КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Соңғы мақалалар:

Әлемде ұлттығын сақтамақшы болған елдердің барлығы тілдерін дамытуды күшейтіп отыр. Қазір көптеген елде тіл мәселесі ұлттық саясаттың алдыңғы шебінде. Саны жағынан аз ұлттар алпауыт мемлекеттердің шығарған техникасы мен ғылымына тәуелденіп жатқан соң ағылшын, орыс, қытай тілдерін үйренуге мәжбүр болуда. Ақиқатында, әлемде жаһандану жалмап жатқаны рас.
Ақпараттық жиілік артып, жаһандану кез келген елде алдыңғы қатарлы мәселелердің біріне айналды. Онымен күресу бүкіл халықтың, әрбір азаматтың, әрбір ұлттың негізгі міндетіне айналып үлгерді. Бүгінде мемлекеттер мен мемлекеттер арасында үлкен бәсеке жүруде. Әрине, ұлт мықты болса ғана бәсекеде жеңіп шыға алады. Ал әлсіз болса, ұлт ретіндегі өмірін тоқтатады. Сол себепті, ұлттың тірегі болған тілді, ана тілдерін көптеген елдер дамытуды көздеп отыр.
Қазір әлемде 6 мыңнан астам тіл болса, алдын ала болжамдар бойынша, 2015 жылға дейін бүкіл әлемнің 50 пайызға жуығы бір тілде сөйлейтін болып шығады. Ал ғасыр аяғында 6 мың тілдің 10-ақ пайызы қалып, 90 пайызы жойылады-мыс. Дамыған елдердің лингвистері осындай мәліметтер келтіреді. Әрине, мұның бәрі болжам. Көптеген ұлттар бұл деректерді естігеннен соң тілдерінің бұлай жойылып кетуіне тосқауыл қоятыны белгілі. Бұл ретте, «біздің қазақ тілінің жағдайы не болмақ?» деген сауал ойға оралады.
Қазақ тілі – әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Мұны әлемнің көптеген тілші-ғалымдары мойындайды. Сөздік қоры жағынан ең бай араб тілі болып, бұл тілдің сөздік қоры 1 миллион 200 мың сөзге жетеді екен. Ал екінші орынға ие ағылшын тілі 750 мың сөздік қорды құраса, үшінші орында 500 мыңнан аса сөздік қоры бар қазақтың тілі алдыңғы үштікте тұр. Міне, осындай бай тілімізді жаһандану жұтып кетсе, оның обалы қазаққа болса керек. Бүгінде қазақ тілінің күрмеуі көп шешілмеген көптеген мәселелері күн тәртібінен түспей келе жатқаны жанымызға батады.
Жер бетінде үздіксіз процестер жүріп жатқаны жасырын емес. Лингвистер осы аптаның ішінде, не осы айдың ішінде, не осы жылдың ішінде қандай тілдер жоғалатынын, жоғалып жатқанын нақты айтып беріп жатыр. Мәселен, орташа есеп бойынша 2 аптада бір тіл жер бетінен жоқ болады екен. Бұл деректерден жаһанданудың өте қауіпті екенін аңғаруға болады. Америка ғалымы Самюэль Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» атты саяси трактатында, болашақта жаңа мемлекеттер мен тілдердің пайда болуын жазыпты. Онда жер бетінде тек империалық тілдер ғана қалатынын ескертіпті.
Империалық тілдерге, негізінен кем дегенде 100 миллионнан артық сөйлеушісі бар тілдер жататыны анық. Бұл ретте сөйлеушілері көп әлемнің алдыңғы шебінде тұрған Ағылшын, Француз, Орыс, Испан, Қытай, Араб тілдері сөзсіз сақталып қалатыны белгілі. Ал, сонда бар болғаны 10 миллионға жетер-жетпес сөйлеушісі бар қазақ тілі жойылып кетпек пе? Ал, түркі халықтарының ішінде сөйлеушісі ең көп түрік тілінің өзі жүз миллионға жетпейді екен. Мұнымен, түркі тектес халықтардың тілінің бәрі жойылмақ па?!
Өзбекстанның профессоры, «Орта түрік тілі ғылыми-зерттеу» институтының директоры Бақтияр Кәрімов түркі халықтарына ортақ тіл керек екенін көптен бері айтып жүр. Бұл профессордың жобасы бойынша, ортақ тіл түркі тілінің негізінде жасалуы керек. Ол негіз қазақтың тілінде көбірек сақталған екен. Қазақ тілінің 60 пайызынан астамын осы көне түркі сөздері құрайтынын көп тілші-ғалымдар айтады. Қазақтың тілі түркітектес тілдердің ішінде ең тазасы екенін де мойындайтындар көп.
Қазақтың ақылға жүйріктігі, қаны, тілі, тазалығы әлемнің кәдесіне жарап жатыр. Жарай да бермек, егер біздің жақын көрші, туысқан түркілердің тілегі мен мұраты, ниеті мен мақсаты бір жерден табылса. Қаймана қазақ жақынын жат, досын дұшпан етіп көрмеген халық. Осындай асыл қасиетінің кезекті жемісі «Орта Азия елдері одағы» және «Түркі тілдес елдердің ынтымақтастық кеңесін құру» болатын. Қолдаушылары да, құлақ қақпай қырын қарап кеткендері де, қарсы келіп, күмән ойлап, сан-саққа жүгірткендер де шығып жатыр... 
Түркі тектес халықтардың барлығы былай тұрсын, бүгінде бір-бірімізбен көрші болып табылатын Орта Азия елдерінің өзі ынтымақтық қарым-қатынаста саясат жүргізбей жатыр. Мәселен, туысқан болып саналатын өзбек пен қырғыз халықтары бір-бірін жойып жіберуге бар. Ал, қазақ пен өзбек арасы еш жараса қоймады. Өзбектің саясаты бір басқа, қазақтың саясаты мүлде басқа... Әрине, осыдан бір ай бұрын Өзбекстан президенті И.Каримов достық ниетте елімізге келгені бар. Дегенмен, екі ел арасындағы стратегиялық кездесу экономикалық жағынан әрі аса алған жоқ. Рухани, мәдени байланыстар туралы ешқандай келісімшарт жасалмады.
Ал, Орта Азиядағы түркі халықтарының бірі болып саналатын Түркіменстанға келсек, ол өзімен өзі әлек. Әрине, бүгінде ұлттық саясатқа бұл ел өте мән беріп жатқанын ресми ақпараттардан естіп жатырмыз. Дегенмен, жалғыз іске кірісу нәтижеге қол жеткізбейді. Түркі халықтарының, оның ішінде Орта Азия елдерінің бірігетін кезі әлдеқашан келді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «рухани саладағы дағдарыс», «вакуум» деген сөздерді айтқаны бар. Жаһандану заманы жүріп жатқан бүгінгі күн үшін, вакуумды жару үшін бірігу, бірлікте жұмыс істеу идеялары керек екені ақиқат. Әрине, ол идеяларды сөз жүзінде емес іс жүзінде көрсету де заманның талабы болып отыр. Мәселен, Еуроодақтың бірігуі туралы идеяны алғаш көтергендердің бірі - Виктор Гюго. Оны ақын, жазушы, тарихшы ретінде әлемнің бірнеше елі таниды. Ол, сонымен қатар, мықты саясаткер де болған. Оның хаттары мен жазбаларында, түбі Еуроодақ пен АҚШ бүкіл әлемді билеп отырады дегенді 1840 жылдың өзінде айтып кеткен екен. Бүгінде оның айтқаны дәл келіп отыр. Шын мәнінде, Еуропаның дамыған елдері мен АҚШ бүкіл әлемді басқарып жатқаны жасырын емес. Ендеше, біз де болашағымыз кемелді, ұлттығымыз сақтаулы, тіліміз дамыған ел болу үшін бүгіннен бірлікті қажет ететін ұлы идеяларды іске асыруға кірісейік...

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз