THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Ұлтымыздың жаны
болып саналатын баға жетпес аяулы тіліміздің шын мәнінде мемлекеттік тіл
ретінде тұғырын нығайту, оның бәсекеге
қабілеттігін арттыру және ең бастысы, елімізде тұрып жатқан барша
қазақстандықтардың еркін, толық қолданатын тіліне айналдыру - біздің ұлы мұратымыз. Біз үшін - ел тұтастығымен
қатар, тіл тұтастығы да өте қымбат. Қазақ тілінің қазақ жерінен, Қазақстаннан басқа
қанатын кең жайып, еркін тыныстайтын
Отаны жоқ.
Қазақ тіліне
мемлекеттік тіл мәртебесі 1989 жылдың 22-қыркүйегінде берілді. Бірақ ол мәртебе
қандай ауыр жолдармен келгенін тарих беттерінен көре аламыз. Бұл жөнінде аға
буын зиялылардың тіл туралы толғамдары мен күрестері жетерлік. Сондықтан да, Тәуелсіздік
пен Мемлекеттік тілдің тағдыры - қай кезде де үндес.
«Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды
және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен,
іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған
ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн», - деген екен
түрік елінің көшбасшысы Ататүрік. Демек, ұлттық кодты құрайтын маңызды
құндылықтардың бірегейі саналатын – тіл мәселесінің салмағы уақыт өткен сайын
ауырламаса, жеңілдемейді.
Қазақ тілінің
мемлекеттік тіл деңгейіне жетуінің өзі талай дүмпулер мен аласапырандардың нәтижесі
десек, қателеспейміз. Тіл мәселесінің төңірегінде қазақ тілінің жанашыры Шерхан
Мұртаза: «Айыр тіл жыланда ғана болады, ал адамда тіл жалғыз»,- деген
өткір сөздері халқымыздың ұранына айналып кетті. Бұл сөз қазақ тілі мен орыс тілінің
мемлекеттік істегі дәрежесін деңгейлестірмек болған кезінде айтылған еді. «Бұрынғы
Кеңес одағына қараған, қазір тәуелсіздік алған мемлекеттердің бірде-бірінде тіл
туралы біздегідей талас жоқ. Бәрінде де бір тіл, республиканың аты берілген
елдің тілі – мемлекеттік тіл. Оған ешқандай талас жоқ. Талас тек бізде ғана
бар. Талас шығарып жүрген Қазақстандағы орыс халқының қалың тобы емес. Халықта
жазық жоқ. Талас тудырып жүрген «жаворонок» сияқты саяси пәлеқорлар. Біздің
мемлекетте өмір сүріп жатқан басқа ұлттардың өкілдері қияңқылыққа бармайды» -
[3, 4] деді ол.
1995 жылы
Қазақстанның сол кездегі байшыкештері Президентке Ашық хат жолдады. Ол хатты
бірнеше басылым қуана-қуана бастырып
шыққанға ұқсайды. Сол кезде «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан
Мұртаза болды да, әлгі хаттың «Егеменде»
басылуына тиым салды. Мазмұны былай: «Мемлекеттік тіл қос тіл болсын, қос
азаматтық болсын, паспорттағы «ұлт» деген сөз алынып тасталсын, жер сатылсын,
т.б.». Міне, солардың кейбірі күні кешеге дейін жұртқа ақыл айтып, саясатпен
айналысып келді.
Ш.
Мұртаза «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, қашан да өз жұртының мүддесі
тұрғысынан биік мінбелерден жасындай жарқылдап терең ой айтты, ұзақ түндер
ұйқысыз отырып толғатқан шығармалары арқылы жұртының ой-өрісін көтеріп,
санасына сәуле құйды.
Қазақстан
өз тәуелсіздігін алған сәттен бастап елімізде жаңа қоғамның талаптарына сай
кешенді түрде мемлекеттік тіл саясаты жүргізіле бастады. Сөз жоқ, бұл бағытта
Қазақстанның ішкі-сыртқы жағдайлары тиісті ескеріліп, толығымен есепке алынды. Жазушының
белгілі «Бір кем дүние» атты ойтолғау, кемел шығармасындағы ана тілі туралы толғамдарына
тоқталайық.
«Гегель: «Өз ана
тілін менсінбейтіндер - өз ұлтын үш рет өлтіргендер» (орыс. «Трижды убивает
свою нацию тот, кто игнорирует родной язык») деген. Сол философ Гегель қазір
тірі болса, біздің Қазақстанның, өз Отанында,
айдың-күннің аманында өмір сүріп жатқан қазақтардың, әсіресе қала қазақтарының,
оның ішінде билік басында отырғандардың хал жағдайын білсе, әлгі айтқаны –
айтқан ба!.. Не деп айтарын, не нәрсеге
теңерін де білмей қалар еді-ау.
Қайран Гегель!
Сенің шәкіртіңбіз деп жүрген философсымақтардың өзі дәл қазір де ана тілін сен сияқты қорғай алмай, көкезу болып жүр-ау»,
- [1:88] деп философияның атасы Гегельмен
өзінше ойша тілдесіп, үлкен тебіреніске түседі.
Расында, ана тілінің дәрежесін терең
түйсінбей, оған салғырт қарау сияқты нәрселер қазіргі қоғамда да көптеп көрініс
алып жатыр. Неге екенін ойланып көрейікші.
Ұлы жазушы М.Әуезовтің өзі: «Ел боламын десең,
бесігіңді түзе!» - деді. Расында, ел болу үшін, ұлт болу үшін, ұлы болу үшін, ә
дегенде - бесігіңді түзе.
Бастапқы тәрбиенің
анасы – бесік, әрі-беріден соң, бесік ананың құрсағынан басталады. Сондықтан,
тілді игерту ата-анадан бастау алу керек. Әр азамат өзінің ұлт құндылығының
жанашыры ретіндегі рөлін терең түсініп, ұрпақ тәрбиесіндегі қызметін жете сезіну
керек.
Осылайша
тарихқа бір сәт көз жіберсек, қазақ тілінің мемлекеттік тілге айналу процесін
бағамдап өте аламыз. Халқымыздың біртуар азаматтарының ана тілі үшін күресі,
қазақ тілінің мемлекеттік тіл негізінде іргесінің бекуі көз алдымызда
кезең-кезеңімен бейнеленіп отырады.
Қазіргі
таңда мемлекеттік тіл мәселесі, оны оқыту жүйесі – өте маңызды, мемлекеттік
мәні бар мәселе болып отыр. Осыған байланысты мемлекеттік тілді дамыту, оның
мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейту кеңінен қолға алынып, нақты
ұйымдастыру шараларын жүргізу қажеттілігі күн санап артып келеді. Деңгейлеп оқыту
жүйесінің де қалыптасып, қазіргі кезде өзінің жемісін беріп жатқанын байқауымызға
болады.
Сонымен
қатар, қазақ тілін оқыту әдістемесін сөз еткенде өзге ұлт өкілдеріне қазақ
тілін оқыту мәселесін де қосып айтуымыз қажет. Себебі, орыс аудиториясына қазақ
тілін оқыту мәселесі – жан-жақты қарастырылып жатқан проблема. Әрі бұл мәселе –
тілдік коммуникацияның тікелей зерттеу объектісі.
Мемлекеттік
тілдің әлеуметтік-қатысымдық қызметін дамытуда
оның өндіріс саласындағы, ғылымдағы, халықаралық байланыстағы қолданылу аясының
кеңеюі білім алушылардың болашақ мамандығымен тікелей байланысты. Өйткені, ЖОО
аяқтайтын жас маман - елімізді дамытушы субъект. Сондықтан да, оның алдыңғы
қатарлы маман болуы елінің мемлекеттік тілін жоғары деңгейде білуімен
байланысты болады. Сондықтан да, мемлекеттік тілді үйретуде кәсіби бағдар бере
отырып үйрету – ең қолайлы әдіс.
Қазақ тілін оқыту –
қиын да қызықты жұмыс. Қазіргі кезде қазақ тілін оқытатын мамандарға қойылатын
жаңа талап - технологиялық әдістерді қолдана отырып, сапалы және терең білім
беру, олардың ойлау, көру қабілеттерін жетілдіру, уақытты дұрыс пайдалану, әртүрлі
әдістерді қолдану, сабақты мазмұнды да қызықты өткізу, мұғалімнің жеке басының
интеллектісін дамыту, өтілетін тақырып мазмұнын аша білу. Сонымен жеке тұлғаны
дарынды, білімді де білікті етіп шығару - мұғалімнің педагогикалық
шеберлігі.
Ұлы Абайдың «Тегінде
адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен
озады» - деген сөзі қай заманда да мәнін жойған емес. Озық ойлы білімді адамдар
өзіне ғана емес қоғамға да пайда әкеледі. Сол ілім мен білімді мемлекеттік тілді
өз деңгейінде игерген тұлға дамытса – нұр үстіне нұр.
Пайдаланған әдебиет:
1. Мұртаза Ш. Бір кем дүние. –Алматы, 1990. - 287 бет.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ