сенеміз», – деді Президент.
Қазақстан үшін Моңғолия мемлекетімен арадағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту маңызды. Президент осыған жіті мән беріп, Моңғолия мен Қазақстан арасындағы іс-қимыл жоғары деңгейде жан-жақты дами беретініне де үміт артты. «Бұл ретте біз үкіметаралық деңгейдегі іскерлік байланыстарды жандандыруға күш салуымыз қажет. Моңғолияда шілдеде өткен президенттік сайлауының нәтижелері екіжақты қарым-қатынасты дамытуға тың серпін береді деп санаймыз», – дейді Н. Назарбаев. Ал Грузия да Қазақстанның маңызды сауда-саяси серіктесі болып қала береді. Словакиямен тиімді ынтымақтастықты әлі де тереңдете түсу керек. Мәселен, машина жасау, энергетика, көлік-коммуникациялық, инфрақұрылымдық, құрылыс, металлургия және химия өнеркәсібі салаларында бірлескен жобаларды іске асыру үшін Қазақстанның әлеуеті жеткілікті. Финляндияға келсек, Қазақстан Еуропа одағындағы болашағы зор серіктес ретінде дәл осы елді қарастыратыны бесенеден белгілі. Оның үстіне Финляндия Президенті Саули Нийнистёнің биылғы сәуір айындағы Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары жан-жақты диалогті кеңейтуге мүдделі екендігімізді көрсеткен болатын. Осыған мән берген Елбасы: «Финляндия компаниялары Қазақстанда инновацияны дамытуға, жоғары технологияларды енгізуге ниетті», – деп түйіндеді.
Жоралғысымен қатталған салтанатты шарадан соң арнайы баспасөз мәслихаты өтіп, жаңа елшілер өз ойларын да ортаға салуға мүмкіндік алған. Дегенмен елші атанғандардың басым бөлігі әккі дипломат ретінде қысқа сөйледі. Аймақтағы басты көршілестеріміз Моңғолия мен Қытай ғана екіжақты байланыстардың басым бағыттары туралы кеңінен айтып берді. Мәселен, Моңғолиямен бүгінде тығыз дипломатиялық қарым-қатынас орнатылған. Екі елдің азаматтары бір-біріне қонаққа барып, 90 күнге дейін визасыз жүре алады. Сосын Қазақстан мен Моңғолияның климаты ұқсас болғандықтан, бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретін салалар баршылық. «Қазақстан Моңғолияның климаттық жағдайына сай келетін битум, теміржол электровоздары, вагондар, ауыл шаруашылығы техникалары мен технологияларын шығарушы ел болып саналады. Сондай-ақ біз мұнай өңдеу индустриясы, әуе және жол көліктерін дамыту, ядролық қауіпсіздік және радиациялық қорғану сынды бағыттарда өзара ынтымақтастық байланыстарды дамытуға мүдделіміз. Қазақстаннан тыңайтқыштар, суыққа төзімді бидай мен агротехниканы сатып алуға дайынбыз. Моңғолия өз кезегінде ет, ет өнімдері, кілем, жүннен тоқылған бұйымдар, тері, тері бұйымдары сынды дәстүрлі моңғол өнімдерін экспорттай алады», – дейді елші Ж.Сухээ. Оның айтуынша, Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын көпір болса, Моңғолия – Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияны байланыстыратын географиялық нүкте. Ендеше, екі ел арасындағы көлік қатынасын дамыту мәселесі өзінен-өзі сұранып тұрғандай. «Қазақстан Ұланбатырдағы «Шыңғыс хан» халықаралық әуежайынан бөлек, Моңғолияның батыс бөлігінің қиырында орналасқан «Хобда» халықаралық әуежайын да пайдалана алар еді», – деп атап көрсетті елші мырза. 
Аспанасты елінен келген Лэ Юйчэн Қазақстанның бүгінгі жетістіктеріне таңғалғанын жасырмады. «Мен өзім Астанаға бір ай бұрын келдім. Шынын айтсам, Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін көріп, қатты таңғалдым. Қазақ халқы ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға жетті. Соған біз аса қуаныштымыз», – деді Л.Юйчэн. Оның сөзіне қарағанда, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасайтын алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты байланыстарды жаңаша деңгейге шығара алады. 

Зураб ПАТАРАДЗЕ, Грузияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі: 
– Мен үшін Қазақстан сияқты бауырмал елге келіп, қызмет ету – үлкен абырой. Бүгінде біздің саяси-экономикалық қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Әсіресе экономика саласында бірлескен жобаларымыз ойдағыдай атқарылып жатыр. Қазір Грузияда көптеген қазақстандық компаниялар жұмыс істейді. Мен осы әріптестікті сақтап, ары қарай дамытуға тырысамын.

Илкка УНТО КАЛЕРВО РАЙСАНЕН, Финляндияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
– Қазіргі таңда Қазақстанның халықаралық деңгейдегі саяси-экономикалық әлеуеті артып келеді. Тұрақтылық – осы елдің маңызды міндеті әрі басымдығы. Финляндия демократияны, заң үстемдігін, азаматтық қоғам мен адам әлеуетін дамытуда Қазақстанның барлық бастамаларын қолдайды. Біз бұл мемлекетті әлемдегі экономикалық өсімі қарқынды елдердің бірі ретінде жақсы білеміз. 

Петер ЮЗА, Словакияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі: 
– Әлбетте, Қазақстан мен Словакияның бүгінгі қарым-қатынасын жаңаша деңгейге шығару маңызды. Осы жұмыста екіжақты сауда айналымының көлемі басты көрсеткіш болмақ. Қазір сауда-саттықтың жалпы көлемі 70-80 млн евроны құрап отыр. Әрине, бұл көп емес. Сондықтан Қазақстан мен Словакия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды әлі де күшейте түсу керек.

Автор: Арман АСҚАР
"Алаш айнасы" газеті

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208295 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 195009 0


26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 150729 0












ТЕКСТ

Яндекс.Метрика