КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Тамыз айының 25-29 тамыз аралығында Шотландияның Глазго қаласында XXV Халықаралық ономастикалық конгресс өтіп, аталған конгреске еліміздің ономаст ғалымдары да қатысып қайтты. Олар А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ономастика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысберген және С.Демирель атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Нұрсәуле Рсалиева. Халықаралық дәрежедегі беделді жиынға қазақстандық ғалымдардың қатысуы еліміздің ономастика ғылымы үшін зор мәртебе екені сөзсіз. Бұл орайда ономаст ғалым Қыздархан Рысбергеннің сапар туралы жазған мақаласын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Кезекті XXV Халықаралық ономастикалық конгресс тамыз айының 25-29 аралығында Шотландияның Глазго қаласында өтті. Алғашқы конгресс сонау 1938 жылы Париж қаласында ұйымдастырылған болса, содан бері бұл Халықаралық конгресс араға үш жыл салып Еуропаның Лондон, Лейпциг, Хельсинки, Барселона, Вена және т.б. қалаларының ірі ғылыми орталықтарында өткізіліп келеді. Биыл Қазақстан ономастикасының табыстарын әлем ономаст ғалымдарының алдында баяндау үшін біз С.Демирель атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Нұрсәуле Рсалиева екеуіміз Шотландия еліне іссапарға шықтық. Алқалы ғылыми басқосуға әлемнің 47 елінен (Еуропаның барлық дерлік мемлекеттері, АҚШ, Африка, Австралия, Араб елдері, Мексика, Бразилия, Канада, Жапония, Сингапур және т.б.) келген ғалымдар қатысты. Бес күн бойы жалғасқан жиында 200-ден астам баяндама тыңдалды. Біздің бұл сапарға баруымыз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің ғылыми гранты арқылы жүзеге асты.

Жиында шетелдік әріптестеріміз ономастика ғылымының әр саласы бойынша өз елінің жетістіктерімен бөлісті. Олардың жасаған баяндамаларында негізінен жеке де нақты мәселелер қамтылса, біз жалпы Қазақстан, оның табиғаты, еліміздегі ономастика ғылымының дамуы туралы сөз қозғадық. Отандық ономастика ғылымының қол жеткізген табыстары жөнінде шетелдік әріптестерімізді хабардар еттік.

Конгерске ұсынған таныстырылымда біз кең-байтақ еліміздің алуан табиғи ерекшеліктері мен байлығын, көркем, сулы-нулы өлкелері мен құмды-шөлейтті, далалы, таулы жерлерінің көріністерін, сондай-ақ Елордамыздың әсем көріністерін, «EXPO-2017» логотипін таныстырдық. Еліміздің ғажайып табиғаты ономаст ғалымдардың ерекше таңданысын тудырды. Баяндама соңында делегаттар ұзақ қол шапалақтап, құрмет-қошеметтерін білдірді. Конгресс президенті Карол Хафтың арнайы келіп «керемет баяндама» деп, қолымызды алып құттықтағаны мерейімізді өсірді.

Конгресс аясындағы кездесулерімізде, әріптес ғалымдармен пікір алмасып, ой бөлісу кезінде көптеген пайдалы мағлұматтар айтылды. Мәселен, Германия мен Францияның ғалымдары Қазақстан ономаст ғалымдарының атқарып жатқан шаруаларына жоғары баға берді. Баяндамалар негізінен ағылшын тілінде жасалды. Менімен сапарлас болған ғалым Нұрсәуле Рсалиева ағылшын тілінің маманы болғандықтан, біз сұрақ-жауап барысында ана тілімізді қолданып, өз тілімізде сөйлеп, содан кейін ғана ағылшын тіліне аударып отырдық. Бұл да шет жерде ана тіліңді ұлықтап, құрмет көрсетудің өзіндік бір үлгісі болды деп есептейміз.

Шотландия елі бізді өте жылы қабылдады деуге болады. Конгресс те жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылар 6 секция бойын­ша жұмыс істеді. Баяндамашыға 20 минут, жарыссөзге 10 минут уақыт берілді. Дүниежүзіне белгілі ғалымдардың жеке дәрістері де өтіп жатты. Басты баяндамашылар өздерінің ғылыми-зерттеу тәжірибелерімен бөлісті.

Мәселен, Глазго университетінің профессоры Саймон Тейлор бүкіл Шотландия ономастикасының, топонимикасының тарихына қысқаша шолу жасап, негізгі жайттарға тоқталып, өздерінің ұлттық тілін, төл мәдениетін, ономастикалық атауларын сақтап қалуға байланысты толғандырған мәселелерін ортаға салды.

Конгрестің екінші күні Батыс Англия университетінің профессоры Ричард Коутс Ұлыбританиядағы азаматтардың аты-жөндері туралы деректер базасын (қорын) әзірлеу жобасы туралы өз ойымен бөлісті.

Копенгаген университетінің профессоры П.Гаммельтофт еуропалық ілімде ономас­тика элитарлық ғылым саласы санатында көпшілікке танымал бола бермейтіндігін айтып, оны қолжетімді ету үшін жаңа инновациялық технологияларды қолдану жолдарымен таныстырды. Бұл біздің қазіргі ономастикалық кеңістігімізде ақпараттық насихаттау қызметін кеңейту және күшейту үшін отандастарымызға түрлі WEB-сайттар, компьютер, смартфондарға және т.б. техникалық құрылғыларға арналған арнайы бағдарламаларды жоспарлауға қажетті пайдалы ақпарат болғаны сөзсіз.

Жалпы, бұл сапарымызда біз отандық ономастика ғылымын дамытуға керекті қазіргі сандық технологиялардың құндылығына көз жеткізіп, өзімізге қажетті мәліметтер алдық.

Бірқатар шетелдік әріптестеріміздің ғылыми бағыттарымен танысып, алдағы уақытта тәжірибе алмасып тұруға уағдаластық. Мысалы, неміс ғалымы Г.Родригез Германия мен Австриядағы түркітектес атауларды салыстыра зерттеп жүрсе, француз ғалымы Е.Карсенат ономастикадағы компьютерлік технологияларды, ал эстониялық ономаст ғалым П.Пелль түрлі тілдердегі латынша транслитерация стандарттарын зерттеумен айналысады екен.

Біз ономастикалық атауларымызды шетел тіліне транслитерациялау, қазақшаға аудару мәселелеріне де тоқталдық. Халықаралық стандарт бойынша атауларымыз кез келген тілде ұлттық нормаға сай бірдей оқылатын болса ғана ең тиімді әліпби болып есептеледі. Бұл көп жағдайда «қайтарымдылық» қағидасына байланысты. Қайтарымдылық дегеніміз – латынша таңбаланған атауды кері ретранскрипциялағанда қазақ тіліндегі түпнұсқасының қаз қалпында сақталуы. Өкінішке орай, қазіргі қолданыстағы стандарт кирилл жазуына негізделген. Өйткені кириллицаға кері ретранслитерациялағанда қазақ тілінің қ, ң, ғ, ө, ә дыбыстары жоғалып кетеді де, орнына орыс тіліндегі к, н, о, а графемалары жазылады. Сондықтан қазақ ономастикалық атауларын бірізге түсіру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Мәселен, жер-су атаулары, азаматтардың аты-жөндері латын негізді қазақ жазуының тек ұлттық стандарты қабылданғанда ғана адекватты көрініс табатындығы анық, яғни төл дыбыстардың жазылуы, айтылуы сақталмақ.

Жалпы, ономастикалық атауларды шет тілінде жазу, белгілі бір ортақ стандарт үлгісін айқындау мәселесінде БҰҰ жанындағы Стандарттау комиссиясы дамушы елдерге көмек көрсетеді екен, біз осы комиссияға мүше болуға ұмтылуымыз керек деген тілек білдірдік. Бұдан өзге де көптеген мәселелерді талқыға салып, пікір алмастық.

26-тамыз күні Глазго қаласының Палатасында делегаттарға арнайы жайылған дас­тарқаннан дәм татып, қала басшысының қабылдауында болдық. Сол күннің ертеңінде Глазгоның көрікті жерлерін аралап, тарихи нысандарын тамашаладық. Қала сыртындағы бір жарым мыңжылдық тарихы бар Дамбртон қамалында болып, көркем Лох Ломонд көлінде катермен қызықты саяхат жасадық. Жалпы, шотландықтардың көне де бай тарихы бар екеніне осы елдің астанасы Эдинбург қаласында болғанымызда көз жеткіздік. Мың жылдан астам тарихы бар қамалдар мен ғимараттар соның дәлелі. Олардың сақталу сапасы, сыртқы келбетінің әсемдігі еріксіз көз тартады.

Осылайша біз бұл сапарымызда әлем елдерінің ономастикалық мәселелері туралы көптеген мағлұматтарға қанық болдық. Сонымен қатар әлем елдерінің ономаст ғалымдарын қазақ ономастикасының жай-күйімен, даму көкжиегімен таныстырдық. Шара соңында 2017 жылы болатын XXVI халықаралық ономастикалық конгрес Венгрия елінің Дебрецен қаласында өткізілетіні туралы шешім қабылданды.

Қорыта айтқанда, мұндай сапарлардың пайдасы орасан зор. Себебі халықаралық дәрежеде тәжірибе алмасып, дүниежүзінің ономастика мәселелерінен хабардар болып отыру еліміздегі ономастика ғылымының дамуына айтарлықтай септігін тигізері сөзсіз.

 

Anatili.kz

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

ономастика бөлімінің меңгерушісі, 

филология ғылымдарының докторы


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика