КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



«Естімеген елде көп» деген рас екен. Оралда ұрпақ тәрбиесіне сызат түсіретін әрекет қылаң берді. Нақтырақ айтсақ, 3-сынып оқушыларына біржынысты махаббат туралы ертегі оқытылып жатыр.
Әлқисса! Ертегі қалай болушы еді? Қазақтың көнеден келе жатқан «Керқұла атты Кендебайы» мен «Ер Төстігі» елі мен жері, сүйген жары үшін от пен суға түспеуші ме еді. Алып күштермен айқасып, ең соңында мұрат-мақсаттарына жетпеуші ме еді. Жалпы, қазақ ертегілері баланы батырлыққа тәрбиелеп, Отанын, елін сүйетін ерлікке баулымаушы ма еді. Ал біржыныстылықты дәріптейтін мына ертегінің бөгенайы неге бөлек? 
Баласының санасына саңлау түсірген ертегіні оқып, шошынған ата-аналар жергілікті журналистерге хабарласыпты. Мұғалімдер Сионелла Петрова атты көпке беймәлім «жазушының» авторлығымен жарық көрген ертегіні сыныптан тыс оқу үшін бастауыш сыныптың оқушыларына таратып берген екен. Дүбәра оқулықты оқытуға қалалық білім бөлімі рұқсат беріпті. Ал шығармада баланың санасына жат біржынысты махаббат және дәстүрлі емес төсек қарым-қатынасы дәріптелген.
«Менің ұлым үшінші сыныпта оқиды. Жақында оларға сынып жетекшісі интернеттен көшіріп алып, басып шығарылған «Ханшайым, ханзада және сері жігіт туралы ертегі» деп аталатын шатпақ басылған парақшаларды таратып берген. Оны сыныптан тыс, үйде оқуға тапсырыпты. Тәлімі аз оқулықты балаларға үлестірмес бұрын ұстазы өзі алдымен мәтінді дауыстап оқып берген екен. Одан кейін оқушылар үйде оқып, сыныпқа келгенде мазмұнын айтып берулері керек болған. Мұғалімдері оқушыларға осылай тапсырма беріпті», – дейді 9 жастағы оқушының анасы Мария.
Марияның айтуынша, баласы сырқаттанып қалған соң, ертегіні оқуды кейінге қалдырған екен. Алайда ұлының өзге сыныптасының анасы қоңырау шалып, ертегіні оқыған-оқымағанын сұрап, алдымен, Марияның өзінің қарап шығуына кеңес береді.
– Ертегіні оқып, жағамды ұстадым. Оқулықта еш тәрбие жоқ. Бұл баяу жарылатын бомбамен тең ғой, – дейді күйінген ана.
Ертегіні оқып шыққан ата-аналар таныс­тарына хабарласып, басқа мектептердегі жағдайды білмек болған. Сөйтсе, аты мен заты белгісіз Сионелла Петрованың «+18» белгісімен жарияланған «ертегісін» өзге мектептерде де оқуға кеңес беріліпті. 
Елдің есін алған бір «ертегі» былай басталады. «Кітапқұмар туралы ертегі» деп аталатын аңызда жас кітапқұмар жігіт әйелдің көйлегін киіп тұрған ханзадаға ғашық болады. Ал ханзадаға ешқашан әйел жыныстылар ұнамаған екен. «Ғашықтарға» кітапқұмардың сиқыршы кіндік шешесі көмектесіп, олар үйленіп, ұзақ және бақытты өмір сүреді-мыс. Ал екінші бір сорақы ертегінің аты – «Ханшайым, ханзада және сері жігіт». Мұнда Ханзада ханшайымға құда түсуге келеді, алайда сарайдан бір сері жігітті көріп, оған өлердей ғашық болып қалады. Сері жігіт те ханзаданың махаббатына сүйіспеншілікпен жауап береді. Екеуі ханшайымды тастап, тату-тәтті өмір сүруге уәделеседі.
Ессіз «ертегіні» өз оқушыларына оқытуға тапсырма берген Орал қалалық №16 мектептің директоры Василий Карен­ских: «Көркем шығарманы оқытуды қалалық білім бөлімі ұсынды. Жоспар бойынша, бұл ертегілерді оқуға 6,7,8 наурыз күндері, үш сағат қарастырылған»,– дегенді айтады. Бірақ мектеп басшысының өзі ертегінің мазмұнымен таныспапты. 
Орал қалалық оқу бөлімінің өкілі Серік Сафиуллин БАҚ-қа бұл мәселе туралы бүй депті: «Егер қандай да бір шығарма туралы мұғалімнің немесе мектеп әкімшілігінің күмәні болса, онда оны басқаға ауыстыруға толық құқығы бар. Оқу бағдарламасының 15 пайызына дейін өзгертуге мүмкіншілік берілген. Біздің қаланың кейбір мектептері бұл шығарманы өзгесіне өзгерткен, ал кейбірі қалдырған екен. Мен интернеттегі айқай-шудан кейін шығарманы оқып шықтым. Онда ер адамның ер адамға деген сезімі ашық айтылмағанымен, көрсетілген. Бұл жерде ненің жақсы, ненің жаман екенін баланың санасына жеткізу ұстаздың шеберлігіне байланысты» деп сандырақтапты. 
Сионелла Петрова есімді автор жасөспірімдерге арнап эротикалық шығармалар жазады екен. Оның «ертегілері» мен «Көгілдір айдаһар» секілді тағы да басқа шығармалары proza.ru сайтында жарияланыпты. 
Бұл жағдайдан кейін жергілікті журналистер қазақ мектептеріне хабарласқан. – Біз сіздер айтқан автордың шығармаларын оқуға берген жоқпыз. Сыныптан тыс оқуға арнайы хрестоматия бар, оқушыларға сол кітап бойынша тапсырма беріледі. Наурыз айына бекітілген бағдарламада Сионелла Петрованың шығармаларын оқыту қарастырылмаған. Дәл қазір, 3-сынып оқушылары «Әдеби оқу» пәні бойынша «Табиғатпен танысу» тақырыбын оқып жатыр, – деп түсінік берген №42 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып оқытушысы Әсел Амангелдіқызы.
Алайда орысша-қазақша мектептердегі оқу бағдарламасының, шығарма авторларының бірдей екенін бастауыш сынып мұғалімі де, аталған мектеп директорының бастауыш сыныптар бойынша оқу ісінің орынбасары Әлия Сайседдинқызы да растаған. 
Соңғы кездері мектеп жасындағы балаларға білім ордаларында жыныстық қарым-қатынас туралы тәлім-тәрбие беру керек пе, жоқ па? – деген мәселе қоғамда жиі көтеріліп жүр. Өткен жылы осы түйткіл Парламентте де дау-дамай туғызды. Тәрбиенің түп-тамырын жетік түсінбей, білмей тұрып, мынадай ессіз «ертегі» оқыту – бүгінгі ұрпақ, ертеңгі болашақ иелерінің санасын улау емей немене.

Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек Ері:
– Мектеп бағдарламасы жоғарыдан бекітіледі. Бірақ Орал мектептеріндегі жағдайды сізден естіп отырмын. Оқушы санасына салмақ түсіретін ондай «ертегілерді» оқытуға кім, не үшін рұқсат берді екен? Бұл жағдай ұстаз ретінде маған да түсініксіз. Ал бізде оқушы санасына саңлау түсіретін, тәрбиесін бұрмалайтын ондай дүние мүлде оқытылмайды. Оқушыларға сабақтан тыс оқуға әртүрлі әдеби кітаптардан тапсырма берілетіні рас. Бірақ бәрі білім бөлімі бекіткен, солар рұқсат еткен оқулықтар. Біз өзіміз де оқушылардың сабақтан тыс уақытта қандай кітаптар оқып жүргенін қадағалап, олармен пікірлесіп отырамыз.

Жас қазақ

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз