КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


    Қазақ халқының ана сүтімен бойына дарыған ерекше қасиетінің бірі – шүкіршілік. Сол қасиет арқылы қазақ халқы «нәпсі» атты жүгенсіз жүйрік аттың жетегінен өзін қорғаштап, зиянды әрекеттерден бойын аулақ ұстап келеді. Теңіздей тасыған көңілімізді шүкіршілік етумен, қиын-қыстау кезеңдерді артқа тастап, келешекке кемел оймен, жас баладай кіршіксіз таза сезіммен адым басамыз. Оқырман қауымның көпшілігі «мұның ортаға суырылып шыққаны несі?» деп ойымды жатсынуы мүмкін. Менің қолыма қалам алып, парақты бұлай шимайлауымның басты себебі – ақын Асылзат Арыстанбек есімді ақын қыздың жыр жолдары еді. «Тірі жетім бөпелер-ай! Сендерді де сайқал өмір жетелер-ай! Түбі қайта оралмасы шын болса, Ұшағыңа мініп ал да кете бер!»
    Енді осы өлеңді оқығаннан кейін адамның санасын сан сауал мазалары анық. Шынында, қазақ халқы қазіргі күнге дейін «қиын-қыстау кезең, ашаршылық кезеңі, дүрбелең заман, жалған өмір, зар заман» деген сияқты өмір өткелдерін басынан өткерді, ал қазір сайқал өмір деген сұмдық сөз тіркесіне табан тіреді. Неткен сұмдық! Теледидардан жаңалықтардың әрбір санында жеңіл жүрісті қыз балалар туралы, сонымен қатар СПИД ауруының ел ішінде белең алып жатқандығы туралы айтылып жатыр. Қыз бен жігіттің жауапсыздық әрекеттерінің кесірінен қаншама сәбилер туа сала жетім атанып жатыр. Ата-аналары тірі бола тұрып, жетімдер үйінде жалғыздық қасіретін тартқан қандай қиын! Мен жастайымнан ана мен әкенің аялы алақанынан Алла тағаланың қалауымен айырылсам, ал бұл сәбилер тірі жүрген жеңіл ойлы жастардың кесірінен тірі жетім күйін кешіп жүр. Мен ата-анамды сағынып жылағанымда, әжем мені мына сөздерімен жұбататын: «Қызым, сенің ата-анаң өте жақсы, мейірімді жандар болғандықтан, Жаратушы иеміз жаратқан жандарының өз қасында, қамқорлығында болғанын қалаған. Жаратушының ісіне ешбір адам баласы қарсы тұра алмайды. Бірақ ата-анаң әрқашанда сенің қасыңда болады, себебі әкең де, анаң да сені қатты жақсы көретін. Сені «балапаным, ботақаным, сары алтыным» деп аймалайтын». Енді осы сөздерді санама түйсем, ал бұл тірі жетімдерді қоғам болып баршамыз қалай жұбатамыз? Осы сауал менің жұдырықтай жүрегімді әбден жұлмалады.
    Қорыта айтқанда, менің бес күндік тірлігімнен түйгенім – тірі жетімдердің жай-күйін, жан күйінішін түсінуге тырыса отырып, өз жайыма шүкір ету. Ең бастысы, бауырым бүтін, басым аман, анам мен әкемнің бауыр еті бауырлары, ағайын-тумалары аман тұрғанда, мен жетім емеспін, мен бақыттымын! Тірі жетімдерге қарап отырып, мен өз жағдайыма сан шүкірлік айтар болсам, ал сіздер, яғни ата-аналары аман-есен, таңның шапағатын, түннің жарық жұлдызын бірге қарсы алатын жанашырларыңыздың жаныңда жүргенін ескере отырып, шүкір етсеңіздер екен! Гүлнұр МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз