THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Ғарифолла Есім мектептерге «қазақ елі» пәнін енгізуді ұсынады
Авторы: "Араша-ақпарат"
02/06/2017 15:23 0 5006 0
Биыл алғаш рет мектеп бағдарламалары бойынша «Абайтану», «Алаштану» оқу курстары оқытылмақ. Ал абайтанушы, академик, жазушы Ғарифолла Есім бұл бағыттағы оқу курстарын жүйелеп, жоғарғы сыныптарға «Қазақ елі» пәнін енгізуді ұсынады.
– Мектептерде бірінші рет «Абайтану», «Алаштану» сияқты оқу курстары берілмек. Мұндай оқуларды өткізуге қаншалықты дайындық бар?
– «Абайтану», «Алаштану» курстарын енгізген дұрыс. Бірақ бұл мәселелерге ғылыми, әрі объективті түрде келген жөн. Қазір орта мектептердегі көптеген пәндерде қайталау байқалады. Мәселен, тарих, әдебиет, «Адам және қоғам», дінтануда бір мәселелер қайта-қайта айтылып жатады. Енді «Абайтанудағы» біраз мәселе қазақ әдебиетінен, «Алаштанудағы» тақырыптар тарих пәнінен шыға келетіні анық. Ал олардың барлығын оқитын бір оқушы емес пе? Қайталау болған жерде тақырыптың құндылығы төмендейді, оған қызығушылық азаяды. Әрине, бір оқулық жазып жатқан адам екіншісімен байланыста болмаса, міндетте түрде қайталау болады. Мұндай жағдайларды жоғарғы оқу орындарында да талай көрдім. Сондықтан, бұл бағытта кешенді жоспар жасалып, оның әдістемесі мен өрісі анықталуы тиіс. Оған қоса бұл курстарды мектептерде қандай мамандар береді? Әдебиетшілер ме, мәдениеттанушылар ма, тарихшылар ма, философтар ма? Бұл жағы да нақты емес.
– Онда оқушыларға осы маңызды әрі қызықты тақырыптарды қалай тереңірек жеткізуге болады?
– Осы салада бір жүйелілік қажет. Әркім өзінікін айта берсе, одан жақсылық шықпайды. Мектеп бағдарламасы – бәрін тоғыта беретін қойма емес. Қазіргідей ақпараттық қоғам кезінде ақпараттарды жүйелі түрде, қайталамай беру маңызды. «Абайтануды» ондағы ұғымдар арқылы беруге болады. Ең алдымен солардың барлығын жинақтап, зерттейтін, оның әдістемелік негізін жасайтын, мәселен, Абай институтын құрған жөн. Қазақ елінің рухани тұғырларын, рухани құндылықтар жүйесін таразылап беру қажет. Мысалы, «Адам және қоғам» деген пән сын көтермейді. Оның орына «Қазақ елі» деген пән енгізіп, қазақ елінің рухани бағыттарын, салаларын «Қазақ елі» деген ұғымға сидыруға болады.
– Ондай пән арқылы не оқытылады?
– Арқалық педагогикалық институты менің тұжырымдамам негізінде сондай зертхана ашып, алғашқы курстан соңғы курсқа дейін арнайы дәріс кіргізген. Сонда бұл оқу қазақ дәстүрі мен ғұрпынан басталды. Қазақ елінің философиясы қандай? Оның басты тұлғалары кімдер? Тәуелсіздік деген не? Символдары қандай? Қазақ азаматы деген не? Қазақ елінің елінің әлемдік имиджі ше? Жалпы мемлекет деген не? Соның барлығын зерттеп, жас ұрпаққа жүйелеп жеткізу керек. Баяғыда марксизм-ленинизмді ең алдымен оның тарихын, сонан кейін диалектикасын, кейін саяси экономикасын, атеизм мен ғылыми коммунизмді беретін. Яғни, бір ілім кешенді, сатылы түрде жеткізілген.
– Сонда «Қазақ елі» деген пәнді мектепте оқытуға бола ма?
– Мұны қарау керек. 12 жылдық орта білім беру жүйесіне өткеннен кейін 11-12 сыныптарда оны оқытуға болады деп ойлаймын. Біздің тәуелсіз еліміздің білім беру жүйесі қалыптасуы тиіс. Қазір «Қазақ елі философиясы» деген ұғымды енгізгелі отырмын. Мектеп оқушыларының 60 пайыздан астамы – қазақ балалары. Оларға Қазақ елінің басты ұғымдарын жеткізу қажет. Олар «Қазақ елі» дегенді білуі, ұғынуы керек.
– Айтпақшы, биылғы жылдан бастап тағы бір жаңалық енгізіледі. Бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі оқытыла бастайды...
– Үш тіл – дұрыс идея. Баяғыдан бері айтып жүрген бір ойым бар: бірінші сыныптан бесінші сыныпқа дейін барлық пәндер тек мемлекеттік тілде өтуі керек. Сонда төрт жыл бойы қазақ тілін баланың бойына сіңіреміз...
– Орыс тілді мектептерде де ме?
– Орыс тілді мектеп дегенді қабылдай алмаймын да, түсінбеймін. Бір ел – бір мектеп! Бір елде ұлтына қарамастан, бастауыш мектепте барлығы мемлекеттік тілді оқып шығуы керек. Барлығына ортақ стандарт болуы тиіс. Содан кейін әрі қарай орыс, ағылшын тілдерінде білім ала алады.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ