КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


    Біздің қазақтың бұрынғы тарихында қарттар үйі деген болып па еді? Баласына барын, немересіне жанын берген, қариясын қаңғытпаған ұлт едік қой. Қазір ше? Қоғамы құбылып тұрған мына қат-қабат заманда әке-шешенің қадір-қасиеті жоғалып бара жатқандай…
    Біз қайда барамыз… Қоғамның қатігезденгені ме, өскелең ұрпақтың ата-анасынан бас тартуға қалайша ғана дәті барады? Осы орайда Семей қаласындағы қарттар мен мүгедектер үйі туралы бірауыз сөз айтқым келеді. Талай қарттың тұрақты мекеніне айналған мекеме бүгінде 210 адамға лайықтандырылған. Масқара болғанда мұндағылардың 40 пайыздан астамы – қазақ қариялары. Жәутеңдеген көздерінде әлдебір мұң, үмітсіздік. Осында өмір кешкен қанша адам болса, сонша қилы-қилы тағдыр. Бұл үйдің тұрғындарына жасалып жатқан күтім жағында мін жоқ. Таза ауа, таза төсек, бес мезгіл тамақ, бір сөзбен айтқанда, бейқам өмір. Денсаулығына алаң болған медбике, бірін-бірі түсініп, шүйірлесетін замандастар да бар. Алайда, қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда мұны нағыз бақыт деуге тұра ма?! Мұндағылардың көбінің жанары тайып, құлағы естімейтіндер болса, жүрек талмасы, қан тамыры аурулары, жаман аурудан көз жұматындары қаншама. Осылайша, «бір аяғы жерде, бір аяғы көрде» күйін кешкен қариялар барар жер, басар таулары қалмай осында келеді, дегенмен жалғыздықтың шырмауынан құтылады бұл мекенде.
    «Бір қарағанда, өңі тартымды, сұңғақ бойлы, қазақы тақия киген атаның жасы 70-тен асқан. Есімі Жүмкен Қасенов екен. Жақынырақ үңілгенде ғана самайындағы ақ шаштары мен әжімдерін аңғарасың» деп басталған 4 сәуірде шыққан «Ертіс өңірі» газетіндегі М.Шоқманованың мақаласы кімді болсын бейжай қалдырмады. Көпті көрген Ж.Қасенов ақсақал өзегін өртеген өкінішпен:
    – «Ақша қолдың кірі ғой, балам… Қос ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырдым. Әрқайсысының жеке отбасы құруына бар жиғанымды аямадым. Жұбайым 1983 жылы көз жұмды, балаларымды асырап-бағу ауыртпашылығына қарамастан, ел қатарлы болсын деп әкелік парызымды өтедім. Солардың бейқам өмірі үшін күні-тұны жұмыс істедім. Қартайып, қайратым кеткенде, мен керексіз болып қалдым. Тәрбиеден қалт кеттім дей алмаспын. Кім балаларының жаман болғаның қалайды? Алла берген перзенттерім саналы болмады-ау. Есейгендерінде ойлары басқа арнаға бұрылып кете береді. Санасызға мейлі ұшақ алып берсең де болмайды екен. Үйін де, малын да қолына ұстатқан бір ұлым ажырасудан тайынбады қайта-қайта. Қазіргі бей-берекеті кеткен, ешкімге мойынсұнбайды. Жалғыз қызым қытымыр күйеуінен аса алмайды. Екінші ұлым осы жерден бір аттам жерде тұрса да, жылына бір рет келсе келді, келмесе оған да көндіктік. Өзінікін істеткен келінге де жалтақтағандық» деп сырын жеткізген.
    – Балаларыңыз сізге келіп тұра ма? – деген сауалға:
    – «Жоқ… Мен де енді оларға бармаймын. Сол дұрыс. Анда-санда қарамды көр­сет­кенімнің өзінде, ешқашан шыраймен қабылдаған емес» деп жауап қайтарыпты.
    – «Бұл жерді өзім іздеп келдім. Жал­ғыздыққа шыдамадым. Тиісті құжаттарды жинауыма бір жылдай уақыт кетті. Шырағым, әл-қуаты кеткенде әке-шешесін бағып-қақпаған қаракөз ұрпаққа алла ой-сана берсе деймін, кімнің көңіліне төрт қабырғаға қамалған ұнайды дейсің» деген кейіпкеріміздің жанында қазір Нұрбибі апа бар. Міне, осылай бір-біріне жан жылуын тартып, өткен өмір тауқыметін ұмытуға бел буған тірлік кешуде.
Жақындарының жанында қартты­ғының зейнетін көруге мұқтаж жандар, әттең, жаны жүдеу жандар. Жаның ауырады екен… «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп жатамыз ғой. Ақылдың көзі саналған данагөй қарияларымызды сыртқа тепкен сұрқия заманның сұмдығы-ай десейші деп мақала авторымен қоса күйініп авобекетке бет алдым… Ауылдан келетін жолдасымды тосып тұрғанда Мақаншы жерінен таныс інішек Тоқан Саянов кездесе кеткені. Амандық-саулықтан соң не шаруамен жүргенін сұрап едім, Үржар аудандық қамсыздандыру бөлімінде жұмыс істейтінін, осы мекеменің шешімімен панасыз қалған бақтылық жалғыз бас­ты ана Бану Кенжекованы Тарбағатай ауданының Ақжар селосындағы қарттар үйіне орналастыруға апара жатқанын жеткізді. «Мына 75-ке келген шағыңызда балаларыңыз, немесе ет жақын туыстарыңыздың қолында тұрмадыңыз ба?» деп сұрап едік, ол: «Мына күрмеуі қиын өмірде ешкімнің де мойнына салмақ салғым келмейді. Күйеуім, балаларым жоқ, ал туыстарыма керексіз екенмін, оны былтырғы қыста ұғындым да, қарттар үйіне баруды ұйғардым» деп әжей кінәлі адамдай төмен қарады.
    Семейдегі қарттар үйіндегі Жәмкен Қасенов ақасақалдың жүректі сыздатқан шеріне Бану апамыздың мұңы қосылды. Не істерсің?
Бұрынғылар «жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деуші еді. Түлкі бұлаңға тап болған осындай қарттардың қайта мемлекет қамқорлығына алынып жатқанын көргенде шүкіршілік етіп отырғанымыз да шындық.

SenKazakh

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз