КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Соңғы мақалалар:

«Қазақстан – толық мағынасында көпұлтты мемлекет. Бұл - бұлтартпас ақиқат» дейді бірде елбасымыз Нұрсұлтан Назарбев Қазақстан Халықтары Ассамблеясында сөйлеген сөзінде.
Қазақстан -көп ұлттардың өкілдері тұратын мемлекет. Оны мойындаймыз. Тарихтың беттерін парақтайтын болсақ, Қазақстанға Кеңес Одағы тұсында 800 мыңға жуық немістер, 18,5 мың кәріс отбасылары, 192 мың поляктар, 507 мыңға жуық Солтүстік Кавказ халықтары жер аударылады. Сол тұстағы қатаң қитұрқы саясаттың кесірінен қазақ жеріне орыстар, қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар және т.б. ұлт өкілдері күшпен көшірілді. Өзге ұлттықтар есебінен республика халқының саны сол тұста 1 млн 500 мың адамға ұлғаяды. Сонымен қатар, соғыс жылдарында Қазақстанға 350 мың адам эвакуацияланды. Тың және тыңайған жерлерді игеруге тағы да 150 мың адам келді. Бұл басқа да жұмыс күшін тарту мен табиғи көші-қонның әсерінен қоныс аударғандарды қоспағандағы есеп-қисап.
Біздің еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттардың рухани, мәдени құндылықтарын сақтауға ерекше назар аударды. Ұлттарды жоюға, қазақиландыруға алып баратын саясат жүргізілген жоқ. Әрине, мұны қазақтың қонақжайлылығы, жуастығы ретінде баға беріп жатқан сарапшылар болды. Бірақ, бұл процестердің барлығы тек ел тыныштығын сақтау мақсатында жасалғанын айтып өтпеске болмас. Ел тыныштығы биліктегілерге қажет болды. Әлемдік тәжірибеде ел тыныштығы бұзылған, көрінген нәрсеге митингтер жасап, талабы күшейген халықты басқару өте қиын болатынын билік басындағылар жақсы білді. 
Қазақстан көп ұлттың өкілдері тату-тәтті тұрумен қатар, көп конфиссияның мекені. Біздің елімізде 130 ұлттың, 46 конфиссияның өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Республика халқының 60-тан астам пайызын құрайтын мұсылмандармен қатар православие, протестант, буддизм, католик және т.б. әлемдік діндердің өкілдері тұрады. Мемлекет басшысы: «Көпконфиссиялылықтың өзі біздің қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға ықпал ететін негізгі фактор. Өйткені барлық діндердің негізінде іс жүзіндегі бір ғана адамгершілік принцип жатыр. Ол: адамға деген сүйіспеншілік, адасқан жандарға кешіріммен қарап, дұрыс жол көрсету, пікір алуандығына сабырлылықпен қарау» - дейді. Дегенмен, президентіміздің бұл пікірі ұзаққа бармағаны соңғы жылдары белгілі болды. Елімізде дін мәселесі тым шиеленісіп кетті. Әртүрлі діндерді жақтаған экстремистер елімізде қаптады. Былтырғы экстремистік фактілер бұған дәлел.
Өз мемлекетінің тамаша жетістіктерін мақтаныш тұту патриоттық сезімнің элементтері екені рас. Мемлекет дегеніміз тек қана белгілі бір аумақ пен шекара, заң мен экономикалық құрылымдардан ғана тұрмайтыны белгілі. Мемлекет – сол елдің заңын орындайтын, сол елдің экономикасының өсуіне атсалысуымен қатар, мемлекеттік тілін білетін, оны құрмет тұтатын және сол тілде сөйлейтін қоғам екені де шындық. Өйтпесе мемлекет мемлекет болудан қалады. Кез келген ұлттағы адам болсын өзінің туған еліне, туған жеріне тікелей қатысы барын әрдайым сезініп, өзінің тағдыры елінің тағдырымен бір екеніне көз жеткізуі үшін де мемлекеттік тілде сөйлеуі шарт.
Бүгінде Қазақстанның экономикасының ЖІӨ адам басына шаққанда 9 мың доллардан асып, 12 есеге өсті. Әлемдік тәжірибеде бар болғаны 20 жыл ішінде ешқандай ел мұндай жетістікке жетпегенін президентіміз мақтанышпен айтқан болатын. Оның үстіне, еліміз ТМД елдерін баса озып, халықаралық рейтингте 50-ші орынға ие болды. Қазір Қазақстан халықаралық резервтер деңгейі бойынша дүниедегі алғашқы 50 мемлекеттің қатарына кірді. Мұның бәрі мемлекетіміздің жетістігі. Алайда, неге екені белгісіз, мұндай қуанышты жетістікті халқымыз қуанып қабылдай алмай жатыр. Мүмкін, әлемдік тәжірибеде мемлекеттік тілді дамытуды ешқандай ел 20 жылға созбағанын біліп, біздегі мемлекеттік тілдің жағдайы көп адамның жанына батқан шығар?!...
Қазір еліміздегі барлық этностардың тілін, мәдениетін дамытуға барлық жағдайлар жасалуда. Бұл бұлтартпас ақиқат екені еліміздегі өзге ұлттардың жағдайынан айқын білуге болады. Мәселен, республикада 100-ден астам түрлі ұлттың мектептері, 170 жексенбілік мектептер бар. Сол мектептер 23 ұлттың тілінде білім береді. Ұлттық тұрғыдан білім беретін үш мектепте 12 этностың тілінде оқытатын 29 бөлім жұмыс істейді. Сондай-ақ, 6 тілдегі ұлттық театрлар жұмыс істейді. Яғни әрбір этнос өзінің тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтауға қақылы. Оған ешкім де бөгет болып жатқан жоқ. Дегенмен, жоғарыда келтірілген мысалдағы мектептердің көбісі бәсекеге жарамды ұрпақ тәрбиелей алмай жатқаны белгілі. Мәселен, өзбек тілді мектепті бітіріп шыққан оқушы өзбектілді университетке түсуіне мүмкіндік жоқ. Себебі, елімізде өзбектілді ЖОО мүлде аз. Оны бітіріп шыққанның өзінде, өзбектілді кадрлар елімізге мүлде қажет емес. Бізде тек қазақтілді және орыстілді кадрлар ғана мойындалады. Сол сияқты т.б. ұлттардың тілі, шын мәнінде, еліміз үшін түкке де қажеті жоқ. Сол себепті, орыс тілінен басқа тілді ұлттарға таңдау жасалынады: не қазақ тілі, не орыс тілі.
Еліміздегі ұлттарды біріктіретін, оларды бірлікте жұмыс атқартатын негізгі фактор мемлекеттік тіл екенін көпшілік зиялыларымыз айтып та жүр. Мәселен, басқа елдерде ұлттар мен конфиссияларды жақындастыруда мемлекеттік тілдің маңызы ерекше екенін күнделікті тәжірибелерінен біліп жатырмыз. Алайда, еліміздегі ұлттардың бір тіл айналасында топтасуын орыс тілі үнемі бұзып келген. Мемлекет басшысы Қазақстан Халқы ассамблеясының бесінші құрылтайында-ақ еліміздегі барлық ұлттар мен халықтардың мемлекеттік тілді меңгеруі қажеттігін атап айтты. Бірақ бұл үрдіс бірте-бірте ерікті түрде жүзеге асырылады деді. Дегенмен, жиырма жылдан астам уақыт ішінде, тым болмағанда солай бірте-бірте ерікті түрде жүзеге асырылғанда мемлекеттік тіліміздің мәселесі әлдеқашан шешіліп қойған болар еді. Бүгінде бірте-бірте еріксіз түрде үш тұғырлы тіл саясаты жүргізіліп жатыр.
«Қазақстанның барлық азаматтары мемлекеттік тіл - қазақ тілін меңгеруге міндетті, бірақ бұл жерде басқа этностардың құқықтарын бұзбауымыз керек. Тіл үйренуде адамдардың әртүрлі қабілеті, жас мөлшері, мүмкіндіктері ескерілуі тиіс!» - деген болатын президентіміз Н.Назарбаев Қазақстан Халқы ассамблеясының 16-шы құрылтайында. Керісінше, еліміздегі өзге ұлттықтардың құқығы бұзылып жатыр емес пе? Өйткені, кез келген ұлт сол елдің мемлекеттік тілін білуге міндетті ғой. Ал біздің билік өзге ұлттықтардың сол құқығынан айырып жатыр. Ал президентіміз сол кезде: «Біз украин тілінің жолымен жүрмейміз. Біз - басқа халықпыз. Қазақтар өз ана тілінің, мәдениетінің болашағына алаңдап, қазақша сөйлейік десе, өзгелер мұны ұлтшылдық деп қабылдайды. Бірақ менің ойымша, ешкім де тіл үйренуге күштеді, зорлады деп қазақтарды айыптай алмайды» - деп сөзін жалғастырады. Президентіміз өте дұрыс айтады. Мемлекеттік тілді қолдап, оның сөзін сөйлеген адамдарды ұлтшыл деп айыптауға еш болмайды. Себебі, мемлекеттік тіл тек қазақ халқының тілі емес, сонымен бірге еліміздегі 129 ұлттың қарым-қатынас жасау тілі.
Қазақстанда қостілділік саясат еліміздің дамуына кері әсерін беріп, бүгінде еліміздегі 16 миллион халықты қазақтілді және орыстілді деп бөлуге алып келіп отыр. Соның нәтижесінде, біздің қоғамда көптеген шиеленістер болып жатқаны жасырын емес. Мәселен, Алматы қаласында жыл сайын өтетін митингтердің дені қостілділікті жою, мемлекеттік тілге басымдық берілуі үшін өтетіндігін байқап жүрміз. Одан бөлек, орыстілді ақпарат қүралдары қазақ тіліне қарсы шығатын, ал қазақтілді ақпарат құралдары орыс тіліне қарсы шығатын материалдар жариялауы елдің қос екіге айырылып бара жатқанын көрсетеді. Ал бірлігі жоқ мемлекеттің күні қашанда қараң. Теңдей екіге айырылып бара жатқан мемлекетте жиі қақтығыстар да болып тұрады. Ал, қазір бұл шиеленісті, бұл бөлінушілікті ескермей «Үштұғырлы тіл» саясатын жүргізіп жатырмыз. Мұның ақыры елдің үшке бөлінуіне алып кеп соқпауына билік кепілдік бере алмайды.
Жер бетіндегі үлкенді-кішілі соғыстардың, дау-жанжалдардың тұтануына этникалық және конфиссиялық мәселелер себеп болып жатқанын күнделікті хабарлардан естіп жатырмыз. Бұл бағытта Қазақстан қоғамы бірауыздан қолдап, қабылдаған «Ел бірлігі» доктринасын қабылдағаны есімізде. Осы құжатта: «Ұлт бірлігі доктринасы - халықтың, уақыт талабына сәйкес, бірігу қажеттігін түсінуіне негіз болады. Бұл - бізді қандай күш біріктіреді және біртұтас етеді - соны түсінудің тәсілі. Бұл - болашаққа бірігіп ұмтылудың серпіні. Доктринаның қажеттілігі өмірдің өзінен, біздің жалпы тағдырымыздан, тарих логикасынан туындап отыр. Өйткені бірліксіз - Ұлт жоқ. Ұлтсыз - мемлекет жоқ. Ал мемлекетсіз - болашақ жоқ» - деп жазылған жолдар бар. Ендеше, біздің халқымыздың күші тек бірлікте екенін білсек, ол бірлікті сақтайтын, елдегі барлық ұлтты бір қазанның басында тоғыстыратын ортақ тіл болуы керек. Ал, ортақ тіл – мемлекеттік тіл екенін ұмытпағанымыз жөн.
Мынадай бір қызық дерек келтірейін, 1992 жылы қазақтар ел халқының 40%-ын құрайды. Әрине, ол уақытта орыс тілінің күші басым болғандықтан, елімізде қостілділік саясаты енгізілді. Алайда, тіл туралы заң қабылданған 1997 жылы қазақтардың саны 52 пайызға жетеді, ал бүкіл қазақстандық санақ өткізілген 2009 жылы қазақ халқының саны басым санға ие болып, 63,5 пайызға жетеді. Осыдан байқайтынымыз, қазақ халқының саны тәуелсіздік алған жылдан бері 23 пайызға артқан екен. Ал кезінде 38 пайызға ие болып, қазақтардан кейін екінші орында болған орыс ұлтының үлес салмағы қазіргі кезде жалпы халықтың 23,07 пайызын ғана құрайды. Бұл жылдан жылға еліміздегі орыс ұлтының азайып бара жатқандығын білдіреді. Сонымен бірге, негізгі тілдері орыс тілі болып табылатын украин, неміс, беларусь сияқты ұлттардың Қазақстандағы саны олардың тарихи Отандарына көшу есебінен бірнеше есеге азайды. Оның есесіне, көп бөлігі қазақ тілін білетін, қазақ тілінде сөйлейтін түркітектес ұлттардың саны жылдан-жылға арта түскені байқалады.
Ал, мына мәліметке назар аударсақ, 2009 жылғы санақ нәтижелері бойынша, орыстардың 25,3 %-ы, украиндардың 21,5 %-ы, поляктардың 20,9 %-ы, беларусьтердің 19 %-ы, немістердің 24,7 %-ы қазақ тілін түсінеміз деп жауап берген екен. Яғни бүгінде еліміздегі еуропалық ұлттардың 1 065 264 өкілі қазақ тілін еркін түсінеді деген сөз. Бұған қоса, осы санақ барысында 7,9 пайыз немістер, 6,6 пайыз поляктар, 6,3 пайыз орыстар, 5,2 пайыз украиндар, 4,8 пайыз беларусьтер қазақ тілінде оқи аламын және жаза аламын деп жауап беріпті. Қазақстандағы түркі халықтарының 63 пайызы қазақ тілінде оқи аламын әрі жаза аламын деген көрінеді. Ал, өз ұлтымызға келетін болсақ, осы жылғы санақта қазақтардың 98,4 пайызы қазақ тілін еркін түсінемін десе, солардың ішінде 93,2 пайызы ана тілімізде оқи аламыз және жаза аламыз деп жауап берген.
Бұлардың бәрі ресми деректерден алынған. Елімізде он алты миллион халықтың басым бөлігі мемлекеттік тілді білетіні расталып отыр. Тек олардың мемлекеттік тілді қолдануына заң кедергі. Яғни, «орыс тілі – ресми тіл, ол қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылады» деген тармақ. Егер, осы тармақты алып тастағанның өзінде, орыс тілі ресми тіл статусынан айырылғанның өзінде халықтың 80%-дан астамы мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасап, жұмыстарын мемлекеттік тілде жүргізуіне толық сенім бар. Бұл – бұлтартпас ақиқат... Ендеше, не күтіп отырмыз?!

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз