КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Абай ОМАРОВ (коллаж)
    Қазақ жастарының 63 пайызы шенеунік, әкім, депутат болғысы келеді. Жуырда ғана Астана қаласының Жастар мәселелері басқармасы жүргізген сауалнаманың қорытындысы осыған саяды. Әрине, аталған әлеуметтік зерттеудің тек елордамыздағы жеткіншектердің арасында жүргенін ескерсек, бұл мәліметті нақты көрсеткіш деуге келе қоймас. Бірақ мамандар бүгінгі күнгі жастардың санасында қалыптасқан психологияға сүйеніп, елімізде мұндай тенденцияның етек алып отырғанын жоққа шығармайды. Бұл психология бізді қайда апарады? Ендігі сауал осы болса керек.
    Қазір ешкім ғарышкер болғысы келмейді. Өйткені ғарыш айлағын игеру қазақ үшін – мифология. Аңызбен арбалып, ертегіге еліту нарықтық қоғамда мүмкін емес. Содан болар, олардың дені болашақтың үміт жібін мемлекеттік қызметтің мойнына байлағысы келеді. Бұл арман екінің бірінің басына қона салмасы тағы белгілі. Сондықтан да күн санап жұмыссыз жастардың саны артып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, біріншіден, еліміздегі 3 млн халық өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр екен. Сол 3 млн-ның 700 мыңы – жастар. Яғни 700 мың жасымыз такси айдап, әрбір жерде жалданып, түрлі бейресми жұмыс жасап жүр деген сөз. Екіншіден, мұның сыртында 30 мың жұмыссыз ұл-қызымыз бар. Үшіншіден, елімізде жыл сайын 60-70 мыңдай түлек ЖОО-ларды бітіріп шығады. Мұның бәрі дерлік қызмет тізгінін ұстап кетіп жатыр деп айта алмаймыз. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың ертеңі бұлыңғыр екені тағы рас. Президент жанындағы жастар кеңесінің мүшесі Нұрлан Өтешов тура осындай кезде жас маманның барлығы шенеуніктікке талпынуының қажет еместігін, материалдық құндылыққа еңбекпен жетуді насихаттау керектігін айтады. 

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Нұрлан Өтешов, ҚР Президенті жанындағы жастар кеңесінің мүшесі:

    – Жастардың дені депутат, әкім және шенеунік болғысы келеді деген пікірмен келіспеймін. Неге десеңіз, қазір аудандық, облыстық, республикалық деңгейде жастардың көбі өзінің проблемасын өзі шеше алатындай дәрежеде. Сол үшін де мұндай сауалнамалар жүргізілсе, тек бір қаламен шектеліп қалуға болмайды. Мысалы, қазір жастардың 100 пайыздан 10-12 пайызы жастар саясатымен белсене араласуда. Осы көрсеткішті көбейтуіміз керек. Сонда ғана келешектің кілтін ұстар ұл-қыздарымыз депутат, әкім, шенеунік болу үшін қандай сатылардан өтуі керек екенін жауапкершілікпен түсінер еді. Материалдық құндылыққа депутаттық немесе мемлекеттік қызмет арқылы емес, еңбекпен жету тиімді болатынын да аңғарар еді. 
    Енді бір мамандар жастардың шенеунік болуға талпынуына бірнеше себеп бар екенін айтады. Біріншіден, олар әлеуметтік жағдайды жақсартуды ойлайды, екіншіден, туыстарға жәрдем еткісі келеді, үшіншіден, материалдық құндылыққа оңай жетуді көздейді, төртіншіден, жұрт алдында беделді болуды армандайды... Әрине, өтпелі кезеңге тән бұл құбылысты жою үшін ең алдымен «мемлекеттік қызмет – карьера жасайтын мекеме» деген түсініктен арылуымыз қажет. Оның жолдары қандай?

Елнұр Бейсенбаев, саясаттанушы:

    – «Жастар жарқын болашағын неге шенеуніктіктен іздейді?» деген сауалға жауап беріп көрелік. Қазір кез келген азаматтың карьералық тұрғыда өсуі, яғни әлеуметтік сатыға көтерілуі тек қана шенеуніктіктің аясында қалыптасып отыр. Тіпті шенеуніктеріміз елдегі кәсіпкерлерден ауқатты. Демек, бұл жағдай жастарға баюдың, материалдық құндылықты арттырудың жолы болып көрінеді. Осындай кезеңде біз оларды металлург, машина жасаудың шебері немесе т.б бол деп үгіттей аламыз ба? Қазір еліміздегі кез келген өндірістік саладағы тұрақтылық деңгейі төмен. Жастарымыз әр өндірістік сала біреудің жекеменшігі екенін біледі. Демек, бұл жерде жастарды кінәлауға болмайды. Себебі жас мамандар қазір бір өндірістік салаға барса, ол жердің иесі, яғни басшысы бола алмасын, өмір бойы қатардағы маман болып қалатынын жақсы түсінеді. Біздің елдегі көптеген салаларда әлеуметтік қауіпсіздік мәселесі жолға қойылмаған. Бүгінде мемлекетіміздегі әрбір төрт жас маман ғана жұмыс орнына орналаса алады екен. Бізде мұндай проблемалар көп. Оны шешу үшін елдегі жастар, сол жастардың басын біріктіреді деп күткен Жастар комитеті, әр қала, әр облыста жұмыс жасап жатқан жастар басқармалары бірігіп, іргелі жұмыстар жүргізуі тиіс. 
    Айтуға оңай, әрине. Сол себепті де бұл түсінікті өзгерту үшін мемқызметкерлердің жемқорлығына түпкілікті балта шабу жолдарын қарастыруымыз қажет. Жастардың шенеуніктікке ұмтылуының бір қырын – парақорлыққа құмарту деп түсінген жөн. «Диплом деген көк қағаз, жұмысқа қарым-қабілет керек» деген пікір нық орналасқаны жөн. Сонымен қатар әр университет өзінің түлектерінің 70 пайызын жұмыспен қамти алмаса, ол оқу орындарын жабу мәселесі қаралуы керек. Бұл жайттарды жасай алмасақ, діни экстремизмнің артуы, отбасылық ажырасулардың көбеюі, жетімдер санының артуы тоқтамақ емес. Нақты деректерге сүйенсек, бүгінде еліміздің құрылыс саласына 10 мыңға тарта, ауыл шаруашылығында 10 мыңға жуық, машина және жабдықтау технологиясында – 8 мың, қызмет көрсету саласында 7 мың маман жетіспейді екен. Құр қиялға ерік берген жас жеткіншекті білікті кадр болуға үгіттеп, бетін осы салаларға бұрсақ, бір серпін байқалар ма еді?.

ТҮЙІН

    Арман алға жетелейді. Астана қаласының Жастар мәселелері басқармасы жүргізген сауалнаманың респонденттердің басым бөлігі (79%) белгілі бір дәрежеде болашақта өздерінің барлық жоспарларын жүзеге асыра алатындарына сенетінін айтыпты. Демек, олардың 63 пайызы – шенеуніктен үмітін үзе қоймайды деген сөз. Жастардың арманына шек қою мүмкін емес. Десе де, өмір ағысына тек арман жетегімен емес, шынайы көзқараспен қарайтын кез жеткен секілді.

Алаш айнасы

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 350 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 607 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика