КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


«Абайды оқы, таңырқадан», «Абайды оқы, орында!» дегенге көшер кез келдi


 1. Өсек 

 «Бес нәрседен қашық бол» деген данышпаныңыздың бес дұшпанын бес саусақтай бiлмек жөн. Олар: өсек, өтiрiк, мақтаншақ және бекер мал шашпақ.

Қазағыңыздың қаны таза, тегi асыл, шынайылығы басым, уәдеге берiк, сөзi мен iсiнiң арасында алшақтыққа жол бермейтiн өзгеше жұрт екенiн, басқаларды былай қойғанда, он жетiншi ғасырыңыздағы орыс-орман зерттеушiлерi де зерделей келе мойындауға мәжбүрленген. Қырғыз-қайсақ, қара қырғыз, өзбек және сарт дейтұғын жұрттарды салыстыра отырып сипаттама бергендердiң талдамалары осылай ой қорытады.

Таңғаласыз тiптi. Сонда Абайыңызды азапқа буған кесел-кесепаттар қайдан пайда болды? Дерттер қалай дендеген? Әрине, басқыншылықтың, отаршылықтың ойрандары, алпауыттардың аярлық саясаты, аз ұлттарды бiр-бiрiне айдап салып, бiрiн-бiрi жойып жiберуiн көздеген, ұлттық уыздарға у құйып, жүз-жүздердiң, ру-рулардың, тайпа-тайпалардың арасына iрiткi сеуiп, өздi-өзiн iштен кемiрiп жеп тынуына жетпек мақсаттағы тынымсыз жымысқылығы мен тiмiскiлiгi қайран қазағыңыздың да қадiрдан қасиеттерiн жүндей түтiп жұқартқан. Орыс ойрандап, қалмақ қағынып, қоқан қоқаңдап, қаншама жыл билеген. Жағымпаздық, жандайшаптық, опасыздық, сатқындық, арызқойлық аурулары обадайын ойсыратқан.

Осылайша өсек дейтұғын iндет те iшiңiзге кеулей кiрiп, iндете жайлаған. Жағымпаздық пен жандайшаптық және сатқындық үшiн де өсек дегенiңiз өзгеше құрал едi. Қайсақ, қассақ – қазақтың қан тазалығы, тектiлiгi сақтала тұра құлық-қылықтары мен мiнез-машықтары мұқым-мүлде сансыраған сипаттарға көшiп үлгердi. Сөзiнiң де, өзiнiң де қадiрi кете бастады. Сөзi мен iсiнiң арасы алшақтап, сана сапасындағы қара дақтар қабынды. Өсек өршiдi. Ғайбат қағынды.

Адамзаттың Абайы өсек дейтұғын дұшпаныңыздың әбден басынып, басқа шығып тайраңдаған тұстарында өмiр кештi. Адамдықты ту етiп көтерiп, надандықты ашық әшкерелемек мақсаттағы, ұлтын ұлағаттандырмақты мұрат тұтқан хакiмiңiздi көре алмаған, бақкүндес болған жанындағы жақын надандар да, алыс адамдар да өсектi қару ретiнде қараулықпен қолданды. Абайыңызға қарсы. «Өздерiнiң ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуiлдегi бар ма, дүрiлдегi бар ма – сонысынан дүниеде ешбiр қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, егер сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңiлi, не көзi алаңдап отырады», дейдi Абай. Көңiлi мен көзi алаңдап, сөзiңiздi түгел тыңдап тұра алмайтындарға кенет өсек соғыңызшы. Қалай құлақ қоймас екен?! «Өзi пәле шығаруға пысық, я сондайлардың сөзiн «естiгенiм», «бiлгенiм» деп елге жайып жүрiп, ырбаңдауға пысық өнерлiлерге қосылғандай көрiнедi», дейдi Абайыңыз. Өсектi – өнер деп ұғатындарды әшкерелей отырып, ырбаңшылдар мен ыржаңшылдарды қайталай жазуында, қара-сөздерiнде ғана емес, өлеңдерiнде де: «Тасыса өсек; Ысқырта кесек – Құмардан әбден шыққаны» дегендейiн жолдардың еселенуiнде мәнiс көп.

Алаш ардақтысы, рухани реңiмiздi үнемi кiргiзiп тұратын титан тұлғамыз Ахмет Байтұрсынұлы да кезiнде осы өсек пен ғайбаттан күйiп жүрiп бүй деген: «Қинамайды абақтыға жапқаны; Қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрiнен; Өз ауылымның иттерi үрiп, қапқаны». Өсек «өнерi» өршiген, өршелене үрген, ұлтты үрегейлендiрген отаршылдық жүзжылдықтары, тоталитарлық жетпiсжылдық, әдейi жасалған ашаршылықтар, репрессиялық-саяси қуғын-сүргiндер, өзге де запыранды зобалаңдар артта қалды. Деймiз. Алайда, Абай айтқан дұшпанды дос тұтып, өсекке өзегiмiздi суырып берерлiктей болатұғынымыз, ешқашан ажырағымыз келмейтұғыны нелiктен екен?! Бүкiл болмысынан, әрбiр әрекетiнен Алаш мұраткерлерiнiң ерендiктерi анық-айқын аңғарылатұғын Асанбай Асқаровыңызды да қорқау қоғамыңыздың қарау ниеттiлерi өсек-ғайбат пен өтiрiк арыздың құрбанына айналдыра қорлап, төрт жарым жыл түрмеге қаматып қойды.

Өсектi өнерге балайтын, өсектен өзгенi тыңдағысы келмейтiн, өсек iздеп «не көңiлi, не көзi алаңдап отыратын» кесел-кесепат келешектi кесетiнiн, кесе-көлденеңдейтiнiн сезе тұра сезiнбейтiнiмiз һәм нөмiрi бiрiншi дұшпаннан безiнбейтiнiмiз қалай?! «Сағындым, жаным, мен сенi! Көркiңдi жүрген қуаныш қылып, мендей ме екен бар ағаң? Шын iнiм болсаң, бас бұрма, жаным, өсек-ғайбатқа бораған», деп шырқырай шарқ ұрды-ау қазақ поэзиясы теңiзiнiң ақ шағаласы Айбергенов Төлеген. Апырай, дейсiң аң-таңдана. Айбергеновтейiн ақжүрек ақыныңыздың айналасында да өсек-ғайбат борапты-ау. «Мына менде дос жоқ», деп жазды қазақ қарасөзiндегi қайталанбас шайырыңыз, көркемдiктiң кербұғысы Оралхан Бөкейiңiз. Ойпырай, дейсiң опынып. Төлеген-таланттың төңiрегiнде бораған өсек-ғайбат адамсүйгiштiгi һәм алашсүйгiштiгi алабөтен аймүйiзiңiз Оралханды да орағанын қараңызшы. Айтпақшы, «Ақында адамзаттан дос болмайды» дегендi алашшыл асылыңыз, ерен есiлiңiз Мағжан Жұмабаев та айтып кеткен.

Мына бүгiнiңiзде ел өзгерген. Жетiлген. Өскен. Көп-көп жақтарынан. Қазағыңыз мұндай мерейлi мемлекеттiк белестерге шығып көрмеген. Биiк беделдердi иемденбеген. Сонда да өсек-ғайбат етектен тартады-ай.

 

2. Өтiрiк

 Бiздiң бiр апатайымыз болды. Марқұм қызық кiсi едi. Адамдарды бiр-бiрiмен жақындастырып, ұрысқандарды татуластырып жүретiн. Сол апай: «Зияны жоқ, залалы тимейтiн өтiрiктi сықпыртып соға берiңдер, кешiрiледi», дейтiн. Өзi өтiрiктiң зиянсыздарын заулатып, жиi-жиi қайталай беретiндiктен, кейбiреулерiн шындай көрiп, сенiп қалып, әжептеуiр әлекке түсiп әуреленетiн.

Бүгiнде сумақай суайттар көбейген. Өтiрiктерi зиянсыз болса, мейлi ғой. Жалғаншылдық, жылпостықтары жаман. Көрiп-бiле тұра кешiрiммен қарауға мәжбүрсiз. Мұхаммед пайғамбарыңыздың (с.ғ.с) хадистерiнде: «Кешiре бер, кешiрiмдi бол. Кещелер кешiрмесе де, кешiре бiл» дегендейiн аманаттар аз емес. Қазiргi қаптаған өтiрiкшiлерге де осы тұрғыдан қарамаққа ұмтыласыз, әрине. Алайда, аурулары алқынғыш-ақ. Бықсық пен былапытқа оранған өтiрiк өртше өршидi. Бықсықтар өтiрiктiң өзiне айналып алады. «Өтiрiк-өсек» дейтұғын ЖШС құрып, соның сойылын соғатындай сезiледi.

Бықсыма-былапыт өтiрiктер белең алған жерлерде жақсыларыңыз бен жайсаңдарыңызға жала жабылып, адалдарыңыз бен абзалдарыңызға күйе жағылады. Бықсыған өтiрiк, қаулаған қауесет, жалған ақпарат жасап шығарудың жымысқы жолдары өте көп. Бықсыған өтiрiктер мен өсектер бықсыма пиғылдан быжынайды. Бықсық адамдарда, сусыма суайттарда бықыған бәле-бәтiрлер көп болады. Олар әңгiмелерiне де, әрекеттерiне де алдау қоспай, аярлық араластырмай, бықсытпай жүре алмайды. Өмiр салттары солай. Өтiрiктi өзгеше пайдаланып, табыс табады, бизнеске айналдырады. Ондайлар шындықты, адалдықты, абзалдықты, iзгiлiктi, әдiлдiктi жақтырмайды, тiптi жеккөредi. Шын таланттылар мен дара дарындыларды көре алмайды. Жау тұтып, жауыздық жасайтыны да осы себептен шығар.

Оны айтасыз, бүкiл байтағыңыздың, ел-жұртыңыздың, мемлекетiңiздiң жасампаз да жарқын жақтары өтiрiкпен өреленген бықсымаларға онша ұнай қоймайды. Iштерiн үнемi қызғаныштың қызыл итi тырналайды. Елдiң бақ-берекесiн де, бiреудiң байлығын да, барлығын да, бiлiм-бiлiгiн де, еңбекпен қол жеткiзген жеңiстерi мен жемiстерiн де қызғанады. «Өзгенiң қуанышына өз қуанышыңдай қуану – адамның ең қымбат қасиетi» деген ниетi мөлдiр қаламгер Немат Келiмбетовтiң қағидасына жымысқы жалғаншылар жауыға қарайды. Жасырмайды және оларын. Қуанса да өтiрiк қуанғансиды. Жалған жымияды. Өтiрiк жылайды. Өтiрiк құттықтайды.

Көп-көп жағдайда жалғыз ғана жалғаншыңыз, бiр ғана бықсыма өтiрiкшiңiз бүкiл бiр отбасын, бүкiл бiр әулеттi, ұжымды немесе ұйымды ғана емес, айнала-ауылыңызды, көше-көлемiңiздi, тұтас аймағыңызды, тiптi түгел өңiрiңiздi бықпырт тигендей бүлдiрiп, былғауы бек бәлкiм. Бықсыта берсе. Өтiрiктi өрiстете өжеңдетсе. Себебi сол, өтiрiк пен өсекке, бықсыма былжыраққа иланатындар көбейген. Жалғандыққа жаппай құлақ қоятындар еселенген. Өтiрiктiң өңмеңдеу өзгешелiгiн, жылпостықтың жандайшаптана шапшуын кей-кейде кәсiбилiктiң, кәсiпкерлiктiң көрiнiстерiндей, осы заманғы пысықтықтың белгiлерiндей бағалаушылық жиi кездеседi. «Өтiрiктi шындай, шынды Құдай ұрғандай» етiп бағатындарды, алаяқтарды, пайданы ғана көздейтiн пысықайларды көре тұра, бiле тұра «бәледен аулақ», «бетпақтан жырақ», «машайықтан қашайық» дейтiндерiңiз де ып-рас. Беттерiне басуға бетпақтығыңыз жетпес. Шындықты шыжғырмаққа жүрек шiркiнiңiз шыдамас. Сондықтан өзiңiздi де өтiрiк алдайсыз. Ашық кетпектiң орнына жалғаншы жылпосқа, бықпыртшы бықсымаға басыңызды шұлғымаққа мәжбүрсiз. Шылғи өтiрiкке шыдай-шыдай етiңiз өледi. Шырқырай-шырқырай жүрегiңiз де көнедi.

Өршелең-өжең өтiрiк, бықсыма мен бықпырт, жалғаншы жандайшаптық жеке адам-надан түрiнде ғана емес, алуан-алуан ақпарат көздерi, мәтбұғаттық басылымдар, қымбат қағаздарды қор еткен қалың-қалың кiтаптар, тасқа басылған басқа да безбүйрек бiрдеңелер, тасжүрек туындысымақтар түрiнде де, сондай-ақ өз жерiңiздiң ғана емес, өзге жұрттардың да тарапынан шығатын БАҚ және ЭБАҚ арқылы да ақыл-ойларды жаулап, сана-сезiмдердi буып жатыпты. Зиянсыз, залалсыз өтiрiкпен, қазақы қырық өтiрiктiң рухымен жылап көрiсесiз қазiр. Өтiрiк, яки «өтекең» де көп реттерде қатерлi iсiктейiн кеулеп кетiп барады-ай.

Абайыңыз осынау екiншi нөмiрлi дұшпаныңызға қарата: «Өтiрiк арыз көп берсе...», «Өтiрiк, өсек, мақтанға; Ағып тұрса бейне су», «Терең ой, терең ғылым iздемейдi; Өтiрiк пен өсектi жүндей сабап», «Өтiрiк шағым толды ғой; Өкiнер уақытың болды ғой», деп әшкере әйгiлеген. Өлеңдерiнде. Ал ендi қырқыншы қарасөзiнде: «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелi сөзге, өтiрiкке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естiп ұқпай тынбайтыны қалай?» деп қапаланады.

Қазiр қандаймыз осы?

 

3. Мақтаншақ

 Әр көкейде кетпей жүрер сұрақтар болады. Мәселенки, әрқайсымыз да: «Кенет Абай қазiргi қазақ iшiне қайта оралып келсе, қайран жұрты туралы не дер едi?» дегендi жиi-жиi ойлаңқырап қоятынымыз рас. Естiп, байқап, өз iшiңiзге һәм үңiлiп жүрсiз. Бiразырақ бұрын «Қазақ әдебиетi» газетiнде осы тақылеттес тақырып қозғалды. Сұхбатқа қатысқан ақедiл академик Сейiт Қасқабасов та, белсендi саясаттанушы Нұрлан Ерiмбетов те, айтулы абайтанушы Жабал Шойынбет те, өткiрдiң жүзiндей шынайы журналист Қасым Аманжол да терең ойларға берiлiп тебiренген. «Қандай кемшiлiктердi көрер едi?» дегенге байланысты төртеуi де негiзiнен жағымпаздық, мақтаншақтық, кеудемсоқтық, сатқындық сияқты мiнез-құлықтарға баса назар жыққан. Шектен тыс мақтангөйлiк пен жандайшаптана мақтаушылық мазасыздандыратын танымал тұлғаларымыздың бәрi дерлiк қазекеңнiң сапасы артқанына, ұлттың ұлағаттанғанына, Тәуелсiздiк тұсындағы табыстарға Абайыңыз айтарлықтай-ақ қуанар едi деген пiкiрдi де дәйектей дәлелдейдi.

Бiздiң бұрынырақтан байқайтын бiр жағдаятымыз бар. Ғажабы сол, Адамзатыңыздың Абайын терең-терең зерттеп, ерен-ерен еңбектер жазып, жұмбағына бойлаңқыраған кiм-кiмiңiз де ешқашан бос мақтанға, мақтаншақтыққа бой алдырмайды. Данышпан ойшылдың, Хақ тағаланы тебiрене толғайтын хакiмнiң парасат мұхитында талмай жүзген жауһарларыңыз Абайға тереңдеу арқылы шектен тыс мақтанға, өлшеусiз мақтаншақтыққа бой алдырмайтын абзал қасиеттi қандарына қалтқысыздықпен құйып, сүйектерiне сүйiспеншiлiкпен сiңiрiп алатындай-ау. Бағамдап, байыптап байқаңызшы. Бәр-бәрiн түгендемей-ақ, бiрнешеуiн ғана тiзiмдегеннiң өзiнде дәлелденiп тұрыпты.

Абайтану ғылымының алыбы, теңдесi жоқ титаныңыз Мұхтар Әуезовтi алыңыз. Қайран қадiрдан ағамыз Қайым Мұқаметхановты еске түсiрiңiз. Жәуанмәртлiк жөнiнде талдама терген Мекемтас Мырзахметұлын зерлеңiз. Абай сыншылдығы мен шыншылдығындағы жаңашылдықты қаншама қырларынан қайымдаған Сейiт Қасқабасовқа қараңыз. Абайтануға һәм құнанбайтануға және алаштануға қайталанбас қарқын қосқан, тың да тосын ағыстар арналаған Тұрсын Жұртбайды тыңдаңыз. «Ғашықтық, құмарлық пен ол – екi жол» әуезiне ән жазып әуелеткен, өзi де анық Абайыңызға ашық ғашық болған, қаншама жұртты данышпаныңызға ынтық еткен Тұрсынжан Шапайға үңiлiңiз... Қайсыбiрiн айтайық-ай. Құдайға шүкiр, Құнанбайұлын зерттеушiлер, яки абайтанушылар аз емес. Солардың бiрде-бiреуi мақтаншақ емес. Мұхтар Әуезовтейiн әлемдiк деңгейдегi кемеңгерiңiзден бастап. Мың мәртебе масайрайтындай тiрлiк тындыра тұра Әуезовiңiз Абай айтқан мақтаншақ дейтұғын дұшпанға бой алдырған жоқ. Мақтаннан аулақ боп өттi. Қайым аға да қарапайымдылығынан танбаған. Мекем көкемiз де, ойпырай, мiнәйi мiнезiнен титтей ауытқымайды. Қасқабасовыңыз қасқа тiсiн көрсетiп, ұяла күлiмсiрейдi. Мақтанғандағысы сол ғана. Тұрсыныңыз түнере түйiледi ылғи. Шапайдың да шаттанар шағы шамалы.

Мақтаншақ дегендi Абай бес дұшпанның қақ ортасына қойған. «Өңкей жалған мақтанмен; Шынның бетiн бояйды. Бұл сөзiмде жалған жоқ; Айтылмай сөзiм қалған жоқ». «Мақтау – жел сөз жанға қас; Қошеметшiл шығарған. Бiр мақтаса, тоқтамас; Ел табылса, құмарлан». «Адам – бiр боқ көтерген боқтың қабы; Боқтан сасық боласың өлсең тағы. Менi мен сен тең бе деп мақтанасың; Бiлiмсiздiк белгiсi – ол баяғы».

Осылай жалғаса берер. Айналайын Абайдың туындыларына терең ой жiбермекке тырыссаңыз, өлеңдерiндегi өрнектердi дамытар дарын айрықшалығын қырық бес қарасөзiнен аңғара алсаңыз, анық Абайыңыздың өз болмысында да бiр түйiр бос мақтан, яки мақтаншақтық жоқ екендiгiне көзiңiз жетедi.

Жалған дүниеде жалпы адами затыңыз мақтағанды және мақтанғанды шеккi көрмес. Әсiресе, ақындарыңыз бен жазушыларыңыз, журналистерiңiз, актер-режиссерларыңыз, композиторларыңыз, әншi-күйшiлерiңiз, ғалымдарыңыз, спортшыларыңыз, тағысын-тағыларыңыз мақтағанды да, марапаттағанды да айрықша жарататыны аян дүр. Шабыттандырмаққа, қанаттандырмаққа, ынталандырмаққа қажет-ақ шығар. Сондықтан да ардақ тұтып алқалап, арқадан қағып, сый-сияпаттар жасап, қошемет-құрмет көрсетiп, мерейтойларын өткiзiп, мерейлерiн тасыту – елдiктiң белгiсi. Десемiз. Қазiргiдей қым-қуыттанған, адамдардың жаны, қарым-қатынасы қатыгезденген заманда жылы сөзге, шынайы пейiлге, ыстық ықыласқа кiм-кiмiңiз де зәру. «Жақсы сөз – жарым ырыс», деймiз. Қашаннан-ақ қазекем өнер адамдарына өзгеше қараған.

Қай-қандай салаларда да жеңiстердi, жетiстiктердi, озықтарды бағалай бiлгенге, бағасын бере бiлгенге, көкжиектi кеңейтушiлердi көре бiлгенге, бiр-бiрiңе марқайып, бiр-бiрiңдi марқайтып, бiр-бiрiңдi бауыр тартқанға, бiрiңдi-бiрiң батыр дескенге не жетсiн-ай, не жетсiн. Абайыңыз: «Бiрiңдi, қазақ, бiрiң дос; Көрмесең, iстiң бәрi бос», деп түйген ғой.

Бiрақ, бос мақтан, бәрiбiр, бiздiң қазақты жақсылыққа апармас. Көл-көсiр көлгiрлiк, көкезулене кеуек көпiру керек пе? Өтiрiк мақтау, шексiз мақтангөйлiк, даңғойлық қайда, қай қиырға соқтырар? Пендемiз. Бәрiмiз. Өсектен де, өтiрiктен де, мақтаншақтықтан да сау емеспiз. Бiрақ бәрiне де өлшеу болмағы ләзiм. Өлшеуiнен, мөлшерiнен асса, Абайыңыз абайлағандай-ақ, «боғы шығады». Мақтаншақтық пен мақтамақтың миын шығарып жiберген жақтарымыз жоқ емес-ау, ағайын.

 

4. Ерiншек

 Абайыңыздың айтуында есiрген ерiншектiктен өткен кесепатты кесел жоқ. «Сабырсыз, арсыз, ерiншек; Көрсеқызар жалмауыз. Сорлы қазақ сол үшiн; Алты бақан алауыз», деген де, «Ерiншек ездiгiнен көпке көнбектi» үкiмдеген де хакiмiңiз. Күллi адам баласын қор қылатын үш нәрсенiң қатарында да Абай ерiншектiктi ерекше келтiредi. «Ерiншектiк – күллi дүниедегi өнердiң дұшпаны. Талапсыздық, жiгерсiздiк, ұятсыздық, кедейлiк – бәрi осыдан шығады». «Керектi уақытында ойламай, керектi уақытында қылмай, керектi уақытында айтпай, дәйiм уақытынан кеш қалып, «әй, әттеген-ай!» үйтуiм екен, бүйтуiм екен деп, өмiр бойы ғафил болып-ақ отырғаның».

Осы жолдарды қайталап оқып, ойға түсесiң. Кенет терлеп қоя бересiң-ау. «Әй, әттеген-ай!» деп, бармақ тiстейсiң. Ерiншектiктi мойынға мiнгiзiп, марғауланып, талай тауларға шыға алмай қалғаныңа күйiнiп күрсiнесiң. Бiздiң аймақта, бұрынғы Бүйрекбастау, кеңес кезiндегi Жаңаталап ауылында туып-өскен, екiншi дүниежүзiлiк соғысқа қатысып, ауыр жараланып оралған, ауылдарды өрге сүйрескен, кейiннен ел ағасына айналған Ережеп дейтұғын көкемiз болушы едi. Ауылда жүрiп-ақ Алматыдан келетiн академиктерiңiзбен иығы теңесiп көрiнер кемел кiсiтұғын. Сол ағамыз ауылдардың, ауданның талай-талай көген көздерiн тәлiмдеп-тәрбиеледi, сөзiмен де, iсiмен де, отбасы арқылы да, әулетiнiң әуезiмен де өнеге мектебi бола бiлдi. Айтып отырушы едi: «Ешқашан ерiншектiктi мойынға мiнгiзбеңдер. Түсуi қиын болады», деп. «Бүгiн бiтетiн iстi ешуақытта да ертеңге қалдырмаңдар», деп. Ұрпақтарын да, айнала-төңiрегiн де еңбекке, ерiнбеуге, бiлiм iздемекке баулыды. Ұл-қыздарын, жақын-жуықтарын ғана емес, басқа жұртты да кетпен-күректен ерiнбеуге үгiттеп, қара жұмысқа жұмылдыра жүрiп, асарларды басқарып, ағалық жасар едi. Соның өзiнде, сонау алпысыншы жылдардың ортасында-ақ: «Бiлiм – басты капитал» дегендi жиi айтатын.

«Ерiнбей iстей беру керек қой. Бiр-екi қара тапса, малға бөге қалған кiсiмсiп, «маған мал жоқ па?» дегендей қылық, ерiншектiк, салқау-салғырттыққа, кербездiкке салынады», дейдi Абай ерiншектiк туралы ежелей, ережелей түсiндiрмекке тырысып.

Ерiншектiк есiгiнен төрiне дейiн жайлап алған жалқау отбасылар ауылдарда да, қалаларда да аз болмай тұрыпты. Тап қазiргi заманыңызда. Қарбаласқан қоғамыңызда. Жаппай ұмтылыс пен құлшыныс басымданған елiңiзде де ерiншектiк есер дұшпандығынан жаңылған жоқ. Бiр ауылды алайықшы. Елу шақты үйiнiң бейнетқорларында жиырмашақты жылқы тай-құлындарымен, оншақты iрi қарасы тана-торпақтарымен, жетпiс-сексен қой-ешкiсi үй берекесiн кiргiзулi. Бала-шағасын оқытып, бiрқаншасына ауданнан, қаладан, тiптi Астанаңыздан үй-жай әперiп, тойларын жасап, келiндерiнiң құрсақ шашулары мен шiлдеханаларына дейiн өткiзiп, құда-жекжаттарының ынтымағын нығайтып, тату-тәттi тiршiлiк кешiп жатыпты. Орташалары да жаман емес. Олар – отыз үйден асады. Ал ендi «кербез кедейлерiнде» береке жоқ. Олар – оншақты. Тас бүркенiп ұйқы соғу. Арзан араққа құнығу. Карта ойынымен осылу. Әктелмейтiн, тазаланбайтын, иiс-қоңыстан арылмайтын үйлер. Қираған қора-қопсы, қисайған шарбақ. Қара сора мен шоңайна басқан үйiргелiк телiмдер. Жерден жүгерiпаяның қурайын көтеруге ерiнер егделер. Қалаға қашып, онда да түк таппай, қылмысқа ұрынып, сотқа тартылған сотқар бозбалалар. Әлдекiмдердiң арбауына алданып, құрсақтарын томпайтып қайта оралған қыздар.

Ерiншектiктiң есерлiгi күрделiленiп кеткендей. Тер төкпестен, маңдай терлетпестен, жан қинамастан, ұят-аятсыз ақшалы болмаққа жанталасу, алаяқтық, алдап-арбау, ұрлау, бопсалау, тiптi тiлемсектiк пен сұрамсақтық, құйтырқылығы қағынған қайыршылыққа дейiн – бәр-бәрi Абай ежелеген ерiншектiктен күшiктеген кежiк-кекiрлер.

Ерiншектiк туралы ойлағанда, айтыңқырағанда көбiнесе қара жұмыс жағын, «екi қолға бiр күрек» жағдаяттарын елестетемiз ғой. Шынтуайтында, «ең үлкен кесiр — ерiншектiк» қай салада да сананы сансыратады, сапаны төмендетедi. «Жан қуаты басында кiшкене болады, ескермесе жоғалып та кетедi, ескерсе, күтiп айналдырса зораяды. Жан қуатымен адам хасыл қылған өнерлерi де күнде тексерсең, күнде асады. Көп заман тексермесең, тауып алған өнерiңнiң жоғалғандығын және өзiңнiң ол мезгiлдегiден бiр басқа адам боп кеткенiңдi бiлмей қаласың», дейдi данышпан. Ойпырай десеңiзшi, «өнерiн жоғалтқан», «басқа адам боп кеткен» атақтыларыңыз аз ба? Басқаларымыз ше?!

Ай, айналайын Абай-ай.

 

5. Бекер мал шашпақ

 Айналайын Абай кенет тiрiлiп келсе, бүгiнгi адамды, бүгiнгi қазақты көрсе, қайтер едi? Не айтар едi? Деп қоятынымыз рас. Мұны жоғарыда да жайбағыстаған едiк. Бесiншi нөмiрлi бас дұшпан бекер мал шашпаққа байланысты әдейi қайталап отырыппыз.

Иә, егер Абай тiрiлiп келсе, бұдан бұрын да меңзегенiмiздей, қазағының жетiлгенiне, елдiгiнiң артқанына, көсегесiнiң көгергенiне қатты-қатты қуанар едi. Әрине, қуанып-қуанып алып, қатты-қатты ренжiп, «беттi бастым, тұра қаштым» демесе де, ойып-ойып ойларын ортаға тастар едi. Бекер мал шашпақтың асқынып кеткенiне күйiнiп: «Кеселдi түйiн шешiлсе; Кердең мойын кесiлсе, Келмей кетпес кезiне. Ол да – Құдай пендесi; Түспей кетер деймiсiң; Тәңiрдiң құрған тезiне», дер ме едi?

Осыншалықты орасан зор, толағай табыстардың тасасындағы құныққан құлқын, кердең мойын жемқорлар мен парақорлардың соншалықты ардан безгендiгi қалай? Қайран қазақтың несiбесiнен миллиардтаған долларларды жымқырғандардың шет жұрттарға жылыстап кетiп, жайбарақаттанатыны қалай? Қанағатсыздықтың, құнығушылықтың, тойымсыз тоғышарлықтың, қулық-сұмдықтың, сатқындықтың, сыбайласқан жемқорлықтың үйреншiктi жағдайға айналғаны қалай? Тәуелсiздiкке зорға қол жеткiзген қазағым, қайран жұртым! Жемқорлықтан iсiнiп екi ұртың, ашкөздiктен айланып мұрын-мұртың; Кетiрдiң ғой елiңнiң сиық-сұрқын. Мұның қалай?!» Дер ме едi? Қарасөздерiндегi «қалай-қалай-қалайлап» қояр сансыз сауалдарын қайталай қаһарланып алып: «Арамдықтан жамандық көрмей қалмас; Мың күн сынбас, бiр күнi сынар шөлмек» дер ме едi?

Бекер мал шашпаққа байланысты баяғы заманда Абайыңыз бүй дептi: «Ел қағынды; Мал сабылды. Ұрлық, өтiрiк гу де гу. Байы – баспақ; Биi саспақ; Әулекi аспақ сыпыра қу». Алаш ардақтысы, адам ахлағы мен ұлт мiнезi хақында үнемi уайым шеккен шебер қаламгерiңiз Жүсiпбек Аймауытов қазақтың «жоққа сенгiш, жатқа жем, өзiнен шыққан жақсыны сыйламайтын бақкүндес, бөспе-бәсекешiл, айран көз, айтқанды ұқпас ақпақұлақ» екенiн аяусыз шенеп-сынаған. Бекер мал шашпақтан шығады ғой, қайбiр жылы халық жазушысы, ұлтының сүйiктi суреткерi, көркемсөзiңiз көшбасшыларының бiрегейi, қазақ журналистикасының қолбасшысы атанған Шерхан Мұртазаны шымкенттiк бiр байшыкеш той ашқызбаққа Тараздан шақыртып алдырыпты. «Шераға, той ашарда не демексiз?» дедiк қарап отырмай. «Не айтам?! Алла аузыма не салса, соны айтам!» дедi ашуланып. Той басталды. Сөйледi. Шерағаң. «Адамдық пен надандық арпалысқан заманда Алла сендердi надандықтан сақтасын! Тектiлiк пен тексiздiк текетiрескен қоғамда Тәңiрi сендердi тексiздiктен сақтасын! Көргендiлiк пен көргенсiздiк кескiлескен кезеңде Құдай сендердi көргенсiздiктен сақтасын!» деп, жетi-сегiз минөттей мақамдап, Мұртазаңыз алты жүзден асатын жұртты сiлтiдей тындырды. «Аға, тамаша шықты! Ғажап болды! Бiз неге өстiп айта алмаймыз?» дедiк. Шерағаң мұртынан мырс етiп: «Алла ауыз таңдамайды деп кiм айтты саған?» дедi.Той иесi байшыкештен сұрадық. «Анау шетелдiк екi әншiге қаншадан бересiз?» «Жиырма мың доллардан». «Алматыдан алдырған, алты ән шырқаған атақты қарындасымызға ше?» «Алты мың доллар». «Ал, Шерағаңа ше?» дедiк. «Немене, ол кiсiге де ақша беру керек пе? Шапан жаптық қой», дедi бағланыңыз. Әнекиiңiз, солай. Жүсекеңнiң «жатқа жем, өзiнен шыққан жақсыны сыйламайтын бақкүндес, айран көз, ақпақұлақ» дегендi нелiктен күйiнiп тiзгенiне түсiне түсесiз. Әлгiндей әулекiлiктi көргенде.

Бесiншi дұшпаныңыз – бекер мал шашпақты Абай «Болыс болдым мiнекиiнде», «Мәз болады болысыңында»» «Партия жиып, мал сойсасында», «Шашты малында», «Сегiз аяғында», «Заманақыр жастарында», қысқасы, бес өлеңiнiң бiрiнде және қарасөздерiнiң көпшiлiгiнде мәнiстеген. Қазiргi құбылыстарда да, бүгiнгi сайлауларда да, күнделiктi тұрмыс-тiршiлiкте де, қырда да, ойда да, тойда да сол сырқаттар сүйек сырқыратады.

Тәуелсiздiкке тәубе дей отырып, көп-көп кiлтипандарға, күбiрткелерге күрсiне кiртиесiз. Данышпан хакiмнiң иманигүлiн, жәуанмәртлiгiн, ғаделет пен Тәңiрiнiң тезi хақындағы үкiмiн үкiлей уһiлейсiз. Абай әспеттеген Сократыңыз да: «Әр адам өз iсiмен адал айналысқанда ғана әдiл қоғам орнайды» деп армандаған екен. «Ел бұзылса, табады шайтан өрмек; Перiште төменшiктеп, қайғы жемек» дегендi өрнектеген Абайыңыздың алаштан, қазақтан шыққанына мың да бiр шүкiр.

Бес асыл iсiн алға шығарып, бiраз-бiраз бипаздадық. Бес дұшпанын аздап-аздап «азаптаған» болдық. Азаткер Абайды оқып, орындайық демектi аңғартпақтағы азғантай ғана айтпағымыз осы едi, ағайын. Артық кетiп, кем шықсақ, айып көрмегейсiз.

Оңтүстік Қазақстан газеті


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз








08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 619 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 874 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика