КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ 
    Қазір жүректі ауыртатын жағдай көбейіп барады. Адам болғаннан кейін аяушылық болуы керек емес пе? Қатыгездік қазақтың жанынан жат нәрсе еді. Біз қариясын құрмет тұтатын, жетімін жылатпайтын ұлттың ұрпағы емес пе едік?! Бүгінгі күні сондай жағымсыз жайлар болса қынжылыс білдіреміз. Өкініштісі, ондай жағдайлар көбейіп барады. Қазақ «Әке тұрып, ұл сөйлегеннен без» деуші еді. Дәл қазір әке ақылын құлағына қыстырмайтын бала саны артты. Бұған бей-жай қараудың қандай реті бар? Ойланып қарасаңыз, онда тұтас бір ұлттың тағдыры мен болашағы жатыр емес пе?«Алаш айнасы» бұл мәселені үнемі көтеріп келе жатса да, бүгін тағы бір айналып соғуды жөн көрдік. Шындығын айтайық, осыдан жиырма жылдай бұрын тіршілік ауанының тынысы басқаша соғатын сияқты еді. Әке түгілі, үлкеннің алдынан кесе-көлденең кішіге қарап сүйсініс танытатын-ды. Тіпті жасы үлкеннің бетіне тіке қарауға бата алмайтыны байқалып тұратын. Ауыр да болса айтарамыз, сол көріністі қазір тек түсімізде көретін жағдайға жеттік пе деп күрсінеміз. 
    Өзімізді-өзімізді мақтағанымыз емес, қазақтың кейбір халықтардан өз ерекшелегі бар. Әрине, ұлттан ұлттың артықшылығы жоқ. Дала заңына сүйенген данагөйлер ұрпақ тәрбиесін алдыңғы орынға қойып, талай өмір заңдылығын тұрмысқа енгізді. Біреудің ала жібін алуға арланатын ұлт болдық. Көнекөз қариялардан ілгеріде үйдің сыртқы есігін құлыптау дегеннің болмағанын талай мәрте естідік емес пе? Бірақ бұл біз үшін өте қызық нәрсе көрінеді. Өйткені, есікті қандай мықты құлыппен бекітсең де, оны бұйым құрлы көрмейтін сұғанақтар арамызда көбейіп кеткені мәлім. Бір кездері коммунизм құрамыз деп жүріп, сол коммунизм қазақы өмірде болғанын байқамай қалыппыз-ау. 
    Айтып-айтпай не керек, адамға жанашырлық жоғала бастаған қоғамды да басымыздан өткізіп жатырмыз. Біздің қазақтың баяғы қалпына оралуы мүмкін бе деген сауал төңірегінде ойлануымыз қажет секілді. Болмаса, осы қалпымызбен күні ертең үлкеннің бетінен алатын, ешкімге бағынбайтын, ойына келгенін істейтін халық болып шыға келуіміз әбден мүмкін ғой. Беті аулақ дегенімізбен, қазіргі кейбір келеңсіз жағдайларды көре отырып, осындай байлам жасауға тура келіп отыр. 
    Қазір қылмыстық деректерді шолып шықсаңыз, қасақана кісі өлімі дегенді жиі көзіміз шалады. Бұған жанымыз қаншалықты ауырғанмен, әзірге қолдан келер дәрмен болмай тұрған жайы бар. Әрине, қолыңды кесе алмайсың, басқа қандай әрекет жасай аласың? Еріксізден тіліңді тістеп, бармақ шайнап, бас шайқап жүруден өзге амалымыз кәне? 
    Басқа жақты қайдам, қазақылық қаймағы бұзылмаған Сыр өңіріндегі қылмыстық деректерге көз салып қарасаңыз, «біз не болып барамыз» деп жағамызды ұстауға тура келеді. Мәселен, былтыр облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа түскен қылмыстық істің 65 пайызын қасақана кісі өлтіру деректері құрайды. Сонда адам өмірі дегеніңіз, қоянды өлтіргенмен бірдей болып бара ма деп қынжылыс танытуға тура келеді. 
    Аталмыш қылмыстық деректердің арасында басқа-басқа ата-анасына ажал құштырған адамдар да бар. Ау, өзіне жарық дүние сыйлаған аяулы жандарға қалай қолын көтеріп, жер жастандырады? Қазіргі ұрпақтың арасында ондай ізгі сезімдерді аяқ асты етіп, күні ертең не боларын таразыға тартуға селсоқ қарайтын жастар баршылық. Айналып келгенде, барлығы тәрбие мәселесіне келіп тірелетін тәрізді. Оларды бала шағынан имандылық жолына баулып, жақсы тәрбие бере білсең, ер жеткенде көзіңнің қарашығындай желкілдеп өскен жеткіншегің алдыңнан қия басып өте қоймасы анық. Баланың ес білген кезінен бастап ата-ананың тәрбиесіне қарайтыны рас. Мәселен, басқа ештеңені ойламай, күнұзақ аузы арақтан босамайтын әке балаға қандай тәрбие береді? Ілгеріде қазекем ондай жат қылықтан аулақ болатын. Өкініштісі, қазір екінің бірі дастарханға арақ қойып, қонағына мал соймаса да, ішімдік беріп сыйлайтын келеңсіз көріністі көзіміз шалады. Әрине, арақ жүрген жерде жақсылықтың бола бермейтіні тағы бар. Тіпті, кейде ойға қаласың, қазақтың бойындағы көптеген асыл қасиетті сол арақ жарықтық мүлдем жойып жіберді ме деп. 
    Қатыгездік қасиет капитализм заманына тән көрініс деп бағаланады. Ертеде мектепте оқып жүрген кезімізде ұстаздар сондай қоғамдағы көріністер жайында жиі әңгімелейтін. Көшеде біреу құлап жатса да, оның аузына ешкім су тамызуға жарамайды деген сыңайдағы әңгіме айтылатын еді. Бәлкім, солай болса, солай болған шығар. Оны кім барып көрген? Алайда әлемдегі кейбір халықтар ұлттық ұстыннан ажырамастан-ақ өркениеттің өріне шығып, жаһандағы жұртқа абыройын асқақ етіп отырған жайы бар. Алысқа бармай-ақ, іргеде тұрған Кореяны және Жапонияны алайықшы. Үлкеннің алдында ізет білдіретін ізгі қасиетін қадір тұтып, олар төрткүл дүниені өздеріне қаратып отыр. Сондай-ақ, Үндістанда да жасы үлкеннің айтқанына тәк тұратын қасиеттің бар екенін теледидардан көріп жүрміз, Сондай-ақ, түбір бір туысымыз – түріктер де мейлінше осындай асыл қасиеттерді ардақ тұтып келеді. 
    Ойланып көрелікші, біз қайда беттеп барамыз? Біз мынадай жат қылықтармен қандай ұшпаққа шыға аламыз? Өкінішке қарай, ел арасына індет секілді тарап бара жатқан келеңсіздік бізді осылайша мазалап отыр. Ертеңіміз үшін алаңдаймыз. Қазақтың қаншама ғасырдан бері сақталған асыл қасиеті бойымыздан адыра қалмаса дейміз. 
    Ілгеріде бір-біріне жанашыр қазақ қазір бір-бірінің жанын алғыш болып қазаққа айналып жүрмесін. Қашаннан да сүйкімің кетпегені қандай жақсы.

Алаш айнасы

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз








08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 568 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 820 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика