THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қоғамдағы өзге
салалар сияқты білім беру жүйесі де үздіксіз даму үстінде. Әлемдік тәжірибе
көрсетіп тұрғандай, оқушыларды заман талабына қарай даярлау, өзін-өзі табысты
жүзеге асыруы үшін белгілі бір құзіреттерді дамытып, қажетті дағдыларды
қалыптастыру қажет болған еді.
Жаңартылған
білім мазмұны Қазақстанда алғаш рет 2016-2017
оқу жылында барша бірінші
сыныптарға енгізілуімен бастау алды. Көптеген дамыған елдерде білім саласындағы
мұндай өзгерістер өткен ғасырдың сексенінші жылдары басталып кеткен екен.
Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде бұл жаңартулар аяқталған. Қазақстанда
2017-2018 жылдары жаңартылған білім мазмұны барлық сыныптарға енгізілді.
Мұндай жаңарту
жұмыстарының нәтижесінде оқу процесін ұйымдастыру әдіс-тәсілдері өзгерді.
Ендігі кезекте оқушыларға білім дайын күйінде берілмей, оқушы өз бетінше ізденіп,
қорытып, өз пікірін білдіріп білім алатын болды. Бұдан байқағанымыз, білім
берудің жаңартылған мазмұны сыни, шығармашылық ойлауды дамытты. Оқушылардың
ойын қорыта отырып, ашық айтуына жол ашты.
Дегенмен,
кез келген жаңалықтың артықшылығымен қатар кемшіліктері де қатар жүретіні
белгілі. Өзге пәндер бойынша сын айта алмаймын, қазақ тілі мен әдебиеті
мамандығын тізгіндеген соң өз сыни көзқарасымды айтуды жөн санап отырмын. Өзім
жоғары оқу орнында дәріс оқып, практикалық сабақтар жүргізген соң мектептегі
сабақ процесінің қандай дәреже өтуін ана ретінде балаларымының күнделікті
сабаққа дайындалу деңгейінен байқайтын болдым. Олай болса, жаңартылған білім
беру менің ұл-қыздарыма не берді, яғни артықшылықтарын атап өтейін: ойын еркін
айтып жеткізеді, ешқандай қысылмайды; тіл байлығы жақсы, өйткені өзінің ойын
жүйелеп жеткізетін болды. Менің ойымша, бұл мәтін түрлерін, жасалу жолдарын
жақсы меңгерткеннің пайдасы деп ойлаймын; сынды (критиканы) жақсы қабылдайды.
Бұдан түйсінгенім, сабақ барысында оқушылар бір-бірімен ақпарат алмасып, пікір
алысып, талдау жасап, сын айтады және оны қабылдайды немесе ойын дәлелдейді; фактімен
сөйлеуге дағдыланған; оқушылар креативті ойлайды, заман мен қоғам талаптарын
толық түсінеді; жақсы мен жаманды толық айыра алады; оқушылардың мотивациясын
арттырады; өздерінің құқықтарын жақсы біледі, тағы-тағы осы тәрізді
артықшылықтарды айтып өтуге болады.
Олай
болса, қазіргі таңда жаңартылған білім бағдарламасының дәстүрлі білім беру
жүйесінен негізгі айырмашылығы сол – екіншісінің оқушыларға дайын білім мен
дағды беруінде деген стереотип қалыптасты. Жаңартылған білім болса, оларды
функционалдық сауаттылыққа, яғни мектеп оқушылары мектепте алған білімдерін
өмірде және іс жүзінде дұрыс қолдана білуінде деген ой қалыптастырған.
Алайда,
Қазақстандағы жаңартылған білім беру бағдарламасы заманауи ұрпақтың сұранысын
қанағаттандырады ма, ұстаздардың білім беру процесіндегі оқытудың жаңа
технологиялары, критераиалды бағалау жүйесі, инновациялық құралдарды қолдануы
жұмыстарын жеңілдетті ме, ал ата-ана болса баласының білім алу жолындағы
табыстылығын байқап жатыр ма? Міне, негізгі жауап іздейтін сұрақтарымыз да осы.
Жаңартылған
мазмұндағы білім беру бағдарламасының жұмыс жасап жатқанына он шақты жылдың
жүзі болып қалды. Ұтқанымыз бен ұтылған тұстарымыз қандай?
Өзіміздің
бағдарлап жүрген мәселелерді, жалпы кемшін тұстарын атап өту де маңызды шығар. Осы
мақаланы жазу барысында бірнеше мектеп мұғалімдерімен, директордың оқу ісі
жөніндегі орынбасарларымен, үздік оқушылармен сұхбаттасуыма тура келді. Олай
болса, төмендегі мәселелерге ерекше назар салу қажет деп ойлаймын:
Біріншіден, жазба жұмыстарының (диктант,
мазмұндама, шығарма) қысқартылуы оқушылардың сауатты ойын жеткізуі мен жазуына,
шығармашылық деңгейінің төмендеуіне әкелді. Диктант, шығарма, мазмұндама жазу
сияқты жазба жұмыстары 2023-2024 жылдарға дейін толық тоқтатылды. Тек көптеген
сындардың нәтижесінде ғана 2023-2024 оқу жылдарынан бастап жоғарыда аталған
жазба жұмыстарының мектептерге қайта оралып, тоқсанына бір рет алу үрдісі қайта
енгізіліп жатқаны қуантады. Бірақ, осы уақытқа дейін қаншама оқушы шығарма
жазудың шырынынан, диктант жазудың пайдасынан, мазмұндама жазудың артықшылық
тұстарынан ажырап қалды.
Екіншіден, құрылымдық лингвистикаға мүлдем
назар аударылмай, функционалды лингистикаға толық көшу де дұрыс емес деп
ойлаймын. Әрине, мұғалімдерге грамматикалық тақырыпты сабақ барысында қатар
оқыту тапсырылды, бірақ тақырыптарда жүйе бар ма? Негізгі төрт мақсатты алдыға
қоя отырып сабақ өткізетін мұғалім тапсырмалардың тақырыпқа сай келмей жатуынан
зардап шегеді. Шығармашыл мұғалімдер өздері қосымша тапсырмалар даярлайды,
бірақ ол жұмыс ұстаздың қаншама уақыты мен күш-жігерін алып қояды.
Үшіншіден, заман мен қоғамда болып жатқан
мәселелерге еркін ойын айтатын оқушылар, классик жазушылардың шығармаларының
шырынын жеткізе отырып мазмұндай алады ма? Көркем әдебиет стилінде сөйлеп,
кітап оқып шығармашылық әлеуетін көтеріп жүр ме оқушылар? Тек күнделікті
әлеуметтік желідегі жеңіл әңгімелерді баяндап берумен, дебатқа қатысып сөз
таластырумен ғана шектеліп жүрген жоқ па?
Төртіншіден, аты-жөнін қате жазатын,
жалғауларды дұрыс жалғап қолдана алмайтын, дұрыс тәуелдеп, септей алмайтын
оқушылар саны да артты. Құрылымдық лингвистиканы қолға алу керек. Бұл – менің
жеке пікірім.
Бесіншіден, сабақты ойын түрінде өткізу,
жаңа технологияларды сабақ барысында тым көп қолдану да артық деп ойлаймын.
Неге дейсіз бе? Ойын түрінде өткен сабақ ойын түрінде қалып кетіп жатады.
Сонысымен баланы кейде жалықтырып алатыны да бар. Одан да сабақ сайын бір
ережені жаттап, мәні мен мағынасын түйсініп, грамматикалық талдау жасаса – нұр
үстіне нұр.
6-дан, мектеп оқулықтарының мазмұны, бір
ғана 3 сыныптың «Әдебиеттік оқу» (Алматы, «Атамұра», 2018) пәні оқулығының 68
бетіндегі Ертай Ашықбаевтың «Ғаламтор туралы» өлеңі бүкіл әлеуметтік желіні
жарған жоқ па? Шағын үзінді келтірейік:
«Ғаламторға
кіремін,
О, аралап жүремін!
Мейлі, белім ауырсын,
Солсын, мейлі, реңім...
...Сабақты да қоямын,
Тамақты да қоямын.
Сөз – сусынды ішемін,
Сурет-нанға тоямын...
Тыңдамаймын анамды,
Тыңдамаймын ағамды,
Тәртібімде ісім жоқ,
Түзетпеймін бағамды...»
Қандай мақсатта 3-сыныптың оқушысына осы
өлең ұсынылды? Әлеуметтік желі мен смартфондарға тәуелділіктен құтыла алмай
жүрген ата-аналарға бұл үлкен соққы деп ойлаймын.
Білім
беру жұмысында өзіндік ұстанымы бар, жаңаша ойлай алатын, сауатты, ізденімпаз,
әлеуеті жоғары шәкірт тәрбиелеудегі мұғалімдердің рөлі орасан. Қазақ халқының
біртуар перзенті Б.Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстазы
тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін
де, кеншісін де ұстаз өсіреді», - деп тегін айтпаған. Расында да, ел тізгінін
ұстайтын, ел тұтқасы болатын жас буынды тәрбиелеу ісі – ұстаздарға жүктелген. Сол
үшін де мұғалімдерге аса үлкен жауапкершілік міндеттеледі. Қандай қоғамды алып
қарасақ та, жеке тұлғаның қалыптасып, дамуы ұстазына байланысты. Ұстаз болса, мемлекет бекітіп берген
бағдарламамен жұмыс жасайды. Олай болса, білім беру бағдарламасының жасалып,
бекітілуі – үлкен жауапкершілік. Ел тізгінін ұстайтын болашақ ұрпақтың
қалыптасуы мен дамуының кепілі.
Қорыта
айтқанда, білім беру мазмұнын жаңарту, оқу үдерісіне енгізу – бұл жаңартылған
білім беру бағдарламаларының күшті және әлсіз жақтарын анықтау бойынша бірқатар
зерттеулермен байланысты күрделі және өте ұзақ процесс. Осыған орай жыл сайын
мәселелерді анықтап, олардың шешімін табуға орай қаншама ғылыми конференциялар,
семинарлар, кездесулер өткізілуде. Солардың барлығы нәтижелі, әрі пайдалы болса
екен деген үмітіміз көп.