КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Бүгінгі таңда «шет тілідерінен енген терминдерді аудармай сол күйінде, сол формада қалдыру керек» деген көзқарастар жиі айтылып та жазылып та жүр. Олардың кейбіреуі мыналар: фортепияно, календарь, паспорт, процент. Осы пікірді жақтаушылардың айтар уәждері – қазақ тіліндегі атауы сол ұғымның мағынасын дәл бере алмайды, қай тілге де болса ортақ атау болуы қажет және т.б. сипатта. Өз уақытында бұл топтағы сөздерге халықаралық (интернациональный) термидер деген де мәртебе беріп қойғанбыз. Солайы солай-ау. Әр елден ашылған жаңалыққа бір тілден балама табу қиынның қиыны. Бірнеше тілден құралған осы топтағы сөздерге бір тілден балама іздеп табу да мүмкін емес. Бұндай үдеріс тілтұтынушыларын шатастыруға алып келеді. Дегенмен де өзге тілде пайда болып, басқа тілдерге енген ұғым атауын Алаш зиялылары «Жат сөздер» деп тілден бөлектегені белгілі. «Жат сөздер» деп алғандағы мақсаттары – тілімізге жат, өзге елден кірген сөздер екендігін «соқырға таяқ ұстатқандай» көрсету еді. 

Бұл мәселе сонау өткен ғасырымыздың алғашқы ширегінде алаш зиялыларын қатты алаңдатқан еді. Солардың кейбіреулері мынадай сипатта: «Екінші – тілдің келесіде баюына жол тазалау. Қазақ тілі бұл күнге шейін басқа тілдерден сөз алып келген болса, мұнан былайғы заманда тілімізге тағы жаңа терминдер кірмек. Телегіреп, телепон, радио, темір жол, електр заманында қазақ тілі жаңа тұрмысқа керекті сөздерді тағы алмай тұра алмайды. Тілесең де осылай болады, тілемесең де! Дүниеде жалғыз қазақ тілі осы күйге түсіп отырған болса, онда басқа әңгіме болады. Бірақ бұл күйге түсіп отырған жалғыз қазақ тілі емес. Басқа тілдердің тәсірінен құтылған бір тіл жоқ. Неміс, орыс, пырансоз ... барлығы тілде бір-бірінен бұрыштанып отыр, ал енді «табиғат заңы» осылай болған соң қазақ тілі қалай «аман» қалмақ? Басқа медениетті елдерден «қашып» тіл болмайды. Бірақ сертсіз, заңсыз жат сөздерді бос қоя беру де жарамайды, опыр-топыр болып тіліміздің негізгі заңдылықтарын бұзып, тас-талқанын шығарып жіберу де бар» (Н.Төреқұлұлы «Қазақшадағы жат сөздердің өзгерілу заңы») немесе «Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп алғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар» (А.Байтұрсынұлы «Сәбитке жауап») және т.б.

Орыс ғалымы Л.П.Крысиннің «Словрь иноcтранных слов» атты еңбегіне көз жүгіртсек, жоғарыда көрсетілген терминдердің пайда болуы жайында мынадай ақпарат аламыз:

1. «Фортепияно» – «соқпалы-пернелі ішекті музыкалық аспап». Неміс тілінің «fortepiano» деген сөзінің орыс тіліне бейімделініп алынған нұсқасы. Шыққан елі италья тілінің forte – қатты (үн) + piano бәсең (үн) деген сөздерінің бірігуінен пайда болған күрделі сөз (Иллюстрационный толковый словарь иностранных слов. – М.: Эксмо, 2008. -864 с.).

2. «Календарь» – «айдың алғашқы күндері» мағынасындағы латынның calendrium < Calendarium деген сөзінен шыққан (Бұл да сонда). Негізінен бұл сөздің тура мағынасы «қарыз кітапшасы» деген мағына береді. Ежелгі Римде қарыз алған адамдар қарыздың пайызын календ, яғни айдың алғашқы күні төлеген. Бұл сөздің шығу тарихы осындай.

3. «Паспорт» – «порт арқылы өту үшін жазбаша берілген рұқсат қағазы» деген мағынадағы немістің Passport < француздың passeport < италияндық passaporto деген сөздері (Бұл да сонда). Бұл термин жүйелері әртүрлі тілдерде, мысалы, ағылшын тілінде passport, туыстас түрік тілінде pasaport деп негізгі түбірі сақталғанмен, өздерінің тілдік заңдылықтарына сай етіп қолданылады.

4. «Процент» – «санның жүзден бір бөлігі» деген немістің Procent латынның

Күнтізбе(календарь) сөзі «бірнеше күннің тізбегін сипаттайтын ұғым» мағынасын береді.

Төлқұжат (паспорт) термині жайлы айтар болсақ, бұл «Төл» (жеке өз басына тән, меншікті байырғы деген мағына беретін сөз) сөзі мен «Құжат» (қандай да бір фактіні немесе әлдебір нәрсе жөніндегі құқықты қуаттайтын ісқағаз мағынасындағы араб тілінен енген сөз) сөзінің бірігуі нәтижесінде пайда болған термин.

Пайыз– «1) пайда; 2) қайырымдылық, жомарттық» деген мағына беретін арабтың «фэйз» (Персидско-русский словарь: В 2-х т.т.. – М.: Рус. Яз., 1985. – 864 с.) деген сөзі. Бұл жерде термин ретінде «пайда әкелу» деген мағынасын алғандығы байқалады. Пайыз термині термин қабылдаудағы жүйеге сай (өзге тілден термин қабылдауда туыстас тілдерге басымдық беру) болып табылады.

Жалпы тілімізге өзге тілден сөз қабылдауда мынадай үш негізгі қағида бар. Бірі – жаңа пайда болған ұғымға атау беруде қазақ тілінің өз мүмкіндігін пайдалану, түбірге жұрнақ жалғап жаңадан сөз жасау, екіншісі – қазақ тілінен табылмаған терминдерді басқа түрік халықтарынан іздестіру (ондағы мақсат – түркі халықтарына оратақ термин қалыптастыру), үшінші – бірнеше тілге ортақ терминдерді қазақ тілінің заңдылығына сәйкес қабылдау. Жоғарыда көрсетілген терминдердің бастапқы үшеуі тілімізде осы қағидалардың біріншісі негізінде пайда болған. Ал «пайыз» термині бүгінгі таңда қазақтың төл сөзіндей болып, тіліміздің төрінен орын алған кітап, дәптер, алмас, алтын секілді араб тілінен енген сөз.

Иә шындығында да ғаламдану заманында есігімізді құлыптап отыра алмаймыз. Бұл ғылым үшін, ғылымның дамуында көштен қалып қоймауымыз үшін қажет. Осымен байланысты қазір қазақ терминологиясын жаңғырту мәселесі жиі сөз болып жүр. Дегенмен де «бұл мәселені қалай шешу қажет?» деген сауал осы мәселемен айналысып жүрген мамандардың көңілінде тұрған бірден-бір бірегей сұрақ болып табылады. Себебі «жылтырағанның бәрі алтын емес» екендігі белгілі. Тіпті алтынның өзін де дәл сол қалпында пайдаланбаймыз ғой. Оны қорытып, басқа да металдармен араластырып пайдаланамыз. Сол секілді шеттен енетін терминдерді де саналы түрде саралап, таңдап қабылдауды басты проблемалардың бірі ретінде қою қажет.

Қазір қазақ терминдерін модернизациялау (жаңғырту) деген термин сәнге айналды. Жаңғырту дегеніміз дұрыс. Дегенмен де бұл мәселені көпшілік бір жағынан ғана түсініп, сонымен бірге, түсіндіріп те келеді. Ол – қазақ терминдерін орыс тілінің стандарттарына салынған формада тілімізге қабылдау (Жаңғыртудың екінші жағы: архаизм (тарихи сөздер) қорына өтіп кеткен сөздердерге жаңа мағына беріп, жаңғырту үдерісі назардан тыс қалып келеді). Егер дәл осы ұстаныммен терминдерімізді «модернизациялайтын» (жаңғыртатын) болсақ, тіліміз мына сипаттағы тоқырауға ұшырайтындығы анық: а)осы кезге дейін қалыптасқан терминдерімізден қол үземіз. Мысалы, Тәуелсіздік алған жылдары пайда болып, көпшіліктен қолдау тапқан кейбір терминдерімізден айырыламыз. Атап айтқанда, «төлқұжат» сөзі қайтадан халықаралық термин «паспортқа» ауыстыру туралы ұсынысты немесе «үдеріс» сөзін «процеске», «үрдіс» сөзін «тенденцияға», «пайыз» сөзін «процентке», «күнтізбе» сөзін «кальендарға», «күйсандық» сөзін «фортепианоға»; ә) тілімізде қалыптасқан терминжасам үдерісіндегі жүйелілігімізді жоғалтамыз. Осының салдарынан тілтұтынушыларды шатастыруға бой алдырамыз. Оған қазіргі кезде шарттылық заңдылығымен жасалынып жатқан уәжсіз терминдерді жатқызамыз; б) тіл заңдылығына бағындырып алмай басқа бір тілдің заңдылығына сәйкес стандартталған жекелеген терминдерін енгізу арқылы тіл тұтынушыларды, сол елдің мәдени шаңырағының астына шоғырландырландырып алу қаупі. Оған қазіргі кезде көптеп еніп жатқан принтер, компьютер, контент, концепт, тендер, степлер, картридж және т.б. сипаттағы сөздерді жатқызамыз.

Қорыта келгенде, модернизация теориясына қатысты айтылған сындар тәжірибеде оның тиімді жақтарымен бірге, тілдік тұрғыдан отарлаушы елдерге мәдени тәуелділікке алып келетіндігін байқатып отыр. Әрине тіл жанды құбылыс, заман талабына сай жаңғыртылып отырылуы да заңды. Десек те тілді жаңғырту талғаммен қарауды талап етеді. Тіл халықтікі, сарапшы – халық. Тәуелсіз ел екендігімізді есімізден шығармай, терминология тарихындағы кемшіліктерді ескере отырып, болашаққа жаңа әрі дұрыс қадам бастауға жазсын демекпіз.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика