КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


 

Қазақта «қаза» деген қастерлі сөз бар. Өлімнің бәрін «қаза» демейді. Мәселен, майданға қатыспай өз үйінде жатып көз жұмған кісіні «қаза тапты» деп айтпайды: «қайтыс болды», «бақилық болды», «дәм-тұзы таусылды» дегендей басқа сөздермен сипаттайды. «Қаза» - бұл, дәрежесі өзге өлімнен биік тұратын, батырлықтың дәлелі болатын сөз. Қаза болған кісіні ел-жұрты батыр деп дәріптеп, жоқтап аза тұтқан. Яғни, қаза табу - жауынгердің ғана маңдайына жазылған ақ өлім. «Қаза» сөзіне «ақ» дегенді жалғасақ «қазақ» сөзі шығады. Біріншіден, «қаза» мен «қаза-ақ» деген дыбыстық үйлесімі. Екіншіден, екеуінің де жауынгерлік ұғым болуы кездейсоқ сәйкестік емес. Бұл сәйкестікті қазбалай түссек, онда «қаза» сөзінен «қазақ» сөзінің қалай туындағанын пайымдай аламыз.

Қазақта «Ердің орны елдің шетінде, жаудың өтінде жүру!» дейтін нақыл бар. Яғни, ерлер елдің шетіне шығып, иен далада әскери қосындар құрып ел қорғаған, және аңшылық жасап, жау елдерге шапқыншылық жасап өзінше күн көрген. Бұл түркі жұртының көнеден келе жатқан дәстүрі. Жаугершілік шерулер, майдан даласы дегенің қазасыз болмайды ғой. Яғни, иен далаға кетіп, жауынгерлікті кәсіп қылудың ұраны: «Мен ел үшін қаза-ақ болуға бекіндім!» дейтін өлімге бас тігу антымен басталса керек. Әлбетте, қаза-ақ болуға бекініп, ел шетіне шыққан әскери қауымды қазақшылық құрушылар, яки қазақтар деп атаған. Оларға, жауынгерлік тіршілік - кәсіп, соғыс - олжа көзі болған. Жауынгерлікті кәсіп ету нағыз ердің ісі саналған. Кәсіпқой жауынгер болу үшін бойында күші тасыған алып және ержүрек болуы керек. Денсаулығы мықты, өзіне сенімді ерлер ғана қазақшылық құра алған. Жігіт-желең кезінде қазақшылық құрып, ауырғанда және қартайғанда ел жұртқа барып бейбіт тірлік кешкен ерлер де аз болмаса керек. Бірақ, атышулы батырлар бүкіл өмірін қазақшылыққа арнап, үйлі-жайлы күйінде, әйел-баласымен де қазақшылық құрып жүре берген. Осындай батырлардың бастамасымен бүкіл отбасы, әулеті, тіпті ру-тайпасымен қазақшылық құрушы көшпелі тайпалар пайда болған. Отырықшы тайпаның қазақшылық құруы, әлбетте, мүмкін емес. Яғни, қазақшылық құрушылар көшпелі тайпалар болған. Қазақ хандығы құрылмай тұрып-ақ, қазақ аталған көшпелі әскери тайпалар болғанын түрлі тарихи деректерден кезіктіреміз. «Қазақ» аталатын тайпалар ешкімге тәуелсіз, ерікті, еркін тіршілік кешкен. Сахараның о шеті мен бұ шетіне дейін кезіп, шерулетіп жүре берген. «Кімсіңдер, қайда барасыңдар?» – дегендерге: «қазақпыз!» деген жалғыз сөзбен-ақ еркінше шерулетіп жүргенін түсіндіре алса керек. 1245-жылы Мәмлүктер билеген Мысыр мемлекетінің қыпшақтары ортасында жасалған араб-қыпшақ сөздігінде, «қазақ» сөзіне «еркін, кезбе адам» деген мән берілген екен. Жаугершілік заманда «еркін, кезбе адам» болып жүру жауынгердің ғана қолынан келгені анық. «Қазақ» дегеннің әскери қауым екенін айғақтайтын деректер де жеткілікті. Мысалы, парсы тарихшысы Шарафуддин Иааздидің «Зафарнама» атты еңбегінде: Дешті Қыпшақты әскери түрде күзетіп отырған елді - Өлейіт чатур қазақ, деп атаған. Одан беріде, Шағатай ұлысында «қазақ» аталатын әскери-тайпаның болғаны (көтеріліс жасағаны) жайлы, сондай-ақ, Ноғайханның да, әйгілі Ақсақ Темірдің де қарамағында қазақы әскері болғаны жайлы деректер бар. Сондай-ақ, «қазақы соғыс өнері» деген терминді тарихи деректерден кезіктіреміз. Әйгілі Ақсақ Темір «қазақы соғыс өнерінің білгірі болған» дейтін деректер бар. Сонымен қатар, батырлар жырына (Алпамыс, Қобланды, т.б.) қарасақ, онда 10-20 жігіт-желеңнің жиылып, елден жеке шығып, шағын әскери қосындар құрғанын, яғни қазақшылық құруын көре аламыз. Жыр-дастандардағы баяндауларға қарасақ, жас жігіттер ата-анасынан рұқсат-батасын алып, сосын жалғыз атқа мініп, қарудан басқа ештеңе алмай әскери сапарларға шығады. «Ер азығы мен бөрі азығы – жолда!» деп азықсыз да жүре береді. Яғни, қазақшылық құруға желең шыққан жігітте далада тігетін киіз үйі де болмаған. Парсы тарихшыларының жазбаларындағы «үйлі қазақ», «үйсіз қазақ» дейтін сөздері осыдан шықса керек. Мұндай шағын топтар көп жортуылдап, өзге елдерге, саудагерлерге тонаушылық шабуылдар да жасаса керек. Орыс, парсы, үнді т.б. елдердің тілінде қазақ сөзіне «қарақшы» дегенді қосақтайтын тіркестер кездеседі. Мысалы, «казаки-разбойники». Мұны олар, түркі қазақтарының шапқыншылығына жиі ұшырау себебінен айтқан деп түсіну керек. Түркі халықтары тілінде «қазақ» пен «қарақшы» сөздерінің тіркесуі кездеспейді. 

Қазақшылық құрудың тарихы. Халық аңызына сенсек, қазақшылықтың бастауы Алашаханмен байланысты. Яғни, бір патшаның баласы денесінде ала дақтарымен туылыпты («Ақтаңдақ» болса керек). Патша баласын жұртқа көрсетуден ұялып, бірнеше нөкерімен бірге иен далаға апарып тастапты. Бала далада ержетіп, батыр болып, қасына көп нөкер жиыпты. Нөкері көбейгесін Алашахан атаныпты. Алашаханның әскери күші әкесінің елінен басым болса да әкесіне қарсы соғыс ашпапты, қайта патша әкесінің елін сыртынан қорғаштап иен далада жүре беріпті. Әкесі қартайып қайтыс болғанда ғана әке тағына отырыпты, дейді халық аңызы. Алашаханның өмірбаяны ел шетінде жүріп ел қорғаудың, басқаша айтқанда қазақшылық құрудың айқын көрінісі емес пе?! Алашаханның қай заманда тіршілік еткенін нақты айту қиын. Бір аңызда Алашаханның әкесі Абдолла хан, екіншісінде Қызыл Арыстан, үшіншісінде Абдул-Азис деп кете береді. «Әбілғазы ханның «Түрік шежіресінде»: Нұхтың баласы Яфет (оны Абылжа хан дейді), одан Түрік, одан Түтік, одан Елшехан, одан Диб Бануй, одан Алаша хан, ал одан екі ұл – Татар мен Моңғол тарайды деп көрсетілген. Құрбанғали Халид болса «Тауарих хамса» кітабында «Алаша хан – жалпы хұндардың бабасы, моңғол-татардың атасы» деп жазған. Яғни, Алаша атын түрлі дәуірлерге қатысты шежірелерден көріп қаламыз. ХVVІ-ғасырда Ұлытауда Қасымхан Алаша-ханға кесене салдырған. Мұнда, қазақ қауымының ішіне кірген әр текті рулар Алаша баласы болып, бірі ағалық, бірі інілік жолмен туыстық жүйе құрайды. Ең бастысы Шыңғысхан немесе Жошыханды емес, Алашаханды мемлекеттің символы етіп алу, туыстық идеологиясын соған бекіту жас Қазақ мемлекетіне мықты іргетас жасап берді. Алаша ұғымы содан бері қазақтан ажыраған жоқ.» (Ж.О.Артықбаевтың «Алаш һәм Алаша хан» атты мақаласынан үзінді.//Бұл мақала, «Алаш» тарихи-этнографиялық ғылыми журналының №2(05),2006жылғы санында жарияланған, 34-45 беттерде.) Касалар (қазалар) деген аттылылар жөніндегі деректер қытай тарихшыларының І-ІІІ ғасырлардағы жазбасында кездеседі екен. Сонымен, жоғарыдағы деректер бойынша, қазақшылық құрып жүретін ерлер І-ІІІ ғасырлардағы түркітектес ғұн, үйсін, қаңлы елдерінде де болған, Алашахан сол замандағы тұлға, деуге болады. Яғни, қазақшылық өте көне заманадан басталған дәстүр. 

«Қазақ» сөзін зерттеген Сәкен Сейфуллин атамыз «Қазақ тарихынан қысқаша мағлұмат» атты еңбегінде Мұқаметжан Тынышбайұлының еңбегіне сүйене отырып, оның қисынын былайша өрбітеді: 1) Наков деген орыс шежірешісі: «1223-жылы Шыңғыс әскері Кавказ тауынан асып келіп, «қазақ»(касах) жерін басып, қыпшақтарды қиратып, сонан соң орыстарды қиратқан» деп жазған. 2) Атақты Ноғайханның заманында, Кавказдан черкестерді шақырып келіп, Рылск деген қаланың маңына орнатқан. Сол черкестер өздерін өздері «қазақпыз» деген. 3) 1397-жыл мен 1410-жылдарда Қырым татарларының біразы Литва еліне ауып барған. Литва королінің хат тасушысы қызметінде болған татарлар «қазақ» атанған. Ол кезде орыстың «казак-орыс» дегендері шықпаған кез еді. 4) Күншығыс жақта 1456-жылы Жәнібекті хан көтерген ноғайлар – қазақ атана бастап, Қазақ хандығын құрғанда, 1474-жылы Қырым ханы Меңлікерей, 3-Иван атты орыс князіне жазған хатында: «Сенің жеріңді тартып алуға мен ұландарымды, мырзаларымды - қазақтарымды жібермеймін» - деген. 5) 1523-жылы Морозов деген орыс Түрік сұлтанына айтқан сөзінде: «Сенің қазақтарың бізге тие береді» деген. Бұл мағлұматтардан көретін нәрсе мынау: көп елінен оқшауланып шығып, жауынгерлік кәсібінде болғандарды «қазақ» деген!»- депті Сәкең.*(Сәкен Сейфуллиннің «Қазақ тарихынан қысқаша мағлұмат» деген еңбегі Алматыда 1997жылғы Е.Аққошқаров құрастырған, «Қазақ тарихынан» кітабының 284-321-ші беттерінде жарияланған). Шоқан Уәлихановтың айтуынша: «Қазақ сөзінің әргі мәні – жан мен тәннің еркіндігі мен биік рухын білдіретін, европалық серілікке (рыцарство) тән!»- екен. 

Бүгінгі Ресейдегі Құмық, Ноғай атты халықтар тілінде «қазақ» сөзі әлі күнге дейін «жауынгер» деген мағынасын жоғалтпапты. Орыстың әйгілі тарихшылары Н.М.Карамзин, В.В.Бартольд, В.Даль, В.В.Радлов, П.Бутков, Г.Ф.Благова және тағы басқалары, «қазақ» есімін зерттеп, оның әскери термин екенін және көне түркілерден шыққан әскери дәстүрдің атауы екенін атап өткен. 

Парсылар, ХХ ғасырдың 20 жылдары ағылшын отаршыларына қарсы көтеріліс жасаған әскерлерін қазақтар деп атағандығы туралы «Иран тарихы» деген кітапта (Алматы 2002ж, «Зерде» баспасы) талай деректер келтірілген. Парсылар казарманы (әскери жатақхананы) әлі күнге дейін «қазақхана» дейді. (Бақтияр Әбілдәұлының жоғарыда аталған мақаласында) Яғни, парсыларда «қазақ» -«жауынгер» деген ұғым береді. Түркияда қазір де батыл адамдарды «мынау нағыз қазақ екен» деген теңеу оқта-текте айтылып қалады.

BAQ.KZ

 

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз