THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
«Ақымет
Байтұрсынұлы – ағартушы» дегенді көп естеймін. Меніңше, Ақаң ағартушы деген
анықтамаға сыймайды. Ол – ірі ғалым, ұлы реформатор. Ақымет Байтұрсынұлы —
қазақ халқының XX ғасыр басындағы рухани-мәдени, саяси өмірінде ерекше орны бар
ұлы тұлға. Ол — қазақ тіл білімінің, әдебиеттанудың негізін қалаушы, ұлттық
емлені жасаушы, ақын, аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері.
Ахаңның қызметі тек бір салаға ғана емес, бүкіл қазақ ұлтының сан қырлы рухани
жаңғыруына арналды. Оның өмір жолы — ұлтқа қызмет етудің, қайсарлық пен
табандылықтың жарқын үлгісі. Осыдан бір ғасыр бұрынғы айтқандары бүгінгі күнге
де жарамды, ертеңге де жарамды. Ақаң – жер бетінде мәңгі қазақ
болып қалудың ұстанымы.
Ақаңның
туғанына 125 жыл толуына арналған ресми жиында (жиынға сол кездегі президент
Н.Назарбаев қатысқан) бас баяндама жасаған Әбіш аға Кекілбаев ұлт ұстазына
мынадай баға берді: «Таңданатынымыз: бұл жолы бұрынғыдай қиқулап атқа мініп,
зеңбірекке қарсы шауып, қанға бөккеннен мән шықпайтынын, ұрымтал кезде
жан-жақты қамдастырылған жүйелі күрес-пен қарсы тұру керектігін түсінетін кемел
тұлғалардың кенеттен қалай табылғаны? Ұлттық төл элита әлі қалыптасып
үлгермеген еді. Оқығандар шашыранды жұрттан ыққандықтан бас қосып, күш
біріктіруге құлықты емес еді. Мұндай жағдайда әлгіндей тәуекелге бел байламақ
түгілі, ол жайында ойланудың өзі ақылға симас батылдық еді. Соған айдаладағы
ауыл мұғалімінің қалай жүрегі тұрғанына қанша таңғалсаң да көптік етпейді.
Бұл
жағынан келгенде, Ахмет Байтұрсынов – ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға
болмайтын ерекше тұлға.
Бәлкім,
біреулерге бұл орынсыз тамсану боп көрінер. Оған дейін де бұл далада Фараби,
Яссауи, Қорқыт, Асанқайғы, Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер.
Ол
рас. Бірақ, Ахмет Байтұрсынов оларға ұқсайды да, ұқсамайды да. Ұқсайтыны: ол да
аталмыш алыптар сияқты ұлттық дамуымыздың үрдісі мен қарқыны қалған дүниедегі
даму үрдісі мен қарқынына сәйкес келмей кенде қалып, көрер көзге тығырыққа
тірелген халқына адастырмас жол іздеді.
Ұқсамайтыны:
Ахмет Байтұрсынов ондай жол Қорқыт пен Асанқайғыдай үйреншікті үрдісті аман
сақтап қалатындай жаңа қоныс іздеумен табылады деп түсінбеді; Фараби мен
Яссауидей өз тұсындағы кең жайылған антикалық немесе исламдық дүниетанымға
уақытылы көшу арқылы барлық мәселені шешуге болады деп ұқпады; Абай, Шоқан,
Ыбырайлардай теңдікке жетудің жолында тек ағартушылықпен шектелгісі келмеді.
Оның үстіне, бұлардың ешқайсысын да Ахмет Байтұрсыновтың рухани қалыптасуына
тікелей әсер етті деу тым асыра айтқандық болар еді. Ол кезде жұрттың көбі
Фараби мен Яссауидің заты түгілі атына қанық емес еді.
Шоқан
Уалихановтың атына қанық қазақ оқығандары еңбектерімен соншалықты таныс емес
еді. Ал, Абайдың атына да, затына да Байтұрсынов тым беріде, өз таңдауын жасап,
сол үшін айыпты боп, Семейге ауып барған кезде қанығыпты. Ал бала жасынан
жақсы білетін Ыбырай өнегесінің жаңа кезең жағдайында жеткіліксіз екендігіне
бастапқы жылдары-ақ көзін жеткізіп үлгерген-ді».
Әбіш
ағаның «теңдікке жетудің жолында тек ағартушылықпен шектелісі
келмеді», - деген тұсын кейінгі зерттеушілер мықтап естеріне ұстауы керек. Иә,
Ақаң өзінің алдындағы Абай, Шоқан, Ыбырайдай да тек
ағартушылықпен шектеліп қалмады.
Ақаң мың жылда бір туатын жан.
Осындай ғалым бар қазақ бақытты (..Поливанов), қазақ ғылымның шамшырағы
(Е.Омаров) деп тамсанғандар көзі түрісінде де болған еді. Ақаң – сексенқырлы
тұлға:
Ø
Өнер адамы (ақын,
аудармашы, әнші)
Ø
Салауатты өмір салтын
ұстанушы
Ø
Білім беру жүйесін
құрушы
Ø
Білім мазмұнын
қалыптастырушы
Ø
Қазақ ғылымының (тіл
білімі, әдебиеттану) негізін салушы
Ø
Мемлекет қайраткері
Ø
Мәдениеттанушы
Ø
Сыншы
Ø
Баспа ісін ұйымдастырушы
Ø
Көсемсөзші
(журналист)
Ø
Халық мұрасын
жинақтаушы
Ø
Алашорда үкіметін
құрушы
Ø
Қазақ радиосын құрушы
және т.б.
Ақаңды ұлықтау алдымен бізге
керек, руханияттың, білімнің, ғылымның жолындағы ұстаған жолымыздың
дұрыс-бұрыстығын бағамдап отыру үшін керек. Ақаңның әр қырын терең зерттеуіміз
керек. Бұған әр қайсымыз шамамыз келгенше үлес қосуымыз керек. Ақаңдай алыпқа
Астана мен Алматы қалаларында Абайдың, Қаныштың, Кенесарының тіпті Петербордағы
I Петрге қойылғандай алып ескерткіш керек. Орта білім жүйесіне Ақаң тану курстарын
жаппай енгізу керек. Ақаңның ұстанымдарын жалпы Алаш жолын тұрақты түрде
қарастырып, тұжырымдарын бүгінгі өмірге енгізетін үлкен ғылыми зерттеу
институты (ҒЗИ) ашылуы керек.
Мемлекеттік тілді дамыту
институты 2023-2025 жылдар аралығындағы гранттық жоба аясында «Ұлт ұстазы Ахмет
Байтұрсынұлының бастауыш мектепке қатысты ұстанымдары ұлттық әліпбиі мен бүгін
қолдануға жарамды әліппесінің ғылыми әдістемелік және лингвистикалық негізі
(AP19676971)» атты ғылыми жобаны биыл аяқтап жатыр. Бұйырса, жыл аяғында нәтижелерін
көпшілікке таныстырамыз. Ақаңнан бұрын да Ақаңмен қатар да, кейін де,
тәуелсіздік кездің өзінде де бірнеше әліппе шығыпты. Біреуі де Ақаңның
әліппесіне татымайды. Ақаңның әліппесі қолдануға бүгін де жарамды. Озық құрал,
теңдесіз әліппе, бар нәрсе тұрғанда қайта-қайта жүрмейтін белесебет жасап
ақымақ болып жүріппіз. Ақаңның әліппесін қолданысқа қайта әкелуіміз керек.