КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Дана халқымыз ежелден «Жетім көрсең жебей жүр» деген ұлағатты сөзді ұстанған, бойына сіңірген. Жаугершілік замандарда ауқатты жандар жетім-жесірлерін қанатының астына паналатқан. Ел-жұрт аш-жалаңаш сонау зұлмат соғыс кезінде де қазақ халқы вагон-вагон болып келген өзге ұлттың жетім балаларын да далада қалдырмаған. Үйді-үйге үлестіріп, бауырына басқан. Осыған Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» дейтін әңгімесі мысал бола алады. Бір қора баланы арбаға отырғызып, ауылға алып келген колхоз төрағасының: «Халайық, мына балалардың әке-шешесі бомба астында өлген. Бірі – беларусь, бірі – украин, бірі – орыс. Бір-бір баладан асырап аласыңдар!» дегені есіңізде ме? Сонда сұрапыл соғыстың қиын-қыстау кезеңіне қарамастан, қазақ бір жапырақ нанға зар болып отырып, өзінің жетіміне қосып, өзгенің де жетімін асыраған. Сол рухы мықты адамдардың ұрпақтары қайда бүгінде? Бұл жөнінде сөз қозғауыма, жуырда Қазақстан телеарнасынан көрсетіле бастаған «Шет елдегі қазақ балалары» бағдарламасы себеп болды. Шетелге жөнелтілген қаракөз қандастарымыздың алғашқы сұраушысы, іздеушісі болып отырған бағдарлама продюсері әрі жүргізушісі Жанар Байсемізованың бұл бастамасы көптің көңілінен шықты. Туған елден жыраққа кеткен балалармен байланыс орнатуды мақсат еткен бұл бағдарлама көп нәрсеге біздің көзімізді ашқандай болды. Әсіресе, шетел асқан балалар саны жөніндегі мәліметтің әртүрлілігі және тауар іспетті оңай әрі тез жөнелтілген бүлдіршіндердің басым көпшілігі жөніндегі нақты ақпараттардың жоқтығын естіп, жағамызды ұстадық. Әншейінде «судың да сұрауы бар» дегенді жиі айтамыз. Сонда су емес, тауар емес не болмаса шикізат емес, кеудесінде жаны бар, еліміздің, Отанымыздың бір азаматын шетел асырып отырып, ол туралы сұрап – білмек түгілі, қай жақта не істеп, не қойып, қандай жағдайда өмір сүріп жүргендігін, тағдырының қалай қалыптасқандығын білмеу – барып тұрған тасжүректік емес пе?! Әлемде небір сұмпайы, жантүршігерлік жағдайлардың болып жатқандығын естіп, біле тұра Қазақстан тарапынан өз балалары жөніндегі жібі түзу мәліметтің болмауы таңғалдырды.
    Бағдарлама арқылы әлемде Исландия мен Испания сынды жетімдер үйі жоқ мемлекеттердің бар екендігін де білдік. Жетімдер үйі мен қарттар үйіне етіміз үйренген біздер үшін бұл мүмкін емес секілді болып көрінетін-ді. Негізі өркениетті мемлекеттердің ешқайсысы шетелге бала бермейді. Неге біз діні мен тілі, өмір салты мен әдет-ғұрпы бөлек, қазаққа мүлдем жат мемлекеттерге қаракөз балғындарымызды беруді доғармаймыз? Неліктен халқының саны миллиардтап саналса да, шетелге баласын асырауға бермейтін Қытай елінен үлгі алмаймыз? Неге өзімізді балалар үйі жоқ мемлекет ретінде танытпаймыз? Депутаттарымыз неге екінші әйелді заңдастыру арқылы демографияны арттыруды емес, сыртқа бала беруді тоқтату арқылы, еліміздегі адам санын арттыруға бас қатырмайды? Мысалы, 1998 жылы «Неке және отбасы туралы» Заң қабылданып, 1999 жылдан бастап сәбилердің шетел асып жатқаны белгілі. Ресми дерек бойынша, сол жылдардан бері 47 мыңнан астам бала асырап алыныпты. Олардың 38 мыңнан астамын отбасыларына қазақстандық азаматтар алса, 8 мың 806-сын шетелдіктер, ал 547-сін шетелдік туыстары асырап алған көрінеді. Десек те, шетелдік азаматтардың бала асырап алуы бүгінгі күнге дейін қоғамдық ойды сан саққа жүгірткен, кейде ел ішінде наразылық туындатып, болашаққа алаң көңілмен қарауға итермелеген мәселе болғаны жасырын емес. Бұл жайт қазір де ел ертеңі үшін алаң азаматтарды толғандырып отыр. Осы ретте «Неге асырап алушыларды өз Отанымыздан-ақ таппаймыз?» деген сұрақ туады. Мәселен, Латвия мен Литвада жетімдерді тек сол мемлекеттен қоныс аударған шетелдіктердің ғана асырап алуға мүмкіндігі болса, Израиль мен Армения жетімдерді тек өз ұлтының өкілдеріне ғана беретін көрінеді. Германия мен Ирландиядағы жағдай да осыларға ұқсас екен. Ал бүгінде «Жетімін жылатпаған жұрт едік» деген нақыл сөздің, Абай айтпақшы, керексіз көп мақалдың біріне айналғаны ма сонда? Жылатпақ түгілі қолы аузына жетпеген, алды-артын аңдап үлгермеген сәбилерімізді ауру деп, мүгедек деп жатжұрттық етіп жатырмыз, өкінішті-ақ. Статистика бойынша елімізде мың адамға бір жетімнен келеді екен. Бұл жағдай мықтап қолға алынып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілсе, балаға қамқор болатын отбасыны еш қиындықсыз табуға болады. Мысалы, бағдарлама барысында Англияда балалар үйі деген түсініктің жоқ екендігін білдік. Онда ата-анасынан айырылған балалар уақытша паналататын үй-жайға орналастырылады екен. Елде жетім балаларды отбасыға орналастыру жүйесі жақсы жолға қойылғандықтан, бала жаңа ата-анасын ұзақ күтпейді.
    «Шет елдегі қазақ балалары» бағдарламасын көре отырып, өзгеге тек ауру балаларды жөнелтілетіндігі жөніндегі ақпараттың да жалған екендігіне көз жеткіздік. Бағдарламада жанарлары жаутаңдаған қаракөз бүлдіршіндеріміздің өзін жатжұрттық еткен ел – Қазақстанға деген кірленіп үлгермеген пәк көңілдерін, Отанына деген сүйіспеншілігін, «мен қытай емес, қазақпын» дегендегі дауыстарындағы екпіндерін көргенде, көзіңе еріксіз жас келеді. Жат жерде өзге дінді еркінен тыс ұстанып, ата-бабасы жемеген асты жеп, қазаққа мүлде жат түсінікпен өсіп келе жатқан балғындарымыз бала көңілмен елім, жұртым деп кіп-кішкентай жүректерімен тебіреніп ойын жеткізуде. Ал ертең есейе келе «мені сатқан ел» деп санасының түкпірінде теріс пікір, теріс пиғыл қалыптастырып, Қазақстанға тіпті қас болуы да мүмкін емес пе? Мұны ойлаудың өзі қорқынышты. «Бала туғандікі емес, баққандікі», әрине. Осыны сәби сүю бақытынан айырылған өзіміздің отбасылар да түсінсе екен дейміз. Бүгінде еліміздегі бедеуліктің жасарып келе жатқандығы жасырын емес. Жылдан-жылға бедеу әйелдер мен белсіз еркектер санының артуы осыған дәлел. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» демекші, кейбір жандар балаға зар болып, күні-түні үмітін үзбей, Алладан жалбарынып тілейді. Енді біреулер Алланың берген сәбиін көрінгеннің қолына тастайды. Тұрмыс жағдайын, тағдыр тауқыметін сылтау етіп, балаларынан бас тартады. Көзі қиып, жүрегі шыдап, шырылдаған сәбиін панасыз қалдырған тасбауыр жандар жер басып қалай жүреді екен? Осындай қатыгездіктің салдарынан бейкүнә нәресте, дүние есігін ашпай жатып тірідей жетім атанады. Бүгінде көкек аналардың кесірінен балаша уайым-қайғысыз күн кешудің орнына, көзін тырналап ашқаннан-ақ терезеге телміріп «менің әке-шешем қайда?» деп уайым жеп жүрген жетімдер қаншама?! Өкініштісі сол, еліміздің бала сүю бақытынан айырылған 15 пайыз отбасылары тастанды балаларды асырап алуға құлықсыз.
    Елімізде 40 мыңға жуық, турасы 38 386 жетім бала бар. Оның 14 052-сі интернатта, 11 612-сі білім беру ұйымдарында, денсаулығы нашар 1 586 бала денсаулық сақтау мекемесінде, 854 бала әлеуметтік қорғауда, 22 мың бала мемлекеттің қамқорлығында тәрбиеленуде. Мемлекет олардың жақсы өмір сүруі үшін барынша жағдай жасауда. Киімдері көк, тамақтары тоқ. Десек те, бұл өмірде ананың ақ сүті мен мейіріміне жететін не бар? Ананың ыстық алақанына ештеңе де тең келмейді. Ал осы аялы алақанды сезбей өскен баладан қандай мейірімділікті, ізгілікті күтеміз? Отбасы – қоғамның негізгі бөлшегі болып табылады, адам баласы отбасында ғана ананың аялы алақанын, махаббатын сезінеді, қарым-қатынас жасау дағдылары қалыптасады, өз халқының тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін бойына сіңіреді, дүниетанымы мен діни көзқарастары қалыптасады, яғни отбасы адамның белгілі бір қоғам мен өркениеттің бір бөлшегі ретінде өмірден өз орнын табуына ықпал етеді. Сондықтан да мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, әр баланың отбасында тәрбиелену мүмкіндігін қамтамасыз етуге барынша жағдай жасау қажет. Осы ретте, Алматы қаласы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқарманың балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің жетекшісі Гүлнар Молдағазықызы Айтқұлованың айтуынша, бүгінде бала асырап алғысы келетін отбасылар үшін «Бала асырап алу» деген сайт құрылып, онда Алматы қаласынан 297 баланың суреті мен жеке мәліметтері орналастырылған. Бұл баланы отбасыға орналастырып, жаңа ата-ана тауып беруге көмегін тигізетін қадамдардың бірі.
    Жалпы елімізде бала асырап алудың үш түрлі жолы бар. Олар: асырап алу, патронаттық тәрбие, қамқоршылыққа немесе қорғаншылыққа беру. Бала асырап алу – өте жауапты қадам, бөтен балаға туған әке-шешесіндей болу, тегін беру. Ал қорғаншылыққа негізінен ата-анасынан айырылған балаларды туған-туыстары алады екен. Патронаттық отбасыға орналастыру елімізде он жыл бұрын тәжірибеге енгізіліп, өз жемісін бере бастаған. Патронаттық – ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларды алуға ниет білдірген отбасыларға тәрбиелеуге беру. Бүгінде еліміз бойынша патронаттық тәрбиеге бар болғаны 2267 бала алынған. Патронаттық тәрбиені бала асырап алумен шатастыруға болмайды. Бұл жоба елімізге 2004 жылы енгізілді. Патронат ата-ана қамқорлығынсыз қалған баланы бауырына басып, уақытша тәрбиелейді. Еліміз тәуелсіздік алғалы әлеуметтік жағынан ешқандай отбасы жерге қарап отырған жоқ. Меніңше, елімізде патронаттық тәрбиеге насихат жетіспейді немесе халық өздеріне жүктелетін жауапкершіліктен қорқақтайды. Ел арасында «бала асырап алудың жұмысы көп, сан мың құжат жинатып, әуреге салады» деген алып-қашпа сөз де жоқ емес. Осы жөнінде Алматы қаласы балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің жетекшісі Гүлнар Молдағазықызынан сұрағанымызда, ол кісі: «Бала асырап алу үшін жинайтын құжат саны көп дегенмен келіспеймін. Бала асырап алайын деп жатқан соң, ол адамнан психикалық аурудан не нашақорлықтан аулақ екендігі жөнінде анықтама сұрасақ, оның несі айып? Ол отбасының тұрақты мекен-жайы мен бала асырай алатындай жалақысы болуы керек. Асырап алғысы келетіндердің не үй жайы, не тұрақты жұмысы болмаса, әрине, баланы бере алмаймыз» деп жауап берді. Иә, бала асырап алғысы келетіндер үшін қажетті құжаттар саны көп емес әрі оларды алудың өзі аса қиындық тудырмайды. Тек ниет болса болғаны.
    Жетімдерге қамқор болу немесе қамқор болғандарға қолдау көрсетіп, сөзімен де, ісімен де жәрдем беру – әр азаматтың міндеті. «Кімде-кім Алла ризалығы үшін бір жетімнің басынан сипаса, оның қолы тиген әр тал шашы сайын жақсылық болады» дейді. Осы ретте өзім куә болған бір оқиғаны айта өтсем. Осыдан бірнеше жыл бұрын туыс ағам мен жеңгемнің отбасындағы үлкен қуаныштың куәсі болдық. Олардың он бес жасар қыздары бар-тын. Сол қызды босану үстінде жекеменшік аурухана дәрігерлері тарапынан қателік кетіп, жеңгеміздің жатыры алынып тасталынған. Қыздары өскенше екеуінің бары да, нары да сол Әмина еді. Қыздары бойжеткен соң, әлгі ағам мен жеңгем балалар үйінен жаңа туған ұл баланы асырап, бауырына басады. Сол бала бүгінде беске толып, сол үйдің көз қуанышына айналып отыр. Сондағы таңғалғанымыз – әлгі бала құдды бір ағамыздың аузынан түскендей, аумай қалған. Танитындардың бәрі «Құдайдың құдіреті-ай» деп таңғалысып жатса, баланың асыранды екенін білмейтіндер «әкесінен аумайды» екен деп, сүп-сүйкімді Нұрсұлтанды қызықтап жатқаны. Қазақта сәби сүймеген шаңырақ бала асырап алса, бедеу әйел құрсақ көтеріп, бала тууы мүмкін деген ырым, сенім де бар. Бәлкiм, мұндай оқиғалар бір балаға зар болып жүрген отбасыларға ой салар. Ойдан ой тұтанып, жетiмдiктiң тууының түп-тамырын бiлек сыбанып iздесек, бұл бағыттағы таным-түсiнiгiмiз де едәуiр кеңейер едi. Жетiмдi сыртқа тебу – елдігімізге сын, намысымызға мiн емес пе?! Ендеше, ай мен күннің аманында, тәуелсіз дамыған мемлекетте жетімдер үйінің болуы – қасірет. Сондықтан «жетімдер үйі» деген түсінікті жойып, жетім балалардың да отандық отбасыларында тәрбиеленуіне мүмкіндік туғызу үшін мемлекетіміз өзге елдің тәжірибелерінің керек тұсын ала отырып, осы мәселені бір жүйеге енгізсе деген тілек бар.

 Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 421 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 756 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика