КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Аударма – тіл қызметінің бір түрі ретінде бір тілде айтылған ойларды басқа тілдің құралдарымен соған сәйкестікте немесе толық құндылықта беру процесі. «Аударма» сөзінің астарында белгілі бір тілдегі сөйлеу тілін – ауызша немесе жазбаша мәтінді, сөзді басқа тілде қайталап жеткізу жатқаны белгілі. Сонымен бірге, аударма – сөйлеу қызметінің бір түрі болғандықтан, оның мақсаты сөз сөйлеу құрылымын қайта құру болып табылады, нәтижесінде мазмұнның өзгеріссіз жоспары сақталумен бірге, ойды жеткізу жоспары да өзгереді, бір тіл екіншісімен ауыстырылады.
Аудару принципі мен аударманың дәлме-дәлдігі туралы ұғым заманалар озған сайын өзгеріп отырады. Мысалы, орта ғасырларда әріпшілдік, сіреспе аударма басым болса, бертін келе, жаңғыру дәуірінде, XVII-XVIII ғасырларда «еркін» аударма етек алды. Одан соң әдебиет әлемінде балама аударма пайда болды.
Алдымен, шетелдік аудармашы, ғалымдардың аударманы қандай түрлерге бөліп, жіктегеніне аз-кем тоқталып өтейік.
1680 жылы ағылшын аудармашысы Дж.Драйден (1631-1700) аударманың 3 түрін ұсынады:
- Біріншіден, «метафраз» – түпнұсқаның дәл жеткізілуі,
- екіншіден, «парафраз» – түпнұсқаның түріне емес, ерекшелігіне бағдарланып, еркін жеткізілуі,
- үшіншіден, «имитация» (еліктеу) – түпнұсқа тақырыбына жазылған шығарма.
ХХ ғасырдың екінші жартысында ағылшын аударматануының теориялық жағын дамытуға өз үлесін қосқан Т.Сэвори «Аударма өнері» кітабында (Лондон, 1952) аударманың мынадай 4 түрін көрсетеді:
- Кемел құнды аударма – таза ақпаратты фраза хабарландырулардың аудармасы.
- Барабар аударма – мазмұны ғана маңызды, баяндалуы аса маңызды емес сюжетті шығармалардың аудармасы. Аударманың бұл түрінде аудармашы мағынасы түсініксіз сөзді немесе тұтас сөйлемдерді түсіріп тастайды да, түпнұсқаны басқаша баяндайды.
- Аударманың үшінші түрінің аты жоқ. Бұл классикалық шығармалардың аудармасы. Онда форманың да, мазмұнның да сақталуы маңызды.
- Аударманың төртінші типі «барабарға» (2-ші типке) жақын. Бұл ғылыми-техникалық материалдардың аудармасы. Олардың пайда болуы тәжірибелік қажеттіліктерден туады. Тәржіменің бұл түрі аудармашыдан түпнұсқада сөз болып отырған жайт туралы көп білуді қажет етеді[1, Б.103-104].
Ағылшын аударматануындағы «Аударманың лингвистикалық теориясы» еңбегінің (1965) авторы Дж.Кэтфорд аударманы мынадай түрге ажыратады:
- толық және ішінара аударма: Толық аудармада түпнұсқадағы бүкіл мәтін аударылады, ал ішінара аудармада түпнұсқа мәтінінің бір бөлігі беріледі. 
- жаппай және шектеулі аударма: Жаппай аудармада түпнұсқа барлық тіл деңгейлерінде аударылған кезде, қарапайым аудармаға ат беру ұсынылса, ал шектеулі аударма дегеніміз қандай да бір деңгейдегі фонологиялық, графологиялық, грамматикалық және лексикалық деңгейдегі аударма дегенді білдіреді.
Американдық лингвист Дж.Касагранде өзінің «Аударманың мақсаттары» (1954) атты мақаласында аударманы 4 түрге бөледі:
- Прагматикалық аударма. Мұнда хабарламаны барынша дәл жеткізу көзделеді.
- Эстетикалық-поэтикалық аударма. Әдеби немесе эстетикалық тұрпатты жеткізеді.
- Этнографиялық аударма – түпнұсқаның мәдени контексін түсіндіреді.
- Лингвистикалық аударма. Бұл жерде түпнұсқа морфемаларының мағыналары көрсетіледі. [1, 113б.]
ХХ ғасырдың 80-ші жылдарында американдық ғалым С.Басснетт-Макгайр «Аудармашылық зерттеулер» атты кітабында аударманың үш түрін көрсетеді:
- ойды басқа тілдік белгілер арқылы жеткізу (бір тілдің ішінде);
- аударманың өзі (бір тілден басқа тілге);
- трансмутация (бір семиотикалық жүйеден екіншісіне қайта құру).
Неміс ғалымы Отто Каде әрқайсысы белгілі бір талаптарға сәйкес келетін әртүрлі категориядағы аударма түрлерін ұсынды:
- «Өңделмеген». Бұл жерде аударма тілінің нормаларынан ауытқуға болады.
- «Жұмыс». Аударма тілінің нормаларын толық сақтайды. Бірақ ақпараттардың орнын толтыру үшін түсіндірулерді қолдану мүмкін.
- «Басылымға дайын». Түпнұсқаның барлық мазмұнын береді және қабылдаушыға қажетті әсер ете алады.
Израильдік ғалым Гидеон Тури «Аударма теориясын іздеу» (1980) кітабында аудармашылық қатынастардың негізгі 4 түрі барын айтады: формалды қатынастың 2 түрі (этикалық): 1) бастапқы тіл мен аударма тілінің арасындағы (тілдік түр), 2) бастапқы мәтін мен аударма мәтінінің мәтіндік құралдары (мәтіндік түр); сондай-ақ, функционалды қатынастың 2 түрі (эмикалық): 1) бастапқы тіл мен аударма тілінің тілдік құралдарының функциялары арасындағы (тілдік түр), 2) бастапқы мәтін мен аударма мәтін функциялары арасындағы (мәтіндік түр) [1, 133б.].
Аударма теориясының көрнекті маманы Л.С. Бархударов мәтінде аударма тілдің қай деңгейінде жүзеге асады деген сұраққа төмендегі пікірімен жауап берген:
1) фонема (графема) деңгейіндегі аударма;
2) морфема деңгейіндегі аударма;
3) сөз деңгейіндегі аударма;
4) сөз тіркесі деңгейіндегі аударма;
5) сөйлем деңгейіндегі аударма;
6) мәтін деңгейіндегі аударма [2, 176-184-бб.].
Бұл пікірге былайша кеңірек түсінік береміз: фонема деңгейіндегі аудармаға аударатын тілдегі бірліктерді аударылатын тілдің фонетикалық заңдылықтарына сай икемдеу болса, аударатын тілдегі бірліктерге аударылатын тілдің морфологиялық қосымшаларын жалғау; ал қалған деңгейлердегі аударма түрлері аударма процесімен айналыспайтындарға да түсінікті деп ойлаймыз[3, Б.9-10].
Сонымен қатар, Л.С.Бархударов құрылымдық сипатына қарай аударманы төрт түрге бөліп көрсетеді:
1) жазбаша-жазбаша аударма немесе жазбаша мәтіннің жазбаша аудармасы;
2) ауызша-ауызша аударма немесе ауызша мәтіннің ауызша аудармасы (ізбе-із немесе ілеспе аударма);
3) жазбаша-ауызша аударма немесе жазбаша мәтіннің ауызша аудармасы;
4) ауызша-жазбаша аударма немесе ауызша мәтіннің жазбаша аудармасы [2, Б.47-48].
В.Н. Комиссаров «Слово о переводе» еңбегінде аударманы жанрлық-стилистикалық түрлеріне қарай былай бөледі: 1)көркем аударма; 2)ақпараттық аударма; 3)ғылыми аударма; 4)ресми аударма; 5)публицистикалық аударма; 6) жарнамалық аударма [4, Б.94-108.].
М.О. Әуезов 1955 жылы жазылған «Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері» атты мақаласында аударманың үш түрін атап өтеді. Бірінші – сөзбе-сөздік – әріпқойлыққа негізделген аударма. Екінші – еркін аударма, аудармашының өзіншелеп әңгімелеп отырғанына өте ұқсас келеді. Соңғысы аударманың өте-мөте қонымды ғылыми дәлелденген түрі – шығарманың мазмұнын да, формасын да толығырақ беретін ғылыми дәл, балама аударма[5].
Аударманы негізінен төмендегідей екі үлкен түрге бөлуге болады:
1) Ауызша аударма – бұл тәржіманың жазбаша түріне қарағанда күрделірек құбылыс; ақпараттың мазмұн межесін (план содержания) және құрылым межесін (план выражения) жазбай, ауызша жеткізу түрі. Сөйлеген сөздер, баяндамалар ілеспе түрде ауызша аударылады, шетелдерден келген ресми өкілдер мен қонақтардың пікір алысуына аудармашылар көмектеседі.
Ауызша аударманың екі түрі бар:
- ілеспе (синхронды) аударма;
- ізбе-із аударма.
Ілеспе аударма – бастапқы мәтінді тыңдап қабылдай отырып, ілесе, қосарласа, бір мезгілде аудару. Аударудың бұл түрі түпнұсқа мәтіннің айтылуымен қатар жүріп отырады. Арнаулы кабинеттерде ілеспе аударма түпнұсқаның мәтінін сөйлеушіге (мәтіннің авторына) ілесе отырып оқу арқылы, кей жағдайда сөйлеушінің ауызша баяндалған сөзін алдын ала дайындықсыз тікелей аудару арқылы жүзеге асырылады.
Ғалым Ә.Тарақов ілеспе аударманың күрделілігін танытатын төмендегідей белгілерді атап өтеді:
а) бір мезгілде тыңдап әрі сөйлеу қажеттілігіне байланысты туындаған психофизиологиялық дискомфорт;
ә) баяндамашы не жарыссөзге шығушының микрофондағы сөзінің қайталанбауына қатысты психикалық кедергі. Өйткені баяндамашыны тоқтатуға, болмаса түсінбеген, не қалып қалған сөзін қайталап сұрауға болмайтындығы; 
б) аударманың қайталанбауына және үлкен аудитория тыңдаушыларына байланысты психикалық кедергі. Аудармада қателескенді қайта түзеуге болмайтындығы әрі кешірім сұрауға келмейтіндігі;
в) сөз сөйлеудің жылдамдығына байланысты психофизиологиялық кедергі [6, 36 б.]. 
Ізбе-із аударма ─ мәтін тыңдалып болғаннан кейін жасалатын ауызша аударманың түрі. Ізбе-із аударманы шартты түрде екіге бөлуге болады. Олар: парақтан аудару және абзацты-фразалы аударма. Ауызша аударманың бұл түрі жауапты келіссөздер, саяси, экономикалық-қаржылық, құқықтық және басқа да мәселелер төңірегіндегі ресми кездесулер кезінде, пресс-конференцияларда, семинарлар мен дөңгелек үстелдер кезінде жүзеге асады.
2) Жазбаша аударма – жазбаша түрде жасалатын тәржіме түрі; қағазға түсірілген жазбаша мәтінді екінші тілге жазбаша түрде аудару және бұдан алынған нәтиже. Барлық хат-хабар, ресми құжаттар, ғылыми және көркем шығармалар жазбаша аударылады. Түпнұсқа мәтін алдын ала танысу, көру, ойлау, пайымдау, талдау, зерттеу, сөздіктерді, басқа да лингвистикалық және лингвоелтанымдық, когнитивтік мағлұматтарды беретін анықтамалықтарға иек арту арқылы екінші тілге жазбаша түрде түсіріледі [7, 23б.]. Түпнұсқаның түрі мен мәніне қарай аударманың да қолданылатын әр алуан амал-тәсілдері бар. Мысалы, ресми құжаттарды аударғанда, түпнұсқаны қаз-қалпында бұлжытпай толық жеткізу көзделсе, ғылыми және техникалық шығармаларды аударғанда, белгілі салалардың терминологиялық ұғымдарын дұрыс беру көзделеді.
Жазбаша аударма өз ішінде екі түрге бөлінеді:
1) Көркем аударма - көркем әдебиет шығармаларын, яғни негізгі қызметі оқырманға көркемдік-эстетикалық әсер ету болып табылатын мәтіндерді аудару. Бұл процестің өтуі барысында аудармашының мүмкіндігі шексіз; ол екінші тілде жасалған мәтінді өңдеп, реттей алады. Әдеби немесе көркем аударма дегеніміз – бір тілде жазылған әдеби туындыны екінші тілдің құралдары көмегімен оқырмандарға жеткізу және түпнұсқасының стильдік, көркемдік ерекшеліктерін мейлінше нақты сақтап көрсету. Бұл жерде аудармадағы ең қиын нәрсе – лингвистикалық ерекшелігі емес, ол түпнұсқасының көркемдік жағын дұрыс жеткізу, яғни аудармашы туындының образдық әлемін, автордың идеясын, позициясын және стилін нақты, дәл көрсете білуі. Көркем аударманың бүгінгі әдеби процестегі алатын орны үлкен [8, 150 б.].
Жақсы аударылған көркем аударма – сол тілдегі төл шығармалармен бірге өсіп, жымы білінбей біте қайнап сабақтасып кетеді. Ел мен елді таныстырады, жақындастырады, ұлттық мәдениетті байытады. Мұнда автор мен аудармашы өнер жарысына түседі, тіл мен тіл жарысқа түседі. Бұл ел мен елдің өнер жарысы. Демек, аударма шығармалар ұлттың ұлылығын, елінің елдігін дәлелдеудің бір жолы [9, 40 б.].
Ғалым А.Алдашева көркем аударманың төмендегідей айырым-белгілерін ұсынады:
а) көркем аударма – ойлаудың образдылық типінің жемісі; демек, мұнда индивидуалдық даралық, шығармашылық ізденіс бар; бірақ
ә) ізденістің шеңберіне шек қойылады, өйткені аудармашының алдында жатқан мазмұны-құрылымы дайын мәтін шығармашылық еркіндікке жібермейді;
б) көркем аударма да төл әдебиет сияқты эстетикалық қызмет атқаруы керек;
в) көркем аударма да төл әдебиет сияқты тұшымды, кедір-бұдырсыз оқылуы қажет;
г) сондықтан аудармада қазақ тілінің табиғи күйі, сөз қолдану, емлелік нормалары сақталуы тиіс [10, 26 б.].
2) Ақпараттық аударма – қандай да болмасын ақпаратты, мәліметтерді беру болып табылады. Ақпараттық аударманың өзі өз ішінде мынадай түрлерге жіктеледі:
- ғылыми-техникалық аудармаға ғылыми мақалалар, монография, техникалық сипаттама жатады. Әр саланың өзіндік қолданылатын қалыпты стилі, термині, мәтіндік құрылымы болады. Бұл саладағы шығармаларды аударуға сөздік те аздық етеді, кәсіби маман біліміне, тәжірибесіне де сүйенген дұрыс. Ғылыми мәтіндер қатаң морфологиялық және синтаксистік құрылымға ие, сөздің бірыңғай орамдары, біркелкі стиль қалыптасқан. Ғылыми-техникалық еңбектерді аудару көп салалы білімді қажет ететіндіктен, бұған білікті кәсіби маман ретінде бейімделген жөн [11, 57б.].
- ресми-іскери аударма. Ресми-іскери стильдің қарапайым үлгілерінен (өтініш, арыз, мінездеме және т.б.) бастап күрделі түрлеріне (жарғы, жарлық, ереже, келісім және т.б.) дейін қазақ тілінде көрініс тапты және олар түгелдей дерлік аударма процесі арқылы жүзеге асырылады.
- газеттік-ақпараттық аударма – жаңа мәліметтерді, тың деректерді, тосын оқиғаны оқырмандарға жеткізу. Мұндай мәтіндер әр алуан сипатта: қысқаша ақпараттық хабарлар, ресми хабарлар, мақалалар, шағын және кең көлемді сұхбаттар, тақырыптық әрі белгілі бір мәселеге қатысты мақалалар, хабарландыру, репортаж т.б. түрде беріледі. Алайда газет-журналдың қалыптасқан өзіндік бірыңғай, дербес стилі болады. Спорт газеттерінде спорттық стиль қалыптасқан сөз қолдану үлгісі болса, мәдениет баспасөзі эстетикалық, өнер ғылымы мәтіндеріне негізделеді. Әр саладағы баспасөздің өзіндік мақсат-мүддесі, идеологиялық нысаны, тақырыптық бағыт-бағдары қалыптасады. Газеттік-ақпараттық аударма өз ішінде екіге бөлінеді:
а) Газет мәтіндерін аудару. Түпнұсқаға деген дәлдік тұжырымын қатаң сабақтастыру негізінде жүргізіледі. Бұл көбінесе ресми ақпараттық хабарлар, саяси келісімдер, қаулы, жарғылар, қысқасы үкіметтік маңызды құжаттарда қатаң сақталынады.
ә) Публицистиканы аудару – қоғамдық өмірдің өзекті мәселелері мен құбылыстарына арналады. Публицистикалық мәтіндер оқиғалық, ақпараттық, сыншылдық-талдамалық, саяси пікірталастық болып келеді. Ғылыми-ақпараттық мәтіні процесті, шындық құбылысын сипаттайды, түсіндіреді, талдайды, алдын ала пайымдайды, шындықты теориялық тұрғыдан дәлелдейді.
- тұрмыстық аударма – тұрмыстық немесе іскери ауызекі сөйлеу тақырыптарына тіларалық және мәдениетаралық қарым-қатынастың диалогтік формасы жағдайында туындайды. Мұндай жағдайларда негізінен қандай да бір мақсатқа қол жеткізуге арналған өзара қарым-қатынасқа бағыттылған ауызша мәтіндер жасалады [1, 38б.].
Жазбаша аударма процесіндегі ең басты құрал – сөздік. Қазіргі «ақпараттар легі» ғасырында аудармашының жұмысын сөздіктерсіз елестету мүмкін емес. Сонымен қатар, аудармашы арнайы терминдерді жылдам табуы үшін, алдымен, ақпараттың қандай дереккөздері бар екенін және оларды қандай ретпен әрі қалай пайдалану керектігін білуі қажет.
Ақпараттың барлық дереккөздерін екіге бөлуге болады:
1) Жалпы дереккөздерге жалпы қолданысқа арналған сөздіктер мен энциклопедиялар жатады.
2) Арнайыдереккөздерге – арнайы сөздіктер, арнайы энциклопедиялар, анықтамалықтар және ғылым мен техниканың әртүрлі салаларына арналған арнайы әдебиеттер жатады [12, 38б.].
Зерттеуші-ғалым А.Қ. Жұмабекова «Аударматанудың негіздері» атты кітабында аудармашылық қызмет субъектісінің сипаты мен оның аударылып отырған мәтін авторына қарым-қатынасы бойынша ажыратылатын аудармалардың мынадай түрлерін келтіреді:
1. Дәстүрлі (қолжазбалы) аударма – адам жасайтын аударма. Дәстүрлі аударманың келесі түрлері ажыратылады:
а) Авторлық емес аударма (немесе жай аударма) – түпнұсқа мәтінінің авторы болып табылмайтын аудармашының тәржімесі.
ә) Авторлық аударма (немесе автоаударма) – түпнұсқа мәтіні авторының өзі жасаған аудармасы.
б) Автор мақұлдаған аударма – автор талқылауынан өткен түпнұсқа мәтінінің аудармасы.[1, 34б.]
2. Машиналық (автоматты) аударма – арнайы бағдарлама бойынша компьютер жасаған аударма. Машиналық аударма негізгі үш жағдаяттарда сәтті қолданылуда [13]: Біріншіден, бағдарлама лексикалық және грамматикалық құрылымы шектеулі, стандартты, тар шеңберде мамандандырылған мәтіндерді аудару үшін құрастырылады. Екіншіден, машина арқылы түпнұсқаның жалпы мазмұны жайлы түсінік беретін көп көлемді аударманы алуға болады. Үшіншіден, жұмысқа редактор кіріседі. Ол мәтінді аударуға дайындайды, яғни машина үшін қиын сөздерін алып тастап немесе басқаша жазып қайта редакциялайды немесе аударылған мәтіндегі қателер мен дәлсіздіктерді түзетеді [14, 338б.].
3. Аралас аударма – мәтіннің дәстүрлі (немесе машиналық) өңдеуінің едәуір үлесін пайдалану арқылы жасалған аударма.
Аудармаға қойылатын басты талап – автордың стилистикалық өзіндігін сақтау, яғни адамдардың келбет-бітімі, жүріс-тұрысы бір-біріне қандай ұқсамаса, олардың сөз саптау машығы да бір-біріне сондай ұқсамайды, ендеше сол ерекшелікті айыра білу керек.
«Классtime» газетінің 15 ақпандағы №3 санында шыққан Жолымбет Мәкішев «Тұрпайы аудармалар шаршатып жіберді» деген мақаласында: «Өкінішке орай біздегі аудармашылардың көбісі осы салада баяғыдан бері келе жатқан «аудармашының міндеті аудару емес, қазақша сөйлету» деген қарапайым қағиданы біле бермейді. Сенің еңбегіңді жұрт аударма емес, түпнұсқаның өзі екен деп қабылдауы қажет емес пе? Бұған қабілеті жетпегендерді тәржімаға жақындатпаған жөн. Ал бұл салада білдей маман атанып жүргендердің көбісі «аудармашының міндеті қандай?» деген сұраққа «аудару» деп қарабайыр жауап қайтаратынына сенімдімін. Мұндай тұрпайы түсінікпен біз қазақ тілін өрге бастырмаймыз. Онсыз да қазақ тілі қазір шала сауатты «мамандардың» кесірінен аударма тіліне айналып кетті. Тіпті жай ғана аударма тілі емес, «түсініксіз тәржіманың» тіліне айналды» [15] деп қазіргі аудармалардың сын көтермейтіндігін қинала жазғанын көз көрді.
Сөз түйінін М.В. Ломоносовтың мына сөзімен қорытындылағым келеді: «Егер белгілі бір ойды өз ана тілімізде дәл бере алмасақ, мұны тіліміздің оралымсыздығынан көрмей, өзіміздің дәрменсіздігімізден көруіміз қажет».

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Жұмабекова А.Қ. Аударматанудың негіздері : Оқу-әдістемелік құрал. - Алматы, 2012. - 296 б.
2. Бархударов Л.С. Язык и перевод (Вопросы общей и частной теории перевода). –М.: Международные отношения, 1975. – 240 с.
3. Тарақ Ә. Аударма процесі жайында // Аударматану (ғылыми-практикалық көмекші құрал). Құраст.: Құлманов С.– Алматы: «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, 2008. –300 бет.
4. Комиссаров В.Н. Слово о переводе. –М.: Международные отношения, 1973. –216 с.
5. Көркем аударманың кейбір мәселелері (мақалалар жинағы). –Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1957.
6. Тарақов Ә.С. Аударма психологиясы және мәдениеті: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2005. – 60 бет.
7. Алдашева А. Аударматану ғылымының басты ұғым-түсініктері туралы // Аударматану (ғылыми-практикалық көмекші құрал). Құраст.: Құлманов С.–Алматы: «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, 2008. –300 бет.
8. Көркем әдебиет саласындағы аударма мәселесі // ҚАЕУ хабаршысы. Өскемен, 2006. - №2.
9. Сабурова Г. Аударма да рухани байлық // Қазақ тілі мен әдебиеті,2000. №5
10. Алдашева А. Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелер. –Алматы: Арыс, 1998. –215 б.
11.Тарақ Ә. Ғылыми-көпшілік және ғылыми техникалық аударма // Аударматану (ғылыми-практикалық көмекші құрал). Құраст.: Құлманов С.–Алматы: «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, 2008. 
12. Жұмабекова А., Жабағиева Г. Жазбаша және ауызша аударманың ерекшеліктері // Аударматану (ғылыми-практикалық көмекші құрал). Құраст.: Құлманов С.–Алматы: «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, 2008.
13. Комиссаров В.Н. Современное переводоведение. Учебное пособие. – М.:ЭТС. -2002. – 424с.
14. Тікенбай Г. Аударма лингвистикалық зерттеу нысаны ретінде және оның лингвомәдени мәселелері // ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. – Алматы, 2012. №1(135)
15. Мәкішев Ж. Тұрпайы аудармалар шаршатып жіберді // «Классtime» газеті, №3. -15 ақпан.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 315 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 585 0









ТЕКСТ

Яндекс.Метрика