КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

2024 жылы 21 мамырда Мемлекеттік тілді дамыту институтында «Орыс мектептері мен педагогикалық емес колледждерде мемлекеттік тілді оқыту мәселесі» атты семинар-кеңес өтті. Іс-шараға әдіскер ғалымдар, «Қазақ тілі» пәнінің мұғалімдері, мемлекеттік тілді зерттеушілер, докторанттар мен магистранттар қатысты. Жиынды жоба жетекшісі, профессор, ф.ғ.д. Тыныштық Ермекова басқарды.

Семинар-кеңесте төмендегідей мәселелер көтерілді:

-          Орыс мектептері мен педагогикалық емес колледждердегі тілдік жағдаят;

-          Орыс мектептері мен педагогикалық емес колледждерге арналған мемлекеттік жалпыға міндетті стандартындағы қазақ тілі: мазмұны, сағат саны;

-          Үлгілік оқу бағдарламаларындағы білім мазмұны;

-          Орыс мектебі мен педагогикалық емес колледждегі қазақ тілінің бағдарламасы;

-          5-11 сыныптардағы қазақ тілі, факультатив сабақтар мен авторлық курстар;

-          Орыс мектептері мен педагогикалық емес колледждерде қазақ тілін оқыту мен тіл дамытуға қатысты өзекті мәселелер.

Семинар-кеңесте алғаш болып сөз алған Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Райгүл Рахметова «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы өзекті мәселелер» тақырыбы баяндама жасады:

Баяндамамды Ахмет Байтұрсыновтың «Мектепке керегі – белгіленген программа» деген сөзімен бастағым келіп тұр. Яғни, кез-келген білім мазмұнын жүйелі түрде жеткізу үшін ең алдымен біз нормативті құжатқа сүйенеміз. Өздеріңізге белгілі, жаңартылған бағдарлама бізге 2016 жылдан бастап енді. Бағдарлама – нормативтік құжат. Егер бағдарлама дұрыс түзілмесе оқулықтар да дұрыс жазылмайды. Көбісі оқулықтардағы кемшіліктерге байланысты авторларды күнәлайды. Алайда оқулық авторлары белгіленген бағдарламаға сүйеніп жазады. Одан ауытқып кете алмайды. Оқу бағдарламаларында грамматикалық тақырыптардың берілуі орыс тобында оқитын балаларға ауырлау. Кез-келген тақырыппен жұмыс істемес бұрын, оның теориясы берілсе екен деген ұсынымыз бар. Себебі, теориялық білімсіз білім болмайды. Ережесін білмей оқу мақсатына жетпейді.

«Қазақ тілін оқыту әдістемесінің өзекті мәселелер» сөз еткен №81 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, қолданыстағы оқулық авторы Қанзада Берденова  пәнді оқытудың әдістемесіне тоқталды.  

-          Қазақ тілі әдістемесі – тарихи жағынан дамыған, жетілген, теориялық негізі қалыптасқан, белгілі бір ғылыми жүйеге келген ғылым. Қазақ тілін оқыту әдістемесі педагогика ғылымының бір саласы болып табылады. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің зерттейтіні оның оқыту жолдары мен жағдайлары туралы заңдылықтар. Егер нақтылап айтсақ, оқыту әдістемесі мына мәселелерді зерттейді: 1) мақсаттары (не үшін оқыту керек?); 2) мазмұны (нені оқыту керек?); 3) ұйымдастырылуы (қалай оқыту керек?); 4) құралдары (ненің көмегімен оқыту керек?), 5) оқыту кезінде оқушылардың білімді меңгеру деңгейі, ақыл-ойының дамуы мен тәрбиеленуі арасындағы ұштастық мәселелері. Бұл мәселелерді шешу мектепте тәрбие мен білім берудің жалпы мақсаттарын белгілейді.

«Орыс мектептерінде мемлекеттік тілді оқыту мәселелері» тақырыбында баяндама жасаған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің PhD докторы Дидар Рысқұлбек:

-          Қазір бағдарламаны өзгерту туралы мәселе көтеріле бастады. Ұстаздардың бір тобы бұрынғы кеңестік жүйеден келе жатқан тілді грамматиканы сыныптар бойынша деңгейлеп оқытуды қолдаса, бірқатары жаңартылған бағдарламада лексикалық тақырыптар арқылы оқушылардың танымын кеңейте түсу үшін грамматикалық материалдарды шиыршық әдісімен оқытуды қалайды, - деді.

Алматы қаласы, Іле ауданы №47 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Перизат Абдуназарова өз баяндамасында  әдіс-тәсілдерді қолдана отырып оқыту жүйесін жетілдіру керектігін алға тартты. Сонымен қатар, №97 ЖББ мектептің зерттеуші мұғалімі Айгүл Қыстаубаева «Орыс мектептеріндегі қазақ тілін оқыту мен тіл дамытуға қатысты өзекті мәселелер» атты баяндамасында білім беру жүйесінің міндеті – білім көлемін беру емес, мектеп бағдарламаларын қаншалықты меңгергенін анықтау емес, білім алушылардың мектепте алған білімдері мен дағдыларын өмірлік жағдайларда пайдалана білу қабілеттерін қалыптастыру екендігін атап өтті.

-          Қазіргідей үздіксіз өзгерістер мен жаңа технологиялар заманында мектеп оқушылары үшін түрлі ғылым саласын жай ғана білуі жеткіліксіз. Жаһандану заманында білімді болумен бірге сол білімді күнделікті өмірде пайдалана алу, кездесетін қиындықтарды анықтап, оларды шешудің жолдарын таба білу – аса маңызды іс. Осыған байланысты бүгінгі күні елімізде оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру мәселесі өзекті болып отыр, - деді Айгүл Қыстаубаева.

«Аралас мектеп: қазақ тілін қалай оқытады» тақырыбында баяндама жасаған «Ана тілі» газетінің бөлім меңгерушісі Бағдат Сұлтанқызы осы тақырып аясында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, аралас мектептерде сабақ беретін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін, бүгінгі қазақ тілінің кіл мықты мамандарын, тіл жанашырларынан сауалнама алып, осы мәселеге нормативтік зерттеу жүргізгенін айтты.

-          Еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленген. Бұл жобаның аяқталуына да бір жылдың жүзі қалды. Осы мемлекеттік бағдарламаның «Қазақ тілінде ана тілі ретінде сөйлейтіндердің үлесі» деген бөлімінде 2009 жылғы жүргізілген халық санағы бойынша қазақ тілін ана тілім деп танитындардың үлесі, халықтың жалпы санына шаққанда, 62,4 пайызды көрсетсе, 2018 жылғы статистикалық деректер қазақ тілін ана тілі ретінде көрсеткен қазақтардың үлесі 95 % екенін анықтады деп жазылған. Бұл мемлекеттік бағдарламада «Жастар арасында кітап оқу мәдениеті, ауызша сөйлеу сауаттылығы, тілдің лексика-фразеологиялық бейнелі сөздерін, этномаркерлі лексикалық қорды білу және қолдану деңгейі төмендеуі байқалады. Осыған байланысты қазақ тілінің ғылыми және пәндік курсының мазмұнын орфоэпия, фразеология, лингвомәдениеттану, стилистика, тіл мен сөз мәдение­ті бойынша жаңа білімдер жүйесімен байыту керек» деген мәселенің де көтерілгенін байқаймыз. Қазақ тілі пәнінің лайықты оқытылмай жүргеніне әр қазақтың жаны ауруы керек. Пәннен нәтиже шығару әр мұғалімнің, мектеп директорының, қала берді, Ғылым және жоғары білім министрлігінің тікелей міндеті емес пе? Жыл сайын қайталана беретін «Оқулық дұрыс емес, бағдарлама оқулыққа сай келмейді» сынды мәселелер бар. Бұл біздегі ұйымдас­тырушылық-басқарушылықтың әлсіз көрінісін тек нақтылайтындай әсер қалдырады, - деп қорытты.

«Орыс бөлімінде оқытылатын қазақ тілі пәніне қатысты оқу ресурстары» жөнінде баяндама жасаған ф.ғ.к. Бижомарт Қапалбек:  «Мектепте қазақ тілін оқытуға әліппеден бастап 1048 сағат берілетіндігін орыс топтарына қазақ тілін оқытуда грамматиканы бірінші оқыту керек пе, әлде сөйлеу  дағдыларын қалыптастыру керек пе деген сұрақ туындайды. Әр деңгейлі оқытудың мақсаты белгіленіп, деңгейлік бағдарламасы әзірлену қажет деп ойлаймын. Сондай-ақ, құқықтық талаптардың белгіленуі де аса маңызды» екенін атап өтті.

Семинар-кеңеске офлайн және онлайн қатысқан  мамандар көтерілген мәселе бойынша өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстар айтты. Жиынға жүзге жуық адам қатысты. Шара «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді оқытудың жүйесі (деңгейлері мен сатылары)» атты 2023-2025 жылдары орындалып жатқан гранттық жоба аясында өтті.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


















ТЕКСТ

Яндекс.Метрика