КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



Бата – қазақтың ежелден келе жатқан көне дәстүрлерінің бірі. Арабтың «фатеке» деген сөзінің қазақша айтылу түрі. Алғыс айту, ақ ниет, тілек білдіру деген мағынаны білдіреді. Бата тілеудің, бата айтудың қисыны да әртүрлі: дәмге бата, сақтық батасы, той батасы, сапарға ақ тілек тілеу, т.б. Олардың қандай жағдайда қай түрі қолданылатынын аңғара білу керек. Әдетте, бата қадірлі ақсақал, ел ағалары тарапынан көп сенімін ақтайды деген абзал азаматтарға, талапты жастарға, жұрттың жүгін көтерген адамдарға немесе белгілі бір кісілерге үлкендер жақсы ісіне риза болған жағдайларда беріледі. Белгілі бір адам әуел баста жанынан шығарып айтып, ол жатталып, екінші бір адам айтқанда кей жерін өз сөзімен қосып айтып, келе-келе алғашқы айтылған бата өзгерген де жайлар кездеседі. Батырлар жырындағы, аңыз-әңгімелердегі айтылатын баталар соның дәлелі. Кейде бата ұзақтау өлең түрінде болып келсе, кейде екі-ақ ауыз қысқа да нұсқа, нақыл-ақыл, өсиет түрінде берілген. Бұған қарап, қазақтың өзіне ғана тән ерекше ақынжанды, сөз қадірін аса терең сезіне білген халық екендігін байқау қиын емес.

Кейде сөз төркінін түсінбейтін, байлыққа малданған, тоғышарлардың сараңдығын шешендер батаға қосып сынап та алып отырған. Бұдан батаның тәрбиелік мәнін де көреміз.

Бірде қырғыздың атақты манабы Шәбден әкесіне ас бергенде Бөлтірік шешен де шақырылады. Бөлтірік келіп жайғаса бергенде Шәбден сәлем береді. Сәлемін қабыл алып: «Жиын арты той болсын, отыр қарағым, бата берейін» деп Бөлтірік қол жайып: «Құдай бәле-жаладан, ала-құладан сақтасын!» деп батасын береді. Шәбден шешен батасының саяздығын, батаға көңілі толмағанын айтады: «Ала-құла не, бәле-жалаңыз не? Көрсетіңізші маған» дейді.

Сонда бәйгенің алды болып келген аттың тай күнінде жоғалып кеткенін шешен дәлелдеп, жүйрік ат та, жүз қаралы бәйге де Бөлтірік жігіттеріне тиеді. Ат, атақ, бәйге бәрінен ажыраған Шәбден өзінің артық кеткенін мойындап, шешеннен кешірім өтінуін сұрайды. Сонда Бөлтірік:

– «Бәле қайда деме, аяқ астында» деген осы болады. Атаған айыпты қазақ-қырғыз демей, кембағалдарға, кедей-кепшіктерге өз қолыңмен таратып бер. Бұл істің сауабы осы болады» деп төрелік айтыпты.

Мәшһүр-Жүсіп Көпеев жол жүріп келе жатып, кеш бата бір ауылға келіп түседі. Бұрыннан ақынды өз үйіне қонақ етіп, арнайылап шақырып батасын алсам деп жүрген ауылдың ауқатты адамдарының бірі Мәшһүр-Жүсіпті қадірменді қонақ етіп күтеді. Ас ішіліп болған соң қол жайылып, Мәшекең: «Екі дүниенің абыройын берсін» деп бата береді. «Қай жерден мүлт кетіп жақпай қалдым екен» деп батаның қысқа қайырылғанына көңілі толыңқырамаған үй иесі: «Қысқа қайырдыңыз ғой» дегенде, екі дүниенің абыройын місе тұтпайтын қандай адам деп ойласа керек? Мәшһүр-Жүсіп қолын қайта жайып: «Нысап берсін» деп бетін сипапты.

Сөз білмегендерді осылай тосылтқан мысалдар аз емес. Батаның түрі көп. «Мынау бір болайын деп тұрған бала екен» деп үлкендердің бата беріп жатқанын талай естідік. Бала күнімізде, ұйқыдан оянуымыз-ақ мұң екен, анамыздың: «Беті-қолыңды шәй. Атаңа бар. Сәлем бер. Батасын алып кел» деп айтатын өнегелі ақылы әлі құлағымызда.

«…Абай жауабын естіген соң, Бөжей ықыласпен қарай түсіп жақындады да:

– Әкең айтпай, өзің білген болсаң батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім ғой, шырағым… – деді.

Байсал бұл сөзді де жақтырмай сырт қарай беріп еді, Бөжей оның қозғалысын танып: – Ей Байсал, сен бата бермегенмен, мынау болайын деп тұрған бала ғой, – деді де, Абайға бұрылып:

– Ендігінің жүгі сенде қалар, балам. Жолың болсын… Жалғыз-ақ өзгені берсе де әкеңнің қаттылығын бермесін, – деп бетін сипады. Абай да Бөжейге қадала қарап тұрған қалпында бата қылып, бетін сипап еді…

Аттылар жүріп кетті. ­Байдалы бағанадан үндемеген еді. Енді ғана Бөжейге қарап:

- Екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап тұр екен өзінің… – деді.

Абай тұрып-тұрып барып қана қозғалды.

Шын ба? Шын айтты ма? Жоқ әлде Байсалдың қаттылық, аямастық мінезі балаға ауыр тимесін деп, жаны ашығаннан айтты ма? Бөжей не мәнмен мұндай жақсы бата берді. Ойда-жоқтан, оп-оңайдан, осындай таудан үлкен сый бола ма?! Мырзалық па? Жоқ әлде Абайды аз білсе де, тез танығаны ма? Үлкендер көреген, танығыш, сыншы ғой. Шынымен-ақ танып айтқаны ма?

Олай болса, Абай жаман кісі емес, жақ­сы кісі болмақ қой… Бұл жайды ойла­ған сайын балалық өзімшілігі қатты риза болды. Абайдың іші ала қызып, біртүрлі қуана серпіліп, тез-тез құлаш сермегісі келгендей. Әлдеқандай өріс іздегендей…»

(Мұхтар Әуезов. «Абай жолы», роман-эпопея. 1-кітап. 88-бет).

Бала Абайдың бата алуы, өзіне кереметтей сенім жүгі артылғандығын сезініп, толқуы, қанат пайда болғандай бойында бір бұла күштің шиыршық атуы – батаның қаншалықты әсер етер құдіретті күші барлығын сездіріп тұрғандай.

Мұндай баталар талапты, халық сүйген ер-азаматтарға ғана берілген.

Елді жаудан қорғауға алыс сапарға аттанар сәтінде ерлер міндетті түрде бата алған. Қобыланды батыр жауға аттанғанда туған ата-анасы, халқы жиы­лып, аман-есен барып, жауын жеңіп қайтуы үшін оң сапар тілеп бата бермей ме? Күні кеше қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар ғарышқа самғар алдында көп жасаған қарияның батасын алмап па еді. Мұндай баталар ерді ерлікке жігерлендіріп, бойындағы қайтпас қайратты жанып, айрықша отаншылдық сезім тудырған.

Бұдан басқа «дастарқаның тоқ болсын, уайымдарың жоқ болсын», «қыдыр дарысын» деген сияқты жиі айтылатын баталар халқының дәстүрін сыйлаған әр адамның білетіндігінде дау жоқ.

Адамның жарық дүниеге келуінен бастап шілдехана, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесу, сүндет, тоқымқағар, ашамайға отырғызу сияқты адамның өсуімен бірге келіп отыратын жөн-жоралғы, қуаныш, асу-белесіне ауылдың үлкен сыйлы адамдары бата беріп отырған.

Осындай өмірден түйген, көргені көп адамдардан ақыл-кеңес алған жастардың өмірде қателікке ұрынбай, түзу жолмен жүріп, үлкенді сыйлап өсуі, бойларында имандылық, адамгершілік қасиеттердің мол болуы халқымыздың көне, тағылымды дәстүрлерінің бірі – ақ батаны біріншіден өмірлік жолдама деп қабылдап, екіншіден үлкеннің парызын өтеу деп түсініп, қашанда ақтілекті ақтауға тырысқандығын байқаймыз.

«Батамен ер көгерер, жауынмен жер көгерер», «Баталы ер арымен» деп айтылатын нақыл сөздердің де негізгі мәні – адамды адамгершілікке, имандылыққа, сабыр мен парасатқа, ақыл мен білімдарлыққа, шешендікке бастайтын айрықша бір рухани күш екендігін танытуда жатса керек. Бата алған адам жаман болмаған. Оның мысалы да көп. Бірде Бөлтірік шешен ел аралап жүріп ертеректе қайтыс болған Сәмек деген туысының жаңа үйленген жалғыз баласы Шүлембайдың үйіне түспекші болады. Оның шаруасы оңалмай, тұрмыс жағдайы болмай жүрген кезі екен. «Алла қаласа, оның қырсығын кесейік» дейді шешен. Шүлембай келіншегі екеуі қартты аттан түсіріп, ілтипат білдіреді. Жас келін зыр жүгіріп жүріп ішке кіріп кетіп, қонақтардың астына не төсерін білмей, дағдарып барып төрдегі қарақұрым көне киіздің үстіне ақ орамалын жайып төсепті де: «Ата төрлетіңіз, отырыңыз» депті.

Шешен киімін шешіп, керегеге іледі де, келін төсеген ақ орамалға жақындап, жерден еңкейіп алады да: «Қарағым, келін, үлкенге деген ақ ниетің ғой бұл ақ орамалың. Сыйлап төсегеніңе Алла риза болсын. Осы құрметің де жетер. Бақ-дәулетті көтеретін балам екенсің, өркенің өссін! Мә, қайтып ала ғой. Құдай ағыңа бағыңды сай қылсын» деп батасын берген екен.Содан кейін Шүлембайдың қырсығы кесіліп, шаруасы оңалыпты дейді. Осылай үлкен кісілер немесе кез келген адам біреудің қайырымдылығы мен жақсылығы, ізгі қызметі үшін де бата бере алады. Жалпы, батаның тәрбиелік мәні зор. Жастарды ізгілікке, парасаттылыққа, мейірімділікке баулиды. Адамды асыл қасиетке бастайтын рухани мұра болып табылады.

Бата ақ тілектің атасы.

Өте сирек те болса ел ішінде теріс бата қолда­нылған. Бұл «бата» деп аталғаны болмаса қатты қарғыс немесе ауыр жаза деп те айтуға болады. Теріс бата сенімді ақтамаған, өзіне қолы, тілі тиген баласына әкенің қолын теріс жайып берген қарғыс батасы. Теріс бата алғанды халық та жеккөрген. Әрине, бұл ілуде бір болмаса кездеспейді.


Қарағанды қаласы


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз