КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар...», – деген мақал менің бала күнімде көп естіген сөзім еді. Шіркін, балалық шақ десеңізші. Ауыл баласының таңныңатысы, күннің батысына дейін асық ойнап, үй көрмейтін кездері жиі болады.
    Жалаң аяқ, қайыстай қап-қара ауыл баласы екі қалтасын асыққа толтырып, көше-көшені кезіп жүріп, шүйіркелесіп, топтасып, тіпті дауласып жатқан асықойнаушыларды іздейсің. Табасың, даудың ортасына сен де келіп түсесің. Дау емес-ау, нағыз қызған дода.Қара жердің шаңын аспанға шығарып, асық ойнау нағыз қазақтың баласына тәнқасиет. Міне қызық, ортада тіз қатар тізілген асыққа шиіре атқан сақасы келіп сақеткенде, қайран қаласың. 
    Анау бір қара сирақ, ұзынтыра, арам басты, бойы ұзын «асыққа сақаңнан бұрынқолың жетті» немесе «сенің сақаң ойын ережесіне сай емес, ортасына қорғасынқұйғансың, асықтың алысқа ұшқаны содан» деп ортадан бір тәмпіш мұрын дауды шығарады.
    Одан барып, барлығымыз жабылып келіп, сақаны тексереміз, расында солай болса, ойыннан тыс қалып, дұрыс болса, ары қарай жалғастыра жөнеледі. Әттеңқайта оралмас балалық, десеңізші.
    Дәл өстіп дуылдасып жатқанда сырттан анаңның дауысы естіледі. «Қайт үйге», «қойдың келетін уақыты» немесе «кеш батты», «оқуыңды оқы» деген. Мұны естейтін бала ма, әбден асықтың қызығына түсіп кеткен, кештің қарайғанынақарамай сақаңды қайрап асық атумен боласың.
    Иә, достар бұл менің балалық күндегі бастан өткен бір сәтім ғана. Жалғыз меніңемес маған дейінгі де, кейін де ауылда өскен барлық баланың думанды шағы,ұмыта алмайтын сәті десем болатын шығар.
    Тіпті есіме түсірем деп отырып, балалық қиялға беріліп кетіппін. Оным да дұрыс болар. Себебі бар, сол күнге деген... сағыныш. Сыны мен сыры кетпейтін балалықпен қоса асыққа деген сағынышым.
    Олай дейтінім осы күні дәл біз секілді асық ойнап, қызыл кеңірдек болып жатқан балаларды мүлдем кездестірмейсің. Қала тұрмақ, ауыл баласының да есіне келмейтін ойын болып барады.
    Бұл не сонда жаһандану заманы ұлттық мұрамызды, қазақы қалымызды ұрлап жатыр ма деген ой келеді кей кезде. Айтар ойымызды жүйелеп алу үшін алдымен мақаламыздың басында айтқан мақалымызға оралайықшы.
    Сонымен бала кезде жиі еститін мақалдың түп негізі қайдан шықты. Міне, мәселе сонда жатыр. Ол кезде Кеңестік дәуірдің қызып тұрған шағы. Өзінен басқаны тұқыртып, реті келсе тек одақ мүддесін алға шығарған идеологияныңқылышынан қан тамған заман.
    Осындай қиын да қилы уақытта асықтың соңына басыңмен беріліп кетсеңазатыныңды, доп қуа берсең тозатыныңды байқамай қалатының оның орнына қой бағып, құйрық жесең тым болмаса тамағың тоқ болатынын ескерткісі келген болуы керек бұл сөзді айтқан бабаларым.
    Малын жанынан бұрын сұрайтын қайран қазақы мінез. Бүгінгі уақыт өресінен көз жіберсек, мұның өзі іліміміз бен қоса, ұлттық ойынымызды, сол арқылы ұлттықтаным-талғамымызды құрдымға жіберудің бір әрекеті емес пе деген ой қылаңбереді.
    Тарихы терең ойынымызды ұмыттырудың бір парасы сияқты. Асық ойнаған азар дейді. Бірақ сол кезден бері асық ойнап азып кеткенді көрмедім, керісінше өскенін естідім.
    Ойы мен өрісі, ептілік пен мергендік қабілеті дамып, одан қалса бұлшық еті бұлтыңдаған ширақ, өмірге деген құлшынысы жоғары баланың қалыптасқаны белгілі.
    Доп ойнаған тозар дейді. Бірақ сол доп ойнап тозып кеткенді де естімедім. Керісінше доп алға озып кетті. Тіпті спорт түрінде нөмірі бірінші болып орын алатын да осы доп ойыны.
    Мәселен футболды алайық, әлем бойынша ала доп десе қаны қозбайтын жан жоқ.Көштің басына шығып, одан қалса кәсіпке айналдырған футболшы да нәпақасын осыдан тауып жүр. Бөлінетін қаржы да, ойыншының алатын жалақысы дақомақты.
    Ал менің асығым ше, көштің соңында қалды, оған бөлінген қаражат та, ойыншының нәпақасы да жоқ. Сол баяғы ауыл баласының ермегі. Ойын дейміз-ау, дәл қазіргі кезде ауылда жанталаса асық атып жатқан баланы да көрмейсің.
    Оның орнын ұялы телефон, компьютер алмастырды. Таңның атысынан кеш батқанша компьютер ойнаған баладан қандай ширақтық сұрайсың. Көк жәшікке кешке дейін телміргенше бір уақыт далаға шығып, асық ойнағанның мәні зор.
    Олай дейтініміз атадан мирас болған ұлттық ойынның адам баласына беретінөзіндік тәрбиесі жоғары. Сонау сақ дәуірінен бері жалғас тапқан ойында көптеген сыр жатыр.
    Бір ғана мысал келтіре кетейік, «Асығың алшысынан түссін», – деген мақалқұлаққа қандай жағымды естіледі. Жан жүйеңді жібітіп, бойыңа бір ерекше күш-жігер беріп, рухың оянады. Өмірде де, өнерде де жолың болсын деген ақ тілеудіңөзі емес пе. Атаңның берген ақ батасына тең нақыл.
    Асықпен байланыстырып айтылатын қазақтың көптеген жақсы ырымы да бар.«Үйіңде асығың шашылсын», – дейді атам қазақ. Қандай керемет. Балаларың көп болып, шаңырағын шаттыққа толып, былдырлаған жас сәбидің күлкісіне кенеліп, мұратыңды жалғастыратын ұлдарың дүниеге келіп үйіңде асық шашып ойнағанға не жетсін?
    Мұндай жақсылыққа толы өсиет пен біте қайнасқан асықтан қайтіп азасың. Ал елдің барлығы қыруар ақшасын шашып, таласып жатқан боулингті қараңызшы.Ғасырлық тарихы жоқ және нақылға қосар бір тәлімі жоқ ойыннан қандай мән аласыз.
    Оған қарағанда менің асығым, яғни, қазақтың асық ойынының көші ілгері емес пе?Мұнда да геометрия жатыр. Сақаны иіру, атуы және сақаңның асыққа тиіп, асығың қай тұсқа ұшуына дейін есептейсің.
    Егер сен мұның бәрін ойластырған болсаң сенен асқан математик жоқ шығар, сірә.Мәселен бір істің тетігін таппай тұрғанда да сөз қолданысына енетін сөздікті айтсаңызшы.
    Мысалға «Не бүк, не шік болады» дейді. Егер ісің оң болса бүк болғаны, ал түк шықпаса шік болғаны. Асық ойыны кезде де иірген сақаңның бірі бүк, екіншісі шік түссе, бүктің жолы үлкен болып, асық ату жолы бүкке беріледі.
    Алшы мен тәйкенің жөні бір бөлек. Әр уақытта да, алшы алға шығып, мәртебеңде жоғары. Әсіресе, асық жинауды айтсаңызшы. Менің бала күнімде жүзден аса асығым болған.
    Тағы да балалық шаққа саяхат жасайық. Оны апам жинаған. Көп қыздан кейін ұл болсын, ұрпақ жалғассын деген ниетпен барған жерден асық жілікті аңдып отырып, қалтасындағы бір қарыс бәкісімен тазалап, асықты үйге әкеп жинайды екен.
    Не нәрсені де жақсылыққа балайтын қазақ емеспіз бе, дүниеге ұл келіп апамныңасығы шашылыпты. Міне, сол ақ самайлы кейуананың жиған асығын мен ойнадым. Кимешегінің бір ұшынан ұстап жүріп, талай доданың ортасына да түстім.
    Әсіресе көрші-қолаң жиналып, біздің ауылда жүн қайнатушы еді. Текемет басатын кез жақындағанын қатты тосатынбыз. Текеметтің асыққа қандай қатысы бар деуіңіз мүмкін.
    Біздің аңдығанымыз текеметтің әдемі, зерделі түрлі-түсті шығуы үшін түтілгенқойдың жүнін бояққа салатын мезгіл. Міне, бізге ең керегі осы.
Бояқтан кейін қайнап тұрған қазандағы қызыл суға бірнеше сақаны тоғытып жіберсең болғаны, жылтырап тұрып, қып-қызыл сақаң шыға келеді.Жылтыратып тұрып қолыңда айналдырсаң болғаны ауылдың талай баласыныңкөзін қызартып, ішін күйдіресің.
    Одан қалса әкеңнің аңшы болғаны көрім. Жолы болып, саятшылықта қанжығасы майланып жатса тіптен керемет. Архар, елік, киіктің сақасын айтсаңызшы. Тәйке мен алшыдан жатпайды. Өзі жеңіл, қолға қонымды.
    «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа ғой», – деген осыдан шыққан болар.Әйтеуір еліктің сақасын ұстаған баланың қалтасы асыққа толып кетеді. Асығы жоқ баланың ісі де қызық қазір ойласаң.
    Екі қолын қалтасына салып, болмаса сақасын иіріп, ойынның қасында немесе асықтігілген көмденің жанына келіп шоңқияды. Іштей қызығып, асығым болса ойнар едім дегендей сыңай танытады.
    Бірақ, екі көзі көмбеде. Оның да мәнісі бар, аңдығаны айып. Егер ойыншы тіккен асығын бір тектес етіп тігіп қойса айып деп бас салады асықты. Шарт бойынша дәл солай жасалса, онда сырттан келгеннің қанжығасы майланды дей бер.
    Жолы болып, орта жолда олжаға кенеліп, айыптан алған асығымен ойынға кіріседі. Кетсін, жатсын дегені тағы бар.
Егер сақаң сырт тұрған балалардың бірінің аяғына тиіп кетсе бірден кетсін немесе жатсын деп айтуың керек. Кетсін деп бірінші айтылып қалса онда қапы қалғаның. Сақаңды алып аяғымен бір тепкені. Ол қай жерге барып түседі, сол жерден тұрып асықты атасың.
    Ал жатсын десе, жатқан жерінен ойынды жалғастыра бересің. Міне, арнайы жазылмаған заңдылық. Атадан балаға мирас болған ойынның ережесі сонау жылдан бері өзгеріссіз келе жатқан. Оған бағынасың, орындауың міндет.
    Баланың санасына жатталып қалған дала ойынының қызығы осында. Қазіргі атыс-шабыстан не үйренесің, алға қандай мақсат қоясың тіпті психологиялықжағынан да кері әсерін тигізетін ойынның керегі қанша деген ой келеді.
    Бұл жерде ата-ананың рөлі жоғары ма деймін. Қазақпын деген әке мен шеше осыны бір қолға алу керек шығар. Балаңызды бір уақыт көк жәшіктен босатып, асықты ермек етсе болашағынан өкінбейтініңіз анық.
    Ұлттық ойынымыздың да ұлықталатын күні туар. Дегенмен асық ойыны мүлдемқұрып кетті деуден аулақпыз. Соңғы уақытта ұлттық спортқа да ден қоя бастады.
    Оның бір нақты дәлелі жуырда ғана Астана қаласында көкпардан өткен Азия чемпионаты дәлел болмақ. Сол сияқты асық ойыны да қолға алына басталды.Өткен жылы асық федерациясы құрылып, М.Әбенов мырза оған төрағалықжасайтын болды.
    Мұны естіген біздер бөркімізді аспанға атып, қуанышымыз кеудемізге симады.Бұл болса жақсылықтың нышаны. Бүгінде ережесі құрылып, әртүрлі жарысұйымдастырылуда. Әйтсе де, баяу қозғалып келеміз.
    Адымын алшақ басу үшін ұлт болып жұмылғанымыз жөн деп санаймын. Ол үшін мектеп оқулығына енгізген жөн. Жас жеткіншектің санасына жастайынан бастап сіңіре берсе және мектепішілік жарыстар көптеп ұйымдастырылса, ұлттықойынымыз мұнша шабан болмасы анық.
    Денешынықтыру сабағының бірер сағатын асыққа арнаса қандай керемет?! Балаүшін қызықты ойындар жетерлік. Соның ішінде асықтан асқаны жоқ шығар, сірә.Әсіресе асық ойынының түрін айтсаңызшы.
    Шеңбер, қақпақыл, қанталапай, қаржау секілді ойындар – нағыз мектеп оқушысының ойыны. Ұлттық педагогика, идеология деп жар салып жатамыз. Мұннан асқан қандай ұлттық педагогика керек. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
    Бүгінгі шағын мақаламда менің айтпағым осы еді. Бірде балалық шаққа саяхат жасап, асықтың ережесіне де бойлап жатқанымның түп-төркіні ұлттық рух еді.
    Кей адамға жай ғана ойын болып көрінуі мүмкін, бірақ оның астарында үлкен негіз, бір ұлттың тарихы, дәстүрі, әдеп-ғұрпы жатқанын біле қоймас. «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе», – дейді.
    Бесіктен шыққан баланың ойыны компьютер емес, асық болғанын қалаймын. Бесікті түзеу осылай басталса... Асығымыз алшысынан түсер еді.

ХАЛЫҚ СӨЗІ

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 288 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 577 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика