КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Кемеңгер қоғам қайраткері, ұлт ұстазы, ғалым, ақын А.Байтұрсыновтың туғанына-140 жыл, «Қазақ әліпбиінің»  жарық көргеніне -100 жыл

    Кемеңгер қоғам қайраткері, ұлт ұстазы  Ахмет Байтұрсыновтың туғанына биыл  қыркүйекте 140 жыл толады. 1929-жылы  12-мамырда НКВД-ға берген түсініктемесіне қоса, өз қолымен жазған  өмірбаянында толық көрсетілген. Сонда Ахаң «мен 1872-жылы 5-қыркүйекте, мешін жылы тудым» деп  айтады.. Бұл нақты деректі Алматы қаласындағы «Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ музей үйінің» директоры ресми растаған. Соңғы уақытта анықталған Ахаңның туған жылы мен күні туралы бұл деректің  Ахмет Байтұрсыновтың  өмірі мен мұрасын зерттеушілердің бірі Рәбиға Сыздықовада  шындыққа сәйкес келетіндігін айтқан еді. Сондықтан осыған дейін 1873- жылғы 28- қаңтар «Ахаңың туған күні» деп келінсе, оны Ахаңның өз қолымен жазылған өмірбаянындағы күнге ауыстыру туралы,   осыдан бірнеше жыл бұрын  Білім  және  мәдениет министрлігінің назарына бағыттап,  республикалық баспасөзде  бірнеше мақала жариялап едік. Ел тарихындағы осындай маңызды мәселеге тиісті министрліктің  осы күнге дейін бетпақтық танытып, жеткілікті көңіл аудармай келе жатқаны  кім -кімді де таңқалдырады.   Сондай ақ, ұлтының  сауатын ашуға бастау болған, Ахаңның  «Қазақ әліпбиінің»  1912- жылы Орынбор қаласынан басылып шығып, елінің қолына тигеніне  100 жыл толмақ.

Ахаң туған  жер

    Кемеңгер қоғам қайраткері, ұлт ұстазы, ғалым, ақын А.Байтұрсыновтың туғанына-140 жыл, «Қазақ әліпбиінің»  жарық көргеніне -100 жыл

    Кемеңгер қоғам қайраткері, ұлт ұстазы  Ахмет Байтұрсыновтың туғанына биыл  қыркүйекте 140 жыл толады. 1929-жылы  12-мамырда НКВД-ға берген түсініктемесіне қоса, өз қолымен жазған  өмірбаянында толық көрсетілген. Сонда Ахаң «мен 1872-жылы 5-қыркүйекте, мешін жылы тудым» деп  айтады.. Бұл нақты деректі Алматы қаласындағы «Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ музей үйінің» директоры ресми растаған. Соңғы уақытта анықталған Ахаңның туған жылы мен күні туралы бұл деректің  Ахмет Байтұрсыновтың  өмірі мен мұрасын зерттеушілердің бірі Рәбиға Сыздықовада  шындыққа сәйкес келетіндігін айтқан еді. Сондықтан осыған дейін 1873- жылғы 28- қаңтар «Ахаңың туған күні» деп келінсе, оны Ахаңның өз қолымен жазылған өмірбаянындағы күнге ауыстыру туралы,   осыдан бірнеше жыл бұрын  Білім  және  мәдениет министрлігінің назарына бағыттап,  республикалық баспасөзде  бірнеше мақала жариялап едік. Ел тарихындағы осындай маңызды мәселеге тиісті министрліктің  осы күнге дейін бетпақтық танытып, жеткілікті көңіл аудармай келе жатқаны  кім -кімді де таңқалдырады.   Сондай ақ, ұлтының  сауатын ашуға бастау болған, Ахаңның  «Қазақ әліпбиінің»  1912- жылы Орынбор қаласынан басылып шығып, елінің қолына тигеніне  100 жыл толмақ.

Ахаң туған  жер

    Жоғарыда аталып өткендей, Ахмет Байтұрсынов атамыз  қазіргі Қостанай облысына қарасты Жангелдин ауданынының Сартүбек деген жерінде 1872-жылы 5- қыркүйекте дүниеге  келген. Сартүбекпен  Аққұм және алла тағаланың Арқаның төсіне таққан маржанындай болған айдынды Ақкөлі қапталдасып жатыр.Әр көктем сайын  Ұлытаудан бастау алатын Жыланшық өзенінен  кенері  толығып,екінші шетіне көз жетпейтіндей  марқайып,  күмістей жарқырап жатушы еді. Бұл Ақкөл тарих таразысынан өткен талай тарихи оқиғалардың да куәсіндей еді. Сонау  елді бордай тоздырып, еңіреткен жоңғар шапқыншылығында қалмақтар  Арқа жеріне дейін еніп,  осы  Ақкөл, Торғай бойында қоныстаныпты. Содан Абылай хан үш жүздің басын біріктіріп, қалмақтарға қарсы соғыс ашады. Басы қосылған қазақ әскері қалмақтарды жеңіп, оларды оңтүстікке қарай ысырғанда, Абылай бастаған әскер осы Ақкөлді бойлап өткен екен. Ұлытауда Абылайды ақ киізге орап, хан көтергенде де  кіші жүз бен Арқаның басты билері, батырлары  осы Ақкөлді асып барған екен сонда. Қазақ елінің азаттығы үшін Ақ патша   әскерімен талай айқасқан Кенесары ханда , Торғай жерінде көп тұрақтай алмай, Жетісуға қарай бет алғанда әскерімен  осы  Ақкөлде бірер күн аялдапты. Ахмет Байтұрсынов өзінің  өлеңдері мен әндеріне де  осы Ақкөл мен Аққұмды арқау еткен.

    Патшаның бұйрығымен 1843-жылы негізі қаланған Торғай бекінісінің картасы бойынша қарағанда Аққұм, Ақкөл жері Торғай өзенінінің арғы бетінен, шығысқа қарай жайылып, бір шеті Бетпақдаламен шектесіп жатса, Ахаң туған Сартүбек, Ақұм, Ақкөл аймағының бергі шеті Тоғай өзенімен, Тосын құмымен  жағаласып жатыр. Бұл жерлерді  негізінен үмбетей руы мекен еткен. Ахаңның үлкен атасы Шошақ,одан туған Ақтас, Байтұрсын, Данияр(Сабалақ),Ерғазы, Ермағанбет аса бір дәулетті адамдар болмағанымен, ел арасында беделді кісілер болған.  Арғы тегін қуалағанда, үмбетей руы Торғай өзенінің бергі  бетін жайлап жатқан рулармен туыстас,Шақшақ батырдан тарайды. Үмбетеймен туыстас бұл рулар Торғай өзенінің оңтүстік жақтағы бергі бетін, Тосын құмын және одан әрі Ырғыз жерімен шектесіп жатқан жерлерді жайлап, қыстайды.Аққұм, Ақкөл аймағы мен Торғай өзенінің бергі бетіндегі осы аталып отырған жерлер сол кездегі уезд   басқару әкімшілігімен «Тосын  болыстығы»  деп аталған. Сөз жүзінде болыстықты басқаратын адам «елдің қалауымен сайланады» дейтін ол кезде. Бірақ, іс жүзінде болыс уезд бастығының мақұлдауымен сайлаудан өтетін. Ахмет Байтұрсыновтың бала кезінде де, оның Торғай бекінісіндегі орыс қазақ мектебінде оқып жүргенде де , Тосын болысын   ұзақ жылдар бойы арғы атасы Шақшақтан, одан бергі атасы Шақшақ Жәнібек батырдан тараған  Дәуітбай  ұрпақтары   биледі.  Ал, Ақкөл, Аққұм аймағын мекен еткен ру басы Шошақ пен оның балалары өз жерінде ғана емес, Торғай бойын  жайлап жатқан барлық рулар арасында беделді, сыйлы еді.

    1885-жылы Қарғалы байланыс бекетінде өтіп жатқан  болыс сайлауына уезд бастығы Яковлев арнайы келіп қатысады.  Болыстыққа Дәуітбай ұрпағы өтеді. Содан тас салушы сайлаушылар алдында дау туындайды ғой. Сол даудың ортасында жүрген Шошақұлы Байтұрсын  уезд бастығынан   сайлаудың қайтадан әділдікпен  өткізілуін  талап етеді.  Яковлев Байтұрсынды тыңдағысы келмей, дөрекі  сөздер айтып,  жүріп кеткісі келіп атын тебініп қалады ғой, сол кезде намыс қысқан Байтұрсын  қолындағы шыбыртқыны  сілтеп қалады. Оның  бір ұшы Яковлевтің мойнын орап, Байтұрсын  шыбыртқыны қайта тартып қалғанда,  уезд бастығы атынан ұшып түседі. Бұл орыс патшасының  өкілі үшін, оның қасына ерген  атты казактар үшін,  бұрын соңды  көрмеген масқара  оқиға болды. Бұл сол кезде  болыс сайлауына келген қазақтар үшін  де  таң қалдырған оқиға болғанымен,  Шошақ ұрпақтары үшін  бұл істің арты қайғылы оқиғаларға жалғасты. 1886-жылы сот шешімімен Ақтас, Байтұрсын, Данияр (Сабалақ)  он бес жылға Сібірге жер аударылатын болды.

    Осы уақытқа  дейін  мыңғырған малын ғана бағып, жаз жайлауға көшіп, қыс қыстауға  бет алып, уақытын өткізіп жүрген қалың қара қазақ орыстардың Торғайға бекініп, онда әскер ұстап отырғанына көп мән бермейтін. Мына оқиғадан кейін,жұрт шошынды, қазақтың орыс боданына мықтап түскенін  жан тәнімен сезінді, бірақ, сол кезде   отаршаларға қарсы қолдарынан  еш  қайран келмейтінін де  білді.

    Кейін, Ахмет Байтұрсыновтың  «Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде  бар бір жарам...Адамнан туып, адамның ісін етпей, Ұялмай не бетіммен көрге барам!»  деп жазғаны бар еді. Балалық шағынан  сұмдық әділетсіздіктің  куәсі болып, жүрегі жараланған Ахаң  өлеңіндегі осы сөзін  ғұмырының соңына дейін қағида қылып ұстады , орыс отаршыларына қарсы, еліміздің тәуелсіздігі үшін  күресті  және  халқының көзін ашып, сауттандырып, мәдениеті дамыған елдер қатарына қосу үшін жанқиярлықпен қызмет етті. Ұлы ұстаз Ахаң өз еңбегінің алғашқы жемісін   көзімен көрді де. Өзі ғылыми түзген «Қазақ әліпбиі», грамматикасы, «Әдебиет танытқышы» жарық көріп, кезінде оқу орындарында оқытылды.

А.Байтұрсыновтың отаршылдыққа қарсы күрестің бастаушысы, дем берушісі

    Бұл жерде   «Х!Х - ғасырда  қазақ жерінде  революцияшыл, яғни төңкерісшіл идеялар болды ма» деген сұрақтардың туындауы орынды.  Ал, Х!Х-ғасырдың ортасында орыс отаршыларына қарсы Кенесары хан саналы түрде  соғыс ашты. Хан үш жүздің халқынан қолдау тапқанда орыс әскерін жеңіп, орыс бодауынан шығуыда мүмкін еді. Бірақ ен даланы ыдырап орналасқан елдің басы бірікпеді. Әр хан әр жаққа тартты. Кенесарының орыс отаршыларынан жеңілу себебі осы.  Бұл көтерілістің маңыздылығы « орыс отаршыларына қарсы енді қандай жолмен күресуге болады, оның бодауынан қалай құтылуға болады» деген заңды сұрақтарды туындатты.  Салыстырмалы түрде қарасақ, Х!Х- ғасырдың 70-жылдарына дейін   қазақ жерін отарлап отырған Ресей патшалығының өзінде  де  орыс революционерлері  патшаны террористік жолмен құлатуды көздесе,  Х1Х-ғасырдың аяғына таман ғана, олар  партиялар құрып, патшалық монархияға қарсы жоспарлы түрде күресуге бет алды. Ал, қазақ жерінде  оқыған азаматтардың арасында төңкерістік ойлардың  ұрық шашуы  Х!Х ғасырдың аяғы еді. Оның  бастауында осы Ахмет Байтұрсынов тұрды десек, артық айтқандық  болмайды. Сөзімізді дәлелдеу үшін, Сәкен  Сейфуллиннің  «Еңбекші қазақ» газетінің 1923-жылғы   19-қаңтардағы нөмірінде жарияланған А.Байтұрсынов туралы мақаласында « ...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып,  ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз -ақ Ахмет еді.» деген  сөзін келтіруге болады.  Сондай ақ, 1923- жылғы  4-ақпандағы  «Ақ жол» газетіде  «...Ұлт қамы дегенді көксеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда, бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді»  деп, А.Байтұрсыновтың отаршылдыққа қарсы төңкерісшілдік  рухтағы қызметін атап көрсеткен.

    Орыс отаршылары жыл өткен сайын қазақ жеріне тырнағын батыра түскенін, патшаның бұл саясатының әліде тереңдей түсетінін А.Байтұрсынов ержеткен кезде, яғни мұғалімдік оқуды аяқтап, мектепте мұғалім болып жүрген кезде, әсіресе орыстың оқымысты азаматтарымен, қазақтарды шоқындырумен айналысып жүрген миссионерлермен кездесіп, әңгімелескен кезде ұғынды.

    Бұл шамамен ХХ- ғасырдың басы, 1900-жыл. Содан бастап, Ахаң  сөз түсінетін қазақты сөзбен ширатуға кірісті. Осы мақсатта И.Крыловтың мысалды туындыларын аударуды бастады. А.Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығын сонау Кеңестер Одағы кезінде зерттеген Рымғали Нұрғалиев өзінің «Алып  бәйтерек» атты мақаласында бұл туралы «Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету  жолдарын іздеген...Кісілердің мінезі, өмір ағысы, тағдыр сабағы, заман қабағына қатысты көптеген жайттарды, әсіресе патша отаршыларының зорлық зомбылығы, жуандардың тепкісі, елдің азып тозуына байланысты сарындарды Ахмет Байтұрсынов жұмбақтап, тұспалдап, кейде ашық жеткізеді» дейді.  «Қырық мысал» баспадан шыққаннан кейін, ел арасында көптеп тарады, Ахаң ойлағандай кітап өзінің насихаттық рөлін атқарып шықты. Кітап шыққанға дейінде Ахаң төңкерісшілдік қызметін тоқтатқан емес еді.

    ХХ ғасырдың басында   патша әкімшілігі орыстарды  қазақ жеріне көптеп қоныстандыру саясатын еркін жүзеге асыра бастады. Бұрын қазақ шекарасы Орынбор, Омбыдан әрі асып   жататын. Енді Ресейден бері ағылған орыстар  Орал, Қостанай, Көкшетау, Павлодар,Петропавл, Семей, Өскемен, Жетісу облыстарының шұрайлы жерлеріне, Еділ, Есіл, Ертіс өзендерінің бойларына  қоныстандырыла бастады. Яғни, бұл кезде патша қазақ жерінде Сібір  жерлері тәрізді Ресейге біржола қосып алу және халқын шоқындыру саясатын біртіндеп жүзеге асыра бастаған еді.  А.Байтұрсынов патша отаршыларының бұл саясаты қазақ халқының келешегі үшін өте қауіпті екенін жүрегімен сезді, білді.  Ахаң ол кезде Қарқаралыда қызмет етіп жүрген. Жан ұшырып жергілікті басқару әкімшілігінің  қазақтарға жасалып отырған қиянаттардың заңсыздығын айтып, петиция жазуға ұйғарды. Ол петицияға  Қарқаралыдағы  көптеген қазақ оқығандары қол қойған. Оған «Мыңдаған адам қол қойды» деген деректе бар. Бұл 1905- жыл болатын. (Ресейде «Қанды жексенбі» болған жылы.)

    Содан бір жыл бұрын, А.Байтұрсынов Ресей Думасына қазақтар   тарапынан депутат болуы туралы  ел арасында сөз қозғап, (орыстың сол  кездегі отар елдері арасында Думада тек қазақтан ғана депутат жоқ екен.)  Думаға қазақтан бір өкіл өткізулеріне көмек сұрап, башқұрлардың, татарлардың өзбектердің белді өкілдеріне хат жазады. Сөйтіп, патшалық Ресей Думасына қазақтан депутат болуын армандаған, сол үшін көп ізденген, содан қазаққа бір жеңілдік болар деп үміттенген бірінші қазақ  осы А.Байтұрсынов атамыз еді. С.Сейфуллиннің «... сонау патша заманында ұлты үшін дауыс көтерген кісі еді» дейтіні сол себептен еді.

    Міне,  ХХ- ғасырдың басы төңкерісшіл ойдағы қазақ оқығандары үшін осылай басталған еді. Жалпы , Ахмет Байтұрсыновтың орыс отаршыларына қарсы төңкерісшілдік бағыттағы күресі ХХ-ғасырдың  20- жылына  дейін, яғни, «Алаш» партиясының   қызметі тоқтатылғанға дейін жалғасты. Ахаң әуел бастан ақ,  «қазақ көзі ашық, сауатты, мәдениеті дамыған ел қатарына қосылса екен, әлеуметтік  теңдікті сақтаған тәуелсіз мемлекет болса екен» деп армандаған. Ахмет Байтұрсыновтың  орыстарды қазақ жеріне көптеп орналастыруға қарсы петиция ұйымдастыруын , оның «Қырық мысалын», «Масасын»,  отаршылдыққа қарсы идеямен қаруланған, сол идеяның жалынымен оқырмандарын  жылытқан «Қазақ» газетін шығаруын  отаршылдыққа қарсы күрес жылдарындағы жемісті еңбегі  деп таныған жөн. Бұл жаңғыз Ахаң  мен  көзі ашық оқыған азаматтары  үшін ғана емес, қазақ тарихындағы отаршылдыққа қарсы күрестің  белді белесі болды.   Отаршылдыққа арнаған күрес жылдары А.Байтұрсыновтың  жеке өміріде   оңай болған  жоқ Тағдыры талай талқыға түсті. Басқасын айтпағанның өзінде , тек  петиция жазуды ұйымдастырғаны үшін патша үкіметі оны екі рет түрмеге жапты, жер аударды. Сондықтан  Ахмет Байтұрсыновтың Х!Х- ғасырдың аяқ кезінен бастап, ХХ-ғасырдың  19-жылына дейін созылған  отаршылдыққа қарсы күресі революцияшылдық, төңкерісшілдік сипатта болды деген жөн.

Ахмет  Байтұрсынов - қазақ  әліпбиінің,  грамматикасының  және әдебиет теориясының  ғылми негізін  қалаушы

    Қазақ елін  сауаттандыруда  тарихи рөл атқарған Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ әліпбиінің» Орынбордан басылып шыққанына   биыл жүз жыл толып отыр. Араб графикасына бейімделіп, бар болғаны  28 ғаріптен тұратын  бұл әліпби әдістемелік оқулығымен бірге 1912-жылы елдің қолына тиіп, ауылда балалардың сауатын ашу үшін сол жылдан бастап қолданыла бастады. Аталмыш оқулықта оқыту әдісі көрсетілгендіктен  бір жағынан оқытушыларғада жеңіл болды, екінші жағынан оқушы балалар бір жылда хат тану мүмкіндігіне ие болды. Бұрын араб ғарпімен  молдадан оқитын шәкірттер үш жылда хат тануды әрең игеретін. Ал, кирилл әрпімен оқығандар өзінің қазақ қалпынан алыстай  бастайтыны байқалды. Соның бір мысалы ретінде айта кетейін, сол кезде Торғайдағы орыс - қазақ мектебінде оқыған Әліби Жангелдинді  кезінде миссионерлер  Ресейдің христиандық діни орталығына жіберген  еді.

    1913-жылы  төте әліпбиді игергендер саны көбеюіне байланысты, Ахмет Байтұрсынов  Орынбор қаласынан  осы әліпбимен «Қазақ» газетін шығара бастады. Ахаңның «Қазақ әліпбиіне»  қоса оны оқытуға арналған бірнеше әдістемелік  оқулылықтарда әзірледі. Олар  Кеңес үкіметі тұсында  ашылған мектептердеде пайдаланылып, 1929-жылға дейін қолданыста болды.  Елдің сұранысы мен Кеңес тұсындағы қазақ мектептерінің қажетіне орай «Қазақ әліпбиінің» оқулықтары  сол тұста тоғыз рет баспадан басылып шықты. ХХ- ғасырдың алғашқы кезеңінде «Қазақ әліпбиін» дүниеге әкелген Ахмет Байтұрсынов, қазақ тарихында тағы бір ұлы қадам жасады. Ол  сонымен бірге - қазақ тілі грамматикасын ( фонетикасын, морфологиясын, синтаксисін  және терминологиясын) жүйелі түрде ғылыми  түзеген. Бағамдап қарағанда, бұлар бірнеше адам ғылыми зерттеп қана жүзеге асыра алатын  филология  ғылымының төрт саласы. Сөйтіп ұлы Ахаң   қазақтың  дыбыс жүйесін, сөз жүйесін, сөйлем жүйесін, терминологиясын  толық зерттеп, қазақ тілі грамматикасының негізін салды. Ахмет Байтұрсыновтың лингвистика саласындағы бұл ғылыми еңбектерін  кезінде Орта Азия, бүкіл түрік әлемі  мойындап, қолдап және Ахаңның лингвистика саласындағы зор жетістіктерін өздерінің грамматикасында пайдаланды. 1929-жылдан кейін Кеңес үкіметі саясатымен Қазақстандағы мектептер  әуелі  латын одан кейін кирилл  ғаріпіне көшірілгенімен, Қытай мен Моңғолиядағы екі миллионға жуық қазақтар осы күнге дейін Ахаңның 28 ғаріпті емлесі мен грамматикасын қолданады.

    Ахаңның тіл саласындағы ғылыми жетістіктерін   сол кезде орыс ғалымдары да мойындаған. 1919- професор Самойлович»Литература Востока» журналында,  ғалым Е.Поливанов «О киргизско казахской орфографии» бюллетенінде жоғары баға берген.    1929- жылы Мәскеу баспасынан шыққан «Әдебиет энциклопедиясында»  «А.Байтұрсынов аса көрнекті қазақ ақыны,журналисі және педагогі...Ол қазақ емлесінің реформаторы,грамматиканың және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы» деген анықтама берген.

    ХХ-ғасырдың  20-жылдары  қазақ  оқығандары, интеллигенциясы , жазушылары, ақындары  болып, қазақ мәдениетінің, әдебиетінің, өнерінің іргесін қалап, бекітіп жатқан кез еді ғой.  Ал, Ахаңның   сол кезде жазылған  «Әдебиет танытқышы»  қазақ мәдениетін, әдебиетін, ғылымын тағы бір жаңа  биікке көтеріп тастады. Кеңестер өкіметі кезінде Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген ғалым Рымғали Нұрғалиевке осы «Әдебиет танытқыштың» алғашқы нұсқаларының бірін берген КазГудің профессоры Бейсенбай Кенжебаев екен. Кітапты 40 жыл сақтаған ол кісі «бұл кітаптың шарапаты тиетін күн келеді,ол күнді мен көрмеспін, сендер көрерсіңдер» деген екен. Мұндай адамды қазақта «әулие» дейтін. Бірақ кітаптың «соңғы тарауы болмаған екен» деген сөз бар.»

    Ахаңның «Мәдениет тарихында» жазды  деген дәлелді деректер бар. Бірақ Ахаңның бұл кітабы жоғалып, сақталмаған. Мұны әлі де зерттеу ғалымдардың еншісі.

    Жалпы, әдебиет теориясын оқулық пәні ретінде жазып шығу үшін  әлемнің философия, психология, әдебиет теориясы ғылымдарының тарихын терең білу қажеттігін кез келген адам пайымдайды.Ең кереметі, ХХ- ғасырдың бірінші жартысында, қазақтың көзі енді ашылып келе жатқан кезде жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышын» сол кезде «қазақ әдебиетінің қалыптасуының басында жүрміз»  дейтін ақын- жазушыларды былай қойғанда, көрші Ресейдегі,Орта Азиядағы, түрік тілдес елдердегі  әдебиет, филология мамандарыда   мойындады. Олар әдебиет тарихтарында, энциклопедияларында А.Байтұрсыновтың еңбектерін атап өтті.

    Ахаңның «Әдебиет танытқышы» әрбір сауатты адам түсінетіндей  түрде жазылған. Онда әңгіме, роман, өлең жанрларының көптеген түрлеріне ғылыми теориялық  терең сипаттама берілген. Мұнда да Ахаң көптеген қазақы терминдерді қолданған және оны оқып отырып, Ахаңның сөз түрлендіргіш қасиетіне таң қаласың. Ахаңның  Тіл оқулықтары мен әдебиет танытқыштағы сол терминдері  өмірде жатырқанбай қабылданды. Терминологияда ғылымның бір саласы. Қазақта осы ғылымның негізін салған тағы -Ахаң.  Шағын мақалада оқулықты толық шолып өту мүмкін емес және қажетте емес.Бірақ Ахаң осы «Әдебиет танытқышта» әдебиеттің ауыз және жазба  әдебиет болып бөлінгені туралы біршама тоқтамдар айтқан. Ол әдебиетте қалыптасып отырған бұл көзқарастың жазба әдебиетті ауыз әдебиетінен көтеріп көрсету үшін, ауыз әдебиетін төмендету үшін  істелгенін айтады, Ахаңның ғылыми теориялық көзқарасы бойынша «ауыз әдебиетіде, жазба әдебиетте шығармаға жататынын, олардың  құндылығы айтылған ойына, мәніне байланысты анықталады» Ал, біз «ауыз әдебиеті», жазба әдебиет» деп әлі күнге дейін бөліп, жазба әдебиетті дәсердей етеміз. Керісінше, қазіргі уақытта жастар арасында  жазба әдебиеттен гөрі  ХУ!!!- ХХ- ғасырлардағы ауыз әдебиеті өкілдерінің  шығармалары зор ықпал ете бастаған тәрізді. Осыған қарапта  Ахаңның «Әдебиет танытқышындағы» ауыз және жазба әдебиет туралы  теориялық байламы өте дәл бағамдалғанына көзіңіз жетеді.

А.Байтұрсынов мұраларының ғылыми бағамдалуы

    Ахмет Байтұрсынов патша мен  Кеңестер үкіметі тұсында да қоғамдық және мемлекеттік қайраткер деңгейінде қызметтер атқарған тұлға. Сондай- ақ ол шығарма адамы- ақын, жазушы журналист, композитор. Шығармашыл болған адам, өз еңбегінің қоғамда қандай деңгейде бағаланғанын білгісі келетіні рас. Бұл заңдылық. Өз еңбегінің нәтижесін көрмейде талай дарындылар өмірден өтті. Ал, Ахмет Байтұрсынов атамыз  халық үшін істеген қызметтерінің, шығармашылығының бағасын өзінің елу жылдық мерей тойы Тәшкенде, Орынборда аталып өткен кезде, қазақ елінің басында жүрген мемлекет және әдебиет қайраткерлерінің аузынан естіп, баспасөз беттерінен оқыды. Той кезінде айтылған бағалы, құнды пікірлер  осыған дейін  орыс патшалығы тұсында екі рет сотталып, Кеңес үкіметі тұсында  өкімет басындағылардан психологиялық қысым көріп келе жатқан Ахаңның мерейін көтерді. Сонда С.Сейфуллин «Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам қулықты  атарман- шабармандарының қорлығына,  мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі... Қалай болсада жазушысы азғана, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына  оқу- тіл құралдарымен қылған қызметі таудай» деген- ді.  Мұқтар Әуезов пен Смағұл Садуақасовта Ахаңның халқына сіңірген қызметтеріне жоғары деңгейде баға берді. Бұл 1922-23-жылдың арасы еді. «Ол кезде ауылдағы есі кірген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін Ахметтің есімін білуші еді» деп айтып отыратын үлкендер. Олай дейтіні,  ол уақытта қыстық қант- шәйін қамдау үшін шыққан базаршылар, ауқаттылар мен саудагерлер қалаға барғанда  басқа қажеттерімен бірге Ахаңның «Қырық мысалын», «Масасын», «Әліпбиін» алып қайтады екен. Кешке отбасында ағайындар жиналғанда немесе ораза кезіндегі ауызашарда үй ақсақалы сауатты балалардың біріне Ахаңның мысалдарын, «Ерсайынын»  оқытып, жиналғандар керемет рухани  рахаттанысып қалады екен. Үлкендері « осының бәрін қалай біле берген» деп ,  мәз болып, бастарын  шайқасады. Мысалдардың мәнін түсінгендері «Данышпан екен, ә» деп  таңданысады. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп айтушы еді данышпан қазақ,  сол  «қазанымыз» осы біздің заманымыз шығар. Ахмет Байтұрсынов есімі халқымен  қайта қауышты. Оның артында қалған орасан зор мұрасы халқына  таусылмас қазына. Ұлы тұлғаның әліде ашылмай, көрінбей жатқан қырларын зерттеу ғалымдардың міндеті. Жиырмасыншы жылдардың бас кезінде Ахаңның еңбектері туралы ең алғаш ғылыми пікір жазғандар-М.Дулатұлы, Шонанұлы, І.Омаров «Ученая деятельность Байтұрсынова. 19227ж)  және т.б.

    Ал, Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығын Кеңестер Одағы тұсында зерттеген ғалымдар, Рымғали Нұрғалиев пен Рәбиға Сыздықова болды. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап, Ахмет Байтұрсыновтың өмірін, саяси қызметін, ақындық шығармашылығын және ғылыми еңбектерін  ғалымдар жеке жеке алып, салаларға бөліп, зерттеу жұмыстарын бастады.Осы  көштің  басында  тұрған жоғарыда  аталған ғалымдармен бірге, ғалымдар З.Қабдоловтың, С.Қирабаевтың,Ә.Қайдаровтың, Ө.Айтбайұлының, Т.Кәкішевтің  ғылыми зерттеулері   Ахметтануды  биік белеске көтерді. Ахаңның еңбектерін тереңдеп зерттеуші ғалымдар қатары көбейіп келеді. Оның ішінде ғалым Ө.Әбдимановтың «Ұлттың рухани көсемі», «Ұлт азаттығын ұлықтаған ақын», «Қырық мысал төл туынды», «Азатшыл ойға көшбасшы басылым», «Қазақ тілінің ұстазы Ахмет Байтұрсынов» тәрізді көптеген зерттеулерін атап өтуге болады. Өткен жылы Апматыдағы Ахмет Байтұрсынов музейінің директоры Р. Имаханбетованың «Ғасыр саңлағы; Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық өмірбаяны» атты кітабы баспадан жарық көрді. Бұлда Ахметтануға қосылған зор үлес болды. Ахаңның артында қалдырған мұрасы бұлақтың көзі тәрізді. Көзін ашсаң, жарқырап жаңа қырынан көріне береді. Дегенмен, осы күнге дейін жазылған ғылыми зерттеулер Ахмет Байтұрсыновтың  отаршылдыққа қарсы, еліміздің тәуелсіздігі үшін кірескен ұлт қайраткері, ақын, қазақ әліппесі мен грамматикасының, терминологиясының  және әдебиет теориясының негізін қалаушы ұлы ғалым, аудармашы, фольклорист, журналист  публицист, сондай ақ, композитор  екендігін дәлелдеп шықты.

«Маса-ақпарат»

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика