КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Бүгінде батырлар жырын кітаптан оқып ұқпасақ, бұрынғы дала қазақтары құсап жыраулардың жырын тыңдап өсетін жағдайда емеспіз. Себебі кітап бар да, жырды айтатын адам жоқ. «Жоқ» дегеніміз кесімді сөз емес, әрине. Дегенмен, жер-жерде «ана батыр жырланыпты, мына батырдың шайқасын жырлапты» дегенді естіп жүрсіздер ме? Жоқ! Ал, жыраулар қазір де бар делік. Ендеше жыр қайда?
Осы күні «жыраулық өнеріміздің хәлі неге осыншама төмендеп тұр?» деген сауалға бірнеше жауап айтылып жүр. Жинақтай келгенде, «насихаты аз», «жыраулардың әлеуметтік жағдайы нашар», «оларға жағдай жасау керек», «телеарналардан жиі хабарлар ұйымдастыру керек» деген түсініктердің айналасына топтасады. Сөз жоқ, келісеміз. Дегенмен, мәселе тек осы айтылғандардың айналасында ғана болып отыр ма?
Бүгінде сол жауһар өнерімізден қол үзіп бара жатқанымыз жасырын емес. Батыстың жылтырақ дүниесімен санасы шырмалған ұрпақ өсіп келе жатыр. Олар үшін «жыраулық өнер», «жыр» дегендер таңсық дүние емес болып қалды. Және бұған таң қалмайтын жағдайға жеттік. «Жаңа Қазақстан», «жаңа заман», «алға, Қазақстан!» деп ұрандатқан жас ұрпақтың өкінішке орай, өткенді қазбалап, тамыр тереңін зерделеп жатқандары шамалы. Қазақ қазақ болғалы домбыра, қобызымен бірге жасасып келе жатыр. Солармен бірге жыраулық өнеріміз де қадір тұтқан ең асылдарымыздың бірі еді. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық нәрді сіңіретін өнер құралы еді. Қазақтың өткені мен бүгіні һәм келешегінің бағдары еді. Алайда, кешегі Кеңес өкіметі орнаған заманда басталған тамырымызға балта шабу үрдісі әлі күнге сақталып келеді. Өкініштісі сол, кешегі күні Кеңес өкіметіне нала артып келсек, бүгінгі таңда балтаны шауып жатқан өзге емес, өзіміз болып отырмыз.
Осы жерде пайымға салғанда біз басқа да кемшіліктерге көңіл аударуымыз керек секілді. Әлгіндей айтып өткен тамырымыз қиыла бастағаннан кейін бүгін міне, ұлттық дәстүрінен, ұлттық өнерінен хабарсыз ұрпақ өсіп шыға келді. Қазақ екенін білдіріп, қанша жерден жыр тыңдатсаңыз да олардың жүрегі басқаға құмартып тұрады. Себебі, санасына сіңіріп өскені – жыр емес, жылтырақ дүние. Сондықтан жыраулық өнердің мән-маңызын жете түсіну бүгінгі ұрпақ үшін қиынға соғады. Демек, бізде тыңдарман қауым жоқ. Болса да тыңдау мәдениеті мұқалған. Мүлдем жоқ деп айтуға ауыз бармайды, әрине. Дегенмен, қарапайым халық арасында жыраулық өнерімізге деген сұраныс жойылып барады.
Біздің бұл ойымызды белгілі маңғыстаулық жыршы Амандық Көмеков ағамыз да қуаттай түседі.
– Мен өзім Түркменстанда дүниеге келгенмін. Маңғыстауға келгеннен кейін әр жерде қолпаштап сұрай берген соң, қолыма домбыра ұстап, жыр-толғау айта бастадым. Бір жолы (1981 жылы, ол уақытта 25 жастамын) сондай бір жиында жыр айтып отырып, тер басып алу үшін сыртқа шығып едім. Алдымнан шыққан жасы елулерге келген екі әйел беттерін шымшып, «ойбай, мына жаман қара да жыр айта ма?» деп, намазды теріс оқыған адам құсатып кекете күлді, – дейді бір сөзінде ағамыз.
Бұл кәдімгі нағыз жыраулық өнеріміздің қайнаған ортасы саналып жүрген Маңғыстауда болған жағдай. Әлбетте, болмайтын бір жағдайға бола көпке топырақ шашудан аулақпыз. Алайда, ел арасында жиі-жиі кездесіп жататын осындай оқиғалар жыраулық өнерге деген ел көзқарасының қандай деңгейге түсіп кеткенінен хабар бермей ме?!
Сонымен бірге, жыршының айтуынша, батырлар жырын айтатындар табылады. Бірақ, оны тыңдайтын тыңдарман табылмайды. Оның үстіне, кезінде ұйып отырған ел Кеңес өкіметі орнаған тұста, онан кейінгі талай дүрбелең кезеңдерде бірі Түркмен, бірі Қарақалпақ, бірі Иран, тағы біразы Түркия асып кетті. Айтқыш жыршылар жан-жаққа тарап кеткен соң оларды құрметтейтін жұрт та қалмай барады.
Бұл – бір мәселе!
Екіншіден, ел арасында сұраныс азайып, тыңдармандар қатары сирей бастағанда бұл жыраулық өнерге ден қойған кейінгі буын өкілдеріне әсер етпей қоймайды. Ол қалай?.. Халық бұрынғыдай жырауды көтермелеуден қалды. Байырғы қадірінен айрыла бастаған соң жыраулыққа ден қойған жас толқын өкілдерінің де көңілі суи бастады. Мұның ақыры жырау, жыршы деп ардақтайтын кісілеріміздің той-томалақтарда құр қысқа қайырымдармен шектелуіне алып келді. Шындап келгенде, жыраулық өнердің «ұйыған ортасы» деп санайтынымыз қазіргі Қызылорда облысы мен Маңғыстау облысының тек кей аймақтары ғана шығар. Әйтпесе, былайғы қала өркениеті дамыған жердің бәрінде дерлік бір-екі қайырымдық нақыл-өсиеттер айту белең алған. Ақырында халық жыр мен жәй нақыл өсиеттердің аражігін ажыратудан қала бастады. (тіпті, Құдайшылығына келгенде, баласының домбыра ұстап, әйтеуір құр тыңқылдатқанын мақтанып айтатын ата-аналарды да көріп жүрміз). Бұл соншалық ұят, сүйегімізге түскен сызат болса да көріп, көңіл сезіп отырғаннан кейін мойындауға тура келетін жағдай. Осындай сұйылудың арты жыраулық өнерді ұстанған кейінгі буын өкілдерінің репертуар аясының тарылуына алып келді. Бұрынғы қазақтар куә болған түнді таңға жалғап жырлаған жыраулардың нақ кейпін қазіргі біздің замандастар көре алмай жүр. Кітаптан оқып, көзге елестеткеніміз болмаса, елді ұйытып, ұзақ-ұзақ эпостық жырларды айтып отырған сәттер қазіргі қоғамымызда кездеспейді. Демек, қазіргі жыршы-жырауларымыздың үлкен кемшіліктерінің бірі – репертуарының аздығы, шығармашылық ізденістің жоқтығы.
Осыдан соң орынды сауал туындайды. Байырғы орындаушылық өкілдерін «жыршы» және «жырау» деп екіге бөлдік. Содан бүгінде қалғаны – жыршылар. Яғни, өз жадынан шығарып айтушылар емес, тек орындаушылар. Бірақ, сол жыршылардың ішінде де бүгінге дейін ауыздан ауызға жатталып жеткен ұзын сонар батырлық жырларды, айтыстарды орындайтын жыршыларды қазір сирек кездестіреміз. Мұның себебі неде? Біз шынымен де таңнаң таңға жырлайтын нағыз жыраулардан айрылып қалдық па, әлде біз оларды көрмей жүрміз бе?
Бұл жөнінде жыраулық өнерді зерттеп жүрген белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жүсіпов өз ойын былайша білдіреді:
– Жырау мен жыршының әлеуметтік функциялары екі басқа. Совет Одағының тұсында тиянақталған жырауларды эпик жыршылардан бұрын қоятын, ғылыми арқауы әлсіз «дәлелдерге» менің пікірім қосылмайды. Өйткені, одан бері ғылым өсті, жаңсақ пікірлер терістелді. Алайда ескі сүрлеуден шыққылары келмейтіндер көп. Әрі-берідесін ғалымдардың пікірі өзгермейтін Құранның сөзі емес қой.
Жыраулар – жазба әдебиет үрдісін қалыптастырған кітәби ақындар мен халық ауыз әдебиетінің байырғы өкілдері – эпик жыршылар дәуірінің бел ортасындағы аралық дәстүр өкілі. Сондықтан, «жыршы» деген жалғыз қазыққа байланып жүрген орындаушылық тип өкілдерін әлеуметтік қызметін саралай келе, «жыршы» және «эпик жыршы» деп екі топқа бөліп қарастырған дұрыс.
Жыршылар жаңағы өзің айтқандай, жадынан шығарып айтушыларға емес, жалаң орындаушы типіне келеді. Өзінің табиғатына сәйкес термешіге жақын. Бұлар да белгілі бір дәстүр аясында орындаушылық мектептерге тән мақам-саздарды шама-шарқынша меңгеріп, фольклордағы орта деңгейдегі жанрлық түрлермен репертуар жасақтайды.
Эпик жыршылар репертуарының негізгі басым бөлігін Ел қорғаған ерлер туралы ауызша тараған тарихты баяндайтын эпикалық кең құлашты жырлардан түзеді. Бұл типке жататын орындаушылар өзінің бір айтқан жырын сол қалпында қайталап, көшірме жасап бере алмайды. Әр орындаған сайын репродукциялап, яғни қайта туындатып, белгілі бөліктерін алып, қысқартып, тыңдаушы ыңғайына қарай қосып, креативті-шығармашылық тәсілмен жаңғырта жырлайды. Белгілі бір ситуацияға қатысты шығармашылық икемділік таныту арқылы түрлі құбылтулар жасауға бейім болады. Кейінгі кезде осылардың барлығының ара-жігі шатастырылып жүр
Ал, батырлық жырларды орындаушылар заманауи тыңдаушы орта болмағандықтан көзге көріне алмай жүргендері рас, бүгінгі сахна мәдениеті олардың қатарын азайтып та бара жатыр. Басты себеп: ұлттық эпикалық үрдістің әлсіреуінен. Қазір саусақпен санай бастасаң, салалы батырлық жырларды орындайтын 15 орындаушы шыға ма, жоқ па, белгісіз.
Бұл – қуанарлық көрсеткіш емес!
Демек, осынша дархан даладан, бүгінгі байтақ Қазақстаннан батырлар жырын жырлайтын 15 орындаушы шықпаса, қалған жағдайды шамалай беріңіз. Бір сөзінде Амандық ағамыз осы бүгін-ертең жас жыршыларды іріктеп, мектеп ашқалы жатқанын айтқан болатын. Мүмкін бізге жетпей жатқаны осы шығар. Қазіргі кездегі үлкен жыраулардың ізіне еріп, тәлімін алушылар өте аз.
Әлбетте, жыраулық өнеріміздің бүгінгі қиын жағдайын бір-екі себеппен түсіндіруге болмас. Алайда, бірнеше күн бойы жырланатын кәдімгі эпостық жырларды айтушылар бүгінде жоқтың қасы. Бар болған күннің өзінде қатары тым сирек, біразының жасы ұлғайған, оларды іздеп табудың өзі мұң. Ендеше, ұлы өнерге бет бұрған кейінгі буындардың алдында осы олқылықтың орнын толтыру міндеті тұр.

SKIFNEWS.KZ

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз