КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде ағымдағы оқу жылы АҚШ-тан келген 25 студент орыс филология саласы бойынша білім алып жатыр. Аталмыш шетелдік студенттерге негізгі мамандану пәндерінен бөлек қазақ тілін де оқытуға шетелдік студенттердің біздің еліміздегі жетекшілері тарапынан ұсыныс қойылды. Сөйтіп, қазан айынан бастап АҚШ-тан келген шетелдік студенттерге қазақ тілін оқыту үдерісі басталып та кетті.
    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті отандық, сондай-ақ шетелдік студенттер мен магистранттарға тек келешек мамандықтары бойынша терең ғылыми-теориялық білім берумен ғана шектелмейді. Бұл орайда адамды рухани-мәдени дамыта түсу, отансүйгіштік, адамгершілік сезімдерін жетілдіре беру, қысқасы бәсекеге қабілетті маман, сондай-ақ кісілік келбеті жоғары тұлғаны қалыптастыру мақсаттарын да алға қояды. Аталмыш мақсат-міндеттердің жүзеге асуында университетте «100 кітап», «Айналаңды нұрландыр» жобалары орындалып жатыр.
    Көпшілік жағдайда әлемге жер асты байлықтарымен белгілі еліміздің рухани құндылықтарын, тарихы мен мәдениетін там-тұмдап болса да танытып, өркениеттегі өз орнымызды көрсету – әрбір қазақ азаматының ой-арманы, парызы. Өз елдерінің ертеңгі маман иесі, жеке тұлғасы болып табылатын шетелдік студенттердің қазақ халқының рухани келбеті мен мәдениетін танып білуге қызығушылықтарын оята отырып, университет деңгейіндегі «Айналаңды нұрландыр!» жобасы аясында шетелдік студенттердің қатысуымен Қазақстан тәуелсіздігі күніне арналған мәдени шараны аталмыш факультеттің жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасы қазақ тілі пәнінің оқытушылары – филол.ғ.к., доцент М.Қ. Мамбетова, филол.ғ.к., доцент А. Қ. Таусоғарова және филол.ғ.к. П.Т. Медетбекова ұйымдастырды.
    24 қараша күні филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде академик М.О. Әуезов атындағы аудиторияда шетелдік студенттердің қатысуымен өткен «Жаса, Қазақстан!» атты мәдени шара көпшілік көрерменнің көңілдерінен шықты. Шара сценарийіне сәйкес А. Құнанбаев, М. Жұмабаев, Қ. Аманжолов, М. Мақатаев, Қ. Мырзалиев, М. Шахановтар сынды қазақ ақындарының өлеңдерін шетелдік студенттер – Хигучи Дэниэл, Хесс Девин, Стюарт Дженет, .. Кейглер .... мәнерлеп оқып, түрлі тілдік қарым-қатынас жағдаятындағы қазақша тілдесімдерге құрылған көріністер қойды. Сонымен қатар қазақша әндер айтып, «Қара жорға» биін асқан шеберлікпен орындап шықты. Әсіресе, ... Кайл ұлтымыздың «Қара жорға» биін аса ықыласпен, барлық қимыл-қозғалыстарын нақышына келтіре орындап, жұрт таңдайын еріксіз қақтырды. Халқымыздың терең философия толы оюларымен көмкерілген ұлттық киімдеріміз шетелдік студенттер үстінде де жарасым тауып, әсемдігімен олардың көздерін оттай жандырды десе болады.
    Аталмыш мәдени шараның соңында филология, әдебеиттану және әлем тілдері факультеті деканының ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Есімова Жұлдыз Дәпенқызы еліміздің тәуелсіздік күніне арналып, шетелдік студенттердің қатысуымен өткізілген «Жаса, Қазақстан!» жиынның ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалап, мазмұндылығын, отансүйгіштік, сондай-ақ рухани-мәдени тәрбиедегі маңыздылығын атап өтті. Ал жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасының меңгерушісі профессор Гүлмира Баянжанқызы Мадиева шетелдік студенттердің біздің еліміз бен мәдениетімізге көрсеткен ілтипаттары мен ыстық ықластары үшін алғысын білдіре отырып, ұлттық нақыштағы бас киім, киіз үй, сыртқы қаптамасында қазақ музыка аспаптары бейнеленген шоколад жиынтығы, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кәсіподағы тарапынан осы жоғары оқу орнының логотипі басылған жейделерін кәдесый ретінде табыс етті. 
    Шетелдік студенттердің санаулы 1-2 айдың ішінде қазақша тіл сындырып, көпшілік алдында шығып, өнер көрсету мүмкіндіктерінің қалыптасуына жоғарыда аталған ұстаздардың елеулі еңбектері болғаны сөзсіз. Дегенмен, бастысы, шетелдік студенттерге қазақ тілінің құлаққа жағымды қоңыр үні мен ұлттық рухани мәдениетіміздің айырықша өрнектері қанат бітіріп, дем берсе керек.
    Ұлттық мәдениетіміздің ұлықталып, оның басқа халықтар өкілдері тарапынан бағаланып жатқаны көңілімізге қуаныш пен мақтаныш сезімін ұялатқаны да жасырын емес!

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 492 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 774 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика