КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Авторы: MTDI

19/05/2017 15:40   0   4531   0

Cөз жүйесі
Қазақ тіліндегі фразалық қос сөздер

Қалыптанған тиянақты фразеологиялық топқа жататын сөздердің бір саласы – қос сөздер. Қазақ тіліндегі қос сөздер форма жағынан да, семантика жағынан да түрлі-түрлі болып келеді. Кейбір түрі қайталанып келсе (мәселен: «алуан-алуан», «еміс-еміс», «ауық-ауық», «дүркін-дүркін»), кейбірі редупликациялық түрде келеді (мәселен: «үп-үлкен», «жап-жақсы», «сап-сары», «әп-әдемі»), енді кейбірі (бұл сан жағынан ең молы) негізгі түбәр сөздерден жасалған (мектеп грамматикасының терминдерiмен атағанда "қарсы мағыналас", "мәндес" т.б.) қос сөздер (мәселен: ұзынды-қысқалы", "ертелі-кеш", "аяқ-табақ", "бұзау-торпақ"). Қос сөздердің басқа толып жатқан формаларының iшiндегi бiздiң сөз қылайық деп отырғанымыз – мәндес қос сөздер. Бұган бір жағы мағыналы, бiр жағы "мағынасыз" қос сөздер де енеді.
Ең алдымен "қос сөздің" критерийiн ашып алуымыз керек. "Қос сөз" категориясына қандай сөздер жатады. "Қос сөздi" тиянақты қалыптаскан сөз тізбектері деп есептейтін болсақ оның үнемі eкi сөзден (жұптасып) келуi, жазғанда сызықшамен жазуымыз" шарт па?
Бұл категояияны кеңінен алып қараған жөн. Егерде кос сөздi бipiмен-бiрi жымдасқан, бірінен-бірін ажыратуға болмайтын арнаулы сөз тобы дейтiн болсақ, ол сөз тобы өзінің алғашқы (не соңғы) компонентiмен қатар тұрып барып қос сөз правосына ие болады дейтін болсақ, "бұзау-торпақ', "жол- жөнекей", "ұшы-қиыры" тәрізді сызықшамен (дефиспен) жазылатындарды ғана қос сөз деу тым біржактылық болады. Қазақ тiлiндегi фактiлердi толығырақ қамтып, байымдап қарасақ, тiлiмiзде бір-бірінсіз айтылуға келмейтiн тиянақты сөздердің (бірақ, айыбы "сызықшамен жазылмайды дегені болмаса) неше алуанын табуға болады. Олар мағына жағынан нағыз қос сөздердің тобына енуге лайық, олармен "терезесi тең" сөздер. Мәселен, қазақ, қырғыз тілдерінде "үлде", "бүлде" деген сөздер әрдайым қатар жүредi, бiрiн екшісінен бөлiп алып айтуға болмайды; "некен-саяқ", "жол-жөнекей" "тоқгы-торым" дегендегi "некен", "торым", "жөнекей" деген компоненттердi бөлiп алып айтуға болмайтыны сықылды, "үлденi" "бүлдеден", "бүлденi" "үлдеден" жырып алуға болмайды. Қазақ: үлде мен бүлдеге оранып отыр" деп келедi. Мұның алғашқы қос сөздерден айырмасы: "некен-саяқ' дегенде бiрi (некен) "мағынасыз" , бірі (саяқ) мағыналы; "жол-жөнекей", "тоқты-торым" деген де солай (бiрi мағыналы, бірі мағынасыз); ал, "үлде мен бүлденiң" екеуі де "мағынасыз"; екеуі қосылып, жігін жазбай тұрған қалпында ғана ("жапа-тармағай", "алас-қапаста", "апыл-құпыл" сияты) тыңнан лексикалық мағына бере алады. Екiншiден, мұндағы "үлде" , "бүлде" деген екі сөздің басын бiрiктiрiп тұрған "мен" деген жалғаулық. Мұның "қос сөз" болмай, грамматикалардан орын тебе алмай қалуына жазықты болған "сызықшамен" жазылмауы, бұл екеуінің арасына жалғаулықтың т,сiп кетуі. Бұл екеуінен бөлек (сызықшамен жазылмау, жaлғaулықтың араласуы) "айыбы" жоқ.
Егерде "үлде мен бүлденi" қос сөз қатарына қосып, екеуіне нұқсан келтірмеитін болсақ" "ақай жоқ, тоқай жоқ" ("ақай жоқ, ноқай жоқ") сияқты сөздердің де қос сөздердің тобына енетіндігіне күмән келтiрмегенiмiз мақұл. Неге десеңiз, "ақай" мен "тоқай" екеуі қатар тұрып ("жоқ" деген сөз арқылы жарыса айтылып) барып, тың ұғым туғыза алады. Басқаша айтқанда, лексикалық тұрғыдан қарағанда даусыз, талассыз қос сөз делiнiп жүрген "ығы-жығы", "оқта-текте" "қадақ-құдaқ" дегендерден ақай жоқ тоқай жоқ" дегеннің айырмасы жоқ (cөйлемгe келтіріп айтқанда, былай болып келедi: "Есіктен кіре сала, ақай жоқ, тоқай жоқ, кейіп ала жөнелгенің қалай?" немесе: "Ақай жоқ тоқай жоқ дүйiм жұрттың ортасына киiдi де кетті"). Бұл тізбектің мағынасын анықтап тұрған "жоқ" деген сөз: "жоқ" eкi рет қайталанып фразаға стилистикалық өң беріп тұр; "үн жоқ, түн жоқ (мәселен: үн жоқ, түн жоқ біріне-бірі сөз қатпай, олар томсырайып отырып алды"), "қан жоқ, сөл жоқ" (суқаны ұшып әбден қорыққан, бетінде қан жоқ, сөл жоқ біреу есіктен кіріп келдi") дегендер де осындай.
"Жетiсiп, молшылыққа қол iлiгiп, байлыққа белшесiнен батып" деген сөздердің синонимі "айрандай аттап, күбiдей пісіп... "; мыңғырған малды (үйiр-үйiр жылқы, қоралы қойды) фольклорда "алалы жылқы, ақтылы қой" деп келедi. Не болмаса "маңдайы ашылған", "қыдыр дарыған", "бақ қонған", "тасы өрге домалаған" деген фразалардың қос сөзбен келетiн синонимі - "Ақ дегені алғыс, қара дeгeнi қарғыс". Miнe, бұл тәрiздiлердi де "қос сөздер" (немесе "күрделi қос сөздер", "қос сөйлемдер", "қос фразалар", "iргелес сөздер" деген сықылды терминмен атап) категориясына жатқызуға болады. Әрине, терминдi өзгертуден келер, кетер жоқ, әңгіме принципте болу керек. Кәдуiлгi "үйренiштi" қос сөздерiмiз болсын, мына бiздiң келтiрiп отырғaн тың фактiлерiмiз болсын, қай-қайсысы да қалыптанған жiгi айырылмайтын сөз тiзбектерi екені даусыз.
"Жалаң" қос сөздерге қарағанда күрделi қос сөздер, көбiне, метафорлық мағынада айтылады. Бiрақ бұл өзгешелiк оларды "қос сөз" категориясынан шығарып тастауға себеп бола алмайды. Бiр есептен, олар "идиомдық" немесе "фразалық" қос сөздер бола алады. Бұл жөнiнде ауызекi тіліміздің қазақтың бай фольклорының неше алуан фактiлерiне көңіл бөлмеуге, қағаберiсте қалдыруға болмайды. Жоғарыда келтiрiлген мысалдар әдеби тiлiмiзде жоқ десек, қате болғaн болар едi. Бұрынды-соңды әдебиетiмiзде, қаламының желi бар, тіс қаққан жазушы, ақындарымыз да, қазақтың көркем, жатық ауыз әдебиетiн шебер игерген жас жазушыларымыз да бұл оборот, фразаларды керегіне жұмсап, қажеттi жерiнде пайдаланып та жүр. Тiлге шешен бұрынғы кісілердің кәрі құлақ қарттардың лексиконын тарихи пьесалардан, одан басқа да шығармалардан жиi кездестiруге болады. Мәселен, "Еңлік-Кебек" пьесасында: "Әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып, бала тiлеген кiciнiң бiрi бiздей-ақ болар ... " деген обороттар көп ұшырайды. Осындағы "әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып" деген де қос сөздердің бiр түpi деуге болады. Бұл тәрiздi биномдардың компоненттерi тұлғa жағынан да бiркелкi сыбайлас кeлiп отырады. (Алғашкы сыңары "әулиеге ат айтып", соңғы сыңары "қорасанға қой айтып": "әулиеге" - барыс жалғаулы сөз, "ат" - табыс септіктің жасырын түpi, "айтып" - көсемшенің өткен шақтық түpi, "қорасанға қой айтып" дегеннің тұлғaсы да дәл сондай).
Форма (тұлға) жағынан бiркелкi болып келгендiктен ғана "кос сөздер" деп есептеуге болмайды. Негiзгi шарт - сөзiмiздiң басында көрсетiлгeн - сөз тiзбегiнiң бiрiнен-бiрiнiң жiгi айырылмауы. Сөз тiзбегi eкi сөзден (қос сөзден) жасалуы да мүмкiн, eкi-eкi сөзден (қос-қос сөзден) жасалуы да, одан да көп сөзден, тiптi eкi сөйлемнен де жасалуы мүмкін; бiрақ сөздер eкi салаға бөлiнiп, параллельденіп, тұлғa жағынан, көбiне, үйлесiп, қиысып келедi. Тиянақты қос сөйлемдерге мысал: "әй дер әже жоқ, қой дер қожа жоқ" (бұл eкi жай сөйлемнен құралған тиянақты фраза: бiрiншiсi - "әй дер әже жоқ", екiншiсi - "қой дер қожа жоқ"); мұндағы "дер" дегенді (есiмшенiң келер шағын) есiмшенiң басқа түрлерiне де ("дейтiн", "деген") қоюға болады; "жоқ" деген сөздi бір-ақ қайтара айтуға да болады: "әй дер (дейтін, деген) әже, қой дер (дейтiн, деген) қожа жоқ". Бұдан, әрине, фразаның ішіндегі сөйлемдердiң саны кемiмейдi (бiркелкi баяндауыш тiзбектелiп, қайталанып келyi де мүмкiн, бiр сөзден болған баяндауыш болса, бір-ақ рет айтылуы да мүмкiн).
Буырқанды, бұрсанды, Мұздай тeмip құрсанды, - деген фразаны алсақ, алғашқы компонент - "буырқанды, бұрсанды ", кейiнгi компонент -"мұздай темір құрсанды". Алғашқы компонент бiр формалас етістік (екеуі де етістіктің жедел өткен шағы, түбiрi - "буырқан", "бұрсан"), кейiнгi компонент үш сөзден жасалып тұр (түбiрлерi - "мұз", "темір", "құрсан"). Бұл фраза осы өлеңдi түрiнде ғана қалыптасып кеткен. Мұны қара сөзге айналдырып: "Мұздай темір құрсанып, буырқанды" десек, стилистика жағынан өлең түрде қалыптасқандағы мағына болмас едi. Қазақ әдебиет тiлiнде бұл фразаның қара сөзбен айтылған түpi кездеспейді.
Сөйтіп, қос сөздер eкi сөздi де, көп сөздi де болып келе бередi. Олардың негізгі пунктуациялық белгiсi: а) сызықша: "тәлім-тәрбие", "бала-шаға", "үйме-жүйме" т.б.; б) үтip: "ұзын арқан, кең тұсау", "ару ардагер", "тебінгіден тер жауып, қабырғадан қан жауып" т.б.
Қос сөздер қатарына даусыз енгілуге тиiстi "үлде мен бүлде" тізбегінің "мен" жалғаулығы тұрғандықтан, сызықшаның да, үтiрдiң де, әрине, қажеті болмайды.
Үтірмен жазылатын қос сөздердi "күрделi қос сөздер" деп атауға болады. Бұлар морфология жағынан бес салаға бөлiнедi. (Морфология жағынан классификация жасағанда әр компоненттің соңғы сөзiн еске алдық):
1. Зат есімнің түбiр тұлғасында келетін күрделi қос сөздер ("алалы жылқы, ақтылы қой", "ұзын арқан, кең тұсау", "ақ дегені алғыс, қара дегенi қарғыс");
2. Универсаль eciм "жоқ" тұлғасымен келетін күрделi қос сөздер (мысалы: "ақай жоқ, тоқай жоқ", "қан жоқ, сөл жоқ", "үн жоқ, түн жоқ", "әй дер әже жоқ, қой дер қожа жоқ");
3. Есімнің жұрнақтары арқылы келетiн күрделi қос сөздер (мысалы: "ұзында өшті, қысқада кекті", "бiр сырлы, сегіз қырлы";
4. Көсемшенің өткен шақ тұлғасымен келетiн күрделi қос сөздер (мысалы: "айрандай аттап, күбiдей пiсiп", "басы ауырып, балтыры сыздап", "апы кiрiп, күпi шығып");
5. Етістіктің түрлi тұлғаларында (есiмше, көсемше, ашық рай) келетiн күрделi қос сөздер (мысалы: "әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып" немесе "әулиеге ат айттым, қорасанға қой айттым ... ", "тебiнгiден тер жауып, қабырғадан қан жауып" немесе "тебiнгiден тер жауды, қабырғадан қан жауды ... ").
Күрделi қос сөздердi осындай бiрнеше топқа бөлудің өзi де шартты нәрсе.
Өйткені бұлардың едеyiрi синтаксис жағынан (фразаға енген сөздердiң орны ауыспау жағынан) анағұрлым тиянақты болғанмен, морфология жағынан (фразадағы жеке сөздің формасы өзгерyi ретінен) құбылып отырады. Екiншi сөзбен айтқанда, негiзгi eкi компонентке инверсия жасау мүмкiн емес. Мәселен, "ұзында өштi, қысқада кекті" деген фразаның параллельдi eкi қанатын, орнын ауыстырып өзгертуге болмайды ("қысқада кекті, ұзында өштi" деген түрде қолданылмайды). Бiрақ мұның ішіндегі жеке сөздерден ("өштi", "кекті") тұлғасын құбылтып айтуға келе бередi. Морфология жағынан өзгергiш келетiн етістіктер; eciм сөздермен келетiн фразалар - тиянақтылау келедi: "ұзын арқан, кең тұсау" деген фраза синтаксис жағынан да, морфология жағынан да тұрақты, яғни бұл сөздердің орнын ауыстыруға да, сөздердi осы қалпынан басқа түрге салып, қосымша жалғай беруге де болмайды, Фразаны сөйлем iшiндегi басқа сөздермен байланыстыру үшiн соңғы "тұсау" деген сөзге септiк жалғауын қосуға болатындығы қазақ тiлi грамматикасының жалпы заны; "Менің қолқалап сұраған нәрсемді ол ұзын арқан, кең тұсауға салып, бермей жүр" деген мысалда "тұсауға" деген сөздегi "ға" - септiк жалғау; "тұсау", "салып" деген eкi сөздің басын осы жалғау бiрiктiрiп тұр. Бұлар арқылы фразадағы қалған сөздер байланысып тұр.
Ал ендi "ақай жоқ, тоқай жоқ" сияқты фразаны ешбiр өзгертуге болмайды.
Бұл фраза сөйлем iшiндегi баска сөздермен интонация арқылы жымдасып тұрады.
Күрделi қос сөздердiң қазақ тiлiндегi лексикалық, стилистикалық мағынасына мысал келтiрейiк:
1."Айрандай аптап, күбiдей пiciп ". Мұндағы "күбi" түрік тiлiне ең алғаш парсы тiлiнен келген; парсы тiлiнде "күб" түрiнде ұшырайды. Бұл ыдыс о баста су құю, арақ құю үшiн жұмсалған. Бұдан басқа молшылық, ағыл-тегіл мағынасын мына синоним де бере алады: "күбi де май, күбiнiң түбi де май". Осы күнгi әдебиет тiлiмiзде бұл фраза, көбiнесе, кекесін, ажуа peтiндe айтылып, тұтас сөйлемнің бас шенінде ұшырап отырады: анықтама, үстеме мағыналас сөздер бұл фразадан соң айтылып отырады.
Көп халықтардың ұғымында нан, айран сықылды дәмді қатты қадірлейтіні белгiлi. Нанды сыйлайтыны сондай: қол жетпейтін жерде нан тұрса, Құранның үстіне шығып, нанды алуға болады да, нанды басып, Құранды алуға болмайды (қазақтың бұл салтын Сәбит өзінің "Балуан- Шолақ" деген батырлық поэмасында да келтірген). Нанды аяқ асты етпеу, ысырап қылмау сияқты, ақты да (айранды да) төкпеу, шашпау керек екендігін халық жақсы бiледi. Халық ұғымында айранды (ақты) төгу қандай кесiрлiк, мастық болса, айранды аттау сондай кесiрлiк, кесепаттылық. Жоғарғы фраза бертiн келе ен байлықтың, дәулеттіліктің, бақытқа қол жетулiктiң синонимі болып кеттi.
Қазақ тілінде "абыройын айрандай төктім", "айран iшкен құтылды" шелек жалаған тұтылды" деген тәрiздi фразалар бар. Мұндағы фразаларда "айрандай аттап, күбiдей пiсiп" деген сықылды айрықша елеулi бiр ipi қылықты көрсетеді.Біреудің абыройын түсiрiп, беделiн кетiрiп, катты балағаттау "айранның төгiлуiмен" байланысып, метафоралық мағына туып отыр. Айранды aттay қандай өрескел қылық болса, біреудің абыройын "айрандай төгу" сондай шығаннан шыққан қылық. Бірақ бұл eкi фраза бiр-бiрiне синоним бола алмайды: бiрi молшылықты бiлдiрсе, бiрi масқаралау, әшкерелеу, балағаттауды бiлдiредi.
Қазақ фольклорында, кейбiр әдеби шығармаларда бұл фраза көп кездесiп отырады. "Еңлік-Кебек" пьесасында Тобықты руына Найманның бiр биi былай дейдi: " ... Бүгінде іргеңді хан Шыңғысқа орнатып отырсың. Айрандай аттап, күбiден пiсiп жүргеніңде әй дер әже, қой дер қожа болған жоқ. Енді, міне, шарпуыңды Матайдан асырып, Найманға тигізіп отырсың". Бұл фраза ("айрандай аттап ... ") өзiнен кейiнгi фразамен жалғасып, стилистика жағынан орамды, әсерлі келiп тұр. Бұл контекстеп "айрандай аттап, күбiдей пiсiп жүргенiңде" дегенді "шалқып, тасып жүргеніңде" десе, мағына жағынан кем түспес едi, бiрақ стилистика жағынан пьесаның өзiндегi оборот ұтымдырақ", өйткенi "айрандай аттап, күбiдей пiсiп ... " деген фразамен "әй дер әже, қой дер қожа болған жоқ" деген фраза жарыса, салғаса келiп, сөз саны жағынан да тепе-тең түсiп, екеуі де метафоралық мағынада айтылып тұр. Сондықтан интонациялық жағынан да бiркелкiленiп, сөзге стилистикалық ажар беріп тұр.
2. "Алалы жылқы, ақтылы қой ". Осындағы анықтауыш сөздердің орнын ауыстырып "ақтылы жылқы, алалы қой" деуге болмайды. Неге десеңіз қой малы жылқы малы сықылды түске бай емес. Жылқыны бiрде торы, күрең, шабдар, боз, сұр, қара, құла деп келсек, бiрде торы төбел, күрең төбел, ала, қара кер, құла кер т.б. деп келемiз. "Алалы жылқы" деген осы тәрiздi түстердің бәрін қамтитын сөз, Қой малында бұ тәрiздi толып жатқан түс болмайды. Екiншiден, "ақ" (ақтылы) деген сөз жылқыға, атқа тікелей жанасып анықтауыш бола алмайды. Қазақ "ақ ат" демейді, "боз ат" дейді; "ақты" "ат" деген сөзге анықтауыш етемiз десек, "ақ" дегенді "боз" деген сөздің алдына қойып "ақ боз ат" дей аламыз. Сол сықылды "ала(лы) қой" деуге де болмайды. Сөйтiп, "алалы жылқы" деген барлық жылқы, үйiр-үйiр жылқы, "ақтылы қой" деген барлық қой, қоралы қой деген мағынаны берiп тұр.
Жоғарғы тiзбектегi үйлесiмдi, ұйқасты келiп тұрған анықтауыштар (алалы, ақтылы) сөзге жан берiп, оны бейнелеп тұр. Осы күнгi қолданылуында бұл фраза негiзiнде, жалпы төрт түлiк мал ұғымын бiлдiредi.
З. "Алты аласы, бес бересiм жоқ" (ешкiмнiң менде ақысы да жоқ, ешкiмде менің ақым жоқ; аласым да жоқ, бересiм де жоқ). Бұл фразадағы "аласы" деген сөзге де тәуелдік жалғауын жалғап. "алты аласым (ыз ... )" деп те айтуға болады.
Қазақ тiлiнде "аласы" , "бересi" деген сөздердегі "асы" ("eci") жұрнағы – көне жұрнақ; бұл жұрнақ "көресіні көрдiм" дегендегі "көресі" сияқтыы бiрдi-екiлi сөзде ғана ұшырайды. Бұл жұрнақ етістіктің түбiрiне жалғанып барып, зат есім тудыратын жұрнак. Татар тiлiнде бұл - жиi ұшырайтын тірі жұрнақ ("уйықтасым келми", "қарасым келми" деп айта бередi). Мұндағы "ал", "бер" eтicтiгiнe "өлермен" сөззіндегі "мен" ("ман") жұрнағын жалғап, "аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп" дейміз. Мұндағы "ман" ("мен") жұрнағы да осы күнгі қазақ тілінде көнеленіп бара жатыр ("шабарман", "өлермен" тәрізді бірен-саран сөздерге ғана жуықтай алады). Тiлiмiзде "алаған қолым береген" дегендегi "аған" ("еген") жұрнағы "тірі жұрнақ" қатарына жатқанмен, мұның жалғанатын "сүзеген", "тебеген" сықылды сөздерiнiң саны онша көп емес. Татар тілінде де "бераган" деген сөз біреудің сөзiн eкi айтқызбайтын, сұрағанын бере салатын, аңқылдақ, көңілшек кiciнi айтады. Ол "берегеш" деген "жомарт", бiр берсе мол беретiн кiciнi айтады.
Осы мысалдарға қарағанда "алты аласы, бес бересi" дегендегi "ал", "бер" етістіктері ертеден келе жатқан ежелгi сөздерiмiз болу керек.
4. "Апы кіріп, күпі шықты " (бiр кiрiп, бiр шықты; сасқалақтап жүгiрiп кiрiп, жүгiрiп шықты). Осы фразадағы "апы", "күпi" деген сөздердің этимологиясы белгiсiз. (Бұл фразаны "Қазақ тiлi сөздiктерiнен" алдық), Мұны сөйлеммен келтiрсек: "Мынау үйден апы кiрiп, күпi шығып жүрген кiм өзi" деген сықылды түрде қолданылады. Бұл фраза тiлiмiзде тек көсемшенің өткен шағы түpiндe ғана ұшырайды.
5. "Ах деген алғыс, қара деген қарғыс (сөзiн eкi айтқызбау; дегенiн істету; үстемдiгi, беделi күштi адам). Қазақ тiлiнде "ақ", "қара" деген сөздер полисемантикалы сөздер. Мәселен, "ақ" мына тәрізді контекстерде ұшырайды: "аққа аузымыз жарыды", "көздің ағы мен қарасындай сақтау", "көзге ақ түсті", "ақтан тигiзiп, ойын дәл, анық айту", Бұл фразалардағы "ақ" сөзi де метафоралық мағынада айтылып тұр. Сол сияқты "қара" деген де жанама мағынада айтылып отырады. Оған мысал: "төре мен қара", "қара бассын" ("қара албасты бассын"), "алыстан қара көрiнедi", "қара бастың қамын ойлау", "қара бет", "қара жаяу", "қара жүрек" т.б. Біздің сөз етiп отырған негiзгi фразамыздағы "ақ", "қара" деген сөздердің мағынасы "қара болсаң қалмайды, ақ болсаң дау алмайды" немесе "ақ, қарасын ажырат деген обороттардағы "ақ", "қаралармен" жуықтас, Бұл фраза "сөзiн ақтан тигiзiп", қара қылды қақ жарған шешендiкпен байланысты айтылған фраза болу керек. Кейiн келе "қыдыр дарып", "бақыт қонған" кici туралы да айтылып, академик Н.Я. Марр айкындап кеткен функциялық семантика заңымен өзге мағынада да қолданыла беретiн болу керек; "алғыс" (благословение), "қарғыс (проклятие) барлық түpiк тiлдерiнде ертеден келе жатқан сөз. Мәселен: "біреудің қарғысына қалу", "қарғыс ұрсын" түpiндe айтыла бередi (мұның жуықтау синонимі есебiнде, ауызекі сөзiмiзде "ант атқан", "ант ұрған" деген фразалар да қолданылып жүр).
Мұндағы "дегені" ("ақ дегенi ... , қара дегенi ... ") деген тәуелденiп тұрған есімшенің өткен шағы. Біздің байқауымызша, "дегендi" тәуелдіктің барлық түpiнe қоюға болғанымен, көбiне тiлiмiзде осы үшiншi жақпен келетiн сықылды. "Ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс" өз алдына сөйлем болып, жеке де тұра алады (мұның алдына қосылған сөз iлiк септiк тұлғасында бола алады), басқа сөйлеммен iргелес те тұра алады. "Оның ақ дегені алғыс, қара дегенi қарғыс": ешкім сөзiн екі етпейдi, айтқанын бұлжытпай орындайды деген ұғымды бiлдiредi. Мысалы: "Байлардың бiр кездерде үстемдiгi жүрiп, ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс, кедейлерге тiзесiн қатты батырды" (газеттен). Алғашқы сөйлемде "ақ дегенi ... " дегендi бұдан кейiнгi фраза әсiрелеп тұр, екінші сөйлемде мұның мағынасын айқындап, толықтырып тұрған - айналасындағы фразалар.
6. "Ақай жоқ, тоқай жоқ"(ақай жоқ, ноқай жоқ), (бiрден, кенеттен). Мұндағы "ақай" деген "ақи" деген сөзден өзгерiп кеткен болу керек. Тiлiмiзде "неменеге көзiңдi ақитасың" я "неменеге ақиып қалдың" деген сөз бар. "Ақи" деген сөз қырғыз тiлiнде де бар ("ақиып тамақ аңдып отырат" - ол тесіле қарап, телмiрiп тамақ аңдып отыр); "тоқо" деген де қырғыз тiлiнде "кею", "ренжу" мағынасында "наалат" деген сөзбен жарыса айтылады ("бiреөнүн тоқо-наалатына қалбасын" - бiреудi кейітіп, ренжiтiп жүрмесiн). Қазақ тілінде "ақай" мен "тоқай" осы фразадан басқа жерлерде кездеспейді; бұл фраза осы қалыптасқан тиянақты түрінен екiншi бiр түрге ауыспайды, оларға ешбiр қосымша қосып өзгертуге де болмайды, сөз орнын ауыстыруға да болмайды. Бұл фраза өзiмен мағынасы жуық басқа сөздермен қатар келiп, стилистика жағынан ол сөздерден бұрын да, соң да тұра алады; мысалы: "бiрден кiрiп келе, ақай жоқ, тоқай жоқ ұpыс шығарғаның не?" немесе "ақай жоқ, тоқай жоқ, бiрден кiрiп келе ұрыс шығарғаның не?".
7. "Басы ауырып, балтыры сыздаған жоқ"(дәнеңесi кеткен жоқ; жүдеп-жадаған жоқ, тақсірет тартқан жоқ, еш нәрсесі кеткен жоқ).
Mұндaғы "бас", "балтыр" деген сөздерге тәуелдіктің барлық жалғауларын жалғауға болады, қалған сөздер осындағы қалпында қалады. "Балтыр" басқа түpiк тiлдерiнде де бар ("чәплақ тақымы балдыры") деген кей тiлде қара бұқара, қара халық мағынасында қолданылады; кей тіллде "жуан балтыр" дeгeндi "қаба балдыр" дейдi, "шегірткенің аяғы" дегенді "чегірткенің балдыры" дейді.
Қазақ тiлiнде бұл фраза барыс жалғаулы сөзбен қабаттасып тұрады; мысалы: "бұған басым ауырып, балтырым сыздаған жоқ"; немесе "оның бұл қылығына ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздаған жоқ"; "бұл" дегендi шығыс септiкке қойып "бұдан басым ауырып ... " деп те айтуға болады.
8. "Буырқанып, бұрсанып, мұздай темір құрсанып" (бұрқылдап ашулану, ыза кернеу, мұздай темірге (сауытқа, құралға) орану). Бұл фраза "Қобыланды" және басқа батырлар жырында көп кездесіп отырады. Қобыландының Құpтқaғa ащуланып айтқан сөзiнiң бiр жерiнде:
... Қатуланып қаттанып.
Буырқанып, бұрсанып,
Мұздай темір қорсанып.
(дұрысы "құрсанып" болу керек).
Қабағынан қар жауып,
деп келедi.
Кiрпiгiнен мұз тамып,
Ар жақ пенен бер жаққа,
Найзасын ұстап бармаққа,
Аттанбаққа қалмаққа.
Құдай жолын алмаққа, -
"Буырқанудың" тұбiрi "бұрқ" болу керек. Қазақта "бұрқ-сарық болып ашуланды" деген сөз бар. Ал "бұрқ" дегеннің түбiрiн Л.Будагов "бу" дегеннен шықты дейді. Ол кici "бұрқты" қазандағы судың бұрқылдап қайнауы" дегендегi "бұрқ" дейді. Осыдан барып метафоралық мағынада айтылатын "бұрқан" (ашу үстiндегi кісі, қаһарланған кісі: қазақта "Бұрқан" деген кісігің аты да бар) деген сөз шыққан дейдi Будагов. "Бұрсану" (ыза кернеу, бұрқылдап тісін қайрау) деген етістікті де осы сөзбен байланыстырады. Қырғыз тiлiнде: "бет бүгүн чығарып буурқанат" деген сөз бар. Мұндағы "буурқан", қазақ тiлiндегi "буырқан" дегендердің түбiрi бiр болса керек. Тiлiмiзде "немесе, бұрқылдап, ашуланып отырғаның", немесе "бұрқан-талқан болып, сөзге құлақ қоймай ашуланып ала жөнелдi" деген сөздер бар. Бірақ "буырқанып", "бұрсанып" , " ... құрсанып" деген тек қазақтың батырлар жырында ғана қолданылады. Будагов қазақ тiлiндегi ("құрсану"), алтайлықтардың "құрчану" ("қорчану") дегендерінің түбiрi бiр (мағынасы "буыну, орану, қоршану") дейді. Будагов осы сөзден "белдiк" мағынасында айтылатын ecкi шағатай, татар тiлдерiнде "қоршақ' (осыдан "қоршамақ" пайда болған), алтайлық тiлiнде "қорчақ", басқа тiлде "қошақ", қазақ тiлiнде "қосақ" деген сөздер келiп шыққан дегендi айтады. Бұл автор "құрсан", "қоршан" деген сөздердің осы мағынадағы түpi басқа түрік тілдерінде де ертеден келе жатқанын аңғартады. Ол кici әзiрбайжан тiлiнен "адам ачлықтан ұғұрлыққа дә қоршанұр" ("адам аштықтан ұрлықтан да тайынбайды") деген мысалды келтiредi. Рабғузының "Хиса - ұл-әнбиясынан": "ол хиямәтте-чафаатнің қорыны қоршанып" (ол хиямет-қайымда шапағатты қару құрсанып немесе "ол хияметте (хиямет сотында) өзiн сақтай алатын қару тағынып") деген сезін келтiрiп, бұл форманың қашаннан бар екендігін Будаговтын осы келтiрген текстінен де аңғаруға болады.
9. "Бір сырлы, сегiз қырлы " (он саусағынан өнері тамған әр нәрседен хабары бар) - "всесторонний, универсальный, мастер на все руки". "Сыр" - араб сөзi ("құпия", "жасырын" деген мағынада), "бiр сырлы" - сыр шашпайтын, салмақты, байсалды, тұрақты деген сөз; "сегіз қырлы" - әр өнерден хабардар ("бес аспап") кici деген сөз.
Сәбиттің "Балуан-Шолағында": "Көзге мақтағанымыз емес, ел ceнi "бiр сырлы, сегiз қырлы" деп аңыз қылады: ақындық, әншілік, серiлiк, балуандық, күлдiргiштiк, шешендiк, өткiрлiк, тапқырлық - осы сегiз сипат бiр бойыңнан табылады" дейді. Осында жазушының келтiрiп отырған жігіттің "сегiз қырлы" жақтары (ақындық, әншілік, серiлiк т.б.) халық аузында да бар деуге болады. Жiтiтке лайық сегiз қырлылықтың қайсы бiр түрлерiн бiрiнен-бiрiн жырып алуға болмаса да, жазушы оларды даралап сала-салаға бөлуi - халықтың сол мiнез, өнерлердi сүйгендiгiн, кастерлейтіндігін көрсетедi. "Серiлiк" деген ұғымга "әншілік" те, "ақындық та ене алады немесе "шешендiкке" "тапқырлық та кiредi. Солай бола тұрсада бұлардың әрқайсысы жақсы жігіттің дербес өзгешелiктерi болып отыр. Сондықтан "сегiз" деген санының киелi, қасиетті болмағанмен, халық аузында осы түрде сақталуы кездейсоқ болмау керек.
Бұдан басқа "сегіздің" ала-бөле қолданылатын жерлерін бiз қазақ тiлiнен байқамадық. Тек қазақтың белгiлi композитор ақыны Ақан cepi бiр өлеңінде:
" ... Патша алыс, жете алмаймыз Петрборға.
Жаңа да сегiз санат алыс қыя", -
деп келедi. Мұндағы "сегiз санат (сәнәт)" қазақтың "санатқа кipy" (есепке кipy, мәусімді елеулi бiр іске кipicy) дегендегi сөзi емес. Қазақ ұғымында "санат" деген "мәусім", "науқан" мағынасында айтылады: "санатқа кipy" деген фраза орысша "войти в компанию" болады. "Сегiз санат" дегендегi "санат" сөзi латыншадан орыс тiлiне енген "сенат" екені айқын. Революциядан бұрынғы заңның орындалып отыруын сот жұмыстарын тексеріп отыратын патшалық үкімет тұсындағы мекеме. Сегіздің "санат" деген сөзбен жанаса айтылуында метафоралық мағына жоқ. Мұндағы "сегiз" деген "сегiз қырлы" дегендегідей емес. Бұл - патша тұсындағы тексеру, бақылау мекемелерінің жиынтығы мағынасында айтылған сөз.
10. "Әулиеге ат айту, қоросанға қой айту " (жалынып жалбарыну; "құдайына" қой айту: "әулиенің" басына түнеу, мал шалу).
Қазақтың дiни ескі ұғымы бойынша "кісінің ауру болуы тағдырдан" болады деген түсініктен кейбiр аурулар "әулие", "қорасан" болып аталып кеткен. Балаға "әулие" ауруы шықса, ол ауруы бар үймен қатынаспау, далаға от шығармау, аурудың атын "әулие" деп көп атай бермеу - сол ecкi ырымның салдары. Бұл фразадағы "қорасан" деген шешек ауруының бiр түpi (орысша "черная оспа"); осы күнгi қазақ тiлiнде "қорасан" (" ... қорасанға қой айту" деген фразадан басқа жерлерде) ауру мағынасында ғана айтылады, Ал "әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып бала тiлеген кісінің бiрi біздей-ақ болар" дегенге қарағанда, "Қорасан" - о да бiр әулиенің аты деп ұғынымуымызға болады (әулиеге деп "атты" атау, Қорасанға деп "қойды" атау сөз тізбегінің аллитерация ретiнде келуiмен байланысты болу керек).
Бiр ескеретін нәрсе, " ... ат айту", " ... қой айту" дегендегі "айту" деген етістік өзiнiң алдындағы "ат", "қой" деген сөздермен жанаса айтылып тұр. Осы тәрiздi ұғыммен байланысты басқа фразаларда "шалу" ("құрбан шалу", "құрбандықа мал шалу") немесе "ату" ("тасаттық ату") тәрізді етістіктер келеді; "ат айту", "қой айту" о бастағы бiр белгiлi дiни ұғымнан ту.ан. "Әулиеге" деген малды күнi бұрын атап қоюдан барып "айту" деген сонымен байланысты ұғымды бере алатын сөз ретінде қолданылып кеткен болу керек. Қазақ тiлiнде ертеде кей уақыт "әулиеге ат атап, қарасанға қой атап" деген оборот та кездеседi.
11. Әй дер әже (жоқ), қой дер қожа жоқ"(әркiм бетiмен кету, тәртiпсiздiк, бассыздық).
Осындағы "әже" деген о баста "ажа" болған; "ажа" деп түpiк халықтарының бастапқы дәyiрiнде билеп-төстеушi, әкiмшiлiгi зор кiciнi айтқан (орысша - "верховный правитель"). Шағатай тiлiнде "ажы" деген "аға" мағынасын, ұйғыр тiлiнде "ача" деген туысқан "апа" мағынасын, қырғыз тілінде "ажа" деген "үлкен кici" (отағасы) мағынасын бiлдiредi. "Халық этимологиясы" заңы бойынша казақ "ажа" дегендi "әже" деген сөзбен үйлестiрiп кеткен болу керек. Бәлкім қазақтың "әже" деген сөзi (әкесінің шешесi, үлкен шешесi; қазақ тілінің кейбiр диалектiнде өз шешесiн де "әже" дейді) сол "ажа" дегеннен өзгерiлiп алынуы мүмкiн. Ұйғыр тiлiндегi мысал осыны аңғартып тұр. Жоғарыдағы мысалдардың қайсысын алсаңыз да, оларда үлкeндiк (жасы үлкендiк, жолы үлкeндiк) мағына бар: балалардың iшiндегi үлкeнiн "аға", кыздардың iшiндегi үлкенін "апа", әйелдердің iшiндегi үлкенін "әже" деген сөздер берiп тұр; қырғыз тiлiнде жасы үлкен, жолы үлкен кiciнi "ажа" деу де қазақ тiлiндегi "әженің" төркіні сол "ажа" екенін анықтаса керек. Бұл сөз түpiк тiлдерiндегi функционалдық семантиканың айқын бiр түpiнe мысал бола алады. Функционалдық семантиканың тiкелей өзі - бiрнеше заттың (ең кемі екі заттың) атқаратын кызметі сыбайлас, жуық келу салдарынан бiрiне (алғашқы шыққанына) арнап айтылған сөз екіншісінің орнына айтылып кетедi. (Бұл жөнiнен Н.Я. Маррдын осы темаға жазылған енбегін қараңыз).
Бiздiң айтып отырған "әже" ("ажа, ажы, ача") деген сөзiмiздiң функциясы бұл сықылды болмағанымен, сөздердің бiрiне-бiрi жуық болу салдарынан сөздің алғашқы тікелей мағынасы өзгерiлiп кеткен (бiркелкi заттардың ең үлкенi осы сөзбен аталып кеткен). Қазақ фольклорында да, қазақ әдебиет тiлiнде де "әй дер әже жоқ ... " деген фраза идиомға айналып, сөзді мәнерлеп, әсірелеп отырады, ол ауызекi тілде де жиi кездесiп отырады. Әсіресе қазақ тілінің ecкi лексикасында көп ұшырайды. М. Әуезов Найман мен Тобықты билерiнiң айтысын келтіріп, бiр жерде былай дейдi: "Алалы жылқы, ақтылы қойын жосылтып алдың, ата қонысынан ipгeciн аудардың, ел-жұртын шұбырттың, Бүгiнде iргеңдi хан Шыңғысқа орнатып отырсың. Айрандай аттап, күбiдей пiсiп жүргенiңде әй дер әже, қой дер қожа болған жоқ. Ендi, мiнe, шарпуынды Матайдан асырып Найманға тигізіп отырсың" (" Еңлік-Кебек").
Мысал ретінде тағы мынандай бiрнеше сөздердің тiзiмiн келтірейік:
"Тұлпар мініп, ту ұстап ":"Кім бiледi, тұлпар мiнiп, ту ұстап, көк болат сауыт киініп, егеулі найза қолға алып, елді бастауға, енсесін көтеруге туған ұл шығарсың".
"Тебінгіден тер (жауып), қабырғадан қан жауып ": "Тебiнгiден тер жауған, қабырғадан қан жауған ұрыстарда қазақ халқының батырлары ерлiк, қаһармандық көрсете бiлдi; шабуыл жасамақ болған жаудың сағын сындырып, қасқита соққы берді" (газеттен).
"Тебінгіден тер (саулап), қылыштан қан саулап ". "Тебінгіден тер, қабырғадан қан жауып" дегеннің синонимі.
"Ес бiлin, етек жапқалы ".(Ат жалын тартып мiнгелi). "Өзім өз болып, ес бiлiп, етек жапқалы мен сiздi ренжіткен жоқ шығармын".
"Салт атты, сабау қамшылы". (Жалғыз басты, жеке өзi). "Ол бала-шағалы адам. Сен салт атты, сабау қамшылы адамсың, қолың бос, тапсырған жұмысты орындап таста" (газеттен).
"Қоралаған қой, қостаған жылқы"(көп қой, көп жылқы; мыңғырған мал; ен байлық; алалы жылқы, ақтылы қой). "Колхозымыздың қоралаған қойы, қостаған жылқысы бар".
"Қара қазан, сары бала"("Қара қазан, сары қарын бала"), (үй-iшi; бала-шаға).
"Ол таңертеңнен кешке дейiн байдың есiгiнде қара қазан, сары баланың қамы үшiн жұмыс iстеп жүрдi" (" ... бала-шағаның ырзығына жұмыс iстеп жүрдi").
"Қанаттыға қақтырып, mұмсықтығa шоқтырмай ".(Алақанына салып әлпештеу, қорламау; баса-көктемеу; күш көрсетпеу; зорлық-зомбылық етпеу): "Атқа мініп, сойыл соғар азамат балам болса, ... қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқытар ма едi".
"Қазанға қақпақ, есікке іргенек (болмай) ".(Сөзге араласпай; кесе-көлденеңдемей); "Сен кiрiспес жерге кipiceciң, қазанға қақпақ, eciккe ipгeнек болмай тыныш отыр".
"Төсекте бас, төскейде мал қосылған елміз"(жақсымыз, татумыз). Бұл фраза
жанжалсыз тату тұрған бiрнеше рулы ел туралы айтылады.
"Тор тоқып, тұзақ құру"(идиом ретіндегі мағынасы: "арамдық ойлау; опасыздық істеу"). "Бұл - бiреуге тор тоқып, тұзақ құрып жүрген құзғын".
"Темір етік теңгедей, темір таяқ тебендей "деген кепті батырларым кимедi ме ... " (Қиыншылық; тар жол, тайғақ кешу).
"Ұзын арқан, кең тұсау"(1. Сөзбидағa салу; сиырқұйымшақтанып, істі аяқсыз қалдыру; 2. Ағайын, жекжатты, тамыр-танысты кici): "көнбейді де, көнбеймiн демейді де, ұзын арқан, кең тұсау қылады да жүредi".


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 208295 0


02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 195010 0


26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 150732 0












ТЕКСТ

Яндекс.Метрика