КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бүгінгінің ақсақалы? Оңтүстік Қазақстан облысында дәстүрге айналған, қоғамдағы ең өзекті мәселені ортаға салатын «Ырыс алды – ынтымақ» жиынында осы тақырып қызу талқыланды. Расында да бүгінгінің ақсақалы қандай? Қазіргінің қариясы, алдыңғы толқын ақсақалдар қандай өнегелі ісімен танылып отыр. Ақсақалдың айтар ақылы қандай? Сол ақылды тыңдар жас бар ма? Елдегі тыныштықты, ұлтаралық татулықты сақтауда қариялардың қосқан үлесі қандай? Біз осы тақырып төңірегінде Оңтүстік Қазақстан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловты әңгімеге тартқан едік.

«Елді ізгілікке шақырып, ынтымаққа ұйыту»
– Ардагерлер ұйымы кешегі қиын-қыстау кезеңде өзін-өзі сақтап қалған, заман өзгерсе де өзінің мән-мағынасын, мазмұнын өзгертпеген жалғыз қоғамдық ұйым десек артық айтпағанымыз, – деді Жеңісбек Мәуленқұлов. – Өйткені, қоғамның қаншалықты өркениетті, қаншалықты зиялы екендігі ардагерлерге деген құрметпен өлшенген. Аға ұрпақтың өнегесі, ақылы қоғамға қай уақытта да қажет. Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінде 186 мыңнан астам ардагер бар. Оның 656-сы Ұлы Отан соғысының қатысушылары. Ардагерлер ұйымының басы-қасында жүргендердің дені – кешегі күні еліміздің тәуелсіздігі үшін қызмет еткен зиялы қауым өкілдері, олардың ішінде басшылық қызмет атқарған азаматтар да көп. Олар ешкімнен ештеңені талап етпейді. Қызмет те, мансап та қажет емес. Яғни біреудің сөзіне алаңдамайтын, арбауына түспейтін, өзіндік пікірі бар, қоғамның бірлікте болуына, еліміздің өркендеуіне үлес қоссам дейтін дархан пейілді азаматтар деп білемін.
Өздеріңізге мәлім, қоғамдық ұйым болғандықтан Ардагерлер кеңесі бюджеттен қаржыландырылмайды. Қазір Мәжілісте «Ардагерлер туралы заңның» жобасы жатыр. Егер осы заң қабылданса, Ардагерлер кеңесінің мәртебесі айқындалса, тіпті оны бюджеттен қаржыландырудың тетігі де нақтыланса, одан біздің қоғам ұтылмайды деп ойлаймын. 
Дегенмен, қазірдің өзінде облыс әкімдігі тарапынан жасалып жатқан қолдау жақсы. Биыл Елбасының тапсырмасына сәйкес, Шымкентте Орталық саябақтың ішінен Ардагерлер үйі салынды. Мұны облыс ардагерлеріне жасалған үлкен сый десек те болады. Ардагерлер кеңесінде бұрын-соңды мұндай арнайы, барлық жағдайы жасалған ғимарат болған емес. Енді міне, осында ардагерлер бос уақытын тиімді өткізуге, сонымен бірге, елді ынтымақ-бірлікке, ұлтаралық татулыққа, дінаралық келісімге шақыруға бас қосып, пікірлесуге зор мүмкіндік алып отыр. 
– Әңгімені осы тақырып төңірегінен ары қарай сабақтасақ. Ардагерлер ұйымы өзіңіз айтқандай, қоғамдағы тыныштықты, ұлтаралық татулықты сақтау үшін нендей іс-шараларды жүзеге асырып жатыр?
– Жақында «Ізгілік» деп аталатын ақылдастар алқасын құрдық. Ондағы негізгі мақсат – қоғамның сан-саласында болып жатқан келеңсіздіктерді талқылап, осыған өзіміздің пікірімізді білдіру. Біз зиялы қауым өкілі ретінде кез келген мәселеге бейжай қарай алмаймыз. Тәуелсіз Қазақстан осыншама жетістікке жетсе, онда ол бірінші кезекте бірліктің арқасы. Сондықтан ел ішін ала тайдай бүлдіріп, іштей іріткісі келетіндердің әрекетіне дер кезінде тосқауыл қойылуы тиіс. Ақылдастар алқасындағы азаматтардың барлығы да өзіндік пікірі, айтар сөзі бар азаматтар. Әрине, біздікі пікір қосу, ұсыныс білдіру. Оны кім, қалай орындайды, ол алдағы күннің еншісіндегі шаруа. Біздің мақсатымыз – елді ізгілікке шақыру, ынтымаққа ұйыту. 
«Отан отбасынан басталады» деген сөз жиі айтылады. Отбасыдағы тәрбие мәселесіне келгенде құрғақ сөзден гөрі нақты іспен айналысатын сәт келді. Қазақта отбасыдағы әженің ролі зор болған. Әже қызды да, келінді де тәрбиелеген. Осыны ескере отырып, Ардагерлер кеңесінің жанынан Әжелер алқасын құрып отырмыз. Облыстағы барлық 18 аудан, қалада, барлық ауылдық округтердегі ардагерлер кеңесінің бастауыш ұйымдарында Әжелер алқасы құрылып, жұмыс істеп жатыр. Елдегі салт-дәстүрімізді қазақтың өзіне тән басқа ұлтта жоқ қасиеттерін жастарға әжеден басқа жеткізіп айтатын кім бар дейсіз?! Жасыратыны жоқ, кешегі қиын-қыстау кезеңде отбасыдағы тәрбиенің ұйытқысы әйелдер қапшық арқалап, базар жағалап кеткені жасырын емес. Осының әсерінен жас ұрпақтың тәрбиесін осалдатып алғандығымызды мойындауымыз керек. Әжелер алқасы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жұмыс істейді. Алқаның алдына қойған ауқымды жоспарлары бар. Міне, бүгінгі күннің өзінде осы Әжелер алқасын құрып жүрген қызметкерлеріміз Шардара мен Сарыағаш аудандарына жиын өткізуге кетті. 
Ұрпақ тәрбиесі, елдің тыныштығы, ынтымақ, бірлікке шақыратын іс-шаралар мұнымен бітіп қалмайды. Отбасы мықты елдің келешегі жарқын деген ұғым бар. Осы тақырып жуырда Кентау қаласында іс-шарада әңгіме өзегі болды. Аға ұрпақтың өнегесін жастардың бойына сіңірсек дейміз. Осыған байланысты ардагерлеріміз бен жастар арасындағы кездесуге, пікір алмасуға көп мән берілуде. Мұндай кездесулер білім ұяларында, жоғары оқу орындарында ұйымдастырылып тұрады. 
– «Ырыс алды – ынтымақ» жиыны өңірде елді бірлікке шақыруда жасалған тың іс-шара десек қателеспейміз. Осы форум аясында қозғалған мәселелер қоғамға қаншалықты қозғау салды деп ойлайсыз? 
– «Ырыс алды – ынтымақ» форумы облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен іске асқан шара. Халыққа өте қажет, дәл мезгілінде қолға алынған дүние деп есептеймін. Форум қоғамдық негізде жұмыс істейді. Бұл форумды ұйымдастыру ардагерлер кеңестеріне жүктелген. Аудандарда осы форумның төрағасы әкімдер болса, төраға орынбасарының қызметі Ардагерлер кеңесінің төрағасына жүктелген. Ал облыста форумның төрағасы Асқар Мырзахметов, оның орынбасары қызметін мен атқарамын. 
Жұмыс істегелі бері форум жастар тәрбиесіне екі мәрте, ақсақалдықтың абырой, беделіне қатысты бір мәрте жиын өткізді. Айтылған мәселелер қоғамға үлкен қозғау салды. Барлық жерлерде талқыланып, пікірлер айтылды. Неге десеңіз, көтеріліп отырған тақырыптардың барлығы да қазір өте өзекті. Мәселен, жақында ғана өткен жиын жаңа қазақстандық патриотизм мәселесіне арналды. Алдағы басқосуды дін мәселесіне арнасақ па дейміз. 
– Жалпы, дін өте нәзік дүние. Және дәл бүгінгі күні өте өзекті. Жастардың жат ағымдардың жетегінде кетуіне не себеп? Елді ірітуге, қорқытуға шақыратын әсіредіншілдік қайдан жұқты? Сіз бұған не дейсіз?
– Менің ойымша, діни ұйымдардың жастарды өз қатарына тарту үшін әлеуметтік жағдай жасағаны немесе үгіт-насихатты күштірек жүргізіп жатқаны жасырын емес. Бір сөзбен айтқанда, олар қақпанға түсірудің әдіс-тәсілін жақсы меңгерген. Ал біз жастарды осыдан сақтандыруға қатысты нендей шараларды қолға алып отырмыз? Теріс ағымдардың алдап-арбауынан сақтандыру үшін түк те істеліп жатқан жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ бір нәрсені айта кеткен дұрыс, исламның қайнар көзі адалдық, шыншылдық, әдептілік. Ислам адамды ізгілікке, бейбітшілікке, достыққа шақырады. Жастардың бойына алдымен осы ұғымды сіңіру қажет. 

«Ақыл айтып, бата берумен іс бітпейді»
– Кейінгі жылдары өзін-өзі басқару жүйесіне ақсақалдар институтын енгізуді қозғап жүргендер бар. Кейбір ауылдарда ауыл ақсақалы, төбе биі атанып жүргендерді де білеміз. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай? 
– Рас, уақтысында билерді құрайық, әр ауылдың, әр ауданның төбе биі болсын деген ұсыныстар болды. Кейбір жерлерде осындай жағдай қалыптасты да. Өз басым, онымен келісе алмаймын. Айталық, біреуді төбе би етіп сайладық дейік. Жалғыз адам не істейді? Төрде отырып, ақыл айту мен бата берумен ісі бітті ме? Ардагерлер кеңесі жүйелі жұмыс істейтін, заңды түрде бекітілген ұйым. Өзінің белгілі бір бағыты бар. Республикадан ауылдық әкімдіктерге дейінгі жүйе нақтыланған. Ал Ақсақалдар алқасы облыстағы кейбір қалаларда кездесіп қалатыны рас. Мен осының басы-қасында жүрген азаматтарға «Сіз мына елге жақсылық жасағыңыз келсе, онда Ардагерлер кеңесінің алқа мүшелігіне өтіңіз, болмаса кеңестің төрағалығын алыңыз» дегенді айтып келемін. Әркім әр жаққа тарта бергенше бірігіп, бірлесіп жұмыс істегеніміз дұрыс емес пе? 
– Бүгінгінің қариясы туралы не айтасыз? Әрине, мұны бір ауыз сөзбен түйіндеу қиын. Дегенмен... 
– Менің пікірім, бұрынғының қариясы анандай еді, бүгіннің қариясы мынандай деп, бәрін жоққа шығаруға болмайды. Бүгінде елге ақылын, қажет кезде тоқтау айтатын қариялар жоқ емес. Бар. Оларды тек көре білу қажет. Көптеген игі істердің басы-қасында қариялар жүр. Қария болмаса, тіпті кез келген іс-шара жетім көрінеді. Қоғамдағы тыныштық, ынтымақ бірлік, тұрақтылық, алдымен Елбасының сындарлы саясатының арқасы болса, екіншіден, халықтың осы саясатты қолдауы деп білемін. Ал, халықты ынтымаққа шақыруда ардагерлердің атқарып отырған тірлігі орасан. Бұл о бастан солай, алдағы уақытта да солай жалғаса береді деп ойлаймын. Мен өзім 1996–1998 жылдары аудан әкімі қызметін атқардым. Бұл зейнетақы, жалақының берілмей жатқан кезі. Шаруашылықтардың барлығы дерлік тоқтады. Жаппай жұмыссыздық. Халықтың жолды жабамыз деп көшеге шыққан кезі де болды. Міне, осындай қиын сәттерде елдің алдына шығып, сөз сөйлеп, сабырға шақырған, тоқтау айтқан ақсақалдарымыз болды. Әкімдер солардың беделін, абыройын алға салып, біраз мәселелерді шешті. 
– Десек те, соңғы жылдары кейбір қариялардың бір-бір рудың президенті атанып, өз руларына қатысты іс-шаралардың бел ортасынан табылып жүргені жасырын емес. Қалай ойлайсыз, бұл құбылыс елді бірлікке шақыра ма, әлде бөлінуге алып бара ма? 
– Қарсымын. Егер олар сол рудың ішіндегі тұрмысы төмен отбасыларға көмек беру үшін немесе қиыншылыққа тап болған азаматтарға қол ұшын созу үшін жасалып жатса, пәлен-түген деуге болмайтын шығар. Ал әр ру өз президенттерін сайлап, тек өздерін ұлықтау үшін шапқылап жүрсе, мұның арты неге апарып соғары белгілі. Іс-шара өткізуде тіпті, бәсекелестікке барып жатқан жағдайлар да бар сияқты. Қазақтың байтақ даласы, ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы талатын даланы қалай сақтап қалды. Осының бәрі де елдің ынтымағымен, хандарымыздың, билеріміздің ақылымен келген байлық. Сондықтан тарихтағы ұлы тұлғаларды насихаттау қажет. Бірақ ол бір рудың шеңберінде емес, жалпы ұлттық, халықтық тұрғыда болуы тиіс деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет. 

Қазақ әдебиеті

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 318 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 588 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика