КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



Дәстүр – белгілі бір ұлттың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігі барысында жинақтап, сұрыптап, бір жүйеге келтіріп, қалыпқа түсірген қоғамдық ойының, әдет-ғұрыпының жиынтығы. Ұлттың ұлт болып қалыптасу барысындағы барлық материалдық, әлеуметтік және рухани құндылықтарының өзге халықтарда жоқ өзгеше бейнесі. Бір ұлттың өзіне ғана тән тағылымдық мәні зор моральдық, танымдық тәлім-тәрбиесі, халықтық дағдысы, үлгі-өнегесі, даналығы мен даралығы. ол осы қасиетімен өзгелерден ерекшеленіп, оқшауланып тұрады. Сондықтан оған өзге жұрттың ортақтығы жоқ. Оның бір ұлтқа телініп, «ұлттық дәстүр» аталуы да сол ұлтқа ғана тәуелді болатынында.

Мейлі қай дәуірде болсын, белгілі бір ұлттың дәстүрі бұзылған кезде, оның халықтық қасиеті өзгеріске ұшырап, құлдырауға бет алады. Ал мұның керісінше елдігінің ежелгі тамырынан нәр қабылдап, таңдаулы дәстүрін жоғалтпай сақтап, дамытып жалғастырған ұлт өзінің халықтық қасиетіне селкеу түсірмейді. Өзгеше өмір сүру заңдылықтарын көрнектілендіріп, заман талабына сай алға ілгерілеп, өсіп-өркендеп, жетіліп отырады. Міне мұндай ұлттың іргесі қашанда берік, мерейі үстем, рухы биік тұрады. Хатталып қағазға түспесе де, дәстүрдің құнды қасиеті сол ұлттың әр азаматының сана-сезіміне анасының сүтімен, атасының тәрбиесімен, ортасының өнегесімен дарып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырады.

Бүгінгі бәсекелі қоғамда, біз еңсе көтіріп, ықпалды ұлт болып өсіп-өркендейміз десек, заман талабына сәйкесетін таңдаулы дәстүрімізді, озық мәдениетімізді сақтап, қорғап, оны онан ары дамытып, өркениетті ұлттар қатарынан тиеселі орнымызды еншілеуміз қажет. Кезінде ата-бабаларымыздың ұрпақтарына «қалпыңнан айырылсаң да, салтыңнан айырылма», «балаңа басқұр қалдырғанша дәстүр қалдыр» деуі, түптеп келгенде, халықтық дәстүрімізді аялап, қастерлеп, заман талабына сай жетілдіре беруімізді аңсаған тілегінен туғандығы белгілі.

Байырғы дәстүрлеріміздің белгілі бір варианты жөнінен айтқанда, ол өмірдің өзгеріп, заманның жаңалануына сәйкесіп, өзінің рухани құндылығын әйгілеп, былайғы жерде ұлттың тыныс-тіршілігіне өз пайдасын тигізе алса, онда оны озық дәстүрге жатқызамыз. Айталық, ұлтымыздың сан ғасырлық сараптаудан өтіп бүгінге жеткен жеті атаға дейін қыз алыспайтын тамаша дәстүрі бар. Қазіргідей өркениетті дамыған қоғам ғылыми құнын енді түсініп дәріптеп отырған осындай «жазылмаған қатаң қағида» әлемде мүмкін жоқ та шығар. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы бұлжытпай ұстанып, дәріптеп келген дәстүрлі жол-жосынынан тағы да бірер мысал айтар болсақ: «су ішкен құдығыңа түкірме, қайта кірер есігіңді қатты серіппе, нанды баспа, жасы үлкеннен жоғары отырма, ата-ананың бетінен алма, үлкеннің ықыласынан бұрын асқа қолыңды созба, кемтар адамға күлме, кісіге қару кеземе, малды басқа ұрма, бас киіміңді аяқ астына тастама, құмырсқаның илеуін, құстың ұясын бұзба, көк шөпті жұлма, жалғыз ағашты кеспе, ішті аңды атпа, жан иесін жәбірлеме, отпен ойнама, т.б» толып жатқан тыйым-тағылымдарының өзі өз ұлтымызға ғана тән ұлттық ерекшелігімізді, өзге ұлтта жоқ асыл дәстүрімізді, тамаша халықтық қасиетімізді айғақтайтыны айдан анық.

Өмірдің өзгеріске ұшырап, заманның жаңаруына сай, яғни байырғы көшпенді тұрмысымыздың отырықты өмірге біртіндеп өзгеруіне ілесе, кезінде кәдеге жараған, белгілі құны болған кей жол-жоралғыларымыз қазіргіге қисыны келмей, жарамсыз болып қалатын болған. Міне мұны дәстүрдің тозығына жатқызып, оны тым әсірелеп дәріптемегеніміз жөн. Соңғы кездері «ата-бабаларымыздың ұстанған жолы еді» деп өміршеңдігінен айырылып қажетке жарамай қалған, тәрбиелік мәні, ақылға қонымы, қоғамдық құны жоқ бір бөлім ырым-жырымдарымызды тауып алып, оны әспеттеп, аспанға көтеретін жағдайлар да белең беріп жүр. Әсілі қазіргі қажеттілік – қоғамдық жалпы дамуды шығар түйін етіп, дүниелік ауқымға сай ұлтты жаңа заманға, озық мәдениетке, ілгері дәстүрге бейімдеу. Сондықтан ұлттың ұлағаттылығын сақтау негізінде «өртейтұғын кітап, өлтіретін молла бар», «кей адам ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деп атамыз қазақ айтқандай, «дәстүріміз еді» деп қажетке жарамай қалған ырым-жырымдарымыздың бәрін бүгінгіге талғаусыз қолданып, орынсыз бас шұлғи бермей, дәстүрдің озығы мен тозығын саралап, талғампаздықпен қоғамдық құны, тәрбиелік мәні бар түрлерін қолданғанымыз жөн. Бұл жөнінде кезінде Абылай ханның ақылшысы болған, қазақтың көрнекті қоғам қайраткерлерінің бірі, білікті би, айтулы шешен Байдалы бабамыз: «мақалға жармаса берме, онда да мін бар, молланың айтқанның бәрі шариғат емес, бұрынғылардың айтқанының бәрі қағидат емес» деп, бұрынғыға талғаусыз қарап, орынсыз еліктей бермей, оған сын көзбен қарауды ескертсе; ал ежелгі грек ойшылы атақты Пифагор: «жақсы жасалған заңнан жақсы салт-дәстүр артық» деп, белгілі шарт-жағдай астында салт-дәстүрдің заңнан да ықпалды тұратынын дәріптеген. Сол себепті біз мораль категориясына тән дәстүр ұғымына әсте жеңіл-желпі қарауымызға болмайды.

Қазіргі кезде сәп салып қарайтын болсаңыз, ата-бабаларымыз ұрпақтан-ұрпаққа қатаң ұстанып, қалпын құратпай жалғастырып келе жатқан отбасындық дәстүр тәрбиесінің арқауы уақыт озған сайын босай бастағандығы байқалады. Мұның айқын бейнесі өз үйінде отырып балаларына өзге тілде сөйлесетін, ұрпақтарына «ұлтымыздың таңдаулы дәстүрі, тыйым-тағылымдары мынандай еді» деп ескертіп отыратындардың саны азайғандығынан; әуелі, отбасында дәстүр сөзін дәріптемеуді, өз тілінде сөйлемеуді біртүрлі мәдениеттілік, білімділік, тіпті кәдімгідей мәртебе санайтындардың, баласының өз тілін білмей қалуын мақтанға, абыройға балайтындардың қатары барған сайын молайып бара жатқандығынан байқауға болады. Сөйтіп, бұл күндері қасиетті ана тілімізге салғырт қараудың, дәстүр тәрбиесін насихаттамаудың түпкі тегі, соңғы нәтижесі өзгені емес, өзімізді силамау, ұрпақ тағдырын, ұлт келешегін ойламау екенін аңғармайтындардың қатары да барған сайын молая түсуде. Егер де бүгінгі ұрпағыңыз тіл және дәстүр тәрбиесінен шынында қол үзсе, онда алда туған балаңыз шала қазаққа, келешек немереңіз мәңгүрт қазаққа айналары даусыз. Сондықтан өсер ұрпақтың ұлттық дәстүрімізден көз жазып, адасып қалмауы үшін, ең әуелі, оларды отбасындық қарапайым тұрмыста заман талабына сай келетін таңдаулы дәстүріміздің нәрлі уызына өз ана тілімізде қандыруымыз қажет.

Азаматтарымызда халқымыздың таңдаулы дастүрімен сабақтасқан өзіне тән өзгеше ұлттық намыс-жігері күшті болуға тиіс. Мұндағы ұлттық намыс-жігер «aaaaaavvvvvaaaaa қазақпын!» деп кеудені ұрып құр айғайлау емес, қайта ішкі жан-дүниеңде намыс туыңды тіктеп, өз халқының таңдаулы дәстүрін, озық мәдениетін ардақ тұтып, ұлттың атақ-абыройына дақ салатын ұнамсыз қылықтардан аулақ болуды көрсетеді.

Шыны керек, біз қазір дәстүрімізді ұлттық түс алған бір бөлім мереке-мейрам қимылдармен ғана байланыстырып, формашылдықпен дәріптейтін болып барамыз. Жайшылықта ешкім кие қоймайтын, ұлттық ерекшелікке ие әлем-жәлемі көп, ою-өрнекті киімдерді киіп, арнайы тігілген киіз үйлерде отырып, қазақи тамақтанып, домбыра шертіп, халықтық әндерді шырқасақ, дәстүрімізді дәріптегеніміз деп ойлаймыз. Әрине, бұл да дәстүрді сақтаудың бір түрлі бейнесі екені рас. Бірақ сыртқы көріністе осылай болғанымен, ішкі рухани жан дүниемізде шынайы дәстүршілдігіміз кемейіп барады. Реал өмірде дәстүрге тән сыртқы заттық, формалық көріністі байқату тым қиын емес. Ең қиыны оның қолмен ұстап, көзбен көруге келмейтін, тек санамен ойлап, түйсікпен қабылдайтын құндылықтарын жан дүниеңмен сезініп, көңіл түкпіріңде шынайы сақтай білуде. Дәстүр – әсілі бір ұлттың күнделікті өмірдегі тұтас тұрмыс-тіршілігі мен идеологиясына біте қайнасып, заттық және рухани дүниені жан-жақты тереңдей қамтып жататын аса кең көлемдегі ұлағатты ұғым.

Демек, дәстүр әуелде жәй-жадағай қалыптаспаған. Әр салтымыз, ырым-тыйымдарымыз ешқашанда негізсіз өмірге келмеген. Әрқайсысының түпкі төркінінде адам жанын тәрбиелеуге арналған ізгі ниет, асыл қасиет жатады. Сол арқылы біздің қандай қасиетке ие ұлт екеніміз ашылады. Жоғарыда айтқанымыздай, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүріміздің ақылға сыймайтын, қазіргі дәуірге сәйкеспейтін, шектен тыс кеткен жақтары да жоқ емес. Өз кезінде ұлы Абай да кейбір мақал-мәтелдеріміздің беретін ұғымының тым дұрыс емес екенін ашына айтқан болатын. Қазір сәп салып қарар болсаңыз, өлім-жітімдеріміздегі орынсыз ырым-жырымдар барған сайын молайып, «өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» дегендей, сол шаңырақты жалғасты күйзеліске душар ететін жағдай белең берсе, ал той-томалақтардағы басы артық жол-жоралғылардың соңы ұрыс-керіс, жанжалмен, құда-құдағи, ағайын-туғандардың алакөз болуымен, қалта қағылып, жас жұбайлардың ажырасуымен аяқтайтынын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Сөйтіп, бұл күндері бір бөлім бей-берекет ырым-жырымдарымыздың қалыптан тыс молаюы – өз шырқымызды өзіміз кетіруімізге мұрындық болып, ұлттық дәстүріміз деп қате танылып жүр. Қарапайым халқымызды мағынасыз шашылуға, уақытын ұрлап әуре-сарсаңға түсіретін, еңсесін көтертпей кедейлесуге итермелейтін мұндай баяны жоқ жағымсыз ырым-жырымдарды көргенде, кейде оны қасиетті халықтық дәстүрімізден садаға кетсін дейсіз ішіңізден. Қазір кей кездері бір іске қарата орынсыз ырым етіп, ырымы қырын кетіп әлекке түсетін, әуелі, біткелі тұрған жұмысы сол әлгі ырым етудің салдарынан бітпей қалатын жағдайлар да күнделікті өмірімізде кезігіп жатады. Сондықтан біз әрқашан реал өмірдің оң бағытта дамып ілгерілеуіне оралғы болатын надандықпен сабақтасқан әсіре ырымшылдықтың, керенау дәстүршілдіктің салдарынан әркез аулақ болғанымыз жөн.

Ұлтымыз өмірінде жоғарыдағыдай жағдайлардан сырт, соңғы жылдары қайырымды, бауырмал, береке-бірлікке толы қасиетті халықтық дәстүрімізден ауа жайылып бара жатқан тағы бір бөлім оғаш қылықтарды тілге тиек етер болсақ, бұл күндері қажыр-қайратынан айырылған ата-ананы бағып-қағудан өз ұрпақтары қашқалақтайтын, заң білгеннің жөні осы деп, ағайын ара кешірісіп шешім ететін болмашы араз іс жөнінде заңдасып, арыздасып шешуге ұмтылатын, сөйтіп, ағайын ара алакөз болып өзара жауығатын, жұбайлар ара отбасында туылып тұратын болмашы келіспестікке бола тұра ажырасуға қол қоятын келеңсіз жағдайлар туындап, кезінде өзге жұрт «қазақтай қайырымды, береке-бірлігі күшті, бауырмал халық аз ұшырайды деп» қызыға да, қызғана да қарайтын тамаша халықтық қасиетіміздің ұлттық бояуы уақыт озған сайын солғын тартып, адам баласын алаламай айқара ашатын мейірімді қормал құшағы бұл күндері тамыры бір туысына да ашылмай, оларға қырын қарап, суық қабақ танытатын, әуелі әлпештеп алақанына салып бағып-қаққан ата-анасына да қарайласуды өзіне жүк, ауыртпалық көретін жат қылықтардың біртіндеп жарыққа шығуы себепті, бұл күндері қараусыз бала, күтусіз қария, ойрандалған отбасы барған сайын молайып бара жатқандығы байқалады.

Шынын айтқанда, қазір бір бөлім ұлттық ұстанымымызға, халықтық дәстүрімізге сәйкеспейтін кереғар әдет-дағдылар, өзіндегіні місе тұтпай, оған жирене қарап, өзгеге өршелене өмешегін үздіретін, адамды тегінен жаздырып, азғындауға, адастыруға бастайтын аптықпа пиғылдар біртіндеп бой көрсетіп, уақыт озған сайын молайып келеді. Біздің әсілгі дәстүріміз қандай еді? Сол дәстүріміз бұл күндері былай өзгерсе, айталық, өте аз сандағы, өз жаратылысын айпарадай ашық ұстап, құнын кетірмей, сырлы қасиетін сыпайылықпен сақтайтын қаракөз қарындастарымыз келісті келбеттерін бұзып, кіндіктерін, сандарын жалаңаштап, алдыңнан кекірейе өтсе, өз ұлты азаматтарына айнымас асыл жар болып, тату-тәтті өтетін қаракөз қарындастарымыз өз қандастарының қатарынан теңі табылмайтындай жатжұрттық қалталылардың қолынан ұстап кете барса, тіпті, арын жанының садағасы етуден тайынбайтын қаракөз қарындастарымыз ар-ұждандарын аяқ асты етіп, кешкі сауықханаларда жеңіл жүрісті кіріс көзіне айналдырса, сөйтіп, жастарымыз ұлттық ұғымымызда жоқ, табиғаты мүлде бөтен, дәстүрімізге жат, құбыжық қылықтарға орынсыз бой ұрса, ата дәстүр, асыл қазыналарымызды ардақтамай, оған жирене қараса, өз тілінен өзі безінсе, әрқандай жат қылықтарға ессіз еліктесе, сөзі мен әрекеті таудан тас домалатқандай дөрекі келіп, қазақы әдеп-иба, мінез-құлық, салқын қандылықтан жұрдай болса – онда құрметті оқырман, сіз осыларға қалай қарар едіңіз?! Көрер көзге мүлде ерсі көрінетін, ұлттық салт-дәстүрімізге жат осынау тұрпайы қылықтардың пайда болуын жастарымызға қатысты дәстүр тәрбиесінің босаңсуынан, ата-аналардың салғырттығы мен сапасыздығы салдарынан, ұлттық сана-сезімнің сұйқыл тартып, рухани азғындаудың біртіндеп бой көрсетіп келе жатқандығынан деп айтсақ тым артық болмайтындай. Жастарымыз ортасында жоғарыдағыдай ұнамсыз қылықтардың белең беруіне жастардың өзі кінәлі емес, ойдағыдай тәрбие бере алмағандығымызға аға ұрпақ біз кінәліміз. Егер бұл жағында кетіріп жүрген кемістіктерімізді тез арада толықтап дұрыс арнаға сала алмасақ, онда болашақ алдында, ұрпақ алдында күнәсі кешірілмейтін қылмыскерге айналамыз. Тарих талғамшылары артымыздан қарғыс жаудырып, топырақ шашып, тас ататын болады.

Қазіргі таңда дәстүріміздің озық жақтарын орынды дәріптеп, тозығына сын көзбен қарай алмағандығымыз себепті, бір бөлім дәстүрлі қимылдарымызға кей кездері көлеңке түсетін жағдайлар да белең беріп жүр. Айталық, той салтымыз жөнінен айтар болсақ, әсілі той – жақсылықтың нышаны. Сондықтан тойдың болғаны жақсы. Бірақ біз бұл қимылымызда әлімізге қарамай, әуесқойлықпен бәсекеге, құр атаққа беріліп, тойламайтын нәрсені әсірелеп тойлап, ата салтымызда жоқ қайдағы бір той мазмұндарын барлыққа келтіріп, өзімізді-өзіміз қарбаластыққа түсіріп, шектен тыс шашылуымыз бен ысырапшылдығымыз басым болғандығы себепті, «ұлтымызды той тоздыратын болды» деп өз тойымызды өзіміз жамандап, амалсыздан тойымызға топырақ шашуға мәжбүр болдық. Бұл күндері той салтымыздағы артық кеткен ұнамсыз жағдайлар айтылған сайын, «ит қорыған жерге өш» дегендей, ол тыйған сайын тыйылмай, түрі молайып, халқымызды онан ары әуре-сарсаңға түсіруде. Міне бұл әрқандай жұмыс өз қалпынан шалғай кетсе, іс керісіне айналатындығын түсіндіреді. Қазіргі өтіп жатқан тойларымыз жөнінде бір дәлел келтірер болсақ, белгілі бір тойда 40 та 50 столдық қонақ шақырылған болса, той басталып, ет тартылып, тамақтың арты келмей жатып, алғашқы таңса, не ән бастала бере 40 та 45 столдың адамы арт-артынан қотарыла орындарынан тұрып кетіп қалады. Той залында қонағы жоқ ас тартылған столдар мен 5 те 10 дастарқанның адамы ғана қалады. Міне бұл 5 те 10 столдық адам той иесіне шынайы тілеулес болып келгендер. Ал қалғандары ұялғанынан амалсыз қарыз қайтаруға немесе алда жүздескенде көңіл қалмасын үшін келетіндер екені айтпаса да белгілі. Сонда той иесінің өткізер қимылына дұрыс меже жасалып, тойға тек соңғы 5 те 10 столдық ерекше қоғамдық қатынасқа ие адамдары ғана шақырылуға тиісті.

Өмір өзгеріп, заман жаңарып отырады. Бұрынғы дәстүр көнеріп қатардан қалып, жаңа дәстүр, жаңа салттар пайда болады. Бұл да өмірдің бір түрлі заңдылығы. Еліміз қазір елеулі қоғамдық жаңару кезеңінде тұр. Атап айтқанда, қарапайым қоғамдық күйден осы заманғы озық өркениетті информацияланған қоғамға, томаға-тұйық қоғамнан ашық қоғамға қарай бірте-бірте бұрылыс жасап келеді. Ұлтымыз өмірі де дәл осылай. Мәдениеттің тұтастай даму, жаңалану барысы – дәстүрлі мәдениеттің дәнін алып, қауызын тастау, жарамсызын шығарып, жауһарын іріктеу, оған мұрагерлік ету барысы, қазіргі дамудың талаптарына үйлеспейтін керенау рухани ойлау тәсіліне және тұрмыс дағдысына тереңдей өзгеріс жасау барысы, түптеп келгенде, осы заманғы озық мәдениеттің алға басу беталысына шынайы табанды болу барысы болып табылады.

Кез келген ұлт қоғамның дамуына сәйкесіп, замана ағымының түпсіз иіріміне түсіп кетпей, халықтық қасиетін, ұлттық бөгенайы мен тұтастығын сақтап қалу үшін, ең әуелі, таңдаулы ұлттық дәстүрін сақтай білуі қажет. Реал тұрмыста жаңарып, өзгеріп жатқан қоғамға байланысты ой-сана, ұғым-түсінік, талғам жаңаратыны сөзсіз. Мейлі қандай кезде болмасын, қоғамдық қатынастар дәстүрге өз әсерін тигізбей қоймайды. Оны өзгертуге, әлемдік көзқарастардың жалпы ауқымына бағындыруға тырысады. Біз осындай жағдайда, біріншіден, дәстүріміздің озығы мен тозығына сын көзбен қарап, заман талабына сай келетін, қоғамдық құны жоғары, асыл дәстүрлерімізді ардақтап, оған шынайы мұрагерлік етуіміз, екіншіден, еліктегенде біреудің тастап кеткен қаңсығын өзімізге таңсық санап, ессіз еліктемей, халықтық қасиетімізді сақтай отырып талғампаздықпен еліктегеніміз жөн. Сонда ғана ата дәстүр – асыл қазыналарымызды ардақ тұтып, ұлтымызды ұлағаттылыққа бастай алатын, осы заманғы озық мәдениеттің даму беталысына шынайы сәйкесе алатын боламыз.

Қазақ ежелден дәстүршіл халық. Ол сонау жаңа эрадан бұрынғы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, қарлұқ, сармат, алан тайпалары дәуірлерінен бері қарайғы төл мәдениетін, бөгенайы бөлек салт-дәстүрін жалғастырып келе жатқан байырғы ұлт. Тек музыка мәдениетінің өзінде, қырық қанша түркі халықтарының ішінде 7-8-ғасырларда жасаған Қорқыт бабамыздың күйін сақтап қалған жалғыз ұлт – қазақ халқы екен. Қорқыт бабамыздан қазіргі бізге жеткен жиырмаға тарта күй бар. Олар әлі күнге дейін үлкен сахналарымызда орындалып жүр.

Қазақ халқы – ұлы табиғатты көз қарашығындай аялап, жанындай сүйе білген халық. Ол жаратылыста тектен-тегін барлыққа келген нәрсе жоқ деп, үйіне кірген жылан екеш жыланға да көңілінің түзулігін білдіріп, оны өлтірмей, еш зәбір тигізбей, басына ақ тамызып шығарып салатын болған. Қазіргі «жаратылысты, экологиялық ортаны қорғайық» деген ғаламдық ұлы ұранға сәйкесетін осыдан артық ізгі дәстүр, асыл қасиет, экологиялық сана болмаса керек!

Қазақ халқы «жақсы сөз – жарым ырыс», «жаман ырым жамандық шақырады» деп қарап, «жаман болады» сөзі арқылы, ес біле бастаған баланы жаман әдет, жат пиғыл, орынсыз қылық, теріс мінездерден сақтандырып отырған. Айталық, тізені құшақтауды – жалғыз қалудың, қолды төбеге қоюды – ел-жұрттан безінудің, үлкеннің жолын кесуді – әдепсіздіктің, асты төгуді – ысырапшылдықтың, жағын таянуды – қам-қайғылы болудың белгісі деп санап, баланы ондай ерсі істерге дағдыланбауға насихаттаған. Ұлтымыздың мұндай тыйым сөздерінде адам баласын туылуы мүмкін болған зардаптан сақтандыру арқылы, табиғатты аялап, қоғамға сәйкесуге жетелейтін тамаша тағылымды тәрбие, өскелең моральдық қасиет қамтылып жатады. Халқымыздың қазірге дейін жалғасып келе жатқан, қанына сіңген тектілігі, адамгершілігінің жоғары болатыны, әртүрлі келеңсіз көріністерден, әбес қылықтардан аулақ жүретіні осы дәстүрлі тыйым тағылымдарының нәтижесі екені айдан анық.

Бүгінгі таңда дүниедегі ұлттар «біз кімбіз? қайдан келдік? қайда беттеп барамыз? өзге жұртқа үлгі-өнеге боларлықтай қандай құндылықтарымыз бар?» деп өздеріне өзі қайырыла қарап, «біз мынадай қасиетке ие халықпыз» деп мақтан етерліктей, ұлттық образдарына тамаша айғақ тұтарлықтай өзгеше озық қасиеттерін қарастыруда. Міне мұндай озық қасиеттер жоғарыда айтып өткеніміздей, біздің халқымызда ежелден айтағалсын мол әрі жоғары деңгейде болған. Бұл тамаша қасиеттеріміз қазір де өз жалғасын тауып келеді. Қысқасы, халқымыздың бүгінгі ұрпақтары өздеріне еш іркіліссіз мақтан етерліктей – тарихы ұзақ, тамыры тереңге тартқан, ұлы бабаларымыз ғасырдан ғасырға қаймағын бұзбай жалғастырып келе жатқан бөгенайы бөлек ұлттық ерекшелікке ие таңдаулы салт-дәстүріміз, шұғылалы мәдениетіміз, озық өркениет үлгілеріміз бар. Бұл жақтағы қасиеттеріміз өзге жұрттан артық болмаса, ешкімнен де кем түспейді. Біз былайғы жерде осы ұлттық құндылықтарымыздың қадір-қымбатын онан ары асыра түсу үшін, озық дәстүрімізге жалғасты мұрагерлік етіп, кемістігі болса толықтап, тозық дәстүрімізге сын көзбен қарап, жалпы халықтық салт-дәстүрімізді, баға жетпес асыл мұра, алтын қазынамызды экономика мен қоғамның ақаусыз әрі жарасымды дамуы үшін ойдағыдай қызмет еттіруге құлшыныс жасауымыз қажет!

Келу қайнары : Халық торабы

SenKazakh

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз