КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы» ММ-нің басшылығы Мәскеу мұрағатынан Шәкәрімнің қолына бүркіт ұстап түскен суретінің түпнұсқасын тапқан. 
Шәкәрімнің бүгінгі таңға дейін табылған үш суреті бар. Оның бірі – ақынның бүркіт ұстап түскен суреті. Бұл сурет туралы «Шәкәрім қажы деп отырмыз», «Шәкәрімнің дәл өзі», «Шәкәрімнің ел күмәнданған суреті туралы» деген мақалалар жарық көрген болатын, деп жазады «Ана тілі» газетінде «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.Әубәкір. 
Ғалымның жазуынша, елдің күмәндануының басты себебі – сурет жарық көрген кітапта «Охотник с беркутом. Казахи. Семипалатинский у. 1927 г» деген ғана жазба болатын. Яғни, Шәкәрім ақын деп жазылмаған. Сол себептен Абай мұражайы суреттің түпнұсқасын іздестіру жұмыстарын жүргізіп келген. «Ең алдымен қолымызға Федор Артурович Фиельструптің «Из обрядовой жизни киргизов начала ХХ века» деген Мәскеуде «Наука» баспасында 2002 жылы жарық көрген кітабын алдық. Бұл кітапта қазақ халқы туралы құнды деректер болғанымен, одан Шәкәрім суретін кездестіре алмадық. Фиельструп туралы Кармышеваның мақалаларын тауып, этнограф ізденуші туралы мәліметтер жинастырдық. Осы бағытта Татарстан Республикасы Қазан қаласына ғылыми іссапармен барып, архивтер мен кітапханалардың қорында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Татарстан Республикасының Ұлттық архивінде, Татарстан Республикасының Ұлттық кітапханасында, Қазан мемлекеттік университетінің Н.И.Лобачевский атындағы ғылыми кітапханасында жұмыс жасау барысында ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар мен кітаптар бөлімінен Шәкәрім суреті басылған кітапты «Очерки истории этнографии, фольклористики и антропологии. Выпуск Х. Труды института этнографии им. Н.Н.Миклухо-Маклая. Том 114. Москва, 1988 г.» кездестірдік. Бұл кітапта суреттің Шәкәрімдікі екендігі жазылмаған. Жоғарыда айтқанымдай, «Охотник с беркутом. Казахи. Семипалатинский у. 1927 г.» деген ғана жазба бар», - дейді Ж.Әубәкір.
Ғалым бұдан соң көп еңбектерде Фиельструптің жеке архиві Санкт-Петерборда музейлердегі этнографиялық бөлімдерде сақталған жазылғанын, дегенмен де оның Мәскеуде екендігіне көз жеткізген соң, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Ресей астанасына барғанын айтады. Онда Мəскеудегі Ресей Ғылым академиясының Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология жəне антропология институтының архивінде бір апта жұмыс жасап, этнографтың 10 папка жеке архивімен, түсірген суреттерімен, жазбаларымен танысқан. 54-ші қорда сақталған Шәкәрім суретінің артында «Казахи. Семипалатинский губ., семипалат у., уроч Кенбулак, Шакпактас. Шакарим кажи со своим беркутом. Фиельструп. 1927 г.» деп жазылған. Сонымен қатар Шәкәрім қажы аулының көріністері, қазақтың тұрмыс-салты мен ерекшеліктерін көрсететін өзге де көптеген суреттер табылды.
«Бұл суреттің басты жаңалығы, біріншіден, түпнұсқа болғандығы, екіншіден, фотоның анық Шәкәрімдікі екендігі туралы жазбаның болғандығында. Бұрын қолданыста жүрген Шәкәрімнің бүркіт ұстап түскен осы суреті газет пен кітаптардан көшірме жасалғандықтан, анық емес болатын. Сонымен қатар Шәкәрімнің бүркітінің жеке суреті де елімізге алғаш жеткізіліп отыр. Үшіншіден, Фиельструп архивінен өзге де Шәкәрім ауылында түсірген құнды фотолар алып келіп отырмыз. Олар - Шәкәрім ауылының сырт келбеті, тұрмысқа қатысты көптеген адамдардың суреттері», – деп жазады ғалым.
Ахат Шәкәрімұлы: «1925 жылдың мөлшерінде, Ленинградтың жоғарғы мектебінің филология бөлімін бітірген Филистров деген орыс азаматы, қасында жоғарғы мектептің оқушысы, жас қазақ жігіті бар, екеуі жайлауда «Қарабұлақ» деген қоныста, біздің ауылға келді. Бұл Филистров қазақтың әдет-ғұрыптарын зерттеуге шыққан. Бұлар бір жұмадай жатып, әкейден қазақтың түрлі ғұрыптарын – қыз ұзату, құдалық, жайлы, ырым-жораларын, әр түрлі ыдыс, ер-тоқым, үй мүлкінің бөлшектерінің аттарын, түрлі ырымдардың қалай аталатынын, олардың неге, қандай ғұрыпқа байланысты екенін және басқа да қазақтың ескі тарихи әдебиеттерін сұрап, көп әңгімелесті. Әкейдің құсын ұстап, және өзін жекелей суретке түсірді. Сол Филистров қайтып барған соң, қазақтың этнографиясы жайынан кітап жазып бастырып, бір кітабын әкейге жіберді» дейді әкесі жайлы өз естелігінде.
«Ахат Шәкәрімұлы айтқандай, Фиельструп 1925 жылы емес, 1927 жылы Шәкәріммен жолыққан. Сурет осы жылы түсірілген. Фиельструп 1926 жылы Ақтөбе облысының батысында, 1927 жылы Қазақстанның шығысында экспедицияда болған. 1927 жылдың 22 маусымында Павлодар, Баянауыл жақтан бастап, 10 қыркүйекте Алматыда аяқтаған. 26 шілде мен 31 шілде аралығында Шыңғыстауда болады. Фиельструптің жеке архивінен оның жазбаларын, күнделіктерін, 150-дей түсірген суреттерін көрдік. Күнделігінде Шәкәрім ауылында болған сәттері толық жазылған. Жазбаларында да Шәкәрімнен көп мағлұмат алынғандығы туралы деректерді кездестіре аламыз», деп түйіндейді Ж.Әубәкір.

ҚазАқпарат

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


24/05/2017 10:49

Жаңа сурет табылды
0 4853 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика