THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Кинологияны дамытпай, қазақы тазы тұқымын сақтап қала аламыз ба?
Авторы: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы
23/06/2017 09:39 0 44181 0
Атам заманнан бері өмір сүріп келе жатқан біздің ұлтымыз үшін бүгінгі таңда бас ауыртатын жайлар жетерлік. Қазаққа бостандық таңы атты. Бұл – Алланың қалауы. Қаншама ғасыр отар елге айналдық. Бодандық күйін кештік. Содан қалған жараның сызы әлі де білініп қалатын секілді. Әсіресе ұлттық мәселеге келгенде ұпай түгелдей алмай келеміз. Ұлттық ұстынға түбегейлі мойын бұра алмай отырған жайымыз бар. Қазақ ертеден саятшылық құрды. Жылқы жаратты. Мылтықтың мықтысын мығым ұстады. Оны жеті қазынаға қосты. Жеті қазынаға тазы да енді. Бабалар адамның серігіне айналған тазыны басты байлықтың бірі көрді. Жақсы дейміз. Қазір сол байлықты қалай сақтап жүрміз? Күмілжіп қаламыз. Өйткені қазір тазыны көре алмай пұшайман күйге түсіп жүрген жайымыз бар. Ілгеріде бәрі басқаша болғанын бәріміз білеміз. Әрбір қазақтың шаңырағында кем дегенде бір-екі тазыдан болар еді. Қазір оны ауыл-ауыл түгіл, аудан-ауданнан таба алмайтын жағдайға түстік. Елімізде олардың саны мыңға да жетпейді екен. Осыдан-ақ тазының жағдайын түсіне беріңіз.
Кезінде Сыр өңірінде қазақы ит тұқымдары көп болатын. Қалың қазақ топтасқан өңір ғой. Өкініштісі, бүгінгі таңда соның бәрі арманға айналды. Рас, ит тұқымдарын өсіруге құмар бұқара баршылық. Олар қандай иттерді өсіріп жүр дегенде тағы да ойға берілуге тура келеді. Себебі қазақ шаңырағында жер-жаһанның түкпір-түкпірінен келген иттер көп. Алайда қазақтың жанына жақын тазы мен төбетке орын табыла бермейді. Әрине, оған мойын бұрып жүрген кісілер баршылық. Олардың қолындағы тазы мен төбетті саусақпен санап алуға әбден болады. Бұған да шүкірлік етіп жүрміз. Әйтпесе оларды тек кітаптан ғана көретін жағдайға жетуіміз әбден мүмкін ғой. Әлде де бұл бағытта қолға алатын істерге кеш болып тұрған жоқ.
Саятшылық өнерге құмар қазекем құрмет тұтқан тазы туралы айтылар аңыз бен әпсана бар. Оны қайталап айтып жатудың өзі артық. Оны ұлттық болмысты ұлық тұтқан әрбір қарадомалақ біледі. Соның ішінде құмай тазы жайында қызықты әңгімелер айтылады. Бір қызығы, осы бір дерекке байланысты ешқандай зерттеу жүргізіле қойған жоқ. «Құмай» сөзінің мағынасы да ашылмай келеді. Ол құс па, аң ба? Ешкім білмейді. Рас, бұрынғы кезеңде ілім-білім дами қойған жоқ делік. Бүгінгі заманда бәрін де саралап, өзіндік болжам жасауға барлық мүмкіндік жасалған. Түрлі жолдармен әрбір нәрсені сараптауға оң жағдай туып отырған жай бар. Тіпті құмай тазының «анасын» әр құсқа бір теңеп, бәз-баяғы күйімізде беймарал күй кешіп жүргеніміз шындық.
Таңат СЕРІКҰЛЫ, кинолог:
– Бұл тұрғыда кинология деген ұғым бар. Грек тілінен тәржімалағанда kynos – ит, logos – ілім дегенді білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, кинология ит өсіру туралы ғылым саналады. Ол ит анатомиясы мен физиологиясын, үй иті тұқымының шығу тегі мен эволюциясын, оларды өсіру, қолға үйрету, қоректендіру, шаруашылыққа пайдалану мәселелерін зерттейді. Бір қызығы, бізде оған мән беріле бермейді. Оған жай дүние есебінде қарап келеміз. Иттерді зерттеуге көңіл бөліне бермейді. Баяғы жайбасарлық әдетімізбен жүрміз. Күндердің күнінде әлем жұртшылығы алдында тазының қазақтың жансерігіне айналғанын дәлелдей алмай қалуымыз да әбден мүмкін ғой.
Айтса айтқандай, біз бүгінгі күні көптеген ұлттық құндылықтардан ажырап қалып отырмыз. Ол жайында баспасөз беттерінде аз айтылған жоқ. Қымыз бен көкпар мәселесі біздің еңсемізді түсіргені жасырын емес. Енді олардың қатарына тазы мен төбет қосылса, бас шайқап, бармақ тістегеннің көкесі сонда болар еді. Әзірге біздің бұл байлығымызға көз аларта қойған ешкім жоқ. Дегенмен сондай сыбысты құлағымыз шалып қалғаны жасырын емес. Тегіміз бір түріктер дүниежүзілік кинология орталығына біздің тазыға ұқсайтын иттің түрін тіркетуге күш салып жүргені оқта-текте айтылып қалып жүр. Егер дәл осы жағдай орын алған жағдайда бізге тазыны қазақы тұқым екенін дәлелдеу қиынға соғатын түрі бар. Өкінішке қарай, сол хабарды естігенмен, біз бәз-баяғы қалпымызбен жайбарақат жүріп жатырмыз. Біз де жеті қазынаның бірі саналған тазыны әлемге танытамыз десек, сол бағытта жүйелі жұмыс жүргізгеніміз артық емес. Өстіп жүріп қымыз бен көкпардан ажырап қалғанымыз секілді тазыға да ие бола алмай қалуымыз әбден мүмкін.
Оразхан ТҰРСЫНҚОЖАҰЛЫ, Қорқыт ата атындағы университеттің оқытушысы:
– Қазір қазақ тазысының құмай деген түрі жоғалып кету қаупінде тұр. Айдың күні аманда оны құртып алсақ, келешек ұрпаққа не дейміз? Бізді осы жағы ойландырып отыр. Рас, дүниежүзілік кинологиялық орталыққа тазы қазаққа тән тұқым түрінде тіркеле қоймаған. Түріктер соған ұқсайтын ит тұқымын тіркетіп қойса, бізге қиын тиетін түрі бар. Елдің арасында төбет пен тазы тұқымын сақтап қалуға көңіл бөліп жүрген адамдар баршылық. Алайда оларға мемлекет тарапынан ешқандай қолдау жасалып жатқан жоқ. Соның салдарынан жылдан-жылға қазақы ит тұқымдары құрып бара жатыр. Қолдағы деректерге сүйенсек, осыдан жарты ғасырдай бұрын елімізде саны 10 мыңға жуықтайтын тазы болған екен. Қазіргі күні олардың саны 300-ге әрең жетеді. Жалпы, қазақтың саятшылық өнерінде тазымен аңға шығудың маңызы ерекше деп айта аламын. Бұл – қазаққа ғана тән тұқым. Одан ажырап қалмауымыз тиіс. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізгеніміз артықтық етпейді. Оған немқұрайды қарамайық дегім келеді.
Әлемдік кинология орталығына тіркелу үшін иттің тегі сараланады. Оның қаны ғылыми тұрғыда сараптаудан өткізіледі. Сондай-ақ олардың саны кем дегенде еркегі мен ұрғашысын қосқанда 1000-ға жетуі қажет. Өкінішке қарай, қазір біздің қолымызда оның үштен бір бөлігі ғана бар. Аңшылыққа құмар қазақ тазысының орнына тегі белгісіз басқа ит тұқымдарын ертіп шығатын болды. Дәл осындай көрініс қазақы аймақ – Сыр өңіріне де тән құбылысқа айналды. Ал тазы аялы алақан жылуын күтіп тұр.
Алаш айнасы