КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жуырда Орал қаласындағы Салтанат сарайында «Ономастика және көрнекі ақпарат мәселелері» және онамастика саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді реттеу» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. 
Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Серік Сәлемов қатысты. Жиында сөз алған ғалымдар мен сарапшылар, сондай-ақ сала мамандары ономастика саласының өзекті мәселелерін талқылап, ой-пікірлерімен бөлісті.
Тіл жанашырлары бас қосқан бұл келелі кеңесте тың ұсыныстар да айтылды. Көрнекі ақпарат мәтіндерінде кездесетін қате жазулар, қисынсыз аудармалар, сөз қолданысында орын алған кемшіліктер көпшілік назарына ұсынылды. Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар ономастикалық мәселелерді шешуге байланысты өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Оның келтірген мәліметтері бойынша, көше атауларын өзгертуге байланысты облыстық ономастика комиссиясына жалпы 1237 ұсыныс түсіп, оның 730-ы оң шешім тапқан. Қазіргі кезде сыртқы жарнама мен мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттардың жүйелі сипат алмауы тіл жанашырларын жиі алаңдатып жүрген көкейтесті мәселенің бірі екені сөзсіз. Осы мәселені тілге тиек еткен ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастикалық комиссиясының мүшесі Жабал Ерғалиев мемлекеттік тілдің маңызын арттыратын түрлі жарнамалар мен роликтердің орны ерекше екенін атап өтті. Академик, филология ғылымының докторы Мекемтас Мырзахметұлы ономастика мен көрнекі ақпарат мәселесінің өткір қойылғанын атап өтіп, «Ұлттық идеологиядан алшақтамағанда ғана ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттай аламыз» деген пікірін білдірді.
Бір айта кетерлігі, ономастика бұл ең алдымен тілдің мәселесі. Сондықтан тіл тағдыры талқыға түскен жиында ономастика саласындағы нормативтік-құқықтық мәселелерді реттеу қажеттілігі, қазақ тіліндегі жарнамаларына шетелдік жарнамалардың құрылымы мен сөздік құрамының тигізіп жатқан әсері айтылды. «Жарнама тілі мен көрнекі ақпаратты қайткенде бірізділікке саламыз?» деген сауал ортаға салынды.
Жарнама – бұл ақпарат қана емес, тілді қалыптастырушы, тілдің дамуына ықпал етуші құрал. Осы орайда дөңгелек үстел барысында тауарлар мен өнімдерді, қызмет түрлерін сауатты жарнамалауды реттейтін жарнама агенттіктерінде мемлекеттік тілді жетік меңгерген, қазақ халқының салт-дәстүріне, этномәдениетінен хабардар, маман еңбек етуі тиіс деген ұсыныс-пікір тасталды.
Жиында, сондай-ақ естіген құлаққа түрпідей тиетін грамматикалық, стилистикалық қателері жиі ұшырасатын, мағынасы аудармасына сәйкес келе бермейтін қазақтілді жарнамалардың, ақпараттың көбейіп бара жатқанына да назар аударылды. Бұл мәселеге алаңдаушылық танытқан тіл жанашырларының бірі Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Мұрат Сабыр «Жарнама туралы» Заңның өзі орыс тілінен аударылған, заң мәтіндерінің сөйлемдері шұбалаңқы екенін сынға алып, осы заңға арнайы толықтырулар енгізу қажет деген ұсынысын айтты. Астана медицина университетінің профессоры, мемлекеттік тілді дамыту және тіл саясаты бөлімінің басшысы Мұхамбедия Ахмет-Төреұлы слайд арқылы шала аударылған қате жазулар мен сөйлемдерді көпшілік назарына ұсынды. Мәселен, «на себя – өзіңе қарай, от себя – кері қарай» деп аударылып жүр. Мен бұл аудармамен келіспеймін. Оны «на себя – тартып ашыңыз», «от себя – итеріп ашыңыз» деп аудардым. «Платное глазное отделение – ақылы көз аурулары бөлімшесі» деп аударылған. Меніңше дұрысы «көз ауруларын емдейтін ақылы бөлімше болуы керек» деп бірнеше нақты мысалдарға өз нұсқасын ұсынды. Ол осы орайда аудармашылар дайындайтын арнайы институт ашу, ілеспе аударма жасауға таланты бар қабілетті мамандарды даярлау, терминолог ғалымдарға қойылатын талапты күшейту қажеттігін тілге тиек етті.
ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының мүшесі, «Айқын» республикалық газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп елімізде тілдерді дамытудың кешенді бағдарламасы жасалғанымен, қай қаланы алсақ та, көшедегі жарнамаларда өрескел қателер толып жүргеніне қынжылыс білдірді. Жарнама көп жағдайда орыс тілінен қазақ тіліне аударылатынын айтқан ол осы бағыттағы кеткен кемшіліктерді түзетудің тетігін табуға болатынын жеткізді. «Бұл тұрғыда, әр облыстағы Тілдерді дамыту басқармасының ономастика бөлімі көп жұмыстар атқарып жүр. Жарнама тілі қазақ тілінің мәртебесін өсіреді. Сондықтан тілдің тазалығын сақтап, мағынасын бұзбау қажет. Сауатсыз жарнама – елдігімізге сын. Осындай олқылықтардан арылу үшін әр қалада сауатты жазылған көрнекі ақпарат құралдарын дәріптейтін көрмелер, семинар-кеңестер көптеп ұйымдастырылуы қажет деп есептеймін» деді Нұртөре Жүсіп.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы, ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының мүшесі Серік Негимов ілгері өркендеуіміз үшін байырғы жер-су атауларын қайтадан қалпына келтіру қажеттілігін сөз етті. Ол ономастика саласында атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды. Соның бірі Астанадан 180 шақырым жерде Степногорск деген қаланы қазақшалау мәселесін қозғады. Сонымен қатар Петропавл, Павлодар қалаларын да қазақшалау уақыт талабы екенін айтты. С.Негимов бұқаралық ақпарат құралдарында да жер-су атаулары, жалпы ономастика туралы материалдардың аз жарияланатынын, республикалық газеттердің ішінде тек «Ана тілі» газетінде ғана аптасына бір рет жер-су атаулары туралы мәлімет берілетініне тоқталды. «Бізге ұлттық құндылықтарымызды насихаттау жағы жетіспейді. Бабаларымыз тіл мәдениеті, ой мәдениеті, жазу мәдениеті, тыңдау мәдениетін жетік меңгерген. Осы мәселелер баспасөз бетінде жиі айтылса, орын алып жатқан кемшіліктер түзелері сөзсіз» деді ғалым. 
Жиынға қатысқан «Мемлекеттік тілді дамыту қоры» корпоративтік қорының директоры Азат Шәуеев елімізде ғаламтор мен жаңа технологиялар мүмкіндігін пайдаланып, халыққа тегін тіл үйрету бастамасы қолға алынғаны туралы хабардар етті. Ол «Мемлекеттік тілді дамыту қоры» республикамызда тұңғыш рет қазақ тілін онлайн режимінде тегін үйрететін «Soyle.kz» интернет порталын ашқанын жеткізді. «Ашылғалы бері бір жылдың ішінде еліміздің барлық аймақтарынан және алыс-жақын шетелдерден 350 мыңнан астам адам біздің қызметімізді пайдаланып келеді. Бүгінде осы порталға арнайы тіркеліп қазақ тілін үйреніп жүргендердің саны 24 мыңға жуықтады деген А.Шәуеев қазақ тіліне Мемлекет басшысының жасап отырған қамқорлығының ерекше екенін атап өтті. «Оның дәлелі – мен Наурыз мерекесі қарсаңында Елбасымыздың қабылдауында болдым. Кездесуде қордың атқарып жатқан қызметімен, алдағы жоспарларымен танысқан Президент өзінің Қытайға сапары кезінде алған «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығы есебінен қордың жобаларына 300 мың доллар бөлді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе» деді.
Бүгінгі таңда ономастикалық нысандарды, әкімшілік аумақтық бірліктердің құрамдас бөліктеріне қатысты қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге құқықтық талдау жүргізу мәселесінің туындауына байланысты оларға атау беру және қайта атау шараларын 2016 жылға дейін тоқтатылып отырғаны белгілі. Осыған орай аталған мәселені талқылау, қолданыстағы заңнамаға ұсыныстар әзірлеу мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі жанынан зиялы қауым өкілдері, заңгерлер, республикалық ономастика комиссиясының мүшелері, тәуелсіз сарапшылардан құралған жұмыс тобы құрылғанын айта кеткеніміз жөн.

Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика