КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Нәтижесіз реформалардан «батпаққа» батқан Білім және ғылым министрлігі Мәжілісте тағы ұятқа қалды. 12 жылдық білім стандартын жасаған шалағай шенеуніктерді депутаттар қатты сынады. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей, реформашыл ақжағалылар балақайларға 1-сыныптан ағылшын тілін «міндетті пән» етіп кіргізбекші. Бірақ... сорақылық бұл ғана емес. Баянсыз бағдарламада ана тіліміз 7 сағатқа қысқарыпты. 
    «Әлемнің ешбір елінде 1-3-сыныптарда шетел тілдерін оқытпайды. Олардың бәрі ақымақ па сонда?» – деді Алдан Смайыл. Ол аздай-ақ, шалағай шенеуніктер 6 жастағы баланың миын «қатырып», информатиканы оқытпақшы. Оңы мен солын айыра алмайтын балақайлар слайд, диаграмма дегенді қалай түсінеді? «Бір қызымнан бір қызым сорақы» дегендей, бұл реформаның сорақысы сол, жаңа бағдарламада Әліппе жоқ! «Бұл бағдарлама арқылы үш тілді ұрпақ өсіріп шығарамыз», – деді Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев. Сонда бұлар қазақ баласының миынан «ботқа» жасап, түк түсінбейтін дүбәра ұрпақ шығарғысы келе ме?.. Жаңа стандарттардың тағы бір «тосын сыйы» – үш қайнаса сорпасы қосылмайтын пәндер бірігіп кетіпті. 
    Не керек, әйтеуір жиынның соңынан шіренген шенеуніктер «ұялғансып» кетті. Содан бір нәтиже шықса, кәне?!.
2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық мектептерінде жаппай енгізілгелі отырған 12 жылдық білім берудің мемлекеттік білім стандарты жан-жақты талданып, осы салада қызмет атқарып жүрген ғалымдар мен мамандардың талқысынан өтіп барып, қолданысқа енгізілуі керек. Енді қолымызға күні кеше ғана тиген «Бастауыш білім берудің жалпыға міндетті білім стандартына» аз-кем тоқтала кетейік. 
    Осы стандартта «Орта білім беру, оның ішінде бастауыш білім беру қазақстандық сана-сезім мен мәдени ұқсастық негізінде Отан үшін жауапты болуға қабілетті зиятты және рухани адамгершілік жағынан тұлға дамытуға бағытталған» делінген. Қарап отырсақ, осы сөйлемнің өзін түсіну қиын. Мұның түпнұсқасы қазақ тілінде емес, басқа тілде дайындалып, қазақшаға аударылғаны бірден көзге ұрады. Бізге бұл жерде сөйлемнің мағынасы мен құрылысының дұрыс-бұрыстығы емес, оның білім мазмұнында көрініс табуы маңызды. Бұл жерде ұлттық құндылықтар, мемлекеттік тілді меңгерту мен дамыту туралы бір ауыз сөз жазылмаған. Сондай-ақ стандарттың әр пән бойынша берілген бөлімдерінде «Үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру» деген бөлім бар екен.
    Сол сияқты сынылып отырған стандарттың инварианттық компонент бөліміндегі «Тіл және әдебиет» саласы бойынша бөлінген 11 сағаттың тең жартысын орыс және ағылшын тілдеріне берген. Сондықтан стандартта берілген тіл және әдебиет саласы бойынша енгізілген орыс, ағылшын тілдері пәндеріне бөлінген сағаттарды мүлдем алып тастаса жөн болар еді. Есесіне, бұл сағаттарды «Өнер» саласындағы бейнелеу өнері, музыка, технология сияқты пәндерге бөлген дұрыс.
    Стандарт жобасында математика, дүниетану, өнер пәндерін ағылшын тілінде оқыту қарастырылған. Бұл ұсыныс мүлдем ақылға сыймайды. Сонда біз қай мемлекетке, қандай қоғамға қызмет етпекпіз?! Ағылшын тілі халықаралық қарым-қатынас тілі екендігінде сөз жоқ. Оны меңгеру қажет. Ол заман талабы. Бірақ пәндерді ағылшынша оқытқаннан біз не ұтамыз, неден ұтыламыз? Оның нәтижесі қандай болмақ? Жалпы, әлемдік тәжірибеде тілді игеру үшін оған сол тілде сөйлейтін орта керек. Ал бізде ағылшын тілді орта бар ма? Сондықтан кейбір пәндерді оқыту деген ойдан бас тартуымыз қажет. Біздің балаларымыз әркімнің ойына келген, ақылға қонымсыз эксперимент жасай беретін техника емес қой!
    Стандартта «Жаратылыстану» саласы бойынша өте күрделі ұғымдар мен іс-әрекеттерді меңгерту көзделген. Сондықтан, бұл сала бойынша да білім мазмұны баланың жас ерекшеліктеріне сай келмейтіндігін айта кеткен жөн.
    Жалпы, 12 жылдық білім беру моделіне көшудегі негізгі мақсаттардың бірі – білім алушының денсаулығына зиян келтірмеу, яғни оқушыны шамадан тыс жүктемемен қажытпау. Ұсынылып отырған стандарт жобасында вариативтік компонентті қоспағанның өзінде 1-сыныптағы апталық жүктеме 24 сағатты құрайды. Бұл жүктеме 1-сынып оқушылары үшін ауыр болып есептеледі деген ойдамыз.
    Стандарт жобасында математика пәнін оқытуға барлық сыныптар үшін аптасына 4 сағат бөлінген. Тәуелсіздік алғаннан бері жиырма жылдан астам уақыт ішінде математика пәнінің мазмұны туралы мәселе көп айтылды. Бірақ, айналып келіп, сол математиканың мазмұны жеңілдеудің орнына, керісінше, қиындап барады. Мұны айтып отырғанымыз, жаңа стандарт бойынша бастауыш сыныптан бастап, бөлшек ұғымы, оларға амалдар қолдану, комбинаторика элементтері, математикалық модельдеу, координаттық жазықтық сияқты ұғымдарды енгізу көзделіп отыр. Онсыз да меңгерілуі қиын, күрделі пән – математиканы одан әрі қиындатып отырған жоқпыз ба? Біздің ойымызша, бастауыш сынып оқушылары арифметикалық төрт амалды жақсы меңгеріп, соған сәйкес шамаларға амалдар қолдану мен есептеулер жүргізуді үйренсе, сонымен қатар қарапайым алгебралық теңдіктер, теңсіздіктер, теңдеулер жөнінде түсінік алып, оларды шешуді игерсе жеткілікті.
    Ақпараттық және коммуникациялық технология (АКТ) пәні оқу жоспарына бастауыш сыныптан бастап енгізіледі. Әрине, дұрыс. Алайда ұсынылып отырған бөлімдердің мазмұны бастауыш сыныптар үшін тым күрделі екен. Компьютерлік желілер, деректерді талдау, программалау, модельдеу ұғымдары қаншалықты деңгейде қарастырылуы қажет? Сондықтан, АКТ пәні бойынша ойын түріндегі программаларды көбірек енгізіп, оларды басқа пәндерді оқытуда да қолдануға болатын жағын ойластырсақ, дұрыс болар еді.
    Сондай-ақ бастауыш мектепті 4 жылдықтан 5 жылдыққа ауыстырудағы мақсат та оқу материалын азайтып, қиын материалдарды ілгері, жоғарғы сыныптарға ауыстыруды көздесе керек еді. Ал енді бұл жобада, керісінше, материалдың көлемі ұлғайып, мазмұны қиындаған. Егер бұл стандарт жобасы осы қалпында қабылданатын болса, онда біздің келешек ұрпағымыз бұдан да сорақы, мәңгүрт, маргинал ұрпаққа айналары сөзсіз. Ұрпағымыздың ертеңгі күні бізді қатты алаңдатып отыр.
    Стандарт жобасының әр бөлімінде қажетті ресурс­тар мен құрал-жабдықтар тізбесі берілген. Мысалы, стандарттың «Өнер» бөліміндегі қажетті ресурстар мен құрал-жабдықтардың тізбесінде «муфельдік пеш» болуы мүмкін екендігі, станоктар, тағы басқа жабдықтар болуы қарастырылған. Мұндай жабдықтардың болғаны жақсы, бірақ материалдық база тұрмақ, жөні түзу мектеп ғимаратына қолдары жетпей отырған ауыл мектептерінің жабдықталуы қалай болмақ?

Жас қазақ

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 408 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 746 0









ТЕКСТ

Яндекс.Метрика