КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Қазақ елінің тұрмысына, қазақ жерінің табиғатына сай етіп жасалған тамашаның бірі – киіз үй. Көшпенді бабаларымыз малының өрісі, елінің қонысы үшін тау баурайларын, дала төскейлерін, өзен-көл жағаларын жаз жайлап, күз күздеп, тіпті қос қабат қалың киізден туырлық жауып, қыс қыстаған бұрынғы кезден күні кешеге дейін қазақ қолөнерінің сәні, қазақ өмірінің мәні киіз үйден көрініп тұратын. Қазақтың тұрмысына, тіршілігіне қажеттің бәрі киіз үйдің төңірегіне топталып, киіз үйдің ішінен таралып жататын. Осы кезде өмірге жаңалық мол еніп, заман озғаны рас. Ал киіз үйдің еш қажетсіз болып қалғаны рас па? Тал бесікте тербелген, тәй басқан сәбилік, тай мінген балалық шақтарын киіз үйдің ішінде, қыр қазағының ортасында өткізген біз қатарлы адамдарға оның елеусіз, ескерусіз қалғаны тек өзіміздің өткенімізге ғана емес, арғы-бергі аталарымыз бен бабаларымыздың салтына сатқындық жасаған сияқты көрінеді. Өз замандастарымызбен кейбір кеңес құру кезінде киіз үйдің кешегі болғаны ғана емес, бүгінгі, ертеңгі болмағы туралы да пікірлер айтатын едік. Енді сол ойларды ортақтасуға ұсынамын.
    Киіз үй тек қазаққа ғана тән емес, көшпенді тайпалардан тараған бүгінгі халықтардың көбіне ортақ мұра. Алайда, әрқайсысының жасалуы мен әсемделуінде айырмашылықтар бар. Мәселен, моңғол, қырғыз, қалмақ киіз үйлері керегелері аласа, шаңыраққа тік уық шанышқан, жалпы тұрқы тапал келеді. Бұл шеберлердің олақтығынан емес, тігілуі, жонылуы, жиналуы оңай, оңтайлылығынан болса керек. Ал қазақ киіз үйі тұрмысқа тиімділігімен қатар, көрмеге қойғандай сыртқы көрнектілігімен, ішкі көркемдігімен ерекшеленеді. Оның сыртқы пішініне қарап-ақ планиметрия, симметрия, шар мен сфера сынды геометрия мен физика заңдарын кітаптарға қарап оқымаған дала ісмерлері әлемде аталған ғылымдар пайда болмай тұрған кездің өзінде киіз үйді небір дүлей дауылдар жыға алмайтын жұмыр, аспаннан апталап жаңбыр жауса да су сыртымен сырғып ағатын күмбез етіп жасауынан тағы да табиғатпен үйлесім табудың тамаша үлгісін көреміз. Қазақ киіз үйінің керегесі биік, уығы иік, шаңырағы шалқақ келеді. Үйдің қаңқасын құрайтын материалға қарағай, қайың емес, жас күйінде июге көнгіш, кепкенде сол қалпын сақтап қалғыш құба тал пайдаланылған. Уықтың бойы мен керегенің биіктігіне ұзындығы бірден жеткендей түзу өскен тал әрқашан дайын тұрмайды. Сондықтан қисық немесе бұраң біткен талдарды суға балқыта жібітіп, тезге салып оқтаудай түзетіп, сол қалпын сақтай қатайтып алады. Жарты шеңберлеп шендестірілген шаңырақ қоспасын бекітуге, кереге торларын топсалап көздеуге түйенің мойын тері көнін таспалайды. Киіз үйдің ең кішісі екі керегеден итарқалаған қос. Одан үлкендері, кеңдері төрттен он екі қанатқа дейін, яғни саны сонша керегеден құралады. Керегелердің шеттерін айқастырып, әр тоғысты берік құрлармен орай бекітіп тастаған соң, ол мінсіз шеңберге айналады. Кереге басы сайын уық байлап, ұшын шаңырақ көздеріне сұғып болғанда үй қаңқасы дайын болады. Осынау көшпенділер баспанасы кейде ағаш үй аталатыны сондықтан. Киіз үй аталатын себебі, аталған құрылымның сырты киіздермен қаптай жабылады. Олар үйдің бүкіл қаңқасын және толық қамтитын, бірін-бірі көмкеріп тұратын үзік, туырлық, іргелік дейтін бөліктерден бүркеме етіп жасалады. Үй күмбезінің биігіне бекітілген шаңырақты төрткүлдеп пішілген, әр бұрышына бау тағып, оны белбауға байлайтын түндік жабылады. Түндік үй ішіне жарық түсіру үшін тәулік мезгілдеріне қарай көлеңке жаққа ашылып, түнде жабылып тасталады. Киіз үйдің керемет қасиеті – ішке сырттан суық пен ыстық өткізбейді. Жазира жайлауларда адамдар саф ауамен тыныстап, саялап тынығуы үшін туырлықтың етегі түріліп, іргелік түсіріліп, үй ішіне самал соқтырып қояды.
    Мал бабына қарайлаған бабалар қыс бойы, кейінгі қыстау салған аталар қыс қаһарына мінген кезге дейін киіз үйдің ішінде болған. Мұндай кезде ішке суық сіңбеуі үшін туырлық, үздіктерді қосқабаттап жапқан. «Қос туырлықпен үйді ұядай етіп, қаңтар келгенше қырда отырдық» деп өткен-кеткен туралы әңгіме шертетін ата-әжелеріміз күні кешеге дейін болды. Үй ортасындағы ошаққа қызуы шарпитын жыңғыл, сексеуіл, қоламталап маздайтын қи мен қу тезек жағып, қыстайтындар соғымынан, күздейтіндер қазан асы сойысынан ыстық тағам түрлерін, бүлкілдеп піскен сүтін, бұрқылдап қайнаған шайын далаға шықпай-ақ дайындап отырған. 
    Әрине, сырты келіскен киіз үйдің ішінде тұрмысқа оңтайлы, тұтынуға қолайлы мүліктер болуы және осы күнгі дизайнерлер интерьер деп атайтын көркем безендірілуі де үлкен мәнге ие. Ғасырлар бойы қастерлеп сақтаған дала салты бойынша шалғай мекендер арасында жеріне жете алмай түнге қалған, адасқан немесе жаңбырда жаураған жүргінші, жаздың ыстығында шөлдеген немесе қыстың суығында тоңған сапаршы жолда ұшыраған қазақ ауылына, ондағы қалаған әр үйіне қайырым қылар ықылас табатынына нық сеніммен ат басын бұра алады. Осындай Құдайы қонақ-жолаушы сықырлауық есікті ашып, табалдырықты аттай бере «Ассалаумағалейкүм!» деп бір үйлі жан анық естіп, назар аударғандай сәлемдесер еді және бірден төрді, оң мен солды көзбен шолып шығар еді. Сонда Құдай тап келтірген үйдің тұрмыс ахуалына қарап, біраз жайды аңғара алар еді. Жауап ретінде «Уағалейкүмассалам!» естіп, сәлемі қабылданған қонақ үй иелері отыратын, тұрмыс мүліктері тұратын оң жақпен емес, сол жақпен айналып төрге озады. Төрде ағаштан оюлы, сырлап немесе жұқа қаңылтырмен шілтерлеп жасаған, сыңғырлатып балта кілтпен ашатын сандық, оған қатарласа сол сияқты әспеттелген, үстіне көрпе-жастық текшеленген жүкаяқ тұрады. Үйдің адамдары кеңес құратын, ас-ауқат ішетін, көсіліп жататын аумақтарына жерден сыз бен ызғар өткізбейтін өре киіздер, төрге таман көп түсті терме, төменге бірөңді қақпа алашалар, оның үстіне күн сайын шаң-тозаң, ұсақ қоқыстан жеңіл сілкіп, тазартып алуға ыңғайлы, жібектей жұмсақ иленген құлын немесе тай терісі тулақ, қиюланған құрақ көрпе төселеді. Босағаның оң жағында дән тартатын диірмен, тары түйетін келі, ашыған ақты сақтаған саба немесе күбі, оған жалғас табақ, тегене, тостаған, ожау, қасық сынды тағам тартар ыдыстар сөреленген үлдірік, кебеже тұруға тиіс. Одан әрі жерден кісі бойы биікте алалап өрілген жіпке немесе құрға көлденең асылған бақанға бет сүртетін сулық, қол сүртетін майлық сүлгілер, таза дастархан ілінеді. Керегенің қалған ашық тұстарына айнала алуан оюлы тұскиіздер тізіледі. Кереге бастары әзір ілгіштер. Оларда төр тұстан төмен қарай қасқыр тон, түлкі ішік сынды тәуір дүниелер, бой жеткен қызы бар үйдің құндыздаған сырт киімдері, күмістеген қамшы, биік қасты қазақы ер көрініске қойылады. Жастыққа жантайып жоғарыға көз салған кісі туырлық, үзіктерді аспалы күйде ұстап тұратын, алуан бояулы жіптерден тоқылған айқыш-ұйқыш құрларды, ұшы шашақталған желбауларды көреді. Келген, қонған үйінде ниеті түзу дастарханнан ірімшік, құрт, қарынға сақтаған сары май сияқты бар мәзір тағамдар татып, алдына Құдайы қонақ сыбағасы – сүр асқан табақ тартылады. Жақсы ұйықтап, жайлы тынығып аттанған жолаушы жолдағы барған жерінде, жеткен өз елінде әлгі үйдің ықыласы мен ырысын мақтап, бір дастарханда бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем жолдап жүреді. Қонақтың аузынан шыққан мадақ сөздер біраз елге естіліп, оған үй иесінің өзі мерейленіп, аты беделденіп отырады. Сан ғасыр қазақтың сан ұрпағы бесіктегі кезінен бастап дала жұртының салтын біліп, киіз үйдің игілігін көріп өсті. Өзі алған үлгілерді өз ұрпақтарына үйретіп, күні кешеге дейін жеткізді. 
    Кешеге дейін болатын себебі, қазір қазақ қолөнері үлгісінде кереге көктеп, уық иіп, шаңырақ шеңберлеу жоқ. Киіз үй іспетті темірден жасалынған, тент жамылған кеңдеу күрке сияқтылар көбірек кездеседі. 
    Киіз үй мен оны жасаушы шеберлер туралы сөз қозғалса адамдардың айтатыны тек өткен шақ туралы естелік болып шығады. Құрманғазы, Индер, Исатай, Жылыой аудандарында бұл күндері тиісінше бар бабымен, көркімен жайнаған бірнеше көрнекті киіз үйлер бар. Олардың бәрі де осы заманда жасалғандар емес, бұрыңғы қалпында сақталғандар. Осыдан жарты ғасырға жуық бұрын венгр халқының Хұн заманынан бергі тектік төркінін көп ізденген, түрік-қыпшақ тілінен қалған түбір сөздерді көптеп тапқан тарихшы-тюрколог ғалым, ұлты мадияр, марқұм Қоңыр Монтеки Кең Жылыойдың қызы Айшаға үйленгенде күйеудің қалауы, қыздың жасауы ретінде облыстағы ең көрнекті киіз үйді сұрап алған. Сол киіз үй Венгрия (Хунгария) мемлекетінің Будапештегі бас мұражайында әлі тігулі тұр деп естиміз. Ал, біздің облыстық мұражайымыздың үлкен залына киіз үй тігіп қоюды күні кеше ғана еске алдық. 
    Облыстың соңғы 20-30 жылдық тарихында ел ішіндегі киіз жасауды көрген, білген шеберлерді жинап, 8 қанат нағыз қазақы киіз үйді жасатқан, тиісті көркімен жайнатып ұстаған бір-ақ мысал бар. Оның мынадай мәні бар. 1938 жылы Гурьев облысы алғашқы рет құрылғанда құрамындағы бес ауданның бірі, қазіргі Индер, Махамбет аудандарын және Қызылқоға ауданының батыс бөлігін қамтитын Есбол ауданы еді. Кейін оны біраз жыл басқарып, болашақта үш бөлінетіндей негіз қалаған, өз кезі үшін белгілі бір даму белесін жеткізген кісі – Еділ-Жайық еліне еңбегі елеулі, есімі сыйлы Қуанышкерей Сұлтанов еді. Аталған үйді жасатқан сол ағаның ұлы, өткен ғасырдың соңғы кезінде «Есбол» кеңшарының директоры болған ел азаматы Руслан Сұлтанов. Ол бұрын аудан, ауыл азаматтары болған ақсақалдарға, «Өлкемізде алғаш облыс, аудан құрылғаннан бері үлкен шаңырақтың біріміз, өткен тарихымыз құрметті, қарттарымыз қадірлі, ауылымыз абыройлы болсын, кейінгі жастар ауылымыздың аймаққа беделді екенін біліп жүрсін» деп отырар еді марқұм. Бұл өзіне үлкен үй тұрғызу емес, ауылы үшін үлкен киіз үй құрғызу дейтін жаңа бастама болған. Алайда, оны басқа аудандар мен ауылдар үлгі етіп, іліп әкетпеді. Мұндай іске басшылары мән беріп, бастамашы болса, елі ерсі демес еді, әрине.
    Осы күні Наурыз тойы, Қала күні мерекелерінде алаңдарға көптеп қолда бар киіз үйлер тігіліп, жақсы сақталған, сәнді бапталған үйлерге бәйге жариялайтын дәстүр орныға бастады. Оған да шүкір! Бірақ олардың ішінде қазақ шеберінің қолынан шыққан, ертеректе жасалынған үйлер аз, киіз үйге ұқсас етіп жасалғандар көп. Енді біраз жылдардан соң түгелдей темір торды кенеппен қаптаған киіз үй пішіндестерге қанағат ететін шығармыз. 
Ресми мерекелерде, дәулеттілердің тойларында тәуір деген киіз үйлерді жалдап алатын жаңалық белең алып келеді. Ол ұлттық мұраны құрметтеуден гөрі, экзотиканы қызықтау, қолы жеткендердің байлық пен салтанат жарыстырып, бірер күн масайрауы. Киіз үйдің ішінде отырып, киіз үйдің келешегі туралы кеңес құру ешкімнің ойына кіріп-шықпайды да. Экспедиция тұтастай қазақтар тұратын Қызылқоға ауданының ақылман ақсақалдары, ел ағалары Төлеп Тілегенов, Сайпол Мұқанов және басқалармен елдегі ұлттық қолөнердің өткен-кеткені, бүгінгі ахуалы туралы ақылдасқанда білгеніміз аудан орталығы – Миялы селосында тұратын Дариға әжей аудандағы ең көрнекті киіз үйдің иесі екен. Ол кісіні іздеп барып жолыққанымызда әлгідей әрекеттерден әбден мезі болғанын білдіріп, «Мерекелерде аудан басшылары сұрағанда үйімді өзім тігіп беремін. Әйтпесе бүгінгілер киіз үй тігуге трактор айдағандай қарайды. Сайрандарын салып болған соң жинап та бермейді», – деп қынжылды. Киіз үйді жаз айларында желге қақтырып, күнге қыздырып, жаңбырға пысытып ауық-ауық тігіп қоймаса сапасы кетеді. Ол кісінің аулаға тіккен, іші-сыртында қазақ киіз үйіне тән бар қажеті сақтаулы үйін көргенде әр ою-өрнегіне үңіліп тамашаладық. Дариға әже: «Киіз үйді бабында ұстау, сақтау оңай іс емес. Марқұм енем аманаттап кетіп еді. Осы күні қартайдым, күшім кеміді, бұдан былай әлім жетер емес. Енді еріккендердің ермегіне айналдырмай, киіз үйдің қадірін білетін кісі табылса сатып жіберуден басқа амалым қалған жоқ», – деді. Осы үйдің обалын ойлаған «Ақ Желкен» шығармашылық орталығы кешікпей әжеміздің әлгі киіз үйін сатып алды. 
    Ел ішінде жасы ұлғайған, бірақ киіз үй жасаудың бар қырларын жетік білетін, оны ықыласты жандарға үйрете алатын адамдар әлі де бар. Бірақ ондай істі қолға алуға ынталандырмайтын басты себептің бірі – сұраныс жоқ. Оның үстіне кереге көктеу, уық ию, шаңырақ шеңберлеу, киіз басу, жабық, туырлық, түндік пішу, өрнектеп басқұрлар тоқу мен шашақтап желбаулар есудің машақаты көп. Дегенмен, киіз үй дайындаудың бейнетінен зейнет табатын жолдар жоқ емес. Ауылдарда машина тапауы мен мал тұяғынан шаң шұбауы бірнеше шақырым аумақты тозаң торлаған жерге айналдырды. Қалалардағы аурулардың көбі күні-түні тоқтамайтын көлік дыбыстарынан, мотор газдарынан, адамдардың бар өмірлік кеңістігі пәтерлердің ішінде шектелуден. Көгінде Күн күлімдеп, ішінде саялы самал есіп, жазғы нөсерлердің жұпарын жұтып, түндерінде шілделік шырлап, таңдарында бозторғай жырлап, киіз үйде демалыс күндері мен айларын өткізудің рахатымен салыстырғанда ем іздеген ауру адам болмаса, тек бір серуен үшін баратын сау адамға құмырсқаның илеуіндей курорттарда күн кешу ағзаға саулық алудан гөрі адам өзіне азап табуымен тең. Демалысын өз өлкемізде өткізгендер туған жер табиғатының қадірін де білер еді. Атыраулық бір азамат біраз жыл бұрын Еділден арғы қалмақ өлкесінде тұрақтап қалған туысын іздеп барған сапарында жолда көрген бір жайды қайран қала әңгімелеп бергені бар. Әрі кетіп бара жатқанда жолдан бірнеше жүз қадам аулақта бірнеше ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, маңында сәндеп ерттеген аттар, үстіне кілем жапқан түйелер көріпті. Қайтарда бұл не екенін білмекке арнайы бұрылыпты. Сөйтсе, Астрахань-Элиста, Астрахань-Дағыстан даңғылдарының үстінде толас таппайтын жүргіншілер осында келіп, түйе мен атқа мініп, суретке түсіп, киіз үйдің ішінде қымыз немесе шұбат ішіп, бауырсақ пен қуырдақ жеп, күлдіреуіштен түскен Күн сәулесінде құбылған қолөнер бұйымдары мен жайнаған жиһаздарды тамашалайды екен. Бәрі де ақылы. Әрбір келген жанұя, жолдас-жора топтары мұнда кем дегенде біздің ақшамен 10 мың теңгедей қаржысын қалдырып кететін көрінеді. Осында қона жатып, тынығам деушілер болса, ол да дайын. Бар болғаны үш киіз үйдің жанында қаңтарулы тұрған «Джип», «Мерседес» маркалы қымбат көліктердің санына қарағанда үй иелерінің табыстары тек тірлік етуден гөрі шалқып тұруға асып артылатын сияқты. Біздегі жұмыс жоқ деп ауылдан безіп, қаланы кезіп жүргендер осындайға көңіл бөлсе, қолға алса, ата салттың өзі-ақ асырар еді-ау! Анау Жылыой жазығының әр тұсынан менмұндалап тұратын Иманқара тауының баурайы балаусасы тізеден аса теңіздей толқып жататын жұмақтай жер. Оған жыл сайын жаз айларында мың шақырым шалғайдан орыстар келіп, шалғынға палаткалар тігіп, аң аулап, табиғат аясында аунап-қунап апталап жатады. Олардан ақы алып жатқан да ешкім жоқ. Аудан орталығы Құлсары қаласынан 50 километр ғана жердегі осы көкорайдың хайырын тек қазақ қана көрмей келеді. Бұндай жерлерге киіз үйлер тігіп, қызмет түрлерін ұсынып, тынығушылар қамдап, кәсіп қылса, талайлар дәнігіп, туризмді мемлекет міндеттемей-ақ дамытар еді. Біле білгенге киіз үй – туризм ұясы. 
    Оның үстіне Иманқара тауының бүйіріне үңгіп қазылған бағзы адамдар тұрағы – үңгірлер бар, таудың ұшар басында жау қарасы көрінсе күндіз будақтаған түтінмен, түнде лаулаған отпен етектегі ел қамсыз отырмауы үшін белгі беретін ошақтардың орны да сақтаулы. Бұлардың да тынығумен қатар, білсем дегенге тарихи-танымдық мәні бар. Бұл өзі Мұғалжар тауларының аласара келе Доңызтау, Иманқара, Қойқара биіктерімен тамамдалар, түстікте сатылап көтерілетін Маңғыстау үстірттері, терістікте жер жаралғаннан бергі тектоникалық қозғалыстардың таңғажайыбын танытатын Жар таулар тоғысар аралықта Жем өзені ағатын, оның төңірегіндегі жазира дала Жем жазығы аталатын, 
Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда,
    Өткір қылыш, жүйрік ат жанға пайда, – деп ән-жыр арналған қастерлі өлке. Жаугершілік заманда батырлары жорыққа аттанып кеткен елге қалмақтар тұтқиыл шапқанын, үйірдің айғырына мінген Ботакөз қыз оларға қарсы шапқанын, жаудың бас батырының мойнына сусыма қыл бұғалық лақтырып, туған жердің бетегелі белдерінде сүйреп өлтіргенін, аузын ашса қара сөзден гөрі өлең ақтарыла жөнелетін Қашаған, Қашқын, Нұрым, Аралбай ақындар өткенін, атақты Қайшыбай, Шәкір ұста-зергерлер қара темірді қамырша илегенін, алтын мен күмісті қаңылтырдай қақтағанын, Жемнің орта ағысындағы Бекет әулиенің «Ақ мешітінен» өзеннің теңізге құяр сағасындағы Мифтахиден Кәрімов қажы (Қазан, Уфа қалаларында Құран- Кәрім және басқа дін-исламдық кітаптар шығарып тұрған белгілі баспагерлер, ағайынды Кәрімовтердің тікелей ұрпағы, Қазақстан Татарлары қоғамының төрағасы Тауфих Әкірәмұлы Кәрімовтың арғы атасы) ғибадатханасына дейін жиырма екі мешіт азан шақырғанын, Ұлы Жібек жолының түстік тармағына керуен сарай болғанын қыналы молалары мен үйінділері айғақтап тұрған «Қарашүңгіл» қорымы орналасқанын, бұдан жүз жылдан астам бұрын осында алғаш қазақ мұнайы өндіріліп, өнімі тері местерге құйылып, түйе керуендермен тасылғанын аңыз етіп айтатын ел бар мұнда.
Соның бәрін ел көруге, естуге, білуге тиіс емес пе? Алашапанды ағайындар «орыс болғың келсе, әуелі қазақ бол» дейтін көрінеді. Намысқа тиетін сөз болса да шындықтан шалғай емес екенін ішің сезеді. Бұл, әрине, өз құндылықтарымыздан гөрі өзгеге еліктегіш қалпымызға қарай айтылса керек. Өзбек ала шапан, қырғыз айыр қалпақ, түркімен сеңсең бөрік кигені үшін бірдеңеден құр қалған жоқ. Ана жапондарға қарасақ ұлттық кимоносын киеді, ұлттық ибасын сақтап, кездескенге қайта-қайта иіліп сәлем береді, сумосы мен дзюдосын күреседі, айналаға тәкаппарлана қарап, қылыш тағынып самурай жолын ұстанғандарды ерекше сыйлайды. Сөйте тұра аралдарында елеулі кен көздері жоқ елдің халқы электронды аппараттар, автоматтар жасау, әйгілі автокөліктер шығару ісінде әлемде алдына жан салмайды. 
    Түстіктегі елі туыстас, жері іргелес өзбек ағайындар тау арасындағы әлдебір тегіс алаңқай, құм арасындағы көгалды шағын алқап атаулыны «Ақсақ Темір бір жорықтан жеңіспен оралғанда осы жерде бір апта әскерін тынықтырып, өзі шатырын тігіп дамылдапты» деп жариялай салады, туристер тамашалағандай бірдеңелер жасап алады. Шындығында бұл жерге Ақсақ Темірдің табан ізі түспек түгілі, аты да тезек тастамаған болуы әбден мүмкін. 
    Ал байтақ қазақ жеріндегі бүкіл Көк түріктің бесігі Алтайды, балбал тастардан бастап, тарихи тұлғалардың кесенелеріне дейін көрмеге қойғандай Ұлытауды, қазбалар ашқан Алмалық, Талхир қалалары бар Жетісуды, жүздеген километрлік жағалауларына көптеген кенттер тізбектелген Арыс, Талас, Сыр бойларын, моласы мен даласы ашық аспан астындағы мұражай сияқты Маңғыстауды санамалап жатпағанның өзінде тек Атырау облысы аумағында тарихи-танымдық мәні бар жер, су аттары, бекініс қалалар орындары қаншама? Естерек ұлы Ертарғын батыр қалыңдық ойнап келген Ақжүніс тауы, жеті жұрт ауғанда әрқайсысы артына қарап қимай қоштасқан Мыңтөбе белестері, Асан-қайғы желмаясымен кешіп шыққан Индер маңындағы Жайық өткелі, Ойыл өзенінің суын жазыққа шығарып, елге егін ектірген, пішен шаптырған Сырым бөгеті, қалмақтармен қантөгіс соғыс болған «Қырғын» алқабы, Бөкей хан өлген, Шығай Сұлтан ұлы Дәулеткерей күйші, Мерәлі Сұлтан ұлы Мұхит әнші туған Қиғаш бойы, Астраханнан Гурьевке дейінгі теңіз жағалауларын Петрбордың шонжарлары граф Безбородько мен князь Юсупов балық аулау аймақтарына бөліскенде шекара белгісі еткізіп тұрғызылған Тасгран мұнарасы тарихын түгендеуге «Хазардан Қазаққа дейін» экспедициясы аттанардағы аманат айту сөзінде облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан: «Өңірдегі үш жүзден астам ежелгі ескерткіштер мен тарихи орындар ұлттық құндылықтар ретінде қабылданды, бес жүзден астамы есепке алынды. Алайда, мұндай құндылықтардың жалпы саны екі мыңнан асады» деген болатын. Солар туралы мәліметтер жинақтап, белгілер қойса, өткенді ұрпақтарға ұмыттырмас еді. Олардың әрбір тұсына көп шығын жұмсап қонақ үйлер, қосалқы үйлер тұрғызбай-ақ бар сәнімен киіз үйлер тігіп қойса, тіпті қос туырлықтап, қос үзіктеп қыста да адамдар қабылдайтын қылса соның өзі – келем, көрем деушілерді қызықтырып, құмарлан­дырып тұрары сөзсіз. 
    Қыр қазағының сан ғасырдан бері бабаларына, күні кешеге дейін балаларына ұя болған, қазақи тірлік пен тұрмыс тануына, қазақ жерінде табиғат тануына себеп болған киіз үй – мұра әрі мұражай. 
    Біле білгенге осы заманда киіз үйдің баспаналық мәнінен гөрі туризмдік маңызы артып келеді. Киіз үйдің осынау жаңаша қажеттігі көбейсе, оны жасау мен безендіруге қатысты халықтық қолөнер де жанданып, жаңа өріс табар еді. Сөйтіп, киіз үйдің қадірін білуге, құрметтеуге халықтық бетбұрыс басталар еді.

Қазақ әдебиеті

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 492 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 776 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика