КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Абай ОМАРОВ (коллаж)
    Үйге жақын жерде тұрған сауда орталықтарының біріне барған сайын кіреберісте тұрған шыны жәшіктерге еріксіз қарап қоямын. Ауру-сырқауға тап болған кішкентай балалардың суреті бар ондай жәшіктердің бәрі қайырымдылыққа арналған. Тұрғанына біраз уақыт болды, бірақ анда-санда ғана «жомарт» жандардың 200 теңгелік қағаз ақшалары көрініп қалатыны болмаса, тиын-тебеннен басқа ештеңе түспейтін сияқты. Қазақстандықтардың қаншалықты қайырымды екенін осыдан-ақ байқауға болатындай.
    Иә, ондай қобдишаға бәріміз де ақша салып жүрміз. Бірақ қағаз ақша емес, көп жағдайда, тиын-тебен – cол жердегі сауда-саттықтан қалған ұсақ ақша. Барлығымыз да солай істеп жүрген жоқпыз ба? Ондайда шақа ақша сыңғырлап қорапшаның түбіне түскен кезде айналадағы кісілердің бәрі қарап қалады. Біз болсақ, үлкен бір шаруа бітіргендей іштей «сауап» алып, кетіп бара жатамыз. Түк те емес! Ашығын айтсақ, ол ақша емге зәру баланың дәрі-дәрмектеріне де жетпейді. Бір айлық тамағынан да артылмайтын шығар, сірә. Біз баласын емдеу үшін ақша іздеп жүрген ата-аналардың біреуіне хабарласып та көрдік. Оның айтуынша, сауда орталықтарында тұратын қайырымдылық жәшіктеріне бір айда тек 2-3 мың теңге ғана түседі. Ал баланың ем-домына 200 мың еуродай ақша қажет. Ауыр халде жатқан Еркін мен Ерасыл атты қазақтың балалары да бар. 1,5-3 жасар оларды Қытайда емдеу керек. Ол үшін 20 мың доллар ғана жиналса болғаны. Бірақ оның өзін жинай алмай отырмыз. 
    Жә, көшеде отырып қайыр сұрайтын кедей-кепшік пен мүгедек жандарға тиын-тебен беруге болатын шығар. Оны да берген кезде сол адамдардың түріне қарап, ішімдікке жұмсамаса екен деп іштей тілеп жататынымыз дұрыс. Құп, ондай садақаның есебі болса, бола берсін. Алайда тағдыр тәлкегіне тап болып, сан алуан сырқатпен ауырған балаларға келген кезде тиын-тебен санап отырудың өзі ұят сияқты. Дегенмен біз санап береміз. Себебі ақшаны аяймыз. Теледидардан көмекке зәру балаларды көрсеткен кезде де ол нәрестелерді қатты «аяп» отырамыз. Сол сезімнің ұзаққа созылатыны сонша – «байғұс бала, ақша аударып беру керек еді» деп отырғанда экранның астына шыққан байланыс телефондары мен банк есепшоттарын жазып алып үлгермей қаламыз... Шынын айтсақ, ол мәліметтерді жазып алуға үлгермегендей боламыз. Сосын «Туф-ф-ф, кішкене ұстап тұрмады ма?» деп өзімізді жұбатып қоятынымыз тағы бар. 
    Сөз жоқ, бүгінде қайырымдылыққа жақын жүрген кәсіпкер-меценаттар мен сан алуан ұйымдар бар. Біз соларға әбден үйреніп қалған сияқтымыз. Біле білсек, Қазақстанда жомарт кәсіпкерлер де көп емес. Біз болсақ, дүкенде тұрған жәшікті көрсек те, көрмегендей боламыз я болмаса теледидарға шыққан нәрестеге көмектесе алмай жатсақ: «Менің ақшам неменеге жетеді? Байлар бар ғой, солар көмектесетін шығар», – деп өз-өзімізді ақтауға тырысамыз. Ал қымбат киім-кешек я болмаса зергерлік зат алған кезде ақшаны аямаймыз ғой, шіркін. Дәмхана мен сыраханада отырған кезде де ақшаның құны білінбей жатады. Осындайда бір «отырысты» қысқартып, бір-екі мың теңгені сол қайырымдылыққа қиюға болады ғой. Одан еш ұтылмаймыз. Бір адам 1000 теңгеден салса, мың адам бір миллион теңге жинап береді ғой. Оның өзі науқас нәрестенің біраз қажеттілігіне жетеді. Баланың құлантаза жазылып шығуына да жағдай жасап беруге болады. Кім біледі? Сол бала болашақта қазақтың маңдайына біткен жұлдызы болатын шығар... 

Жанна МОШҚАНОВА, қатерлі ісік ауруына шалдыққан Виталий Ким жанұясының жақын жолдасы: 

    – Шынын айту керек, бүгінде кәсіпкерлерге қарағанда, қарапайым халықтың қайырымдылығы басым болып тұр. Біз талай рет жеке кәсіпкерлерден көмек сұрадық. Бірақ нәтиже жоқ. Сондықтан өзіміз сан алуан акциялар мен концерттер өткізіп, ақша жинаймыз. Әлбетте, жәшіктердің орналасқан жеріне қарай ақша да әрқалай түседі. Құдайға шүкір, қазір біз қатерлі ісік ауруына тап болған кішкентай Виталийді Германияда қаратып алуға жететін ақша жинадық. Енді емделіп, жазылып кетсе жақсы болар еді.

Алпамыс ЖАНЖІГІТОВ, Астана қаласының тұрғыны: 

    – Мен өзім көптеген елді шарлап шықтым. Сонда бір байқағаным, көшеде қайыр сұрайтын кедей-кепшіктің өзі өмірге риза, үнемі көңілді жүреді. Себебі ол халықтың көмегіне сеніп, бүгін аш қалмайтынын біледі. Ал қайырымдылыққа арналған жәшіктер үлкен мұражайларда да тұрады. Өнер мен мәдениетке жанашыр азаматтар оған ақшаны аямай салады. Сөйтіп, білдей бір мұражай тек қайырымдылықтан түскен ақшаға ғана күн көреді. Бізде әлі күнге дейін ондай мәдениет қалыптаспаған. Тумысынан ауру болған балалардың тағдырына түсіністікпен қарау қажет қой. Себебі тағдырдың бұндай соқпағына кез келген адам тап болуы ықтимал. 
    Бәлкім, біз бәрін мемлекетке жүктеп қоятын баяғы кеңестік психологиядан шыға алмай жүрген болармыз. Ол дәуреннің күні келмеске кетті. Ал қазіргі нарықтық заманда моральдық бет-әлпетімізді сақтап қалу аса маңызды. Осы тұрғыда бір-бірімізге қайырымды болуды ұмытпайық. Әсіресе кішкентай балалардың өміріне атүсті қарамай барынша көмек беруге тырысайық. Қазір – қасиетті Рамазан айы. Бұл – рақым, сабыр айы. Жақсылықты, қайырымды мейлінше көп жасайтын ай. Ел азаматтары қайырымдылық өзі үшін де қайырлы екенін тек оразада ғана еске алмай, жыл он екі айда да сауапты істерге ұмтылса дейміз.

Алаш айнасы

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 319 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 591 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика