КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар…

Мұқағали Мақатаевтың осы бір сыршыл өлеңінде бүгінгі күннің көрінісі жатқан жоқ па? «Ат тұяғын тай басар» демекші, өмір заңдылығымен бір қария келместің кемесін мінсе, артында өкшелеп келе жатқандары соның орынын бас қалу керек емес пе? Ақын неге бұлай тебіренді???
Той-томалаққа көп барамыз. Қазақы әдептілікпен жасы үлкендер мен жолы үлкендерді жоғары оздырамыз ғой. Сонда патша тағындай төрде бірер ғана сақалды шалдар отырады да, одан кейін бет ауызында бірде бір қалтанақ жоқ алпыстан асқан, жетпіске жеткен ел ағалары отырады. Тіпті арасынан мұрт қойғандарын да көп кездестіре бермейсің.
Ақ сақалы төсіне жеткен абызды көру бүгінде мұң болып қалған соң Аяз атаны көрген балалар одан тілек тілеп, бата сұрап жүр, – деп еді бір қылжықбас ағаларымыз. Шынында қазір сақалы төсін жапқан, еңсесі тік, салмақты, салиқалы сөйлеп, шариғаттан сыр шертіп, татулыққа, ынтымақтастыққа үйіріп отыратын абыз жандарды ілеуде біреу ғана болмаса көп кездестіре қоймайсың.
Мәселе сақалға келіп тіреліп тұрған жоқ десек те қазақта «Сақалын сыйла», «Сақалыңа лайық сөз сөйле» деген нақылдар бар. Оның әрқайсының астарында үлкен ұғымдар, міндет пен болмыс жатыр. Аңыз-әңгімелерден бөлек кешегі өткен ақсақалдар туралы әңгіме айтқандарға қарасаң сақалдылардың ісі бір ішпей-жемей тойдыратын ғанибет іс. Ал, қазірде сол әңгімелдердегідей ақсақалдар бар ма? Мұның жауабын ел берер.
Дегенмен сөз шындығына келетін болсақ ақ сақалдың арын көтеріп жүргендер азайып бара жатқан секілді. Ал ана жасы жетпістен асса да жақынға қылау қоймай қырып тастайтын көптеген ел ағалары болса жыйын тойда от басы, ошақ қасы әңгімеден аса алмайтын болып бара жатыр. Мұндайда сырттарынан қарап тұрып ақиық ақын айтқандай «Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр» деп басыңды шайқайсың. Бұдан кейін шумағында ақын:
«Ақыл айтып жүрмесе қасымызда,
Сонда орнайды жетімдік басымызға» – деп еді-ау жарықтық. Қайран ақын бүгінде тірі болып, өзі жырлаған сол бейнеден бұрылып кетіп жатқан қарияларды көрсе не деп жыр жазар екен.
Бұлай деуіме жақында болған бір оқиға түрткі болып отыр. Оқиға болғанда Тұрарбек (аттары өзгерген) деген бір ауылдың жетпіске жеткен ел ағасы күйеуім маған ұрысты деп келген тәлпіштеу қызына: «Күйеу баланың көкірегі өскен екен» деп дем беріп, мәселенің мән жайына бармай жатып күйеу баласының үстінен арыз жаздырыпты. Оны қайтып келген қыздың анасы Ақлимаш одан бетер бөріктіріп жіберіп, ортағы шығып ойбай салмасы бар ма? Ағайындыққа салмақ болып «Айналайындар-ау, бұларың не?!» деп едік ақ жаулықты анамыз: «Мен мектепте қырық жыл мұғалім болғанмын. Қызыма күйеу бала неге сөйлейді. Оны түрмеге қаматам» деп бүлдіріп, қызын жетектеп «Нұр Отаннан» бастап прокуратура, ІІБ, ҰҚК-ін қойма арызданды. Артынша екі жас қайта табысты. Араларының суып жүргені қызғаныш екен. Сондағы бар сылтау «күйеуіме пәленнің қызы күліп қарады, түгеннің жылы сөйледі» дегені екен. Олармен өзгедей байланысы жоқтығын, білген соң ұрды-соқты деп арызданып жүрген арызқой келін арызын қайтып алып, жанұя болуды жөн көрді. Сонда әлгі жетпіске жақындап қалған атамыз: «Оңбаған күйеу балаға мен көрсетем. Бір күні теуіп кетемін» дейді. Масқара-ай, оны қоштап желпініп жүрген Қанатқали деген алпысқа жақындаған келіннің нағашы ағасы да «Бұл істі сұраусыз қалдырмау керек» деп жеңін түріп қояды.
Бұл бір ғана «ақсақалымыздың» елге көрсетіп жүрген өнегесінің сыйқы. Осы секілді ел ағалары жоқ емес. Ер азаматтық намыс пен арды ұмытып, осындай дәрежеге дейін төмендеп бара жатқандардың бары, әрине, өкінішті. Бұл бір құмалақ бір қарын майды шіріткендей қоғамды бүлдіретін әрекет емес пе?
Ағайын-ау, ақ сақал, қара сақалдық жол қайда, тектілік пен елді ұстаудағы ептілік қайда? Ағайындық, алқалық деген неге жоғалып бара жатыр. Мына мысалды айтып отырған себебім осы тектес әңгімелерді қазірде ер адамдар арасында мақтаныш етіп айтатындар қалыптасып келеді, әрі осындай жайға жолбергендерге бірде біреуі тәйт дей алмай отыр.
Қайран дария боп аққан қариялар шынымен де азайып бара жатыр ма дейсің осындай жағдайларды көргенде. «Қарты бардың қазынасы бар» деген қазақтың бүгінгі қарттарының ортайып қалмаса екен. «Адам өзін өзі тәрбиелейтін өзінің ұстазы» демекші әр талында періште тұрар сақалдан қашпай, соның міндеті көтеретін тұлға болуға тырысса екен дейміз. Ақиық ақын айтпақшы: 
Арсыз күлкің тиылмас, жылауың да,
Айтысың да басылмас, ылаңың да.
Араздасып ағайын кетер еді,
Бір қария болмаса бір ауылда, – дегендей қариялар ауылдың, ағайынның ұйытқысы болмайынша ұлттық мәселеміз уысымыздан сырғып бара жатқан бойы сырғып кете береді. «Қызым саған айтам, келінім сен де тыңда» демекші, ақсақалдың сөзін аттамауды, солардың сөзін қабылдауды шешуші жолға қойған дұрыс кейінгі ұрпаққа.
«Ақ сақалды атамның алдын кесіп,
Ақыретте айқайлап жанбайықшы» деп жырлаған Сыр бойылық Серік ақынның да сөзіне қарттарым мән беріп, қазынасын көбейте берсе екен.

Сәкен АЛДАШБАЕВ
Намыс

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз