КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Мемлекеттік тілді дамыту институты бірлесіп, «Бесігіңді түзе» жобасы аясында дөңгелек үстел отырысын өткізді. Шараның басты мақсаты – инновациялық технологияларды пайдалана отырып, жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру және халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлерді біріздендіру. Нақтырақ айтқанда, балаларға арналған оқулықтар мен мультфильмдердегі кейіпкерлер бейнесін бірізге түсіру мәселесі кеңінен қаралды. Жиынға тіл мамандары мен киногерлер, аниматорлар қатысты. Шараға атсалысқан қонақтар тақырыпты әр қырынан талқылады. Халқымызда аңыз да, жыр да көп. Бірақ бұрынғы ақын-жырауларымыз осы аңыз-жырларды нәзиралық жолмен жаңғыртып жырлаған. Сондықтан да ел ішінде бір батырлық жырдағы батыр мен балуанның бірнеше түрлі бейнесі сақталған. Бұл балаларға арналған оқулықтар мен журналдардың суретшілеріне және аниматорларға қолайсыздық тудыруда. Өйткені бір батырдың бейнесін әр суретші әртүрлі салады, әр аниматор әртүрлі бейнеде түсіреді. Міне, осының салдарынан Алдар көсенің бірнеше түрлі кейпі бар кітаптар мен мультфильмдерімізде. Егер қазақ мультфильмдеріндегі кейіпкерлердің аты-жөні жазылмаса, оның қай батыр екенін, қай кейіпкер екенін бала тұрмақ, үлкендердің өзі де айыра алмайды. 

Жасыратыны жоқ, қазір мультфильм түгілі еліміздің әр өңірінде бой көтеріп жатқан батырлар ескерткішінің өзі бір ізге түспеген. Барлық батыр ат мініп, найза, садақ асынып тұрады. Олардың сауыт-саймандары да біркелкі. Айырмашылық жоқ. Кесененің астындағы жазуына қарамасаңыз, қай батыр екенін ажырату мүмкін емес. 

Ресейдің аниматорлары тәрбиелік мәні аз «Маша мен аю» туралы ертегіден қандай көркем анимациялық фильм жасады? Шеберлік пе? Шеберлік. Ал бізде ше? Біз барды ұқсата алмай отырмыз. Бұл біздің ой емес, жиынға қатысқан қонақтардың пікірі.

Пікірлерді барынша қысқартып, дәйегін беру.

Бижомарт Сейсенбайұлы, филология ғылымдарының кандидаты:

– Қазақ мультфильмдерінің бір ізге түспеуі ұрпақты адастыруда. Мәселен, Алдар көсенің бүгінге дейін 24 түрлі бейнесі жасалған. Басқа да қазақ аңыздарындағы кейіпкерлердің бейнесі сан түрлі. Ал шетелдіктердің анимациялық фильмдерін қарасаңыздар, кейіпкерлерін жазбай тануға болады. Мәселен, «Шрек», «Маша мен Медведьті» білмейтін бала жоқ. Біз аңыз-ертегілер туралы 100 том фольклорлық кітап шығардық. Бірақ оның бәрін сөреге жинап қойдық. Қазіргі балалар кітаптан гөрі электронды құралдарға құмар. Жас ұрпақты тәрбиелеп жатқан телеарналарда дені дұрыс қазақ анимациялық фильмдері бар ма? Жоқ. 

Қазақ батырларының бейнесін бір ізге түсіру үшін үлкен жұмыс керек. Ол үшін алдымен аңыздардағы барлық кейіпкер бейнесін жинақтап, ортақ біреуін алуымыз қажет. Мәселен, «Қобыланды батыр» жырының 34 нұсқасы сақталған. Біз соның бәрін жинап, бірнеше суретшіге береміз, олар батырдың бірнеше түрлі бейнесін сызады. Соның ішінен таңдап аламыз батырдың бейнесін. Ол бейне мультфильмдерге де, балаларға арналған оқулық-кітаптарға да енетін болады... 

«Алматы» телеарнасы әрқайсысын 2 миллион теңгеден 30 сериялы «Алдар көсені» шығарды. Алдар «Буратиноның» сыртындағы сайқымазаққа ұқсап қалған. Сондықтан да анимациялық фильм кейіпкерлерін бір ізге түсіру керек. 

 

Өмірзақ Айтбайұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті:

– Қазақ – заман ағымынан көп кешігіп келе жатқан халық. Біз балаға қандай тәрбие беруді енді ойланып, не істейміз деп толғанып жүрміз. Ал жапондар баланы өмірге келуден бұрын тәрбиелейді екен. Ол туралы мынадай әңгіме бар. Бір жапондық азамат балалы болып, дәрігер-психологтардан ақыл сұрапты дейді: «Мына баланы қалай тәрбиелеймін?» деп. Сонда оған мамандар: «Сіз 9 ай кешігіп қалдыңыз. Баланы ана құрсағына біткен күннен бастап тәрбиелеу керек еді» депті. Онымен салыстырғанда, біздікі көш шаңында қалған әңгіме ғой. 

Бізде баланы ұлттық тәрбиемен өсіретін ертегі де, аңыз да, жыр да бар. Бірақ барды ұқсата алмай отырмыз. Батыр десеңіз, Қобыланды, Алпамыс бастаған ержүрек кейіпкерлер мың ұрпаққа жететін рухани байлық. Алдар көсе де бар. Желаяқ, Таусоғар, бай-кедей десеңіз, оларды да табуға болады халық ауыз әдебиетінен. 

 

Тоқтар Әлібеков,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба, текстология және инновация бөлімінің меңгерушісі: 

– Біз неге «Қыз Жібек» көркем фильмін көруге құмармыз? Неге «Біржан-Сара» операсын жалықпай тамашалай аламыз? Өйткені олар бірінші көркем, екінші, қолжазба мұра негізінде түсірілген. Ал қазіргі кино да, мульт­фильмдер де қолжазбадан үзіліп қалған. Бірде-бір режиссер немесе сценарист тарихи жазбалардың қолжазба нұсқасын сұрап келген жоқ, біздің бөлімге. Бұл нені білдіреді? Меніңше, біздің тарихи кинолардың тартымсыздығы, анимациялық фильмдердің тамырсыз болуының басты себебі, осы қолжазбадан нәр алмағандығында. Ұрпақты ойлаған суретші мен аниматор негізгі темірқазықтан ауытқып кетпесе екен дегім келеді. 

Қазір қолжазба қорымызда 1 миллиондай мәтін бар. Бұл бүкіл мұрамыздың бестен бірі ғана. «Бабалар сөзі» деп аталатын 100 томдық сериялы жинақ шығардық. Оның 63 томы эпостық жырлар. Соның ішінде Алпамыстың он шақты, Қобыланды батырдың отыз нұсқасы кездеседі. Бәрінде кейіпкердің бет-бейнесі әртүрлі. Бір ізге түспеген. 

Кореядан бір топ кино мамандары мен филологтар келіп, бізбен келісімшартқа отырды. Олар бізден «Бабалар сөзінің» барлық жинағын алмақ. Оны кәріс кинолары мен мультфильмдерінің сюжетіне пайдаланбақшы. 

 

Жұмашай Рақышева, филология ғылымдарының кандидаты: 

– Аниматорларымыз түпнұсқаға ене алмайды. Әйтпесе, Қамбар батырдың ерекшелігі – аңшылығында екенін, Ер Төстіктікі жауынгерлігінде екенін, тіпті олардың жан серігі тұлпарларының да айрықша қасиеттерінің барын білу қиын емес деп ойлаймын. Сонымен бірге қазақ батырлары жерге, руға байланысты аталады ғой. Мәселен, Қыпшақ Қобыланды, Қаракерей Қабанбай батыр деп айтамыз. Қазақта әр рудың еліне, жеріне байланысты өзіне тән киім үлгісі де сақталған. Киногерлер соны пайдаланып, әр батырдың өзіне ғана тән бейнесін жасауға әбден болатын еді.

Дегенмен қазақ жырларындағы кейіпкерлер бейнесінің ұқсастықтары да кездеседі. Мысалы, «Ертарғын жырындағы» Ақжүністің портреті, «Қамбар батыр жырындағы» Назым сұлудың бейнесі және «Манас жырындағы» Айшөректің келбеті бір-біріне ұқсас, үш жырда да бірдей жырланады... 

Ресей түсірген «Маша мен аюды» балалар неге жаппай көруге құштар? Өйткені олар кейіпкерлерін бүгінгі жас ұрпақтың санасына, ойлау, сөйлеу ерекшеліктеріне сай түсірген. Ал біздің балаларымыздың ойы далада, аниматорларымыздың ойы қалада дегендей ғой. 

 

Советхан Ғаббас, медицина ғылымдарының кандидаты, жазушы-педагог:

– Біз тәуелсіздік алған 22 жылда ұрпақ тәрбиесі үшін не істедік? Ешнәрсе. Біздікі сол баяғы қызыл империя сіңіріп, жаншып, санамызға құйып тастаған бодандық психология. Ешқандай жаңа жүйе, ұлттық әдістеме жоқ. Жаңалық үйретеді деген Еуропада еркек пен еркек, әйел мен әйел отбасын құруда. Ондай халықтан қандай тәрбие аламыз, не үйренеміз?

Қазір адам азды. Себебі жан тәрбиесі жоқ, тән тәрбиесін ғана оқытып жатырмыз ұрпаққа. 

Ұлы Мұхаң: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген. Жазушы оны текке айтпаған. Бесіктен айырылған қазақ әйелдерінің сәбиі шетінен шыжың. Шыжың бала өскенде өз-өзіне қол жұмсайды. Өйткені «памперс» баланың бойындағы шартты рефлексті жояды. Біз сол қарапайым дүниені де түсіне алмадық-ау! 

Сіздер бүгін мультфильмдер мен оқулық-кітаптардағы ұлттық бірізсіздік туралы айтып жатырсыздар, ал қоғам басқа арнамен жүруде. Ұрпақты азған, адасқан жолдан жарыққа шығарудың кілті сіздерде, құрметті филолог, режиссер, жазушы, ағартушы азаматтар! Ойланыңыздар!

 

Дидар Амантай,

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық кинокомпаниясының Бас редакторы:

– Кино туралы пікір айтып жүрген «сыншылардың» барлығы кинотеатрға бармайтындар және қазақ киносын көрмейтіндер. Мен сондай азаматтарды түсінбеймін. Менің ойымша, қазақ мультфильмдеріндегі образдарды бір ізге түсірген дұрыс. Бірақ бұл арада режиссердің қиялын, кино заңдылықтарын да жоққа шығара алмаймыз. 

Тарихи көркем фильм немесе тарихи анимациялық картина – ол тарихи дерек емес. Ол қашан да аңызға құрылған. Сондықтан кез келген режиссер мұндай шығармаларға өз тарапынан бір-екі сюжет қосады. Бірақ кейіпкердің бейнесі, тарихи тұлғаны жоғалтып немесе мүлде басқа кейіпкерге өзгертіп жібермеуі керек. 

Кінәратты «Қазақфильмнен» көре беруді қойған жөн. Егер сауатты аниматор немесе тарихи фильмдерді шебер түсіретін білікті режиссерді тәрбиелеу қажет болса, онда өнер институттарына фольклортану пәнін кіргізуіміз қажет. Сонда ғана тарихи бейнелерді көркем және анимациялық фильмдерімізге сауатты түрде енгізе аламыз. Аниматорлар мен фольклортанушылардың арасында ешқандай байланыстың жоқ екенін мойындаймын. Бірақ біздің киностудия толықметражды «Ер Төстік пен Айдаһарды» түсірді ғой. Әртүрлі сын айтылды. Дегенмен балаларымызға ұнады. Анимация технологиямен тікелей байланысты. Технологиясыз балаларға ұнайтын өнім шығара алмаймыз. Сондықтан жаңа технологияның көмегімен жасалған мультфильмдерден қашуға болмайды, оған сын айтудың да қажеті жоқ деп ойлаймын. 

 

Қайырғали Қасымов, режиссер-мультипликатор: 

– «Ер Төстік пен Айдаһар» да, «Қошқар мен теке» де көшірме. Аниматорлар – мультфильмге жан берушілер. Дидар, сен келіссең де, келіспесең де, қазір «Қазақфильм» кім көрінген жұмыс істейтін жерге айналған. Делдал сияқты, мемлекеттен ақша алады да оны басқа біреуге береді. Олар ол ақшамен қандай картина жасап жатыр, оны бақылап отырған Дидар да, басқа да жоқ. Өйткені біздің «Қазақфильмде» көркемдік кеңес жоқ. 

Дидар Амантай: Қайырғали, сенің ойыңды білемін, сен осы орайды пайдаланып басқа есебіңді түгендеп отырсың.

Қайырғали Қасымов: Тыңда, Дидар! «Қазақфильм» екі үлкен жобаны желге ұшырды. Біріншісі, «Қазақ елі» деген 50 сериялы жоба. Екіншісі, «Ер Төстік» пен Айдаһар». Қазақтың анимациясын орыстар жасап жатыр. Ондай дүниеден ешнәрсе күте алмаймын. 

Дидар Амантай: Қайырғалидың айтып отырғанының бәрі – өз есебі. Бұл туралы көп айтудың да қажеті жоқ. 

 

Ғали Мырзашев,

Қазақстан аниматорлар қауымдастығының төрағасы: 

– Мультфильмдердегі бейнелерді бір ізге түсіру деген пікірмен келіспеймін. Суретші мен режиссердің қиялына ерік беру керек. Олай болмағанда, шығармашыл адамнан көркем туынды шықпайды. Бүгінгі тақырыптың көтерілуінің басты себебі заңның жоқтығында. Яғни әдебиетті, өнерді қолдайтын, қорғайтын Заң жоқ. Сондықтан осындай мәселе туған. 

Ресейде «Маша мен аюды» жасаған авторларды танимын. Оларда анимация өнері экономикалық табыс саналады. Ал бізде ондай жоқ. Сондықтан, өнердің тізгінін ұстап отырған азаматтар кино заңын жасаса, әдебиет пен өнерге көңіл аударып, ақша бөлсе екен деген ойым бар. Онсыз өнер өрістемейді. Көрші Қытайда жиырма шақты мемлекеттік студия бар. Жекеменшік студияларының саны одан да көп. Оларда да ашық бәсеке, үлкен тендер өткізіледі. Бізде оның бірі де жоқ. Жарас Кемелжан

 

Тақырыпқа орай

 

Кітап бетіндегі суретте Қобылекең бір нашар бақалшы болып салынған. Қазақта мақал бар: «Ат ерінді, ер мұрынды келеді» деген. Суреттегі Қобыланды батыр мұрнынан айырылып, пұштиып тұр.

Орыстың үш батырын салған Васнецов шебердің картинасы бар. Бұл ашық хаттың сыртына басылып, 5 тиынға сатылады. Осы орыс батырлардың суреттеріне қарасақ, Қобыланды батырға мінгізген боз айғыр Добрын­я Никитичтікі. Қобыланды батыр өзі Алеша Попович, күн салып қарауы Илья Муромец көрінеді. Бұл менің жоруым рас болса, «Қобыландыны» басқан басқарма адасқан. Бұл ұят. Мұны мәдени жұрттарда ұрлық дейді. Кітапты қайта басқанда Қобыланды батырдың өзінің суретін де, атының суретін де жырдағы жазуға дәл қылып беру керек. Тайбурылды «тяжеловоз» айғырға айырбастағанға қазақ көзі ұялады. 

Өзі Тайбурыл, өзі Қазан ат, сымдай созылатын ат кітаптың басындағы суретте тіпті көрінбейді. Кітаптағы ат орыстың «тяжеловоз» дейтін жүк аты. Шабандығы өгіздің аз-ақ алдында. Жал-құйрығы құшақ айғыр жырдағы шын Тайбурыл азбан. Кітапта суреті салынған боз айғырдың бірде-бір мүшесі, жылқылығынан басқа, Тайбурылға ұқсамайды. Суретке қараңыз, осы боз айғыр қалайша сымдай созылмақ?

(Әлихан Бөкейханның «Қара қыпшақ Қобыланды»

жырына жазған сынынан үзінді)

 

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


25/04/2017 15:35

ала-құла анимация
0 5549 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика