THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан қазақ тілінде түсірілетін мультфильмдерге көңіл бөлініп келеді дейді "Ана тілі" газетіне сілтеме жасаған mtdi.kz. Бұл орайда мультфильм саласы тәуелсіздік алған жылдардан бастап қарқынды дамыды деп айта алмаймыз. Себебі мультфильмдер тұрмақ, қазақ киносы да біраз жылдар бойы кенжелеп қалғаны жасырын емес. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруымен бірге рухани, мәдени, соның ішінде кино, театр, музыка, көркем өнер салаларына да көңіл бөліне бастағаны анық.
Мультфильм жасаудың кәсіби маманы болмасам да, балаларға арналған туындыларды дүниеге әкелуге талпынып жүргеніме бес-алты жылдың жүзі болды. Суретшілік өнерім болған соң, осы өнерімнің арқасында компьютерлік бағдарламалардың көмегімен заман талабына сай мультипликациялық шығармаларды дайындауға бет бұрдым. Сондықтан бұл саланың оңай емес екенін танып, біле бастадым. Әрине, ең бірінші мәселе ол өзіңді өзің кәсіби тұрғыдан шыңдау мәселесі. Білетін мамандардан кеңес алып, білмегенімді үйреніп, ол тәжірибеде қолданып, азды-көпті жеке талпыныстарымды байқап көру үшін осы кәсіптің қыр-сырына қанық болуға ниет білдірдім. Мультфильмнің сәтті шығуы жақсы сценарийге де байланысты екенін түсіндім. Кейбір адамдарға сценарий жазып беру туралы ұсыныс жасап көрсем де, жазылғандары көңілімнен аса шыға бермеді. Өйткені мультфильм баланың жас ерекшелігін ескеріп дайындалатындықтан, ең алдымен бұл жерде қимыл-қозғалысқа, іс-әрекетке баса мән берілуі керек. Мультфильмнің тілі ұғынықты, жатық, баланың қабылдауына да жеңіл болуы шарт. Осы ретте айта кетерлігі, сценарий жазатын маман ең алдымен баланың ішкі жан дүниесін терең сезінуі тиіс. Бала психологиясын жетік білмейтін, баланың арман-аңсарын ұғына алмайтын сценарийстің жазғанынан сәтті туынды шығады деп айту қиындау. Сондықтан мультфильмге сценарий жазу да бір қарағанда оңай шаруа емес.
Бүгінгі нарықтың талабы ол бәсекелестікке төтеп беру. Кім қандай туынды ұсынса да, ол бәсекеге қабілетті болуы керек және ол көрерменін қызықтыруы керек. Бұған мән берілмесе, нарықтың заңдарына сай жұмыс істеу қиынға соқпақ. Ең басты айта кететін мәселе, қазіргі кезде мультфильм жасау жөнінде өздерінің ізденістерін байқатып жүрген жастарымыз өсіп келеді. Соларға мемлекеттік дәрежеде қолдау көрсетіп, ондай жастардың тәжірибе алмасуына, мүмкіндігі болса шет мемлекеттерге барып, олардың тәжірибесінен үйреніп қайтуларына жағдай жасалса құба-құп. Сонымен қатар халқымыздың ауыз әдебиеті, фольклоры, ертегілері мен аңыз-әфсаналары, жырлары мен дастандары өте көп екені анық. Олардың әрқайсысы тұнып тұрған тақырып. Тек ретін тауып, мультфильм туындыларына ыңғайлай білсең болғаны. Сол себепті біздің ашылмай жатқан қазынамыз іспетті болып отырған ауыз әдебиетіміз, ертегілеріміз, ондағы кейіпкерлердің барлығы бір-бір мультфильм кейіпкерлеріне сұранып тұр. Осы күнге дейін Алдаркөсе, Тазша бала бейнелері мультфильмде азды-көпті сомдалып жатса да, сол бір ертегілерімізде әлі де қамтылмай қалып жатқан көптеген кейіпкерлер бар. Ендеше, мұндай үдерісті нәтиже берерліктей жолға қоя білсек жеткілікті болар деп ойлаймын. Өйткені қазақ ертегілері мультфильмге сұранып тұр.
anatili.kazgazeta.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ