КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Қазақ халқының өзіне тән ұлттық ұғымына енген, қасиетті саналатын бірнеше сандары бар: 3,7,9,12,40, 1000. 

Кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің 22 жылдығына арналған баяндамасында қазақтың ырым тұтатын 7 саны 7 қазына сияқты, біздің мемлекетіміздің 2050 жылға дейін даму стратегиясы да 7 кезеңнен тұратынын талдап өтті.

1. Шекарамыз берік, Мәңгілік елміз, мақсатымыз – көрші мемлекеттермен достықта болу.

2. Халқымыздың бір шаңырақ астында мызғымас тату-бірлігі.

3. Салт-ғұрпымыз, мәдениетіміз және ана тіліміз.

4. Индустриялық-инновациялық экономикасы дамыған елге айналдық.

5. Ұлттық байлығымыз – ол біздің ереулі еңбегіміз.

6. Сәулетті Астанамыз – мемлекетіміздің қуаты.

7. Бүкіл адамзат алдындағы жауапкершілігіміз және бейбітшілікті сақтауға арналған ұсынысымыз.

Орта ғасыр алхимиктері мен астрологтарының жеті күнге, жеті жұлдыз атын беруі, жеті металдың (алтын, күміс, темір, сынап, қалайы, мыс, қорғасын) пайда болған күні деп жексенбі, дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі күндеріне ат беруі. Бұл күндердің ішінде әр күнге арнайы ырымдар жасауы (мысалы, жолға сәрсенбі – сәтті күні шығуы немесе тойды сәрсенбі күні жасауы, жұма ауыр күн деп есептеп, жолға шықпай, құдайы садақа беріп, мешітке намазға баруы). Өлген адамды жұма күні жерлемеу, өлген адамдардың жетісін, қырқын беру, жеті шелпек пісіріп, еске түсіру, баланың ержетуін жеті жаспен мөлшерлеп, «жетіге келгенше жерден таяқ жерсің», «жеті қабат жер асты, жеті қабат аспан әлемі», жеті атадан бері қыз алыспаңдар деген.

Данышпан бабаларымыздың тарихи дағдылары, өсиетті сөздері бүгінгі күндерге де үлгі:

«Жеті жұрттың тілін біл,

Жеті түрлі ілім біл».

Жершары беті мәңгі қозғалыста болатын ірі жеті тақта бөліктерінен құралған. 

Жеті қарама-қайшылық: жер мен аспан, жас пен кәрі, жақсы мен жаман, тәтті мен ащы, түн мен күн, су мен тас, жаз бен қыс.

«Жеті қарақшы жұлдызы»

«Жұт (беда) – жеті ағайынды, жиенімен – сегіз».

Осындай 7 санына байланысты бірнеше нақыл сөздерді келтіруге болады.

Байырғы қазақ күнтізбесі бойынша (оның негізі ертедегі араб күнтізбесінде жатыр) он екі айға арнайы жәндіктер мен хайуанаттар атын беру (тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз), оларды 12 қазына деп атау, он екі жылды адамның бір мүшелі – қатерлі жыл деп арнайы атап өту, «он екі мүшең сау болсын», «он екіде бір нұсқасы жоқ», «он екі баулы өзбек, тоғыз баулы түрікмен» немесе лиро-эпос жырларында кездесетін

«Орай да орай оқ атқан

Он екі тұтам жай тартқан!»

(«Қобыланды батыр»)

«Он екі айдың жартысы жаз болады,

Жаз белгісі үйрек пен қаз болады»

(«Қозы Көрпеш – Баян сұлу»)

«Үлкендігі басының

Он екі қарыс қазандай»

(«Қамбар батыр»)

деген сөз тіркестері – 12 санын ерекше қасиет тұтудың белгісі.

Қазақта «Түйе бойына сеніп жыл аттарынан құр қалды» деген, қалжың кезінде салыстырмалы ұғымдарда бар. Енді бір түсіндірме, ол түйенің дене құрылысына байланысты. Яғни мүшелдегі хайуандар бәрі жиналып, түйенің денесін бөлісіп алған екен. Шынында да, түйенің құлағы тышқандікіндей, тұяғы сиырдікіндей, кеудесі барыстікіндей, ерні қояндікіндей, мойны жыландікіндей, шудасы жылқының жалындай, жоны қойдікіндей, бөксесі мешіндікіндей, төбесі тауықтікіндей, сандары иттікіндей, құйрығы доңыздікіндей емес пе!». Осындай түсіндірме сөз тізбектері қазақтың өлеңдерінде де орын алған:

Өлеңнің ұзыны бар, қысқасы бар,

Сөздің де айта алатын ұстасы бар.

Қарағым, сен білмесең мен айтайын,

Түйеде он екі жылдың нұсқасы бар.

Бұл жөнінде мынандай түсіндірме сөйлемдер де бар: Түйе жылдан құр қалмаған, қайта оны жоғарыда аталған он екі түрлі жан иесінің жиынтық нұсқасы, яғни мүшел он екі жылдың символдық-синтезі десе де болғандай. Ботасын бойында он екі ай көтеретіні де мүмкін, осы санмен орайлас заңдылық болар».

Жалпы, мүшел жылды білгісі келген кісі туған жылын он екіге бөледі. Егер жыл он екіге калдықсыз бөлінсе, ол мешін жылы туған болып шығады. Ал он екіге бөлінбей, қалдық қалатын болса, жылды сол қалдық бойынша айкындайды. Қалдық бір болса – тауық жылы, екі болса – ит, үш болса – доңыз, төрт болса – тышқан, бес болса – сиыр, алты болса – барыс, жеті болса – қоян, сегіз болса – қой, тоғыз болса – жылан, он болса – жылқы, он бір болса – барыс жылы.

Азия халықтарының жылдарды белгілеуін зодиак тілімен айтсақ, былай түсіндіріледі: тышқан жылында туғандар зерек, сиыр жылында туғандар қайтпас қайсар, барыс жылдылар тәкаппар да озбыр, қоян жылдылар биязы да сыпайы, ұлу жылдылар арманшыл, жылан жылы туғандар ұрыс-керіске батыл, жылқы жылдылар ашық-жарқын, ырықты, қой жылдылар момын да табанды, мешін жылдылар зерек те қағылез, тауық жылдылар болжампаз да сәуегей, ит жылдылар адал да мейірімді, доңыз жылдылар байсалды да дарқан келеді. 

Бұрынғы қариялар мектепке баратын балаларға тілек-бата айтатын: «Хатты тез танып, кітапты көп оқып, Лұқпандай хакім, Атымтайдай жомарт, 12 ғалымның тілін білсін» деп. Қазақта Ораза айын 12 айдың Сұлтаны дейді, өйткені осы айда дау-дамайдан, ұрыс-керістен, ұрлық-қарлықтан арылып, тек денсаулықты тазалыкты, жақсы мінезді қалыптастыру керек. Жылқы малын сойғанда, соғым етін 12 жілікке бөлуі, киіз үйдің де 12 қанатқа дейін болуы, сағаттың тілі де 12 санымен аяқталуы, ертеде халықтың санын көбейту үшін қыздарды 12-13 жастарында күйеуге де берген. Міне, осының барлығы 12 санының қасиетті екенін білдіреді. 

Өмір болған соң кейде ренішті жағдайлар да кездесіп тұрады. Мысалы, қазақ даласының батыры, дүниежүзінің бірнеше рет күрестен жеңімпазы, цирк өнерінің атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1948 жылдың 12 тамызында дүниеден өтті.

Отансүйгіштігін, патриоттық борышын күш атасы Қажымұқан былай сипаттайды:

Жиырма төрт патшалықты араладым,

Палуанды неше түрлі жараладым.

Жүрегімді жылытқан қызуы мол,

Туған жердей ыстықты таба алмадым. 

Кәсіптік бокстың өзі де 12 раунттан тұрады. 9 балдық сейсмикалық аудандарда 12 қабатты үйлерді салған өте тиімді және қауіпсіз. 

Қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы-демократ Шоқан Уәлиханов 1835 жылы 12 қарашада дүниеге келген және 12 жасында Сібірдегі кадет корпусына оқуға орналастырылған. 

Қазақтың екінші дүниежүзілік соғыста аты шартарапқа жайылған, сөзге, іске де батыл, соғыс командирі, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлы да жылдың 12-айында дүниеге келген.

Қазақстан Республикасы академиясының тұңғыш президенті, кеңес өкіметі академиясының Орта Азия бойынша бірінші академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев та 12 сәуірде 1899 жылы дүниеге келген. 

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дүниежүзілік беделінің арқасында «ЕХРО – 2017» көрмесін Астанада өткізу де осы ғасырдың 12 жылында шешілді. Лондон олимпиадасындағы бұрын-соңды болмаған жеңістер де осы ғасырдың 12-жылына бұйырды және 12-орынды алды. 

Сол сияқты басқа да ырымды сандардың шығу себептері бар. Мысалы: үш жүз, үш жұрт, үш тәтті, үш арсыз, үш мақсат, үш көз, үш алыс, үш қуат, үш ғайып, үш даусыз, үш тоқтам, үш қадірсіз. Міне, көрдіңіздер ме, бұлар да 12 санына жетіп тіреледі.

3 санына қатынасты Ұлықпан хакімнің өсиеті: «насихат үшін үш мың ауыз сөз жаздым, үш мыңнан үш ауызын таңдап алдым. Оның екеуін есте сақта, ал бірін ұмыт, яғни Құдайды һәм өлімнің хақтығын жадыңа тұт, жасаған жақсылығыңды естен шығар». Осындай даналық сөздер баршылық. Мысалы:

Бірінші байлық – денсаулық,

Екінші байлық – ақжаулық, 

Үшінші байлық – он саулық.

Сондай-ақ ерте кезде арабтар тоғыз санын да қасиетті деп санаған. Өлген адамның үшін, тоғызын беріп еске түсірген. Сол арабтар арқылы ислам дінінің қазақ даласына енуіне байланысты тоғыз санының ерекше құрмет тұтылуы да байқалады. «Тоғыз ай, тоғыз күн бала көтеру», «тоғыз әйелдің толғағы бір күнде кепті», «тоғыз жолдың торабы», «тоғыз қабат торқа кию». 

Жасаған Ием, Жаратушы Құдірет-Алла тағаланың 99 аты бар. Таспих моншақтары – 99, Жамбыл – Жәкең – 99 жыл өмір сүрді.

40 санында да өсиетті сөздер, мақал-мәтелдер кеңінен өріс алған. 

Жас сәбиді алғаш рет күміс салынған суға шомылдырғанда мынандай тілек айтады:

Отыз омыртқаң бекісін,

Қырық қабырғаң қатсын.

Артынан сәбиді шомылдырған әйелдер күмісті өзара бөліп алады. Жас сәби дүниеге келгеннен кейін қырық күн бойы ешкімге көрсетпеу, шашын және тырнағын алмау әдеттерімізде бар.

«Отызыңда орда бұзбасаң

Қырқыңда қамал алмассың»,

Қырықтың бірі – Қыдыр (үйге бақыт, байлық әкелетін аспан елшісі).

Бір кісі таққа отырса – қырық кісі атқа отырады.

«Ханда 40 адамның ақылы бар»

Ал 1000 санында да өсиет мәтелдер бар екен.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар

«Мың малың болғанша 

Бір балаң ғалым болсын».

«Күніне мың пәлеге жолықсаң да,

Бір Алладан күдеріңді үзе көрме».

«Мың қосшыдан бір басшы артық»

Осы келтірілген ырымды сандарды еске алып, реті келген сәттерде жас ұрпақтарға тарихи түпнұсқасын түсіндіріп, мағынасын ашып беріп отырсақ, ұрпағымыз таза, данышпан, тәртіпті және патриоттық сезімдерінің жоғары болатыңдығына толық сенемін.

tonykok.kz


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 422 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 757 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика