КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Қазіргі таңда көптің арасында үлкен – кіші демей сүйісіп амандасу кең етек алды. Бұл – қазақ халқына жат, ұнамсыз, кереғар қылық. Тіпті, байырғы салт бойынша мұндай сәлемдесу әдепсіздік деп саналған. Сондықтан, әрбір адам кіммен, қай жерде, қандай жағдайда жолықса да, барынша сыпайы, әдепті түрде сәлемдескені жөн.
Бір – біріне иба көрсету, үлкендердің алдынан кесіп өтпеу, қос қолдап сәлемдесу сияқты әдеттеріміз ұмыт болып бара жатыр.
Күнделікті өмірде сәлемді селқос қабылдап, қолының ұшын ғана беріп, кекірейіп, жақтырмаған кейіп танытатындар да кездесіп жатады. Ол тәкаппарлық белгісі, «көргенсіздің қылығы» десек те болады.
Жасыратыны жоқ, арамызда қабағы түнеріп, жүзін суытып немесе сүйкімсіз тыржитып, естілер – естілмес етіп міңгірлеп, ернін жыбырлата салатындар да бар.
Жастардың үлкендерге қалшиып тұрып, бір қолын ұсынуы да жараспас қылық деп айтар едім. Шапалақты шарт еткізуі де әдептілік емес. Сондай – ақ, біреумен сәлемдесіп жатқанда көңіліңнің басқа жақта тұруы да жаныңдағы кісінің көңілін жығатынына мән бере бермейміз – ау, осы?!
«Әдепті елдің баласы, алыстан сәлем береді»,-дейді, атам қазақ. Сондықтан амандасу рәсімін жасағанда оның өзіндік дәстүрлі тәртібінен жаңылуға да, жалығуға да болмайтынын естен шығармайық!

Сіз қалай сәлемдесіп жүрсіз? Ой бөлісіңіз!..

1. Аязби БЕЙСЕНҚҰЛОВ, «Білім» арнасының бас редакторы:
Қысқа айтсақ, «Аман ба? Есенсіз бе? Мал – жан аман ба?», - қазақы ескі дәстүрдің бізге жеткені. «Армысың» да сол қатарда деп білемін. Ал, «сәлем, қалайсың, сәлемет пе» жасанды, кейінгі мәдени араласымдардың туындысы. Негізі, сәлемдесу көңіл күйдің айнасы, псизхологиялық һәм философиялық мәнге ие. Адамның екінші адамға деген қатысымының, мінезінің, симпатия, антипатиясының, тіпті, бағасының барометрі.

2. Мәриям ӘБСАТТАР, «Айналайын» кз сайтының тілшісі:
Мен араласатын түрлі орта бар. Солардың әрқайсысында сәлемдесу әр қилы. Айталық, бірінде дос – құрбы, жора – жолдастар мұсылманша Алладан бір – біріне амандық, саулық пен береке тілеп ерлер қол алысып, ал, қыз балалар сәл ғана жымиып, ізетпен ғана иіледі. Ал, екінші бір орта бар, онда шыны керек, бір қолды беріп, екіншісімен арқадан құшақтап, бет сүйісеміз. Бірақ, біреудің күйеуі немесе бейтаныс жігіт емес. 
Ал, енді күнделікті өзіміз қыз – қыз қайнаған ортасында жүрген қоғамда жастар жағы қыз – жігіт демей, жаппай сүйісіп жатқанын жиі ұшыратамыз. Өздеріне ұнайды әрі кинолардағы кейіпкерлер солай етеді, бір сөзбен айтқанда «мода»!. Үзілді – кесілді бет сүйісіп амандасуға қарсымын демеймін, бірақ, арақашықтық, яғни, әдептілік сақтайтын жерді білуіміз керек сияқты. Және де екіжүзділікке салынудан сақтансақ. Мен мұны бірін – бірі сонша сағынбаса да «өлердей сағынған» кейіп танытатын қыз – келіншектерге қатысты айтып отырмын. Әдептілік қағидасымен қоса бұл гигиеналық жағдайға да соншалық сәйкес құбылыс емес. Одан да қазақы қалпымызды бұзбай, әркім өз жасына сай үлкенмен сәлемдесу, кішіге ізет таныту, құрбымен және ер адаммен амандасу қағидасын жоғалтпауды, керісінше, ұмыт бола бастаған ескіні жаңғыртуды ойласа дегім келеді.

3. ӘУЕСБАЙДЫҢ Қанаты, журналист:
Адамның амандасуы оның iшкi мәдениетiн, тәлiм-тәрбиесiн бiлдiредi. Басқаларды қайдам, өзiме амандасу салтында бүгiнде көп байқалатын екi олқылық ұнамайды. Мәселен, ер азаматпен ер азамат амандасқанда адамның бiрi селқос қана, адамның жүзiне де қарамай қол ұсына салады. Қолды аздап қыспай, амандасушыға жәй ұстата салу жақсы этикеттiң белгiсi емес. Студент кезiмiзде факультетiмiздiң деканы студенттермен солай амандасатыны мәңгiге есте қалып қойыпты. Сондай кездерi студенттер деканның енжар амандасқанын әзiлдеп, «өлiп қалған балығын ұстата салды» деп келекеге ұшыратушы ек. Екiншiден, тағы бiр амандасудағы келеңсiздiк, үйге жаңадан кiрiп келген қонақтың дастархан басындағы адамдардың барлығымен қол берiп амандасуы. Бұл бiрiншiден, дастархан басында отырғандардың ойын бөледi, әрi келушiге назар аудартқызады. Ендеше дастархан басындағы әңгiменi бөлiп, уақыт алып, бәрiмен амандасып шығу да этикет талаптарына сай емес. Одан да кiрген бойда, жәй ғана «ассалаумағалейкүм» немесе «сәлеметсiздер ме»? деп дауыстап, басыңызды изеп амандасқан құп.

4. Жадыра НАРМАХАНОВА, Республикалық «Ақ желкен» журналының бас редакторы: 
Сенің өмірлік көзқарасыңның, ұстанымыңның қалыптасуына әр түрлі адамдар әсер етеді екен. Мысалы, бұрын менде тәкаппарлық басым еді. Сол себептен де шығар, ешкіммен бірінші болып амандасқым келмейтін. Сөйтсем..бәрі басқаша екен. Менің адами көзқарасымның қалыптасуына жазушы Дидахмет Әшімханұлының ықпалы зор. Сол кісі: «Аманы бардың иманы бар» деп отырады ылғи. Шынымен жүрегі таза, кең адамдар ғана әдемі сәлемдесе алады. Қазіргі кезде баспалар үйінде қанша адам болса, соның бәрімен амандаса беремін. Әсіресе, еден жуушылар мен құрылысшыларға ерекше құрметпен амандасам. Өйткені сен әдемі киініп келіп, олардың тазалаған жерін аяқпен таптап, кекірейіп өтіп кетсең, олардың жаны қалай ауырады десеңші. Олар анадан туғанда еден жуушы болам деп туылған жоқ. Әр адамның арманы бар. Сол адамдардың арманын сыйлап, жүзіне қарап, күлімсірей білу де сенің тектілігің. Қанша жерден ашуланып тұрсаң да, адамдармен амандасуды ұмытпа. Бұл –менің өмірлік қағидам. 
Бір құрбым болушы еді. Өзі жақсы қызмет істейтін, көрікті қыз болатын. Жұмысқа келгенде күзетші жігіттер амандасып, қалжың айтса, сәлеміне жауап қайырмайтын. Немесе былай шыға бере тулап қоя беретін. Қайдағы бір «охранник» деп жүруші еді. Өзін сондай жігіттерге тең санамай, биік қоятын. Бірақ сол қыз тәп-тәуір қызметі бар жігітпен отбасын құрып, аралары дұрыс болмай ажырасып кетті. Сол қыз талай «охранник» жігіттің намысын аяққа таптап еді. Қалай болған күнде де, әйел заты ер азаматтан төмен екенімізді мойындап, олардың намысын қорлауымыз керек. Дінімізді де, салтымызды да амандасудың сауабы зор екенін айтқан.

5. Айбек СЕРІКҰЛЫ, «Айналайын» кз сайтының тілшісі:
Сәлемдесу салтына қазір атүсті қарап жүрміз, кейбіреулер бұны тіптен ұмытқан ба деп ойлап қаламын. Көпке топырақ шашқым келмейді, бірақ, сәлемдесудің де өзіндік талап – тәртібі, мәдениеті барын ескере бермейтіндер де бар. 
Өкініштісі, телеарнадағы кейбір дикторлар «Амансыздар ма?» деп эфирін бастайды. Әдетте «амансыз ба» деп хал үстінде жатқан, ауруханада ем алып жатқан науқастарға айтылады немесе құрдастарға осылай амандасу жарасатындай. Одан бөлек амандасқысы келмей, болмаса соны міндет санайтындар бар. Олар аузының ұшымен ғана ишара білдіріп, бас изегенді амандасқаным деп түсінеді. Бұл – олар тарапынан мәдениетсіздік, көргенсіздік дер едім. Өйткені, кез – келген адам амандасқанда, алдымен өзінің саулығы жайлы хабар беретінін ұмытпағанымыз ләзім.

Ұлт порталы

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 285 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 575 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика