THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Сырымбек ТӨЛЕУҰЛЫ. Алып – анадан туады…
Авторы: Сырымбек ТӨЛЕУҰЛЫ, Астана қаласы
23/06/2017 12:39 0 58185 1
Қазіргі кезде азаматық қоғам ұлттық гендерлік саясатты жүзеге асыруға, әрі өмірдің барлық саласында гендерлік теңдікке қол жеткізу тетігін жасауға белсенді түрде жұмыстар жүріп жатыр. Біздің елімізде бұл мақсаттағы жұмыстар көңілге қуаныш ұялатады. Себебі, бұл саясатқа Елбасының өзі тереңірек мән беруде. Президент Н.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында: «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге қарым-қатынасымен өлшенеді..» – деп тұжырымдауында үлкен мән жатыр.
«Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқықтарын сақтап, тұрмыстағы қысымды болдырмауға ықпал етеді. Атап айтар болсақ, әйелдер қай салада қызмет етпесін, өз беделімен қатар, сол сала жауапкершілігін де арттырып, жұртшылық құрметіне бөленуде. Десе де, әрбір жұмыстың қиыншылығы мен қызығы, жетістігі мен жемісі болады. Жақсы іс әріден бастау алады. Тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 1988 жылғы қараша айындағы Жарлығымен осы отбасы және әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссия пайда болды. Әйелдерді саясатқа, үкіметтік билік органдарына, экономикаға, бизнеске қатыстыру, ана мен бала денсаулығын қорғау, сонымен қоса, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы тұру. Әйелдердің қолы тимеген сала жоқ десек артық айтқандық емес.
Бүгінде, қоғамдағы әйелдердің саясат пен билікке, қоғамдық өмірге араласуы өзекті мәселелердің біріне айналды. Қазақ қоғамындағы әйелдің рөлі, қызметі, құрметі жайында Л.Н.Гумилев атындағы ЕНУ-дің оқытушысы, филология ғылымының кандидаты, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Ақеділ Тойшанұлымен әңгімелестік.
– Ақеділ Тойшанұлы, жалпы гендерлік саясатқа деген көз қарасыңыз қандай?
– Гендерлік саясаттың бастау алған уақытына үңілер болсақ, ол біздің көшпенділер тарихынан бастау алған деуімізге негіз бар. Бұл әйел мен ер адамның теңдігі немесе әйелді құрметтеу дегенге саяды. «Жұмақ ананың табанның астында» деген хадисті бабаларымыз басты ойда ұстаған. Мәселен, бұның бір ғана белгісі – қазақ халқында Домалақ ана болсын, тіпті Шыңғыс ханның анасы болсын, елдің құрылтайына қатысуға пікір білдіруге құқылы болған.
Демек, сол кезде ханның құрылтайында депутат болып отырған аналар болған. Бірақ оның бәрі біздің ұлттық құндылықтармызбен сәйкестендірілген еді. Алайда, қазіргі күнде батыстық үрдістегі гендерлік саясатты біздің қазақ халқының көзін ашқанға ұқсап, бізге тықпалап жатыр. Мысалы, депутат белгілі бір дәрежеге көтерейік деп жатыр. Бұл нәрсені құрғақ зорлық пен танған сияқты болмайды. Өйткені, Азия, Америка, Европа адамдарының менталитеті үш түрлі. Алайда, Америка бертін қалыптасқан арғы тамыры жоқ ел. Ал әйелдерді жетекші орынға қояр болсақ, не болмақ. Мәселен, бір мектептің мұғалімі болсын, директоры болсын, алып қарайық, қазір мектепте не көп ұстаз көп. Ал, біздің бала кезімізде немесе жалпы қазақ қоғамында мұғалімдердің көбі ер адам еді. Қазір байқап отырсаңыз, мектепте сабақ беретін мұғалімнің көбісі – әйел ұстаздар. Ер азамат тәрбиелеген бала қандай болып өседі? Ер мұғалім тәрбиелеген бала өжет, тура сөйлейтін, пікірін ашық айтатын азамат болып қалыптасады. Қазіргі кезде қызтекелер қаптап кетті. Қыз сияқты нәзік, өсекқұмар ұрпақ етек алып жатыр. Бұл да әйелден алған тәрбиенің көрінісі дер едім. Әйелді көтермейік деп отырғамыз жоқ. Әйелдерді әрдайым қолпаштап,қошеметтеуіміз қажет. Бірақ қоғамда қызтекелер пайда болған сияқты. Бұл ұлт абыройын төмендететін қауіпті дерт. Сондықтан гендерлік саясаттың өзіндік ережесін бекіту керек. Сондықтан біріккен ұлттар ұйымының, Американың заңы, талабы сол деп, солардың ізіне түсер болсақ, әйелді сыйлаумыз бір басқа. Ананың құрметі бір басқа. Бұлардың бізге қойып отырған талабы да өзгеше. Міне, осы мәселені сәйкестендіре білуіміз керек. Жаңағы халықаралық заңдар мен қоғамның ішкі заңдылығы мен байланыстыра отырып, қазіргі қоғамға үңілуіміз керек. Ал, енді гендерлік саясат дегенміз осылай деп жүрсек болашағымызға қатер төнеді деген ағамыздың жанайқайы жас ұрпақтың санасына құйылса екен деген ниеттеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Халықаралық «Шабыт» жастар шығармашылығы фестивалінің «Әдебиет» номинациясының лауреты, «Журналистика» номинациясы, «Абай әлемі» республикалық конкурсының дипломаты Гүлжан Қазымова мен әңгіме өрбіттік.
– Гүлжан Қазымқызы, сіздің ойыңызша, әйелдерге тән емес кәсіптерге әйелдің араласып жүргені дұрыс па?
– Бүгінгі XXI ғасырда әйелге тән емес кәсіп жоқ шығар. Әйел заты кез келген кәсіпті меңгерген. Трактордың құлағында ойнаған Кәмшат Дөненбаева, космосты игерген Валентина Терешковадан бастап, одан қала берді металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, қай саланы алсаң да әйел араласпаған сала жоқ, жеткен жетістіктері де аз емес. Сондықтан, мұндай сұрақты қоюдың өзі артықтау сияқты.
– Әйелдердің отбасындағы жұмысы мен мемлекеттік жұмысты бірге алып жүру қиын емес пе?
– Шынын айту керек, бұл үлкен қиын шаруа, мемлекеттік деңгейде шешімін табуға тиіс проблемалық мәселе деп ойлаймын. Өзім мемлекеттік қызметте болған адаммын. Қысқартуға түскеннен кейін жеке шағын кәсібіммен айналысып жүрмін. Тамақ пісіру, үй ішін жинау, балалардың кір-қоңын жуу, әйелдің маңдайына жазылған күнделікті күйбең тіршілік, одан ешқайда қашып құтыла алмайсың, техниканың дамыған заманы ғой, кір жуатын, ыдыс-аяқ жуатын, тамақты лезде өзі пісіріп беретін машиналардың көмегімен уақыт үнемдейміз, десек те, мемлекеттік мекемеде жұмыс істегеннен кейін оның жауапкершілігі бір әйелдің басынан асады. Жалпы, әйел деген өте мықты жан ғой. Кез келген тірлікке тез бейімделіп кетеді. Отбасындағы тірлік пен мемлекеттік қызметті қатар алып жүруге бейімделіп алдық. Бұл бір шетінен бала тәрбиесіне, болашақ тәрбиесіне кедергі дейміз бе, тіпті, кедергі емес зиянын да тигізіп жатқандығын жасыра алмаймын. Үкіметіміз бен Президентіміз әйелдердің отбасындағы ана ретіндегі, ұрпақ тәрбиелеудегі анадан басқа ешкім атқара алмайтын аса жауапты қызметін ескере отырып, әйелдердің мемлекеттік мекемелердегі қызмет уақытын 3-4 сағатқа қысқартып, осыған байланысты қаулы немесе жарлық шығарғаны өте дұрыс болар еді. Мұндай тәжірибелер басқа дамыған шетелдерде, мәселен Германияда жолға қойылған деп естиміз. Гендерлік саясат деп «уралағаннан» гөрі әйелдер үшін осындай нақты-нақты шаралар қабылданғаны абзал ғой деп санаймын.
– Мемлекеттің ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету саласындағы қызметі қандай?
– Меніңше, біздің елде мұндай «тең құқықтар, тең мүмкіндіктер» деген ғажайып терминдерді ешқашан жеңіп болмайтын жең-ұшынан жалғасу, таныстық, тамырлық, одан қала берсе жерлестік, руластық деген таусылып бітпейтін жаман аурулар дендеп, шырмап-матап алған. Талантты, білімді, білікті мамандарды, мейлі ол әйел болсын, ер адам болсын бағын байлайтын осындай жағымсыз әрекеттер бар. «Тең құқықтар, тең мүмкіндіктер» дегеніңізді іске асырмай, белінен басып, отырған бізді басқарып отырған жоғары лауазымды азаматтардың өздері. Әйтпесе қабылданған заңдар бар, тиісінше орындалып жатса дәл осындай сұрақтар пайда болмас еді. Елге, жерге қызмет етемін деп халыққа ант берген азаматтар берген уәдесіне берік болса, пендешілікке бой ұрмай, елдің мүддесін өз мүддесінен жоғары қоюға ынталы болса, кәнеки… Бұл жерге әрбір азамат өзінің іс-әрекетіне, өзінің жүргізіп отырған жұмысына адамгершілікпен қарауы керек. Қызметке алу, қызметтік лауазымға көтермелеу мәселесіне келсек, кез-келген мекеменің басшысы жұмысты жақсы істеп, дөңгелетіп отырған әйелді жоғарылатпайды, ол жоғары лауазымдық бос орынға «бір дөкейдің» оқуды жаңа бітіріп келген боқмұрын баласын алады, болмаса өзінің құдасының пәленшесін, пәленшесінің түгеншесін отырғызып қояды. Азаматтар мемлекеттік қызметке конкурс арқылы ғана кіре алады. Бірақ осы конкурспен жұмысқа түсуде де жаңағы жоғарыда айтып кеткен жең-ұшынан жалғасу, тамыр-таныстық деген індеттің қалыс қалмай келе жатқаны жаңалық емес. Қазір мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттіктерді резервте тұрғандар саны жетерлік, олардың көпшілігі сол резервте тұрған күйінде уақыты өліп далада қалады. Өйткені мекеме басшылары формалды түрде әңгімелесу өткізеді де, резервте дайын тұрған мамандарды қабылдамай, қайта конкурс өткізіп, өздерінің дайындап отырған адамдарын алу үрдісі кең етек алған. Оның сол саладан хабары бар ма, жоқ па, шаруасы жоқ. Бұл шындық, он жылдан астам мемлекеттік қызметте жүргенде өз көзіммен талайын көрдім. Сала жұмысының исі мұрнына бармайтын үлкен бастықтардың бірінің туысы ма, кім білсін біреуі келеді де, түкке тұрғысыз мәселені шешуге сауаты да білімі де жетпей, өзінен төменде отырған орынбасарына болмаса бөлім бастығына қоя береді. Нәтижесінде мәселені төменде отырған жетекші маман шешеді, «бастықсымақ» оны оқымастан, тексерместен қолын қойып жібере береді. Осылайша, жұмысты білмейтін, салаға он қайнатса сорпасы қосылмайтын бастықтардың әлі күнге дейін жұмыс істеп отырғаны баршылық. Президентіміздің министрлерді жинап алып бюджеттің игерілмей, халықтың ақшасының оңды-солды шашып, алғанның алақанында, жұмғанның жұдырығында кетіп жатқанын қатты-қатты сынап жатқаны да сондықтан. Осының бәрі айналып келгенде тәрбиенің салдары. Әйелдер күні бойы жұмыста, бала-шағанының киімі бүтін болсын, тамағы тоқ болсын деп, таңнан қара кешке жейін жұмыста жүріп, үйдегі балаға «Балам, біреудің ала жібін аттама! Еліңе адал, жұртыңа, бауырыңа мейірімді бол! Қайырымды бол! Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол!» деген тәрбиелі сөздерін маңдайынан сипап отырып құлағына құюға шамасы келмей мұрттай ұшып, кешкі сегізде үйге келе салып, апыл-ғұпыл тамағын беріп, түннің бір уағында төсекке құлайды. Бүгінгі мемлекеттік қызметте жүрген барлық әйелдердің көрген күні осы, өйткені мен өз басым осындай жағдайда болғанмын. Әйелдердің онсыз да қолында бар құқығы мен теңдігін жырлай бермей, оның қоғамдық еңбектен де қалмауына, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлулеріне де жағдай жасалуы керек..
– Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары және тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету тетіктері қандай деп ойлайсыз?
– «Тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етудегі тетіктердің бірі – жалпы азаматтардың санасына ықпал ету. Адамгершілік, имандылық, мейірім мен қайырым турасында ойлау, ойлану жүйелеріне әсер ететін дәрістер керек. Ол тетіктердің негізгісі мәдениет пен әдебиет деп білемін. Бүкіл ел «инновация», «модернизация», «жаҺандану», одан қалса «экономика», «нарық» деп жүріп қарапайым мәдениетті мүлде ысырып тастады. Жаңағы тең құқықтар мен тең мүмкіндіктердің іске асуына қазақтың қанында ежелден бар, қанға сіңген, бойға біткен қарапайым мәдениет ықпал ететінін ұмытпау керек. Қазақтың ежелден қалыптасқан ішкі мәдениетін санада жаңғырту керек. Ішкі мәдениет жоғалып барады. Мәселенің бір түйінінің шешуі осында деп санаймын. Аталарымыз: “Алып та – анадан туады” дегенді тегін айтпаған. Қорыта келгенде, біз үшін басты марапат-ата-ана мен оқушының алғысы. Бүгінгі күні аналар қоғамның барлық саласында белсенділік танытуда. Алайда қандай қызмет атқарса да, аналық құқығын жетілдіре отырып, үлкен жауапкершілік пен атқаруын тілеймін.
«Алты Алаш» ақпарат