КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

- Еділбай Төлеубайұлы, қазір шет ел асып, сырт елдің білімін алып жүрген қазақ жастары көп. Демек, шетелде білім алу аса бір алынбайтын қамал емес секілді. Жалпы «Болашақ» бағдарламасы арқылы барғандардың дені экономика, бизнес, маркетинг, жоба менеджменті салаларын таңдайды. Тіл білімінің маманы ретінде құрлық асып, Батыс біліміне тоқтапсыз. Неліктен, «білім саласындағы басқару» мамандығына бардыңыз?

- Расында, кейде барлық нәрсе өз ойлағаныңдай бола бермейді. Шетелге оқуға түскен сәтте: «Кандидаттығымды қорғап алдым, ғылым тілін жақсы білемін, жаза да аламын, әрбір сөйлемге сауаттымын. Қысқасы, филологпын. Маған тек ағылшын тілін таза меңгеріп алсам болды, жазу түкте емес» деп ойладым. Алайда, бәрі басқаша болды. Жат жерде, өзге ортада мұнда алған білімнің жеткіліксіз екенін түсінгендей болдым. Себебі ағылшын тілін білу бір бөлек, оны ғылыми бағытта түсіну, академиялық тұрғыда қолдану жағын меңгеру қиынға соқты. Мен білім саласындағы ерекше бағыт «білім саласын басқару» мамандығының магистратурасына түстім. Біздегідей емес, Ұлыбританиядағы білім беру жүйесі әлдеқайда жолға қойылған. Олар білім жүйесіне сыни ойлау тұрғысынан қарай біледі. Қазақстанда бұл енді қолға алынып жатқан реформа.

- Сіз айтқан сыни ойлаудың берері неде?

- Қарапайым ғана мысал. Көбіміз қандай да бір мақаланы оқимыз. Әрине, кейбіріміз қызық үшін, енді біріміз онда не бар екенінен хабардар болу үшін, енді біріміз өзімізге қажетті қандай да мәліметтерді алу үшін оқып шығамыз. Ал сыни оқылымда мақаланың авторына, оның қандай мақсатта жазылғанына, мәліметтердің дәлелді тұрғыдан берілуіне, эксперименттердің қолданылуына, себебі мен салдары сынды талаптарға мән беріледі. Демек, сыни ойлау тек оқуға ғана емес, ой-таразылауға жете мән бергізеді. Оқыған дүниенің келешек біліміне қажеттілігі бар ма, жоқ па, соны сараптауға мүмкіндік береді.

- Тәжірибеңізге сүйеніп, Батыстың білімінен қандай тәжірибе алуға болады деп ойлайсыз. Ағылшындардың білімге деген көзқарасы қалай?

- Кеңес үкіметінің білім жүйесінде бізді мазмұндауға үйретті. Аға буынның ықпалы ма, балалық шақта кітап көп оқитын едік. Кітапты оқығанда да кейде жаттап оқитынбыз. Жасыратыны жоқ, кейде кейбір оқулықтарды түсінбесек те оқуға мәжбүр болатынбыз. Ал, батыс елдерінде алдымен оқитын кітабыңызды дұрыс таңдай білуіңіз керек, содан кейін осы кітаптан алған мағлұматыңызды түсініп, өз керегіңізге жарата білуіңіз қажет. Мәселе, санда емес, сапада және алған білімді тек біреу үшін емес, оны тәжірибеде қолдануға күш салады. Негізгі ерекшелік те осында.

- Қазір жоғары оқу орындарының бірінде сабақ бересіз. Шәкірттер тәрбиелеп жүрсіз. Сіз айтып отырған талаптар біздің оқу орындарында жүзеге аса ма?

- Мен қызмет ететін Нархоз университетінің ректоры шетелдік азамат болғандықтан, білімге басқаша қарайды. Университетке ректор болып тағайындалғанда Нархозды Орта Азия көлеміндегі алдыңғы қатарлы экономикалық жоғары оқу орындарының деңгейіне көтерем деген мақсаты болған екен. Қазір университетімізде осы мақсатта біршама жұмыстар да атқарылып жатыр. Ректор университте жұмыс жүргізу барысында студенттердің ғылыми бағытта дұрыс жаза алмайтынын байқаған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін шет ел жоғары оқу орындарының алғашқы курсында жүргізілетін «Академиялық жазым» пәнін оқытуды қолға алды. Бұл пән жоғарыда айтып кеткен сыни ойлау сияқты студенттерімізге қажетті талаптармен қоса жалпы ғылыми бағытта жазба жұмыс дұрыс жазуға үйретеді. Бұл пән еліміздегі кейбір оқу орындарына енгізіліп оқытыла бастады. Яғни, біздің жоғары оқу орындарымыз да шет елдік үлгіге сай білім беруге, олардың жетістіктерін меңгеруге тырысуда.

- Сонда бұл пән әлемдегі білім үдерісінен қалып қоймауға ықпал ете ала ма?

- «Академиялық жазылым» пәні ғылымда аса бір ауыз толтырып айтатын жаңалық емес. Себебі бұл пән ішінара «Ғылыми стиль» ретінде филология факультеттерінің студенттеріне ғана оқытылып келді. Кейіннен, мүлдем алынып тасталды. Демек, дұрыс жаза білу, ойды жеткізе білуде әсіресе тіл мамандарына аса қажет.

Нархоз студенттері «Академиялық жазылым» пәнін бір семестр оқиды және қорытынды емтихан үшін 700-1000 сөз көлемінде ғылыми жоба негізінде шағын эссе жазып тапсырады. Ал 1000 сөз дегеніміз шамамен 3,5 бетті құрайды. Бір қарағанда сол үш жарым беттен тұратын эссені бір семестр, яғни 15 апта бойы жазып шығу деген жай бір болмашы нәрсе секілді көрінуі мүмкін. Бірақ осы жазылған эссені тексерудің талабы бар, талап бойынша біз тек орфографиялық немес стильдік қателерге ғана мән бермейміз, ондағы зерттеу әдісі, зерттеу сұрағы, өзге авторлар пікірін қолдануы, талдау жасауы, сыни пікірін білдіруі, құрылымын сақтауы сияқты толып жатқан күрделі мәселелерге көбірек басымдық танытамыз. Сол кезде студенттерміз біршама қиналады.

«Академиялық жазылым» ауызша пікір-сайысқа ұқсайды деуге болады. Онда бір пікірді дәлелдеп шығу үшін бірнеше ғалымдардың пікірін кірістіріп, нақтылап айтсаңыз жеңіске жетесіз. Яғни, айтқан сөзіңіз дәйекті болып шығады.. Әрине, біздің студенттеріміз ауызша пікірін жеткізуге шебер. Алайда жазу жағынан келгенде көп қиналады. Өйткені жазу ол қағазға түскен соң қайта өзгертілмейді және қателіктерін анық байқау үшін бірнеше рет қайталап оқуға болады. Демек, студенттер ойларын дәйекті түрде талдап, саралап, жүйелі түрде бере алады. Ол өз кезегінде мамандықтары бойынша пәндерді жан-жақты меңгеруіне ықпал етеді. Ал, өз мамандығы бойынша дұрыс білім бере алсақ, кез келген батыс оқу орнынан қалыспайтынымыз сөзсіз.   

- Мұндағы басты мақсат қандай? Нәтижесін қалай біле аласыздар?

- Егер біз студенттерге бір семестр бойы өз бетінше ізденіп, ой қорытып 1000 сөзді жазуды үйретіп шығатын болсақ, онда олар басқа пәндерден реферат, курстық жұмыс сияқты жазба жұмыстарын жеңіл жаза алатын болады. Қазір 1 курс студенттеріне соны үйретіп жатырмын. Мен әдетте студенттерге көбіне еркін тақырып беремін. Себебі олар кеше ғана оқуға түскендіктен өздерінің мамандықтары жайында көп нәрсені біле бермейді. Дегенмен, мамандығына сәйкес эссе жазатын тақырыпты өзі тауып келіп жатса, оны қолдаймын. Жалпы ұстаз – бағыт беруші. Ал оны алып кету шәкіртке байланысты.

Тағы бір айтарымыз, жазу мен ойдың қалыптасу үшін біз студенттерге рейтингісі жоғары журналдарды оқытамыз. Сондықтан бұл жағынан мен студенттерге «эсседе қолданылған әдебиеттер ішінде міндетті түрде рейтингісі жоғары мақалалалар болсын» деп талап қоямын. Әрине, «ағай, таппай жатырмыз» деп айтатындары да табылады. Ол меніңше, ізденістің жоқтығынан. Бастапқы кезде қиналғандары рас. Кейіннен үйреніп алды. Жоғары курстың білім алушылары төменгі курсқа көмектесуге әзір екендіктерін айтып, тіпті уақыттары болып жатса «Академиялық жазылым» пәніне қатысты клуб құрамыз деген ойларымен де бөлісіп жатыр.

Ең бастысы, мамандық бойынша негізгі пәнді жүргізетін оқытушыларға үлкен жеңілдік туындады. Олар берген тапсырма бойынша студенттер баяндаманы талапқа сай етіп жасауды, ойын дәйекті жеткізуді, жазба жұмыстарын талапқа сай жазуды, қажетті ғылыми әдебиеттерді қайдан табуды және қалай қолдануды толық меңгеріп алады.   

- Түсінуімізше, «Академиялық жазылым» пәні биыл оқу орындарыңызда екінші жыл өткізіліп жатыр...

. Дұрыс айтасыз. Биыл  пәнді екінші жылы жүргізудеміз. Пән жаңа болғандықтан біршама қиындықтар туындады. Студенттерге ғылыми бағытта эссе жазуды тапсырсақ, публицистикалық немесе әдеби бағытта жазып келеді. Себебі қазір эссенің өзін көбі дұрыс түсінбейді. «Академиялық жазылым» пәнін жүргізуді қолға алғалы оқу орнындағы осындай олқылықтармен күресуге тура келді. Сондай-ақ кейбір студенттер эссені шығармамен шатастырып жатады. «Шығарма» деген қазақтың жалпақ сөзімен айтқанда, ойдан шығару.  Мектепте оқушылар әдебиет және қазақ тілі пәні бойынша жазба жұмыстарын жазады. Әрине бұл пәндердің мақсаты оқушының тілдік қорын дамытып, оны орынды қолдануға үйрету және әдеби бағытта шығармалар жазуға дағдыландыру. Оқушылар осы пәндер бойынша емтихан барысында 2-3 сағат ішінде 250-300 сөзден тұратын эссені қиналмай жазып шығуды меңгереді.

Ал, «Академиялық жазылымда» жазылатын эссенің бағыты мүлдем бөлек. Бұл пәнде 1 немесе 3 сағатта эссе жазбайды. 1 семестр бойына 1000 сөз жазады. Демек, білім алушыда айтарлықтай уақыт бар. Әрбір студент өзінің пікірін, ойын дәлелдеп көрсетеді. Сөйтіп тұжырым жасайды. Олар  дәлелдерді нақты әдебиеттерден, интернеттегі сенімді дерек көздерінен орынды қолдана отырып жасайды. Демек, бұл пәнді оқыған студенттер жазба жұмысын жүйелі, әрі мақсатты түрде жаза алатын болады.

Қазір студенттер осы пәнді оқу арқылы ізденеді, зерттейді солайша рефератты, дипломдық жұмыстарды еркін жазуға бейімделеді. Дипломдық жұмыстары қандайда бір проблемалық сұрақты шешуге бағытталады, маман ретінде оны шешудің жолын ұсынады. Мұндай білімді мамандар сұранысқа ие болады. Бір қарағанда, барлығы да қарапайым нәрсе секілді. Алайда іс жүзінде жүзеге асыруға үлкен күш керек.

- Еділбай мырза, білімдегі ашық сұрақтарға жауап алдық деп ойлаймын. Ісіңізге табыс тілеймін!


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 350 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 607 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика