THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Елордамызда «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-төжірибелік орталығы алты жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталықта мектеп оқушыларының ғылыми жұмыстарының байқауын тұрақты түрде өткізіп отыру дәстүрге айналған. Мен қаламыздағы №54 мектеп-лицейде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарамын. Биыл өзім дәріс беретін 2 «б» сыныбының үш оқушысының ғылыми жұмыстарын байқауға қатыстырып, бақтарын сынаудың сәті түсті. Олар: Мардан Қарсыбай (тақырыбы: «Қара жорга» буын биі – қазақтың мақтанышы»), Ғазиз Нөгербек («Түйе – шел кемесі»), Олжас Алтаев («Нұрстан еліне саяхат»). Үшеуі де қалалық, республикалық байқаулар барысында жүлделі орындардан көрінді. Үш жобаның ішінен республикалық байқауда II орын алып, есімі «Дарынды балалар» кітабына енгізілген Қарсыбай Марданның ғылыми жумысы көпшілік қауым, қалың оқырманға таныстыруга турарлық.
Оның «Қара жорға» биіне деген қызығушылыгы Қазақстанға келіп аталмыш биді насихаттаған Арыстан атасының өнерін тамашалағаннан кейін оянса керек. Ғылыми жумысты жазу барысында Марданды биші атасымен телефон арқылы тілдестірудің де сәті түсті. Сөйтіп, «Нартәуекел!» – деп ғылыми жұмысты бастап кеттік.
«Қара жорға» биінің шығу тарихы
Өнер зерттеушілері бүгінде ұлттық мақтанышымызға айналып отырған «Қара жорға» («Буын биі») биінің тарихы XII ғасырдан әріден келетінін айтады. Негізінде «Қара жорға» күйдің аты еді. Бұл туралы ел ішінде аңыз-әңгіме бар.
…Ерте заманда өмір сүрген бір байдың тайпалған қара жорғасы болыпты. Әлгі жорға бәйгеден бәйге, жүлдеден жүлде қоймайды екен. Бір күні байдың қызы ұзатылып, әкесінен қалың малының өтеуіне қара жорғаны сұрайды. Бай жалғызының бетін қайтара алмай, тілегін орындайды. Қызын ұзатар алдында: «Жат жұртқа әкетіп барасың ғой, бір көріп қалайын. Қара жорғаны бір тайпалтып – жорғалатшы», деп өтініш жасайды. Қыз қара жорғаны ноқталы ұзын арқанмен қоя береді. Жануар үйреншікті жорғасына сала жөнелгенде, ноқтаға байланған ұзын арқан толқынданып атпен бірге жорғалап бара жатқандай болады. Әдемі көрініске куәгер болған бір күйші «Қара жорға» атты күй шығарыпты-мыс», -дейді аңыз әңгімеде.
Жылдар өте келе күй ұлттық биге ұласты. Ал біздің дәуір биді әнге айналдырды. Бастапқыда күйдің әсерлі шыққандығы соншалықты, оны естіген адам қимылсыз қала алмаған. Көпшіліктің делебесін қоздырып, бірден үйіріп әкететін бұл бидің қазақтың немесе туысқан ұлттардың басқа билеріне ұқсамайтын өзіндік дара қасиеті – биді билеген кезде адамның барлық буындары дерлік қозғалысқа түседі.
«Қара жорға» биін бір мезгілде 13288 адам билеуінің нәтижесінде Гиннестер кітабына жазылып отыр. Сөйтіп, ұлттың жүрегіне жақын, ойнақы, табиғатпен етене әсем әуен өзінің өміршеңдігін көрсетті. Әр халықтың мәдениет бәсекелестігі белең алған қазіргі кезеңнің өзінде 1,5 миллиардтан астам халқы бар Қытайдың өзін таңдай қақтырып, ұлттық би деңгейіне көтерілді. Биді билеген адамның бүкіл сүйегі қимылдайтынын, денені шынықтыруда таптырмайтын тәсіл екендігін түсінген олардың биге деген қызығушылығы арта түсуде. Қазір Алтай мен Шыңжан мектептерінде сабақ басталмас бұрын оқушылар «Қара жорға» биін билейді.
Бұл биді Қазақстанға 1995 жылы бүгінде 73 жасқа келген Арыстан қажы Шәдетұлы алып келген болатын. Кезінде тағдырдың жазуымен Қытай асып кеткен Зуқа қажының ұрпағы, ұлтжанды атамыз қазір Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Райымбек ауылының құрметті азаматы. Алтай асып Қытайға барған, Түркияға жетіп, әлемнің 56 елінде «Қара жорға» биін билеп, талайларды таңдай қақтырған, қазақты мойындатқан атамыз бұл биді әкесінен үйреніпті. Міне, бүгінде жетпістен асқан шағында да билеп жүр. Қарт адамға тән буын ауруы немесе ревматизм дегенді білмейді. Оған негізінен буын-буынды жаппай қозғайтын, жүйке жүйесін тыныштандыратын «Қара жорға» биі себеп болса керек.
Дәл қазіргі кезеңде қазақтың «Қара жорға» биіне деген елдің ықыласы ерекше. Өткен жылы «Айқын» газетінің ақпан айындағы сандарының бірінде жарияланған журналист Ж.Дуанабайдың «Бүкіл қазақ «Қара жорға» билесін» атты мақаласы ел ішінде үлкен серпіліс туғызды. Еліміздің көптеген қалаларында кәрі-жасы бар жүздеген халық бір мезгілде «Қара жорға» биін билеп, ел рухын бір көтеріп тастады. Содан бері, міне, жалпы білім беретін орта мектептер мен балабақшаларда «Қара жорға биін» билеу қалыпты дәстүрге айналып келеді. Біздің аталмыш тақырыпта ғылыми жұмысымызға осы бір жағдайлар түрткі болған еді.
«Қара жорға» биінің басқа билерден айырмашылығы. Ертеректе халық күйі «Кеңестің» әуенімен «Киіз басу» биін ырғала билеу үйреншікті жайт болатын. Мектеп оқушыларының мың бұралып «Қамажайды» билеуі міндетті секілді көрінетін. «Әнші балапан» өрендерінің көпшілігі үндіше киініп, үнді биін билейді. Негізінде қазақ биінің әрбір қимылында тұтас ұлттық бейне қалыптастырудың нәзік жолы жатыр. Үнді биінің ең кемі 72 қимылын меңгерген биші өзінің сол халықтың ұлттық дәстүрін бойына сіңіргенін байқамай да қалады екен. Грузин халқының «Лезгинка» биінде санаулы ғана қимылдар екі-үш рет қайталанады. «Қара жорға» буын биінде адам өз икеміне қарай барлық буындарды қозғау арқылы әр түрлі қимылдарды көрсете алады. Адам денесінде сүйектердің қозғалысын бір-бірімен байланыстыратын 230 буын бар. Би билегенде осы буындардың барлығы бірдей қозғалысқа түседі. Буын биінің қозғалыстарында арнайы ат жоқ. Адам өз икеміне қарай барлық буындарын қатты бүгу арқылы түрлі қимыл жасауы қажет. Ең бастысы, белгілі бір ырғақты қайталамайды, қолымен ауаға ою-өрнек салғандай билейді. Бишілер арнайы орын талғамайды, үлкен-кіші, кәрі-жас араласа билейді, қимылдар кез келген жерде орындала береді.
Би ырғағының адам денсаулығына пайдасы. Би кезінде қолдың шынтақ буынын бүге ұстау, тізе буынын, аяқты бүгу арқылы қозғалысқа келтіру жұмыс істеу қабілетін арттырып, бұлшық еттерді қатайтады. Иық буынын алға-артқа еңкейтіп, шалқайту арқылы теңіз толқыны тәрізді қимыл жасау омыртқа жотасының буындарына оң әсерін тигізеді. Би кезінде жоғары-төмен, алға-артқа қозғалу жауырын қақпақтарының жұмысын реттейді. Әдетте буындардың сырқырауы буын қозғалысының аздығынан болады. Буын арасындағы сұйықтың сарысуға айналуынан сақтайды. Тұздың жиналуына жол бермей, бұлшық еттерді қатайтады. Омыртқа буындарының ауыруынан сақтап, жүрек соғысын реттейді, қан айналымының жақсаруына да пайдасы зор.
Тобықтай түйін
Біз «Қара жорға» буын биі – қазақтың мақтанышы» тақырыбындағы осы ғылыми жұмысты жазу барысында, бидің өзіндік ұлттық ерекшеліктерінің, өзге ұлт билерінен артықшылықтарын ашып көрсетуге тырыстық. «Қара жорға» биі осы аттас күй негізінде өмірге келіп, уақыт өте келе әнге айналғаны белгілі. «Қара жорға» мәтіні түпнұсқасының авторы Ержанат Байқабайұлы екендігі белгілі. Десек те, қазір аталмыш би мен әнді орындауға деген мектеп оқушыларының құлшынысы өте жоғары екендігі белгілі. Бірақ ән мәтіні мектеп жасындағы (әсіресе бастауыш сынып оқушыларының) балалардың айтуына, түсінігіне сай емес. Сондықтан біз осынау ғылыми жұмысты жазу барысында балаларға арналған ән мәтінін өмірге әкелуді құп көрдік. Еңбегіміз еш кеткен жоқ. Мектеп оқушыларына арнап жазылған алты шумақтық мәтіні көпшіліктің қолдауына ие болуда. Алдағы уақытта жаңа ән мәтінін мектеп әкімшілігінің қарауына ұсынып, кезекті байқаулардың бірінде қорғап шығу да ойымызда бар.
Тоқ етері, қазақты әлемге танытатын ең басты нәрсе ұлттық құндылықтарымыз екенін түсінетін уақыт жетті. Қазақтың «Қара жорғадай» дәстүрлі биі бар екенін, оны билеп қадір-қасиетін сезінбеген жастардың қазақи қалпынан бір сүйем болса да алшақтай түсетінін ұмытпайық. Қазақ жастары мен жас жеткіншектер «Қара жорғаны» билесе, тек қуана құптайық. Сол арқылы біз қазақтың өзге халыққа өнеге боларлықтай биі жоқ деген пікірге тосқауыл қоямыз. Біз өзіміздің жан сарайын ашатын, жабырқаған көңіліңді басатын, күйді күмбірлетіп, әсем әнді әуелеткен, мың бұрала билей алатын өнерлі халықтың ұрпағы екенімізді алдағы уақытта әлем халықтары алдында дәлелдей түсуіміз керек.
«Қазақстан әйелдері» журналы, сәуір 2011 жыл
qazaq.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ