КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Осыдан бір ғасырдай бұрын Алаштың ұлы қайраткері Халел Досмұхамедұлы: «Елдің тілі бұзылуына, ең алдымен, оқығандар себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жолбасшы болады» деп үлкен көрегендік жасапты. Расында да, бүгін мемлекеттік тіліміз өзінің мәртебелі биігіне жете алмай жатса, бұған «айрықша үлес» қосып жатқандар осы оқығандар. Әлі күнге дейін жоғары лауазымды шенеуніктердің, ел ағасы болып тұтас халықтың алдына шығып, ақыл айтып жүрген белгілі тұлғалардың балалары, немерелері орыстілді мектепті, университетті бітіргендер немесе сондай мектептерде оқып жатқандар. Ең өкініштісі, қолында шені бар ағаларымыздың балалары түгілі өзі мемлекеттік тілді білмеуі.

Қазіргі қазақ үкіметінің басында отырғандар барлығы дерлік қазақтар. Жалпы, статистикалық мәліметтерге назар аударсақ, еліміздің тізгінін ұстаған, билік басында отырғандардың 97 %-ға жуығын өзіміздің қазақтар құрайды екен. Ал, оның 77 %-ға жуығы ғылым кандидаттары мен докторлар. Яғни, қолында шені бар ағаларымыздың үштен екісінің (жартысынан астамы) ғылыми атағы барлар. Бұл деректерден өте сауатты буын билік басында отырғаны анық мәлім болады. Ендеше, неге шенеуніктеріміз қазақ болу былай тұрсын, ғылыми атағы бола тұра осы уақытқа дейін мемлекеттік тілді білуге, мемлекеттік тілде сөйлеуге ықыластық танытпаған?! Тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы жылдары ел ағаларының мемлекеттік тілді білмеуінің негізгі себебін, КСРО-ның тілді жоюға бағытталған, халықты ұлтсыздандырып мәңгүрттікке айналдырған қитұрқы саясатынан көріп келдік. Ал тәуелсіздік алғалы бері өткен жиырма жылдан астам уақытта олардың мемлекеттік тілді үйренуіне ешкім кедергі келтірген жоқ. Талай тарихи оқиғалар болған осы уақыт ішінде шенеуніктеріміз ағылшын т.б. көптеген тілдерді меңгеріп алды да, ал өздерінің ана тілдерін үйренуге келгенде мұрын шүйіре қарауы ұлтсызданған санасындағы қитұрқы ойлардан хабар беріп жатқандығын білдіреді. Бұл ретте, неге қара халық емес, көптеген кітаптарды оқып тастаған, ғылыми атақтары бар ағаларымыз ағылшын тілін білу керектігін біледі де, мемлекеттік тілде сөйлеу керектігін баса назарға ала алмайды?

Мемлекеттік тілімізді қызғыштай қорып жүрген ақын ағамыз Мұхтар Шаханов: «Соңғы 70-80 жыл көлемінде қазақ халқы тек өз ішінен шыққан нигилистерден зардап шегіп келсе, бүгінгі таңда ұлт ретінде жойылуға бет бұруымызға да, негізінен, кінәлі басқа ұлттар емес, әлгіндей өз қандастарымыздың кертартпа іс-әрекеттері екені даусыз» - дейді. Расында, мемлекеттік тілдің дамуына зор тосқауыл болып отырған осы оқыған, қолында шені бар, мемлекеттік тілден басқа бірнеше тілді меңгерген, кертартпа, нигилист ағаларымыз екені бүкпесіз ақиқат. Балық басынан шіритінін ескерсек, елдің тізгінін қолына алып отырған шенді ағаларымыз мемлекеттік тілде сөйлегенде, қара халық ішінде мемлекеттік тіл әлдеқашан белсенді қолданыста болар еді. Мемлекеттік тіл әлдеқашан жұрттың құлағын қажап, жауыр қылғаны белгілі. Әрине, шенді ағаларымыз мемлекеттік тілді меңгеріп алғанда, қазақ тілінің қамын жеп жүргендер шырылдамас еді, ал бұл өз кезегінде халықтың құлағын жауыр қылмас еді. 

Қазақ халқының 40 пайызы қазақша білмейді деген дабыра сөзді билік басындағы шенеуніктеріміз жиі айтады. Алайда, бұл көрсеткіш мүлде шындыққа жанаспайды. Қазір елімізде тұратын өзге ұлттықтар мемлекеттік тілді біледі деп айтуға толық негіз бар. Олар мемлекеттік тілді түсінеді, біледі. Тек оны қолданатын мүмкіндіктер бола бермейді. Қазақстан халқының 70 пайызы мұсылман. Демек, республиканы мекендейтін 11-12 миллионға жуық азаматтар мемлекеттік тілді біледі деген сөз. Сонымен бірге, қазір қазақ тіліне мұрнын шүйіре қарайтын уақыттың келмеске кеткенін айтуымыз керек. Қазақстан халқы түгелге дерлік мемлекеттік тілді біледі, түсінеді, бірақ бар мәселе сонда - қолданбайды! Қолына билік тізгінін ұстаған ағаларымыз бен қолына азды-кем дәулет біткен кәсіпкерлеріміз, сонымен қатар шет тілдерін білетін, шетел көрген оқыған азаматтарымыз қазір қазақ болудан қашады. Қазақстанда тұрғысы келмейді. Қазақ болғанды намыс көретіндері де бар. Қазақша той жасаудан аулақ болып, Швейцария т.б. шетелдерде той жасап жатқан шенді ағаларымыз бұған мысал бола алады. Әрине, басына дәулет қонған бұл ағаларымыз қазақ тілінсіз де ақша тауып, байып жатыр. Мемлекеттік тілді білмесе де мемлекеттің биік-биік лауазымдарын иеленіп отыр. Ендеше, осындай жағдайы бар ағаларымыз мемлекеттік тілді қажетсіне ме?! Бұдан да, қазақ тілін қолданбаса да оны түсінетін, білетін өзге ұлттық азаматтар шенді шенеуніктерімізден мың есе жақсы.

Кеңестік тоталитаризм тұсында кең қанат жайып, Қазақстан егемендігі кезінде биліктің барлық саласына терең тамыр жіберіп, орнығып алған, тек бет-бейнесі қазаққа ұқсағанымен, бірыңғай орыс және батыс мәдениетімен ғана сусындап, өз ұлтының тіліне, дәстүр, салт-санасына менсінбей қарайтын осынау үлкен қауымды мемлекеттік тілде сөйлетсек, мемлекеттік тілдің жағдайы түгелге жуық түзелері анық. Мұхтар Шаханов ағамыз тағы бір сөзінде: «Әрине, «өз анаңды терең танып, сүю арқылы ғана өзге аналардың қадіріне жетесің» деген адами, ұлттық, философиялық қағидадан тыс «Мой дом не город, не улица, Мой дом – Советский Союз» деп ән сөзінде бейнелегендей, космополиттік рухта тәрбиеленген бұл буынның да өз трагедиясы өзіне жетерлік. Дегенмен олардың ішінде мәдениетіміз бен тарихымызға, әдебиетіміз бен өнерімізге, ғылымымыз бен саяси құрылысымызға терең бетбұрыс жасап, өздерінің қуатты дарындарымен еліміздің заңды мақтанышына, құрметіне бөленіп жүргендер аз емес. Ол жәдігерлерге қашанда үлкен сенім көрсетіп, қолдап, қорғап жүруіміз ләзім. Бірақ ел арасынан сайланып, ел атынан сөйлегенімен, төлқұжатында қазақ атауы жазылған халық қалаулыларының мемлекеттік тілді білуі, білмеуі мүлде есепке алынбағандықтан, кезінде бұл топтың Амангелді Айталы көтерген мәселе төңірегінде мемлекеттік тілге ұйымдаса қарсы дауыс беруі ұлт мүддесіне жаны ауырып жүрген адамдарды қатты түңілдірді» - дейді. Оқыған, еліміздің элиталы тұлғалары мемлекеттік тілге деген қарсылығы баяулады, дегенмен мемлекеттік тілді әлі күнге дейін қолданар емес. Мәселен, парламентке бір министрді, не бір шенді тұлғаны шақырып, депутаттарымыз депутаттық сауал жолдаса, соның жартысынан астамы ресми тілде жолданады. «Орысша сауал жолдасам жауап тез алам» деп ойлайтын көрінеді депутат ағаларымыздың көп бөлігі. Ал, кейде, қазақша сәлемдесу мен қоштасуды ғана білетін кейбір министрлеріміз парламент төріне шықса, депутаттық сауалдарымыздың түгелі дерлік орысша жолданады. Әрине, ол депутаттық сауалдардың ішінде «Министр, мемлекеттік тілді неге білмейсің?» деген сауал қойылмайтыны өкінішті жәйт.

«Тұйықтан шығудың бірден бір жолы – аталмыш ұлтсыздық, рухсыздық ағымға заң арқылы тосқауыл қою. Тым құрығанда, француздардың тілді қорлағандарға салынатын айыппұлының бестен бір бөлігін қолдану. Сонымен бұл сала – мүлде тың сала. Біз өз республикамызда тұратын барлық басқа ұлт өкілдерінің мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін өрістетуді қолдаймыз. Ал өз ішімізден шыққан «шалақазақ» нигилистерімізден ұлтты қорғау да дәуіріміздің басты міндетінің біріне айналуы тиіс. Бұл салада Президент, Парламент, Үкімет тарапынан да мүлде жаңа көзқарас, жаңа шешім талап етуге құқылымыз!» - деп оқыған, мемлекеттік тілден басқа бірнеше тілді білетін, қолында шені бар нигилист ағаларымызға мемлекеттік тілді үйретуді заң жүзінде бастау керектігін Мұхтар Шаханов ағамыз осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан. Сол уақыттан бері 8 жылға жуық уақыт өтсе де нигилист шенді ағаларымызға қатысты заң осы уақытқа дейін қабылданған жоқ. Әрине, заңды шығаратын да, қабылдайтын да нигилист ағаларымыз болған соң, ол заң қайдан қабылдансын?! Дегенмен, аз да болса қазақшасы түзеліп келе жатқан шенді ағаларымыз бар. Солар бірауыздан бірігіп, бірауыздан қарар қабылдаса ол заңға қол жеткізуге мүмкіндік бар. Бірақ, алтауы ала болса ауыздағы кететінін ескерсек, бұл мүмкін емес жағдай.

Егер, басқа елдердің үкіметіне, парламентіне көңіл аударып қарасаңыз, ұлттық мүддеден ажыраған шенеуніктерді шаммен іздеп таппайсыз. Мемлекеттік тілдері үшін, ұлттық мүдделері үшін парламентте болсын, басқа жерде болсын қырылып қалуға бар. Олар да бірнеше тілдерді меңгерген, алайда өзінің ана тілдерін ешқашан аяқ асты етпейді. Жалпы, шенеуніктері шектен шыққан жалғыз мемлекет біз ғана болсақ керек. Ендеше, қолында шені бар, оқыған, бірнеше тілді меңгерген, ғылыми атағы барлар мемлекеттік тілде сөйлей алмаса, қара халыққа жол болсын?!


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 317 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 587 0











31/05/2017 10:11

Бұлтартпас ақиқат
0 26542 0










14/06/2017 15:56

Фейсбукте
0 6472 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика