КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесiне байланысты. Мұны аз айтып жүрген жоқпыз. Бiрақ кейбiрiмiздiң балаларға жақсы тәрбие бере алмай жүргенiмiз шындық. Дәлел керек пе? Облыста 2011 жылы жасөспiрiмдер қолымен — 425, 2012 жылы 633 қылмыс жасалған. Биылғы бiрiншi жартыжылдықта көрсеткiш өткен жылдардың осындай кезеңiмен салыстырғанда аздап төмендеген. Бiрақ 6 айдағы 214 қылмысты аз деуге ауыз бармайды. Мұның сыртында 3 мыңнан астам жасөспiрiмге әкiмшiлiк-құқықбұзушылық фактiсiне байланысты хаттама толтырылғанын ескерiңiз.
    Иә, бұзық, тентек балалар қай кезеңде де болған. Дегенмен, бұрынғы баланың бұзықтығы әрi кетсе жолдасының мұрнын қанатумен шектелетiн. Бiрақ қазақ баласы кейiнгi кезеңге дейiн ұйымдасқан түрде кiсi тонап, iшiмдiк iшiп, қыз зорламаған. Ал есiрткiге елiтiп, кiсi өлтiру жасөспiрiмдерiмiзге соңғы екi-үш онжылдықта жабысқан сұмдық. Облыста жыл басынан берi 4 адам кәмелет жасқа толмағандардың қолынан ажал құшты. Мұның бәрi қазақ жастарының, бауыр етiмiз – балаларымыздың рухани-адамгершiлiк дағдарысқа түскенiн көрсетпей ме?
    Әрине, ұрпақ тәрбиесi — аса ауқымды, көп қырлы тақырып. Қоғамды қатыгездiк жайлап, балалардың бұзық емес, бұзақы, тiптi қанiшер болып бара жатқандығына әсер ететiн жәйттер де көп. Дегенмен, бiздiң сөз етпегiмiз бала тәрбиесiнiң батыстық үлгiсiн қолданудың бүгiнгi қалыптасқан жағдайға әсерi қандай?
    Жақында аумақтық департаменттен облыстық басқарма болып қайта құрылған балалардың құқығын қорғау саласындағы құзiреттi орган өз жұмысын «заңсыз бала еңбегiн қолдануды жоюға» бағыттаған. Балаңызды көп жұмсағаныңызды анықтаса хаттама толтырып, айыппұл салуға әзiр. Ал психологтар жағы орынсыз әрекет жасаса да баланы қатаң жазалауға немесе жиi тәртiпке шақыруға болмайды деп шыр-пыр. «Әйтпесе, жасық болып қалады, жаны жараланады» дейдi мамандар. Оның үстiне бүгiнде көпбалалы отбасылар азайғаны белгiлi. Бетiне қараған бiр-екi перзентi болған соң ата-анасы көп шектеу қоя бергiсi келмейдi. Содан заманның ыңғайына қарай жұмсалмаған, еңбекке етi «өлмеген», бетiнен қағылмаған балалар көбейдi.
    Ерке өскен, еркiн өскен ұрпақтың бәлкiм өзiндiк артықшылықтары да бар шығар. Бiрақ сол еркiндiк кейде бiрбеткейлiкке, өркөкiректiкке, бiрте-бiрте қатiгездiкке айналып кетiп жатады. Ал ендi бiр еркетотайлардың ынжық, шолжаң, жалқау болғанын да көрiп жүрмiз. Көпшiлiктiң көзiнше өз баласына айтқанын iстете алмай әуре болып жататындарды күнде жолықтырамыз. Мұның себебi неде? Бiз «баланың бетiнен қақпау керек» дейтiн батыстық педагогтар мен психологтардың айтқанына ерiп дұрыс жасадық па? «Қатынды бастан, баланы жастан» деген халық даналығын терiске шығарғанда не ұттық? Неден ұтылдық? Бала тәрбиесiнде кейде қаталдық керек пе? Басбұзарлық жасаған баланы жазалауға бола ма?
    Мақтаарал ауданында тұратын Әтiркүл әжей бүгiнде сексеннiң сеңгiрiне шықты. Алла берген 8 ұл, 5 қызынан 26 немере, 14 жиен (кейуана қыздарынан өрбiген ұрпақты немере деп атауға қарсы) және 5 шөбересi бар. Әжей өнегелi, көркем мiнездi ұрпақтарымен бақытты екенiн айтады.
    - Әкенiң өткiр жанарынан ықпаған, қаһарынан қаймықпаған бала, әрине, бетiмен кетедi. Бұл, әсiресе, ұл балаға қатысты. «Қаһарлы болу» дегенде мақсат баланы бас салып сабай беру емес. Отағасы өзiнiң салмақты, сара мiнезiмен, көп сөйлемей кесiп айтатын тапқырлығымен, ақылдылығымен, талапшылдығымен қадiрлi, айбынды бола алады. Ал осындай тәрбие көре жүрiп те сотқарлық жасаған балаға iсiне лайық сазайын тартқызу керек-ақ. Әйтпесе, жазасыз қалса, ол болашақта мұнан да сорақы әрекетке баруы мүмкiн. Бiр сөзбен айтқанда, ер азамат шаңырақтың бас тәрбиешiсi болуы тиiс. Бұл бiр жағынан әйелге де байланысты. Сәл нәрсе үшiн ерiнiң бетiнен алып, жағасына жармаса кететiн кейбiр келiндер ертең балаларын бiр өзi тәрбиелей алмайтынын да ұмытпаса екен. Өйткенi, еркектiң қадiрi кемiп, орны төмендеген отбасында береке болмайды. Қазiр «жас балалар қылмыс жасапты» дегендi жиi естейтiн болдық. Егер әкесiнiң сұсынан сескенсе, олар қылмыс жасамақ түгiлi, қия баспас едi-ау, - дейдi Әтiркүл Шүкiрбекқызы.
    Ал облыстық салауатты өмiр салтын қалыптастыру орталығы жанындағы «Әлем» жастар денсаулығы ұйымының практик-психологы Майра Алпысованың бұл мәселедегi ұстанымы сәл басқаша.
    - Әрине, жазалау тәрбиелеудiң құрамдас бөлiгi екенiн ешкiм жоққа шығара алмайды. Бiрақ бұл әдiске абайлап қарап, оны асқан жауапкершiлiкпен қолдану керек. Себебi, орынсыз жазалау жеткiншектiң ендi қалыптасып келе жатқан жан-дүниесiн жаралауы мүмкiн. Ал шамадан тыс қатаң жаза баланы жөнге салмайды. Керiсiнше, оның көкiрегiнде қоршаған ортаға, айналасындағы адамдарға, келе-келе қоғамға деген өшпендiлiк оты тұтануы әбден мүмкiн. Ауыр қылмыстарды еркетотайлар емес, ата-анасынан әдiлетсiздiк, жауыздық көрген балалар жиiрек жасайды, -- дедi Майра Серiкбайқызы.
    Психологтың пiкiрiнше, балалармен қарым-қатынаста «мақтау – сын – мақтау» деген жүйенi қолдану керек. Айталық, балаңыз сiз берген тапсырманы ойдағыдай орындамады делiк. Өзiне жүктелген мiндетке атүстi қарағанын байқадыңыз. Маманның ойынша, мұндай жағдайда балаға бас салып ұрсуға болмайды. Әуелi оған бұл iске кiрiскенi үшiн рахмет айтуыңыз керек. Бастапқы кез үшiн мұның өзi тамаша нәтиже екенiн айтып, жасөспiрiмнiң көңiлiн тыныштандырыңыз. Содан кейiн ғана сiз бұдан да жақсы нәтиже күткенiңiздi ескертiп, әңгiменi «келесi жолы сенiң тапсырманы жақсырақ орындайтыныңа сенемiн» деген көтерiңкi рухпен аяқтаңыз.
    Тағы бiр айта кетерлiк жәйт, ескерту мен сынды баланың жеке басына, тұлғалық қасиеттерiне бағыттаудың қажетi жоқ. Психологтың айтуынша, балаға оңбаған, өтiрiкшi, жалқау деген сияқты баға беруге болмайды. Өйткенi, бала бiрте-бiрте өзiн шын мәнiнде жалқау немесе өтiрiкшi деп есептей бастайды. Бұл оның бүкiл өмiрiне керi әсерiн тигiзбек. Егер жеткiншекке наразылығыңызды бiлдiргiңiз келсе, ойыңызды «осы жолы сен менi алдадың», «сен бұл жұмысты толық орындамадың», «сенiң мұның дұрыс болмады» деген секiлдi сөздермен жеткiзiңiз.
    -- Кейде жұмыстағы қиындықтар, көшедегi жағымсыз әсерлер, шешiлмеген проблемалар мен бiтпеген шаруалар сiздi қалжыратып жiбередi. Осындай кезде балаңыздың кiшкентай орынсыз әрекетi жүйкеңiзге ауыр салмақ түсiруi мүмкiн. Сөйтiп, бар ашуыңызды сәбиден аласыз. Ол аз ғана томсырайып отырып не жылап алады да, қайтадан ойнап кетедi. Мүмкiн осымен бәрi бiттi деп ойлайтын шығарсыз. Бiрақ осындай әрбiр жағдай баланың жандүниесiне керi әсер етедi. Өйткенi, ол әдiлетсiздiк көрдi ғой. Тағы өзгеден емес, өз ата-анасынан әдiлетсiздiк көрдi. Әйтпесе, бастығыңыздың сiзге тым көп тапсырма бергенiне, халыққа қызмет көрсету орталығында ұзын-сонар кезектi күткенiңiзге немесе қоғамдық көлiкте бос орын болмағанына перiште көңiл бала кiнәлi емес қой. Сондықтан, балаға ескерту айтып, оны тәртiпке шақырсаңыз да сабырлы қалпыңыздан танбаңыз, - дейдi М.Алпысова.
    Ұлттық тәрбиемiздiң қайнар көздерiнiң бiрi — Ислам дiнi. Сондықтан, баланы тәрбиелеуде жазалау әдiсiн қолдануға бола ма, болса қандай жағдайда қалай жазалау керек деген сұрақты дiнтанушы мамандарға да қойған болатынбыз.
    - Қасиеттi Құранның алғашқы сүресiнде Алла өзiн «аса қамқор, ерекше мейiрiмдi» деп таныстырады. Әйтпесе, Алланың құдiреттi, қаһарлы деген сипаттары да бар. Демек, ата-ана баланың бойына ең алдымен қаталдықты, қаттылықты емес мейiрiмдiлiктi сiңiруi керек. Өзi ата-анасынан мейiрiм көрген бала ғана өзгелерге де қайырымды бола алады. Бiрақ бұл баланы жазалауға болмайды деген сөз емес, - дейдi облыстық әлеуметтiк бастамалар орталығының бас маманы, дiнтанушы Файзулла Тайтелиев. - Қажет кезде балаларды жазалаңыз. Бiрақ ар-намысына, тұлғалық қасиетiне дақ түсiретiндей емес, үйрету арқылы жазалаңыз. Оған беретiн жаза, кiнәдан асып түспеуi қажет. Ата-анасының қолынан зұлымдыққа ұшыраған балада бiрiншi орынға шындықты емес, күштi қоятын терiс түсiнiк қалыптасады. Осылайша күштiнiң алдында бас иедi, ал қолына билiк тисе, өзгелерге күшiн беталды қолдана бастайды.
    Дiнтанушының айтуынша, қай жазаны қай жастағы балаларға және қандай жағдайда қолдану керектiгiн бiлудiң маңызы зор. Әрбiр жас ерекшелiгiнiң өзiне тән тәрбиесi мен жауапкершiлiгi әртүрлi болады. Екi жастағы бала үшiн қалыпты болып көрiнетiн әрекет, төрт жастағы бала үшiн әбес болуы мүмкiн. Бiр жарым жаста әкесiн сабалаған сәбидi бұл әрекетi үшiн одан сайын жақсы көруге болады. Бiрақ жетi жаста әкесiн ұрған баланы ол қылығы үшiн жазалау керек.
    - Баланың бетiнен ұруға хазiретi Пайғамбарымыз тыйым салған. Өйткенi, бұлай iстеу баланың көңiлiн қалдырып, ар-намысына дақ түсiредi. Бет — адамның арының айнасы. Беттен ұру, ар-намысына тиюге жатады. Ар-намысы тапталған бала, жазасын алған болып саналмайды. Керiсiнше, оны «арсыз қылған» ата-ана, өз-өздерiн жазалаған болады. Мiндеттi түрде ұру керек болса, баланың құйрығынан ұру қажет. Құйрығынан тиген шапалақ тек қана денесiне батады. Ал бетiне тиген шапалақ, таяқпен бiрге қорлық болып тиедi. Өз балам екен деп ешқандай ата-ананың сәбилерге қорлық көрсетуге ақысы жоқ, - дейдi Ф.Тайтелиев.
    Иә, бiз бүгiн бала тәрбиесiне қатысты мәселелердiң бiр қырын ғана сөз еттiк. Жоғарыда айтылғандарды ой елегiнен өткiзсек, шектен шыққан баланы жазалау керек. Ол үшiн таяқты қолдануға да болады. Әйтпесе, балаңыз уақыт өте келе мүлде тiл алмайтын жалқау не ынжыққа айналады. Дегенмен, қатал әкенiң немесе талапшыл ананың рөлiн сомдаймын деп балаңызды тым қатты жазалап, оның болашақта безбүйрек адам болуына «үлес» қосып жүрмеңiз. Бала тәрбиесiнде таразының екi басын тең ұстау қажет. 

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз