КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА


    «Біз неден қауіптенеміз?! Өнер қоғам санасын өзгертуге ықпалды ма?! Әр ұлтқа өз мүддесі үшін күрес қажет пе?!» деген сауалдар баршаны ойландырары анық.
    Жер бетіндегі адамзат тіршілігінің мақсаты бір десек, тұтастық пен үйлесімділіктен жоғары не бар?! Жалғандағы жалғыз мақсатымыз бір болса да, ұлт ретінде әр ел өз мүддесін, құндылықтарын алдыңғы қатарға қояды.Бір-біріміздің ықпалымызға түскіміз келмейді. Өз қалауымызды алдыңғы қатарға шығарамыз.Өзгелер соның ықпалына түссін дейміз. Бағыну мен бағындырудың айырмашылығы өзіміздің кім екенімізді, қауқарлылығымызды сезіндіруге мүмкіндік береді.Бүгінде әлемдік саясаттың астыртын мақсаттарын алға жылжытып отырған кино өнері – ең ұтымды, ықпалды құралға айналды. Адамшылдық пен жалғандықтың шын ойыны бүгінгі кино өнерінде майданында қызу жүріп жатыр. Бірақ, өнер кеңістігінде не қауіпті? Азғыру – қауіпті. Өнер туындысы сезімдеріңді қозғай алса – ықпалды. Адамгершілікті насихаттай алса – маңызды. Өз мүддемізді бөліп қарайтынымыз қаншалықты рас болса, ұлт ретінде бізге ізгіліктің жолына бастайтын озық ойлар ғана қажет.
    Әлемнен бүгін де, ертең де бөліне алмаймыз, бөлінбейміз. Алайда өз мақсаттарымыз бен мұраттарымызды мықты ұстап қалуымыз керектігі бәрінен де маңызды. Қазір әлем халықтарын бір жүйемен басқару саясатының ықпалындамыз. Бірақ, ықпалдылықты кез келген көшбасшының адастырмас сара жолымен жүруді мақсат еткен ел өз тізгінін өзгелерге ұстатпайды. Бұл тірлікте өзгермейтін нәрсе жоқ. Өзгерістің өзегі бір ғана тұлғаның тұла бойында жасырынған қасиеттің құдіреттілігінде. Ол кез келген уақытта әлемдік құбылысқа айнала алады. Ой – ең қауқарлы қару. Оның қауқарын қолдана алмасаң, қор боласың. Ұлт ретінде өз мүддеңді дұрыс жолға қоя алмасаң, өз-өзіңе сор боласың. Біз үшін, ұлттық кино өнері үшін ең басты мәселе осында.
    Біз осыншама уақыттың ішінде кімнің ықпалында болып, кімге ықпал жасай алдық? Кино өнері қазақ жерінде қалыптаса бастаған жылдардан-ақ біз Кеңестік саясаттың ықпалында болдық. Ұтылған жоқпыз, ұттық. Неге біз әлі күнге дейін сол жылдарда түсірілген фильмдердегі тазалық пен мазмұн тереңдігін аңсаймыз? Адамгершіліктің биігін бағындырып берген, ұлтымыздың жүріп өткен тарихы мен дәстүрін дәріптеп кеткен фильмдердегі идеологияның ықпалына қандай көзқараспен қарасақ та, Ш.Айманов, М.Бегалин, Ш.Бейсенбаев, А.Қарсақбаев, С.Ходжықов секілді тұлғаларымыздың жеке дүниетанымдары мен ұлт мүддесіне деген жауапкершіліктерін қалыптастыра алғандығын уақыт айғақтады.
    Шығармашылық еркіндікке қол жеткізген бүгінгі күні қандай күйге түстік? Енді Батыстың ықпалына түстік. Осы екі аралықта «жаңа толқынның» тың серпілісіне қарсы тұрдық. Нағыз өнердегі өз ұлттық келбетін іздеген ізденіс үдерісі осы аралықта жатқандай. «Жаңа толқын» өз болмысымызға, тұрмысымызға наразылық танытудың бір үлгісі болды. Өзімізді қайта іздеудің көрінісін экранға алып келді. Тәуелсіздікке алғаш қадам жасаған жылдарда «жаңа толқын да» ой еркіндігінің кеңістігіне батыл қадам жасады. Шындықпен бетпе бет келді. Өзімізді, дағдарыстан есеңгіреп дүбәра күйге түскен күйімізді экраннан қабылдай алмадық. Өзімізді өзгеше қырынан көргіміз келді. Ұлт ретінде өзімізге сын көзбен қарай білдік. Назар аудардық.
    Алайда, қазір қалай өзгердік? Бүгінгі қазақ экранына өзіміз қандаймыз? Әлем халықтары бізді қалай қабылдаса деп қалаймыз? Олар біздің мүддеміздің жауапкершілігін, абыройымызды, беделімізді ескере ме? Орнымызды айқындап беруге олардың шығармашылық ізденістерінің мүмкіндігі жете ме? Мүмкіндік пен таңдау қай кезде де бар. Дәл қазір өзіміздің жүрер жолымызды айқындау мен адасудан аулақ болудың таңдауын бір мүддеге бағындыру ғана қажет. Ұлттық киноның даму бағытында қоғамдық сананы адастыру мен аздыру бар. Араша түсу келешектің алдындағы арымыз үшін қажет. Кеңестік идеологияның ықпалы мен бүгінгі Батыстың үрдісіне бойұсыну үдерісінің аралығына дейін қазақ киносы өз ұлттық келбетін толыққанды қалыптастыра алған жоқ. Біз үшін ең маңыздысы – кино өнерінің ұлттық «иммунитетін» күшейту. Киномызға ұлттық идеология керек. Оның ұстанымын жаңаша деңгейге көтеру қажет. Өнерді қыспаққа алу емес, шығармашылық тұлға үшін еркіндіктің мүмкіндіктерін шектемеу маңызды. Алайда, көркем туындының айтар ойы өнер кеңістігіне шығатын басты өнім болғандықтан, ол біріншіден, ұлттық мүдденің мақсатымен өзара үндестік табуға, екіншіден, ұлттық құндылықтардың ерекшеліктеріне негізделуі шарт. Әлемге, жалпы адамзаттың дүниетанымына оң ықпал жасайтын озық идеялар мен ұлттық болмысымыздағы ерекшеліктерді дәріптеуді дұрыс жолға қою қажеттілігі бар. Кино туралы заңды қабылдау, мемлекеттің қолдауымен ұлттық киномызды насихаттайтын бір басылымды тұрақтылыққа жеткізіп, жүзеге асыруға да қауқарлымыз. Әлемдік кино өнеріндегі көшбасшылық тізгіннің ықпалын өз мүддемізге бұратын мүмкіндік бар.
    Еңсесін көтеретін ел өз кемшіліктерімен күреседі. Күн тәртібіне қойылатын мәселелер әр кезеңде де болған, оның шешімдері әрдайым да бар. Бүгінгі ұлттық кино өнерінің басты міндеті мақсаты мен бағыттарын қайта ой елегінен өткізіп, бір жүйеге түсіру.«Құрақ көрпенің» үйлесімсіз үлгілерін тігісінен тарқатып, ұлттық нақышта құру қажет. Шығармашылықтағы еркіндіктің өзі дұрыс жолға қойылмаған. Қоғамдық санаға кері ықпал жасайтын ой өз саясатының рөлін атқарып жатыр. Көрермендер тарапынан ұлттық киноға көңіл толмаушылық, наразылық таныту бар. Рухани қажеттілігімізді, шыны керек көп жағдайда әлемдік кино нарығындағы үздік үлгілері өтеуде. Шұбар тілділік мәселесі баспасөз беттерінде де жиі көтеріліп жүр. Бұған киномызда суреткер қоғамдағы жағдайдың шынайы көрінісін ғана бейнелейді деп ашық жол ашып қойғанбыз. Ең бастысы – өз тілімізге деген құрмет пен қажеттілік, тазалық жоқ. Оны шешу жолы күнделікті қолданыста – өзімізге, кинода – режиссерге байланысты болса да ісімізге талап қоя білмейміз. Өзіміз табынбасақ, мойындамасақ, өз дәуірінің ықпалына түсіріп отырған өзге тілдерге несіне кінә артамыз?! Жанымызды жақсы түсінісудің қарым-қатынастағы басты құрал тілге деген құрмет пен тазалықтың негізі өнердегі суреткерлерге де тікелей байланысты. Өнердегі әлемдік кеңістікте өзіміздің озық ойларымыз арқылы ұлт ретінде діліміз бен тілімізге деген қызығушылық туғызудың басты ықпалы сонда емес пе?!
    Ұлттық кино өнеріндегі бәсекелестік енді өзара емес, әлемнің алпауыт елдері арасындағы деңгейге көтерілуге батыл қадамды дәлелдейтін уақыт келді. Көшбасшымыз да, талантты жастарымыз да бар. Олар шығармашылық үдерісті қарқындатуға қабілетті. Мемлекет құзырындағы да, жеке де студиялардың мүдделері бір ғана мақсатқа – ұлттық рухты көтеруге керек. Ұлт ретінде мәдени келбетімізді қалыптастыру мен ықпалымызды күшейту үшін білім мен өнерге деген талапты күшейту жауапкершілігін өзімізден бастау ғана оң нәтиже береді.

Айқын

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз