КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жыр туралы қысқаша мәлімет:

Халқымыздың көнеден келе жатқан әрі ел арасына кең тараған фольклорлық мұраларының біріне «Қыз Жібек» ғашықтық дастаны жатады. Дастанның тәрбиелік мәні зор, көркемдік құндылығы жоғары. Жырды ғашықтық дастанға жатқызғанымызбен, бас қаһармандары аңыз кейіпкерлері емес, тарихта болған адамдар деген деректер де бар. Жыр шамамен ХҮІІ ғасырда жазылған. Фольклорлық мұраларға тән көпнұсқалылық бұл жырға да тән, бірақ жырдың нұсқалары арасында айтарлықтай сюжеттік айырмашылық жоқ.

Жырдың басты кейіпкерлері Төлеген мен Қыз Жібек, Базарбай – Төлегеннің әкесі, Сырлыбай – Жібектің әкесі, Қамқа – Төлегеннің шешесі, Бекежан – Шектінің батыры, Сансызбай – Төлегеннің інісі, қалмақ ханы Қорен, Қаршыға – Жібектің аталас ағайыны, Шеге – Төлегеннің аталас ағайыны. Оқиға осы кейіпкерлер төңірегінде өрбіп, адал махаббатты, сұлулыққа құштарлықты, сертіне беріктікті насихаттайды. Жырда ата-ана, жар мен бауыр алдындағы парыз,  туған жеріне деген махаббат мәселесі де жақсы көрсетілген. Жыр Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббатына арналғанмен, туған жерін, ел-жұртын, салт-дәстүрін қадірлеу мәселесі де жан-жақты көтеріледі. Жырдың бірінші бөлімінде Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббаты жырланса, екінші бөлімінде Қыз Жібектің ел-жұртын қалмақтардың тепкісінен азат ету мәселесі көтеріледі. Енді жыр кейіпкерлерінің сипаттамасына жеке-жеке тоқталайық:

Базарбай

Базарбай – Кіші жүздің ішіндегі Жағалбайлы елінің байы. Жырда:

Байлығын оның сұрасаң,

Есеп жетпес жайы бар.

Ақтөбеден ақ орда,

Жеті жүз түйе жүгі бар.

Іші-сырты безелген

Кілем-кілше сәні бар.

Ділдәсі мен жамбысы,

Мың түйе жүк тағы бар.

Неше мың түйе керуен,

Қанты менен шайы бар.

Аяқты малда есеп жоқ,

Айдалып бағып жайылар.

Үш қатыннан тоғыз ұл,

Малына сай жаны бар.

Құдай артық жаратқан,

Қай жұртта мұның теңі бар, - деп суреттейді.

           Жырда Базарбай ашушаң адам болып суреттеледі.

Қалмады енді ұрпақ Базарбайда,

Тіріліп өлген адам келу қайда?!

Ашумен алты қатын тағы да алды,

Артынан өлгендердің өлу қайда?! - деген жыр жолдары мысал бола алады.

Еліне келген обадан тоғыз ұлы қаза тауып, қайғыдан қан жұтып жүргенде көрген Төлегеніне де Базарбай осы ашу үстінде теріс батасын береді. Өтірік айттым деген Төлегенге деген әкесінің ашулы тұсын жыршы былайша суреттейді:

Ашуланды Базар қарт:

-        Сөзіңді  өтірік аулақ тарт!

Теріс бата беремін,

Тәуекел Алла қылдым шарт.

Тұз сеуіп, бата беремін,

Жолыңды тоссын кесапат.

          Жуа шықсын жолыңнан,

Дұшпаның шықсын оңыңнан.

Айдалада атың арып,

Түк келмесін қолыңнан.

Сұраусыз кеткен малдарым,

Шаян боп шақсын жоныңнан.

Алтын мен күміс апарған,

Оқ болып тисін солыңнан.

          Бұл барғаннан келмесін,

Қызық дүние көрмесін.

Көмусіз қалып далада,

Қарға, құзғын жем қылсын.

Тоғыз ұлдан да айрылғам,

Одан да артық сенбісің?!

          Бұл барғаннан келме, - деп,

Қызық дүние көрме,- деп.

Шығарды жарлық еліне,

Төлегеннің жанына

Ешбір пенде ерме, - деп.

Ерген адам тегінде,

Менен жақсылық көрме,- деп.

Қашқанын көрсең далада,

Ұстап әкеп бергін! – деп.

          Есіктің алды белес пе,

Белеске түскен елес пе.

«Ашуланды кәрі әке,

Онымен енді егеспе.

Жазғаны болар Алланың,

Пендемен қылар кеңес пе?»

          Баласына ашу үстінде теріс бата бергенімен Базарбай Төлеген хабарсыз кеткенде қайғыдан қан жұтады. Базарбайдың бұл халі жырда:

-        Атаң жатыр орнында,

Тұра алған жоқ тағы да.

Көзін жұмып жатқанмен,

Көкірегі ояу да.

Көз шырын алмай жатады,

Көрген осы сар таңда – деп суреттеледі. Төлеген кеткелі көрген қайғысын:

           Екі көзім көр болды,

Көңілім қара жер болды.

Төлегеннен айрылып,

Ішім толған шер болды.

           Тегінде алтын тұғырдай,

Қуардым қазір томардай.

Ойлаймын соны күн-түні,

Ұйқыға көзім жұмылмай.

           Қалыңға түстім қағылып,

Қанатым қалды шағылып.

Тасқа тиіп табаным,

Тұяғым қалды қайрылып.

           Тірі өліктей отырмын,

Төлегеннен айрылып.

Олай-бұлай ой құрып,

Жатырмын, міне, сарылып, - деп Сансызбайға сыр ғып айтады.

           Төлегеннің Қособаның бойында қайтыс болуы Бекежан атқан оқтан болғанымен, сол оққа ұшуының түп себебі әкенің теріс батасын алғандығында дегенді жыршы тұспалмен жеткізеді. Адам жүрмес шөл далада Төлегеннің жолын тосқан Бекежан бастаған қарақшылар кетейін деп жиналып жатқанында алыстан шаңды көріп, оның Төлеген екенін біледі. Төлеген бір күн кеш келгенде немесе қасына жолдас ерткенде опат болмас еді.

           Жыршы Төлегеннің жолының болмауы теріс батадан, ал Сансызбайдың жолының болуы оң батадан дегенді меңзейді.

           Базарбайдың өкініші ретінде айтылатын:

           Бас аман болса қайғы жоқ,

Қайғысыздың көңілі тоқ.

Бұйрықтан қашып құтылар,

Жер бетінде пенде жоқ.

Мұндай күйге түстім мен –

Бір Аллаға күнәкар

Ақырында өзім боп.

           Аузым болды дуалы,

Сөзім болды уәлі.

Тап боларға бұл іске,

Өзім болдым күнәлі.

Қарап көзім тоймаған,

Шығуға үйден қимағам.

«Көзімнен алыс кеттің», - деп

Тұз салып теріс қарғағам.

Оқ боп тиді қарғысым,

Ажалына арнаған.

Тікен шығып тіліме,

Күрмеліп неге қалмаған.

Тасқа тиіп қарғысым,

Майрылып неге қалмаған - деген жолдар соның айғағы.

           Жырда Базарбайдың байлығы, ашушаңдығы суреттеліп қана қоймайды, оның көпті көрген көрегендігі де жанама түрде байқалады. Қыз Жібекті айттырғанын, енді келер көктемде ұзатып алып келетінін қуана жеткізген Төлегеннен:

-        Жүргенің алыс жол екен,

Көргенің балам көп екен.

Ғашық болып Жібекке,

Жүрген жігіт жоқ па екен?

Саны қанша көп пе екен?

Ақыл айтар ішінде,

Жөн білері жоқ па екен? – деп әңгімеге тартуының сыры тереңде. Қыз Жібекке ғашық жігіттер бар болса, қызғанышпен жалғызын жазым етер деген әкелік қорқынышы болатын бұл. Төлегеннен Бекежен бастаған алпыс жігіт туралы естіген Базарбай бұл көктемде сапарға шықпа, дұшпандарыңның көңілін суытып, күдерін үздіріп келер жылы жазда бар деп ақыл айтады. Бірақ бұл ақылын Төлеген қабыл алмай, ақыры аңдыған жаудың қолынан опат болады.

Базарбай өз жұртына өте беделді адам. Оның айтқаны елге заң. Сол себепті де Төлегеннің қасына бір жолдас ермей, Қыз Жібектің аулына жалғыз аттанады.

Базарбайдың бойында жұмсақтық, мейірім мен мәрттік те бар. Ол жар таңдау мәселесін баласының еркіне береді. Өзіне тең, лайықты жарды сүйіп қосылуын қалайды.

Жүріпті екі ұлына қалың бермей,

Алаштың әр не деген сөзіне ермей.

«Тірі болса өздері бір алмай ма,

Өліп кетсе қайғысын тағы көрмей.

Дұшпанның әр не деген сөзі бекер,

Алғаны жаман болса мазам кетер.

Алмай ма өзі таңдап ер жеткенде,

Алса да патша қызын малым жетер» - деген оймен қалыңдық таңдау мәселесін балаларының өз ықтиярына қалдырады. Ескі рулық заманның неке мен отбасына қатысты ежеқабыл, қалыңмал, көп әйел алу, әмеңгерлік сияқты салттары үстем болған заманда баласына сезімнің бостандығын, махаббат еркіндігін беруі ерлікпен пара-пар іс.

           Қорыта айтқанда, Базарбай – жасы жүзге таянған, бойында тектілігі басым, ашуы мен мейрімі қатар жүретін, көреген қария.

           Жырда Төлегеннің шешесі Қамқа, Қыз Жібектің әкесі Сырлыбай туралы айтылатын тұстар болғанымен, олардың портреті сомдалмаған. Керісінше жырда Қыз Жібектің сәні мен салтанатын ерекшелендіре түсу үшін оның шешесінің портретін айрықша суреттейді.

           Көш алдына қарады,

Көш сәулеті жарады.

Бір бәйбіше нұр жүзді

Көшті тартып барады.

           Алтын мен күміс жабдығы,

Екі жүз түйе қазына,

Сары алтыннан сандығы.

Ағажүніс перідей

Көркі раушандығы.

Жазығы қатын демесең,

Кәртейсе де ілгері,

Талай қыздан сәндігі.

           Айдың өткен нешесі,

Ай қараңғы кешесі.

Бағанағы қыздардың

Бәрінен де артық тұр

Жарықтықтың мүшесі.

Асылдай болып киініп,

Толған айдай кесесі.

Көшті тартып келеді,

Жібектің тапқан шешесі.

           Қырық қыздан көш ілгері тұрған бәйбішенің сұлулығына қарап Төлегеннің Қыз Жібекке деген ынтазарлығы арта түседі. Осындай сұлу анадан туған қыз қандай болады екен деген сұрақ жыр тыңдармандарын да баурап алатыны сөзсіз.

Қыз Жібек

           Қыз Жібек - сән-салтанаты жарасқан, көркіне ақылы сай хас сұлу. Талай ел аралап, небір сұлуларды көріп, ұната қоймаған Төлегеннің жүрегін жаулап алған бұл бейнені жыршы жан біткеннің сұлуы етіп суреттейді. 

Қыз Жібектің құрметі,

Жиһаннан асқан сәулеті,

Ләйлі, Мәжнүн болмаса,

Өзгеден артық келбеті.

Үш қызы бар қасында-ай,

Өзі он төрт жасында-ай.

Кебісінің өкшесі

Бұхардың гауһар тасындай.

Ақ маңдайы жалтылдап,

Танадай көзі жарқылдап,

Алтын шашбау шашында.

Қыз Жібектің шаштары

Қоғалы көлдің құрағы.

Көз сипатын қарасаң

Сегіз бейіш ішінде

Хорлардың жаққан шырағы.

Дүрі – гауһар сырғасын –

Көтере алмай тұр құлағы.

Қыз Жібектің ақтығы –

Наурыздың ақша қарындай.

Ақ бетінің қызылы –

Ақ тауықтың қанындай.

Екі беттің ажары –

Жазғы түскен сағымдай.

Білегінің шырайы –

Ай балтаның сабындай.

Төсінде бар қос анар –

Нар бураның санындай.

Оймақ ауыз, құмар көз,

Іздеген ерге табылды-ай.

Өткірлігін байқасаң,

Ұсталар соққан кетпендей,

Нұр тұқымын еккендей.

Бір ауыз сөз сөйлескен,

Мұрадына жеткендей.

Тірісі түгіл, Жібектің,

Өлігіне адам қайырылып,

Бетінен келіп өпкендей.

Қыз Жібекті Төлеген,

Ақылымен танып тұр,

Көз мейірі қанып тұр,

Бейіштен жанған шамшырақ,

Көзі ойнап жанып тұр.

Белі нәзік талып тұр.

Тартқан сымнан жіңішке,

Үзіліп кетпей, нағып тұр.

           Жыршы Қыз Жібектің сұлулығын арттыру үшін оны қырық қыздан да, тіпті анасынан да көркем етіп суреттейді. Төлеген Қыз Жібектің көшіне бірден жете алмай, жол бойы сұлулығы мен сән-салтанаты бір бірінен асқан талай сұлуларды көреді. Осындай сұлулардың бәрінен оқ бойы озық тұрған Жібекке деген ынтықтығының артуы заңды құбылыс.

Жібектің бойында қыз балаға тән нәзіктікпен бірге өрлік те бар. Оны Төлегенді ертіп келіп, қонақпен амандасуын өтінген Қаршығаға берген төмендегі жауабынан көреміз:

-        Көке болмай құрып қал,

Әрі таман жүр, - дейді.

Салмаймын құлақ сөзіңе,

Қаңғырып қайдан кез болдың,

Көш жөнекей көзіме.

«Бай тауып бер маған», - деп,

Қашан айттым өзіңе?

Жөндеп баққын малыңды,

Беталдыңа сандалмай,

Жолама менің ізіме.

Екі тайға ұялмай

Мені сатып сыртымнан,

Көрінбе менің көзіме!

           Бұл жауапта өрлік те, көрегендік те бар. Қаршығаның Төлегеннен екі жылқы алғанын да дөп басып біліп қояды.

«Олай болса, Төлеген,

Мен жайымды айтайын.

Ағыным судай ағады,

Халқым малдай бағады,

Жұртым қойдай қағады,

Менің қылған кесірім,

Саған кесір болса да

Өзіме майдай жағады.

Жалғыз атты жолаушы,

Жақындамай арман жүр,

Үстімдегі кесірлер –

Саған таман барады!

Ат байлаған ақыр тас,

Арқама біткен қолаң шаш.

Қайдан келіп кез болдың,

Қаңғырып өскен бір қубас!

Жалғыз атты жолаушы,

Кесірім ұрып кетпесін,

Қасыма келмей, аулақ қаш!» - деп басында Төлегенге де өктем үн қатады. Десек те, өзіне ғашық қырық жігітті де, ел ішіндегі батыр Бекежанды да менсінбей жүрген Қыз Жібек Төлегенді көріп ғашық болады. Төлегеннің өзіне көркі де, ақылы да, мал-жаны да тең екенін байқаған зерек қыз жігіттің тілегін қабылдайды. Қыз Жібектің алдын болжайтын көрегендігі жырдағы мына үзіндіден байқалады:

«…Әлқисса, Төлеген үш ай қалыңдық ойнап, бір күні еліне қайтпақ болып, аттарын байлап қойып, таңнан жүреміз деп отырған күні, Жібек түс көреді. Түсінен шошып оянып, кіші жеңгесін шақырып алып бір сөз деді:
«Ау жеңеше-ау, жеңеше-ау,

Төлегенге барып кел,

Тілімді алса жүрмесін.

Ата-анасы бар ма екен,

Жал-құйрығы сай ма екен,

Я болмаса, құдай-ай,

Қаңғырып өскен қу ма екен?

Атасының аты кім болар,

Апасының аты кім болар,

Сұрап келгін, жеңеше-ау – деп өз қаупін білдірсе, Төлеген:

Атамның атын айтайын –

Халықтан асқан Базарбай.

Қой, ішінде, марқа-ды –

Омырауа ділдә алқа-ды,

Шешемнің атын айтайын,

Алпыс жасар Қамқа-ды.

Өліп кетсем артымда,

Сансызбай атты інім бар,

Жібегім неден қорқады? - деп басу айтады. Төлегеннің соңғы өсиетін орындаған Қыз Жібек Төлегеннің қайғылы қазасынан соң Сансызбайға әмеңгерлік жолмен қосылуға келіседі. Махаббатына адал, сертіне берік аяулы ару алдымен Бекежаннан Төлегеннің кегін алады.

Бекежанның бұл сөзі

Мұңлы болған Жібектің

Өкпесінен ұрады,

Өксіп-өксіп жылады,

Ғашық болсаң, сондай бол,

Ah, дариға, құда деп,

Етпетінен құлады, - деген жолдар Қыз Жібектің қайғылы қазаны естігендегі ауыр халін паш етеді. Өзі қайғыдан қан жұтып, Төлегенді аза тұтып жүріп, сыртынан көз сүзген Хорен ханнан құтыларлық айла-шарғы іздейді. Төлегенге берген сертке адал Жібек сегіз жыл сарылып Сансызбайдың жолын тосады. Қалмақ ханы Хореннен де амал-айласын асырып, Сансызбайдың мұратына жетуіне жәрдемдеседі.

 

Төлеген

Төлеген – адал махаббат жолында өз басын ажалға тіккен ғашықтық жырдың басты кейіпкері.

Он алтыдан он жеті жасқа келді,

Төлеген оңды-солын түгел білді.

«Елден таңдап қалыңдық айттырам», - деп,

Ат жетер аралады бүкіл елді.

           Қыз іздеп ел аралап көп сандалды,

Көркіне, сымбатына жұрт таң қалды.

Табылса өзіне сай бір сұлу қыз,

Аямай берер еді қазына-малды – деп жырланғандай «періште сипатты, хор құлықты» боп туған Төлеген өзіне лайық қалыңдық іздейді.

Жырда Төлегеннің сыр-сымбаты:

«Нұр гауһардай көзі бар,

Бал шекердей сөзі бар»...

«Ерте туған көбеген»...

«Асып туған Төлеген

Жағалбайлы халқынан»... немесе

«Падишадан кем емес,

Ер Төлеген мүшесі»...

«Нәсіліңе қарасам,

Қас паддишамен тең деді» - түрінде суреттеледі.

           Төлеген ғашығына қол жеткізу жолында өте бірбеткейлік танытады. Алыс сапарға аттануға бел байлаған Төлегенді райынан қайтармақшы болған шешесіне:

 «Айналайын шеше-еке-ау,

Құмар иттей қаңғырып,

Бұралқы болар қораға,

Бір жорытпай шеше-еке-ау.

Сірә, көңілім тынар ма?

Талап қылға ісінен –

Ат басын ерлер бұра ма?

Жаман, жақсы болса да,

Алланың болар әмірі,

Өз айтқаның болар ма?

Тілімді алмай кетті деп,

Қапа болып жылама.

Мен Жайықтан қайтқанша,

Жүзіңді есен көргенше,

Ата-анамды, мал-жанды,

Тапсырым алла, құдаға», - деп берген жауабы немесе кәрі әкесінің теріс батасын бергеніне қарамастан жолға шығуы Төлегеннің өз дегенінен қайтпайтындығын білдіреді.

           «Жазғаны болар Алланың,

Пендемен қылар кеңес пе?

Көктемнен қалмай барамын,

Уағдамыз осы емес пе.

Жібекке өтірік айтқаннан,

Өлгенім жақсы емес пе?

           Айналайын, Жібегім,

Шыныдан аппақ сүйегің.

Көктемнен қалмай кел деген,

Осы еді сенің тілегің.

Дидарыңды көргенше,

Сарғайып әбден жүдедім» - деп Жібекке берген сертінде тұру үшін қауіпті сапарға жол тартып, басын бәйгеге тігеді.

Кетіп бара жатқанда –

Сансызбай жылап жүгірді,

Төлегеннің артынан.

Рахымы түсті басына,

Көзден аққан жасына,

Қу бауыры қия алмай,

Қайрылып келді қасына.

Сансызбайдың Төлеген

Пәруана болды басына.

Бала келді жүгіріп,

Аш күзендей бүгіліп.

Төлеген тұры кете алмай,

Көзінен ағып қанды жас,

Қандай қиын бауырлас,

Бордай болып үгіліп.

Қабырғасы сөгіліп.

Артынан жылап келген соң,

Көтеріп алды артына

Көзен жасы төгіліп, - деген жолдар Төлегеннің бауырына деген махаббатын, қамқорлық сезімін айқын аңғартады. Төлеген артында қалған кәрі ата-анасы мен сүйген жарын Сансызбайға аманат етіп қалдырады.

 …Мен кеткен соң, қарағым,

Кемпір-шалға ие бол.

Ғинаят тіле құдайдан

Мәдет тіле пірлерден

Ақылменен іс қылғын,

Көзіңді кімге сатасың?

Олай-бұлай боп кетсем,

Сенен өзге кімім бар,

Алды артыңа қарағын

Мұрадыңа жеткізсін,

Шырағым сені бір құдай.

Көк бурылдай тұлпар бар,

Биыл құнан, былтыр тай.

Қас қылмаса құдайым,

Мінетұған бас атың,

Шырағым, саған саймасай,

Ат болғанда мінгейсің!

Алтын балдақ ақ семсер,

Саған арнап соқтырып,

Салып қойдым қынапқа,

Аш беліңе ілгейсің.

Талап қылып әр іске,

Теңіңмен ойнап күлгейсің.

Бұл сөзімді тыңағын,

Жеткіншегім, Сансызбай,

Жақсылармен жанасып,

Жұрт қаірін білгейсің.

Бадана көзді кіреуке,

Шар айнасы бес қабат,

Тоғыз қабат көк сауыт

Саған арнап соқтырып,

Будырып кеттім кілемге,

Оны үстіңе кигейсің.

Олай-бұлай боп кетсем,

Асыл туған Жібекті,

Еш жаманға қор қылмай,

Өзің бір алып сүйгейсің» - деген жолдардан Төлегеннің бұл сапарға шықпас бұрын алды-артын жан-жақты ойлап, белін бекем буғандығы байқалады. 

           Төлегеннің бойында тектілік, сымбаттылық болғанымен, батырлық жырлардағыдай ерен күш жоқ.

«Құдіреті күшті құдай-ай,

Батар күнмен батайын,

Бекежанды өлтіріп,

Тым болмаса құай-ай,

Жастығымды ала жатайын!

Мұсылман болса бұл жаулар,

Жақындап жауап қатайын» - деп жауға шапқанымен, тасадан атылған оқтан қаза табады. Батырлар жырында батыр суға салса, батпайды, отқа салса, жанбайды. Ал Төлеген ажалды пенде болып суреттеледі.

           Бұл сөзді айтып Төлеген,

Қорамсаққа қол салды,

Бір салғанда мол салды.

Қарсы қарап тұра қап,

Садақты қолға алады,

Толғай тартып қалады.

Кірістен әрі кетеді,

Топ арғынға жетеді.

Селдіреген шетінен –

Жетеуінен озып өтеді.

           Төлегеннің осылайша жауына шабуылдағанымен, көпке қарсы тұрар қауқары болмай, опат болады. Қыршын жастың қазасын жыршы:

Сауытының көзі сетіліп,

Сынбай кетті дегейсің!

Баратұғын жеріне,

Жетпей кетті дегейсің!

Алтынды сауыт, шөже көз,

Түймеден кетті дегейсің!

Өлі екенін білмейміз,

Тірі екенін білмейміз,

Қособаның жонына,

Қоса кетті дегейсің!

Маңдайынан аққан қан,

Жоса кетті дегейсің!

Алтыны жабдық, көкжорға ат,

Бір қарақшы қолында,

Босқа кетті дегейсің!

Қособаның жонында,

Құс қонбас, құла жапанда

Жылай-жылай бір жалғыз,

Дүниеден өтті дегейсің! – деп аянышпен жырлайды.

 

Қаршыға мен Шеге

Қазақ халқы қашаннан да сөз өнерін жоғары бағалап, киелі өнер деп есептеген. Ақын – жырауларды ерекше дарын иелері, қарапайым халықтан көш биік тұратын талантты адамдар деп есептеген. Халықтың ақын-жыраулар мен би-шешендерге деген ыстық ықыласы осы жырда да байқалады. Жар таңдап алыс сапарға аттанған Төлегеннің де, ағасының аманатын орындамақшы болып жоқ іздеген Сансызбайға да жолдас ретінде ақын адамның еруі осының куәсі.

Қаршыға – Шектінің ханы Сырлыбайдың ақын уәзірі. Ол жырда ақылы зерек, өзі адал жан ретінде сипатталады. Төлегеннің хабарын естіген Қаршыға онымен кездесуге бел байлайды. Егер Төлеген теңі болса, Қыз Жібекке қосуа ұйғарады. Жырда бұл оқиға:

Мен жайымды айтайын,

Алты Шекті елінде,

Сырлыбай датқа уәзірі –

Қаршыға жыршы мен деді.

Төлеген болсаң сен деді

Кел соңымнан ер деді.

Жұртқа берген олжаңнан

Білдірмей маған бер деді.

Мен бір сұлу табайын

Падишамыздың жалғызы,

Аты Жібек сұрасаң,

Кереметім көр деді.

Базарбайдың Төлеген,

Қаршығадай ақынның

Бұл сөзін мақұл көреді.

Алдырып атын мінеді.

Сексен жігіт елшіден

Бес жігітті бөледі.

Өзгесін елге қайтарып,

Қаршығамен ілесіп,

Ақжайыққа жөнеді, - түрінде суреттеледі.

           Қаршыға Қыз Жібек пен Төлегеннің қосылуына барынша жәрдем береді. Төлегеннің Шекті еліндегі сенімді серігіне айналады.

           Қаршығаның көрегендігі жырдың екінші бөлімінде де толық ашылады. Қыз Жібек пен Сансызбайдың соңынан кеткен қуғыншылардың бірін шөлге ұрындырып өлтіретін де, ауылда қалғандарын алдап әкеліп құрулы торға түсіретін де Қаршыға. Қаршығаның амал-айласының арқасында Сырлыбайдың ел-жұрты қалмақтардың қырғынына ұшырамай, тепкіден аман-есен құтылады.

           Төлегенге Қаршыға жолдас болса, Сансызбайға Шеге жолдас болады. Ол сәт жырда:

           Батыр Шеге – қолбасы,

Жайшылықта ел басы.

Өзі батыр, өзі ақын,

Мыңға татыр бір басы.

Көпті көрген көп білед,

Ақылдының мың басы.

Төлеген айтқан ер Шеге,

Сол адам, міне, тап осы.

Осы бір ұзын сапарға,

Ертіп барар жолдасы, - деп суреттеледі. Жырда шеге Сансызбай мен Қыз Жібектің қосылуына жәрдемдеседі.

 

Бекежан

           Бекежан – Қыз Жібекке ғашық болған көп батырдың бірі, Төлегеннің басты қарсыласы. Қызға сырттай ғашық жігіттер де осал жігіттер емес, олар да өз елінің серкелері. Әйтсе де Қыз Жібек оларды менсініп, көзіне де ілмейді. Қыз Жібектің өздерін менсінбегеніне ыза болған, әрі оның сұлулығына тәнті болып, құшсам деген есек дәмемен жүрген жігіттердің басын біріктіріп, қолтығына дем беруші – Бекежан қу. Ол жырда:

           Басшысы осылардың – Бекежан қу,

Жиып ап көп жігітті көтерген ду.

Айлакер, сайқал еді елден шыққан,

Қатыгез, діні қатты, тілі бір у, - деп суреттеледі. Бекежан алпыс жігітті Төлегенді өлтіруге үгіттейді. Егер Төлеген өлсе Қыз Жібек амалсыздан біздің біреумізге тиеді деген есек дәмелерін оятады.

Жыршы:     

Атаңа лағнет Бекежан,

Қыз Жібектің сыртынан,

Көп ғашықтың бірі екен.

Баяғы алпыс жігіт қасында

Төлеген енді келер деп,

Қособаның көлінде –

Жолын тосып жүр екен.

Төлеген тап сол күні келмесе,

Азықтары таусылып,

Қайтып бір кетер күні екен, - деп суреттейді.

           Бекежанның жырдағы сипаты батырдан гөрі қарақшыға жақын. Ол Төлегенді жекпе-жекте өлтірмейді. Аты шөлдеп, әбден болдырған жолаушыны алпыс жігітпен бірге қоршап, тасадан келіп атады. Бұл сәтті жыршы:

Бұл сөзді айтып Төлеген,
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды.
Қарсы қарап тұра қап,
Садақты қолға алады,
Толғай тартып қалады.
Кірістен әрі кетеді,
Топ арғынға жетеді.
Селдіреген шетінен –
Жетеуінен озып өтеді.
Енді оғын алғанша,
Қорамсаққа қолын салғанша,
Атаңа лағнат Бекежан,
Арғыннан шыққан қу екен,
Әккі болған сұм екен.
Төлегеннің артында –
Алпыс қадам жақындап,
Бір қурайды паналап,
Жеткен екен жағалап.
Төлегенді атқалы –
Жақынап келіп тұр екен.
Мылтыққа білте басады,
Аруағы асады.
Төлеген сыны мырзаның
Қанын судай шашады.
Қой құмалақ қорғасын,
Ажал болып жабысты.
Атаңа лағнат Бекежан,
Жібермеді намысты.
Базарбайдың Төлеген
Толықсып аттан тұрғанда,
Қолтығынан сүйейтін –
Таба алмаы танысты.
Бекежан атқан жалғыз оқ,
Маңдайдан келіп ұрады.
Алтын сүйек Төлеген,
Алланың салған қорлығы-ай,
Иттердің қылған зорлығы-ай,
Толықсып аттан құлады! – деп аса әсерлі етіп суреттейді.

Бекежан обал, сауап деген мұсылман баласына тән түсініктерден ада. Ажал аузында жатқан Төлегеннің:
- Қарға-құзғын жемесін,
Жасыра кеткін жүзімді
Замандас едің, жан аға! – деген соңғы тілегіне де құлақ түрместен ит-құсқа жем қылып иен далаға қалдырады.

Бекежан Төлегеннің өлгенін айтыспен естірмек болып: "Кеткелі жаман жарың көп жыл болды, хабары сол жездемнің бар ма, Жібек?" деп тиіседі. Жібекті қаралы күйге салып, Төлегеннің қазасын естірткен Бекежан далалық сот үкімімен өлім жазасына кесіледі:

Бекежанды қамады,

Мойнына арқан тағады.

Өрлі-қырлы сүйретіп,

Төлегеннің жолына

Құрбандыққа шалады.

Бекежандай залымның

Дүниеден көңілі суынып,

Сонымен тыныс тынады.

           Қорыта айтқанда, жырда Бекежан тасадан тас ататын, сауап-обалдан жұрдай қатігез жан болып суреттеледі.

 

Сансызбай

           Төлегеннің мұрагері - Сансызбай. Сансызбай Төлегеннен тоғыз жас кіші. Жырда Сансызбай Төлегеннің іздеушісі, жоқтаушысы ретінде көрініс алады. Төлеген жасынан сері жігіт болып өсіп, алдына сұлу жар сүю мәселесін мақсат етіп қойса, Сансызбай Төлеген алыс сапарға аттанғаннан бастап кәрі әке-шешесіне қамқор болып өседі. Төлегеннің сапарға аттанар алдында айтқан аманатын жас жүрегіне түйген Сансызбай сауыт киіп, садақ асынған, жаратып ат мінген, елдің қамын ойлайтын батыр жігіт болып өсуді алдына мұрат етіп қояды. Бойындағы күш-қуаты толғанын сезген Сансызбай әкесіне келіп:

Көтер, ата, басыңды,

Жеткізді құдай жасымды.

Көкешімді сағынып,

Көңілім сонша жасыды.

Бір сапарға жүруге,

Қайратым менің тасыды, - деп ағасын іздеуге аттану үшін әкесінен ақ бата сұрайды.

Сансызбайдың батырлығы Хорен ханмен жекпе-жегінен анық аңғарылады:

Сансызбай кезек алады,

Санап оғын салады.

Маңызды бейне пішінмен,

Жан-жағына қарады.

           ...Көкірек қысқан көбеден,

Қозы жауырын жебеден.

Өте шықты қылт етіп,

Есіктей үлкен кеудеден.

Зымырап оқ жетеді,

Қылт етіп ары кетеді.

Серпіні қатты шойын оқ,

Жылт етіп өтіп кетеді.

           Зырқырап ары кетіпті,

Бір төбеге жетіпті.

Аударды ма, төңкерді,

Әйтеуір шаң бұрқ етті, - деген шумақтан Сансызбайдың мергендігі көрінеді.

           Сансызбай жырда мінез-құлқы, күш-қайратымен ерекшеленгенімен, сыртқы түр-тұлғасында еш айырым байқалмайды.

           Жалт етіп Жібек қарады,

Қарап көзі талады.

Төлегеннің терісін,

Сойып қаптап қойғандай –

Сегіз жылдан бұрынғы

Төлеген деп қалады.

           Әрине, бір әке, бір анадан туған екі бауырдың бір-біріне ұқсауы шындыққа жанасымды. Әрі:

-        Алтыннан қалған сынығым,

Күмістен қалған жұғыным.

Неғып бір құдай ұқсатқан

Төлегенге сиығын.

Тұлпардан қалған тұяғым,

Бірге туған пырағым.

Жаратқан Алла жар болып,

Жанды ма сөнген шырағым?!

Күн нұры түсіп көзіме,

Бойымды жылытты шуағың, - дегізу арқылы жыршы Қыз Жібектің Сансызбайды ұнату себебін білдіреді. Қыз Жібектің Сансызбайға қосылуы Төлеген екеуінің ақ махаббатына деген опасыздық емес, қайта Төлегенге берген сертіне адалдық деп бағаланады. "Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді" дегендей, әмеңгерлік салтымен Қыз Жібек Сансызбайға қосылады.

«Қыз Жібек» жырының сан ғасыр өтсе де, өз құндылығын жоймай, халықпен бірге жасауының өзі жырдың тамырын тереңге тартқан тәрбиелік мәнінде жатыр. Обал-сауап, қарғыс-бата, аманат-аманатқа қиянат деген ұғымдардың астары терең ашылған бұл жырдың сан ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз.

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 481 0







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 906 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1086 0




ТЕКСТ

Яндекс.Метрика